Егеменнің жоғарғы өкіметінің шегі

Егер Мемлекет немесе Азаматтық қауым шартты тұлғадан басқа ештеңе емес десек, егер оның ғұмыры өз мүшелерінің одағына тәуелді десек, оның ең маңызды шаруасы өзін сақтап қалу жөніндегі қамқорлық десек, бүтін үшін ең ыңғайлы амалмен әрбір бөлікті ілгерілетіп басқару үшін оған баршаға ортақ және ынталандырушы күш керек. Табиғат әрбір адамға өз денесін игеруге шексіз билік беретіні сияқты, қоғамдық келісім де Саяси организмге езінің барлық мүшелері үстінен шексіз билік береді де, ортақ ырықпен бағытталатын сол билік, мен айтқандай, егемен атауына ие болады. Заңдық тұлға ретіндегі қоғамнан басқа, біз сол қоғамды құратын жеке адамдарды да қаперге алуға тиіспіз, олардың өмірі мен бостандығы, әрине, қоғамға тәуелді емес. Сонымен әңгіме азаматтар мен егеменнің 5 құқықтарын; сондай­ақ бұлардың біріншілері бодандар ретінде мойнына артуға тиісті міндеттер мен олардың адамдар ретінде пайдалануға тиіс жаратылыстық құқықтарын анық ажырата білу жөнінде болып отыр. Қоғамдық келісім бойынша әрбір адамның өз күшінен, мүлкінен және бостандығынан бөлетін нәрсенің бәрі қауым үшін елеулі маңызы бар нәрселердің тек бір бөлігін ғана құрайтындығына бәрі келіседі.

Мұнымен барша келіседі;бірақ сондай­ақ сол маңыздың қаншалық екендігін тек егемен ғана саралай алатынымен келісу керек. Азамат Мемлекетке қызмет ете алатын нәрсенің бәрін егемен соны талап еткен бойда беруге тиіс, бірақ егемен, өз тарапынан, бодандарына қауымға пайдасыз нәрсені жүктей алмайды; ол тіпті мұны қалай да алмайды, өйткені парасат заңының пәрменімен де, жаратылыстық заң пәрменімен де себепсіз ештеңе де жасалмайды. Бізді қоғамдық организммен байланыстырып тұратын міндеттемелердің мызғымастығы олардың өзара ықпалында және олардың табиғаты сондай, оларды орындай отырып, өзіңнің де пайдаңа қарекет етпей, басқаның пайдасына да қарекет ете алмайсың. Ортақ ырық әрқашан тікелей бір мақсатқа неліктен бағытталған және барлық адамдар олардың әрқайсысының бақытының тілеуін неліктен тілейді? Өйткені осынау әрқайсысы деген сөзді өзіне қатысты деп білмейтін және баршаның мүддесі үшін дауыс бере отырып, өзін ойламайтын ешкімнің жоқтығында емес пе? Бұл құқықтардың тең болуы және содан туындайтын әділет жөніндегі түсінік әркім өзін­өзі артық көретіндігінен, демек адамның өз табиғатынан өрбитіндігін; ортақ ырық, ол шын мәнінде солай болуы үшін, өзінің мақсаты бойынша да, мән­мағынасы бойынша да шын мәнісінде ортақ болуы тиіс екендігін; ол баршаға қатысты болуы үшін баршадан шығуы тиіс екендігін, егер ол қандай да бір жеке және қатаң шектелген мақсатқа ұмтылса, оған табиғаттан төл сара бағыттан айрылып қалатынын дәлелдейді, өйткені біз өзіміз үшін бөгде туралы шешім қабылдағанда, бізге ешқандай да теңдіктің ақиқат принципі басшылық жасамайды.

