ЕКІ КОРЕЯНЫҢ БІРІГУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ҚЫТАЙДЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ

Жалпы әлем дамуы сонау заманнан бүгінгі күнге дейін мың түрленіп, басынан бірнеше кезеңдерді өткерді. Әлем дамуы деген түсінік оның мәдени, экономикалық, әлеуметтік және, әрине саяси дамуын қамтитыны белгілі. Бұл үрдіс жекелеген бір елдің ғана өсуін білдірмейді, бүкіл дүниежүзінің өзгерісін көрсетеді. Сондықтан да, осы тұста көрініс табатын бірден-бір мәселе – халықаралық қатынастардың дамуы. Ертеден-ақ көршілес жатқан елдер бір-бірімен тілі, діні, тұрмысы өзге болса да өзара байланыс орнатып, өзара алға жылжуға ықпал жасап отырды. Шындығында, заман ағымы, дүниедегі әр түрлі саяси- экономикалық жағдайлардың өзі әр мемлекеттің жеке-жеке «оқшаулануда» емес, өзара байланыста өмір сүруіне ықпал етеді. Оның бір дәлелі – бүгінгі дүниежүзілік жаһандану үрдісі, интеграция процессі. Әрине, мұндай бірігу, ықпал ету жағдайында әлемдегі ең ірі державалардың күшінің басым болатыны мәлім. Осындай қазіргі күні үлкен ұмтылыспен қарқынды дамып, алға шыққан елдердің бірі – Азиядағы Қытай Халық Республикасы. Қытайдың жан-жақты саладағы жетістіктерін есепке алмағанның өзінде, оның бір жарым миллиард халқының өзі үрей туғызады. Сондықтан да, әлем елдеріне тікелей күш көрсетпесе де, бейбіт экспаниясын жүргізіп отырған Қытай саясатының ерекшелігі ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Қай жағынан болса да АҚШ, Жапония сынды ірі державалармен иық тіресе алатын ҚХР ең алдымен өзімен көршілес жатқан мемлекеттерге үстемдік орнатуға тырысады. Оның осы саяси бағытың бүгінде көздеген бағыттарының бірі – Корей елдері. Мұндағы оңтүстік пен солтүстіктің бірігу мәселесі, ал соңғы кездердегі ең өзекті болып отырған – ядролық қаруды игеру мәселесі, тек Қытайдың ғана емес, барлық әлем назарын Корей елдеріне аударуда. Кореяның өзге бір елдің әскери-стратегиялық плацдармына айналуы, болмаса бірге дамуы, әлде бұрынғысынша екі бөлек жолмен жүретіні әзірге беймәлім нәрсе. Сондықтан да Қытай мен екі Корей елдерінің арасындағы жан-жақты байланысты талдап, оның негізгі сипаттарын, әлемдік саясатқа тигізер ықпалын анықтау мәселенің өзектілігін айқындайды. Қысқаша тарихына тоқталар болсақ, 1945 жылы жазда ұлы державалардың Берлин конференциясы 38 ендікті Кореядағы американ және кеңес әскерінің әскери іс-әрекетінің демаркациялық сызығы ретінде белгілеу жөнінде шешім қабылдайды. Осы шешім бойынша кеңес әскері Кореядағы жапон әскерінің тізе бүгуін 38 ендіктен солтүстікке қарай, ал американ әскері 38 ендіктен оңтүстікке қарай қабылауы керек болды. Осылайша жапон әскерінен елді тазарту, босату мақсаты Кореяның уақытша бөлінуіне алып келеді. Осы кездері АҚШ пен КСРО әркім өз аймағында жаңа мемлекеттік құрылым жүргізу мақсатында корейліктер арасынан беделді қайраткерлерді іздей бастайды. АҚШ-тың тапқан мұндай қайраткері буржуазия өкілі американшыл қайраткер Ли Сын Ман болды. Американ билігі оны Оңтүстік Кореяда «ұлт әкесі» деп жариялады. Ал Кеңес әскери әкімшілігі Солтүстік Кореядағы ұсақ ұлтшыл буржуазия өкілдері арасынан беделі бар ешкімді таба алмады, сондықтан да Солтүстік Кореяның көшбасшысы ретінде Ким Ир Сенді «баулуына» тура келді. Оны «ұлттық батыр» және «әйгілі партизан қолбасшы» деп жариялайды /1/. Оңтүстік Кореяны оккупациялау арқылы АҚШ-тың билеуші тобы уақытша демаркациялық сызықты Кореяның екі бөлігі арасындағы шекараға айналдыруға тырысты. Осылайша Кореяның уақытша бөлінуі жөніндегі келісім бұзыла бастады. 1945 жылы ұлы державлардың Ялта конференциясында АҚШ өзін Кореяның қамқоршысы болуға ұсыныс жасайды. Ал Кеңес Үкіметі лениндік ұлттық саясат негізінде Корей халқының шетелдіктерден арылып, толық жеке мемлекеттік дәрежеге жетуіне көмектесуге тырысты (Бұл, әрине, Совет Үкіметінің таратқан нұсқасы еді). Осындай көптеген сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен 1950 –1953 жылдары Кореяның оңтүстігі мен солтүстік бөлігінде өзара соғыс болып, бұл солтүстік пен оңтүстіктің түбегейлі бөлініп, екі бөлек даму жолына түсуіне әкелді. Корей елі екіге бөлінген соң, бір- бірімен дұшпандық, жауласушылық жағдайында болды. Тіпті өзге елдер сынды ел аралық байланыс та орнатудан бас тартты. Әрине, бұл жағдай тек екі Корей елінің шешімімен емес, өзге де соған мүдделі державалардың араласуымен орнағаны белгілі. Осылайша, Солтүстік Корея Кеңес Одағы мен ҚХР-дың “көмегімен” өз бетінше дамыды, ал Оңтүстік Корея АҚШ сынды ұлы державаның ықпалымен жүрді. Бұрын империалистердің езгісіне түскен көптеген елдер тәрізді Қытайда да күрделі антиимпериалистік, антифеодалдық революциялық процесс қарама-қайшы дамымаған қоғамдық қатынастар, әлсіз таптық бөліну жағдайында жүрді. ҚХР-дың билік басшыларының оқшаулану саяси бағыты ұлтшылдық, ұлттық эгоизм мен шектеушіліктің күшейіп және дәстүрлі китаецентристік доктринаның қайта жаңғыруына әкелді. Сондықтан да, осы негіздегі идеялар ҚХР-дың сыртқы саясатының қалыптасуына ықпал етті. 60 жылдардан бастап Пекиннің «антиамерикандық» бағыты ұлттық доктрина ретінде АҚШ-ты Азияның әскери-саяси аясынан ығыстыру мақсатында Вашингтонға әр түрлі жолмен қысым жасауға тырысқан болатын. Енді қытай-американ қарым-қатынасының жақсаруымен Құрама Штаттар да ізінше КХР-ға қысым көрсету үшін өзінің Азия аймағындағы әскери ұстанымына сүйенді. Өз кезегінде Пекин үкіметі де қытай және басқа да азиялық халықтардың АҚШ-қа қарсы тұруда мүддесінің бірдей екендігін дәлелдеу үшін Азиядағы американдық әскери қауіп жайлы тезисті пайдаланды. Бұған жауап ретінде АҚШ Қытайды «кеңестік қауіптің» ұлғаюымен сескендіргісі келді. Осының нәтижесінде Қытай тез арада өзінің Азиядағы американ әскерінің болуына деген көзқарасын өзгертті. Пекиннің мұндай әрекеті Азиядағы күштердің қытай басшыларының ойынша тиімді орналасуын қолдай отырып АҚШ пен КСРО арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіру бағытын да қамтыды. Осылайша, АҚШ-тың да, Қытайдың да өз мүдделеріне сай Тынық мұхит аймағында американ әскері мен саяси ұстанымы нығая түседі. Әрине, қытай басшылары мұндай жағдайды өзінің шамасы келгенше басқа ұлы державалармен тең келгенше ұстап тұрғысы келді. 70 жылдардың басында КСРО мен АҚШ қарым-қатынасының дұрысталуын Пекин халықаралық сахнада күштердің өзіне қолайсыз қатынасы ретінде, өзінің әлемдегі мүддесіне төнген қауіп ретінде қабылдады. 1972 ж. 21 ақпанда Пекинге АҚШ президенті Ричард Никсон келеді. Президент ҚКП председателі Мао Цзедунмен кездесіп, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Чжоу Эньлаймен сұхбат жүргізеді. Никсон және оның қасындағылар тек Пекинде ғана емес, сонымен қатар Гуанчжоу мен Шанхайда болып, тарихта “шанхайлық” деген атқа ие болған біріккен коммюникеге қол қойды. Бұл коммюникеде жалпы Азиядағы аймақтық мәселелер қарастырылған болатын. Дәлірек айтқанда, екі жақ Азиядағы кез келген елдің “гегемониясына” қарсы тұруға өзара келісім білдірді. Әрине бұл елдің егемендігі мен территориялық біртұтастылығын сақтай отырып, шабуыл жасамау және ішкі саяси жағдайына араласпау, өзара пайда негізінде жүзеге асуы қажет болды. Осы сапар алдында АҚШ-тың кейбір ғалымдары “АҚШ пен Қытайдың қандай мәселелер болса да көзқарастары сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ өздеріне белгілі әр түрлі себептерге байланысты АҚШ пен Қытайдың саясатындағы бірдей бағыт – бұл Азияда КСРО-ға қарсы тұра алу” деген болатын /2/. Шанхай коммюникесі көрсеткендей, 1971 жылы 12 сәуірде КХДР үкіметі алға тартқан Кореяның бейбіт түрде бірігуінің сегіз бөлімнен тұратын бағдарламасында «Кореяның бірігуі мәселесіндегі БҰҰ Комиссиясын» қысқарту жайлы ұсынысын да қолдады. Ал, американдықтар өз тарапынан оңтүстік корейлік жүйені қолдап, онымен тығыз байланыс жасайтындықтары жөнінде мәлімдеді /3/. Қытайлықтар болса, тікелей АҚШ әскерін Оңтүстік Кореядан шығару жайлы талап қойған жоқ, тек біреуінде осындай талабы бар сегіз пункті қолдауды жөн көрді. Әрине, бұл жерден қытайлықтар ұтымды саяси позицияны ұстанып, «екі қоянды бір оқпен атты» деп айтуға болады, яғни АҚШ-қа да тікелей қарсы шыққан жоқ, КХДР алдында да «бейбіт сүйгіш» социалистік ел ретінде міндетін орындады. Корей мәселесін Вашингтон мен Пекиннің 70-жылдардың басындағы қарым-қатынастарының жақсара бастауы тұрғысынан алсақ, АҚШ-тың қытайлық жаңа саясатқа қайшылықты жерлері байқалды. Пекиндегі кездесуді Кеңес Одағына, социалистік күштерге қарсы пайдаланғысы келген американ қайраткерлері Кореяда антиимпериалистік күштер позициясының нығайып, КХДР- дың халықаралық беделінің өскеніне көздері жетті. 70- жылдардың басындағы Сеулдік режимнің ішкі саяси қиындықтарына көптеген факторлар әсер етті, соның ішіндегі маңыздысы – КХДР- да социалистік құрылым ықпалының жетістігі оңтүстік корейлік қоғамның наразылығын тудырды. Енді оңтүстік Кореяның сол кездегі президенті Пак Чжонхиға сыртқы және ішкі саяси оппозиционерлерінің алдында антикоммунистік ұстанымдарын сақтай отырып, өз тактикасын өзгертуіне тура келді. Осының нәтижесінде 1971 жылғы 20 тамызда Паньмыньчжонда КХДР Қызыл Кресті мен Оңтүстік Корея өкілдерінің алғашқы кездесуі өтті, бұдан кейін екі жақтың ресми тұлғаларының арасында келіссөздер жүргізілді, 1972 жылы 4 маусымда Пхеньян мен Сеулде Кореяның бірігуінің басты принциптері мен әр салада алмасу жасауды жүзеге асырушы «Солтүстік пен Оңтүстіктің координациялық комитетін» құру жөнінде жариялаған «Солтүстік пен Оңтүстіктің біріккен мәлімдемесіне» қол қойылды. Сонымен қатар Корей мәселесінің БҰҰ-да талқылануы да КХДР-дың халықаралық сахнадағы беделін өсірді. 1973 жылы 21 қарашада БҰҰ-ның Бірінші комитеті Кореяны біріктіріп, қалпына келтіру мәселесіндегі Комиссиясын таратуға келісімін мәлімдеді /4/. