ЕГЕМЕНДІКТІҢ ОҚШАУЛАТЫЛМАЙТЫНДЫҒЫ ТУРАЛЫ

Жоғарыда анықталған принциптердің ең бірінші және ең басты салдары мынау: тек ортақ ырық қана Мемлекет күштерін оның құрылғандағы мақсатына сәйкес басқара алады, ол мақсат – ортақ игілік. Өйткені жеке мүдделердің қарама­қайшылығы қоғамдар құруды қажет етсе, оны мүмкін еткен нақ сол мүдделердің сәйкестендірілуі ғана. Қоғамдық байланысты құрайтын нәрсе осынау әртүрлі мүдделердегі ортақ нәрсе; барлық мүдделер түйісетін осындай нүкте болмаса, ешқандай қоғам өмір сүре алмас еді. Сонымен, қоғам бір ғана осы ортақ мүддені басшылыққа ала отырып, басқарылуға тиіс. Демек, ортақ ырықтың жүзеге асырылуы ғана болып табылатын егемендік ешқашан оқшаулатыла алмайды және ұжымдық тіршілік етуден басқа ештеңе де емес егемен өз тұрпатымен ғана көрсетіле алады деп кесіп айта аламын. Билік біреуден біреуге беріле алады, бірақ ырық берілмейді. Шынында да, жеке адамның ырқы әлдебір нүктеде ортақ ырықпен үйлесетіндігі мүмкін болса, осынау үйлесімнің ұзақ әрі тұрақты болуы ешбір мүмкін емес, өйткені жеке адамның ырқы табиғатында артықшылыққа, ал ортақ ырық – тендікке ұмтылады.

Мұндай үйлесімге біреу­міреудің кепілдік беру мүмкіндігі тіптен аз, дегенмен сондай кепілдің әрқашан болғаны қажет­ақ; бұл өнердің емес, кездейсоқтықтың ісі болар еді. Егемен әбден­ақ былай деп мәлімдей алады: «Бүгін мен пәленше дегеннің қалаған немесе, бері салғанда, қалаймын дейтін нәрсесін қалаймын». Бірақ ол: «Сол адам ертең нені қалағысы келсе, мен де соны қалайтын боламын» дей алмайды – өйткені ырықтың өзін болашақ уақытқа байлап беруі оғаш нәрсе және өйткені ырқы бар тіршілік иесінің игілігіне жат бірдеңеге келісу ешқандай ырыққа тәуелді болмайды. Егер халық, осылай, бас иіп бағынуға уәде берсе, осы актысымен ол өзін өзі жояды; ол халық болудан қалады. Қожайын пайда болған сәттен­ақ – егемен жоқ; сол кезден бастап, Саяси организм жойылады. Бұл тіпті де, билеушілердің бұйрықтарына қарсы шығуға бостан бола тұрып, егемен оны істемеген жағдайда, билеушілердің бұйрықтары ортақ ырықтың білдірілуі деп санала алмайды деген сөз емес. Мұндай жағдайда жаппай үнсіздік халықтың келісуінің белгісі деп саналуы керек. Бұл төменде неғұрлым кеңірек түсіндіріледі.

Оставить комментарий