Шынында да, ортақ және алдыңғы келісіммен көзделмеген қандай да бір факт яки бірдеңеге жеке құқық туралы әңгіме басталған бойда, іс даулы болып шыға келеді. Бұл ­ мүдделі адамдар бір жақ, бүкіл халық бір жақ болып шыға келетін процесс, бірақ бүл процестен мен ұстануға тиіс заңды да, белгілі бір шешім шығаруға тиісті әділ қазыны да көре алмаймын. Сонда осы мәселе жөнінде ортақ ырық қабылдаған шешімге сілтеме жасау күлкілі болар еді, ол шешім тараптардың бірі ғана қабылдаған, демек, басқа тарап үшін тек бөгде, жеке ретте әділетсіздікке дейін жеткізілген және адасуларға апарып соқтыратын ырық болып шығар еді. Сондықтан, жеке ырық ортақ ырықты көрсете алмайтыны секілді, өз кезегінде ортақ ырық та, егер ол жеке мақсатты көздесе, өз табиғатын өзгертеді де, ортақ ырық ретінде қандай да бір жеке адам жөнінде де, қандай да бір факт жөнінде шешім шығара алмайды. Афина халқы, мысалы, өзінің билеушілерін атағанда немесе алып тастағанда, біреуге құрмет көрсетіп, екінші біреуге жаза бұйырғанда; толып жатқан жеке декреттер көмегімен Үкіметтің барлық міндеттерін атқарғанда халық өзінің төл мағынасындағы ортақ ырық болған жоқ; ол егемен ретінде емес, магистрат ретінде қарекет екен. Бұл жалпы жұрт мойындаған түсінікке кереғар секілді көрінеді, бірақ менің өз түсінігімді баяндай алуыма мұрсат етіңіздер. Осыған сүйене отырып, мойындау керек: ырықты ортақ ететін дауыс саны емес, дауыс берушілерді біріктіретін ортақ мүдделер, өйткені құрылыс жүйесі солай болғанда әркім қажетіне қарай ол басқалар үшін де міндетті ететін шарттарға бағынады: бұл жерде пайда мен әділет тамаша үйлеседі баршаға қатысты істер жөніндегі шешімдерге теңдік сипатын береді, бұл теңдік кез­келген жеке істі қараған кезде, қазының ережелерін дауласқан жақтың ережелерімен біріктіретін және сәйкестендіретін ортақ мүдде болмағандықтан, жойылып кетеді.

Бір негізгі принципке қай жағынан өрлесек те, әрқашан пір ғана байламға келеміз, атап айтқанда: қоғамдық келісім азаматтар арасында олардың бәріне бір ғана шарт бойынша міндеттеме қабылдауға және бәрі бірдей құқықпен пайдалануға тиіс болатындай теңдік орнатады. Осылайша, осы келісімнің табиғаты бойынша, егемендіктің әрбір актысы, яғни ортақ ырықтың кез­келген шынайы актысы барлық азаматтарға бірдей міндеттеме жүктейді, барлығына бірдей құқық береді; сондықтан егемен бүтін ретінде Ұлтты ғана біле оны құрайтындардың бірде­бірін ажыратпайды. Егемендік актысы дегеніміз шындап келгенде не? Бұл жоғары тұрғанның төмен тұрғанмен келісімі емес, Бүтіннің өзінің бір мүшесімен келісімі; бұл заңды келісім, өйткені оның – Қоғамдық келісім; ол әділ келісім, өйткені ол баршаға ортақ; ол пайдалы келісім деп есептеледі, өйткені онда ортақ игіліктен басқа болмайды; ол берік келісім, өйткені оның кепілі қоғамның бүкіл күші мен жоғарғы билік. Бодандар тек осындай келісімге ғана бағынатын кезде, олар өз ырқынан басқа ешкімге бағынбайды; және тиісінше егемен мен азаматтар құқықтарының шегі қандай дейтін сұрақ қою – олар өздеріне – әркім барша жөнінде, барша олардың әрқайсысы жөнінде қабылдай алатын міндеттеменің шегі қандай деген сұрақ қою.

Оставить комментарий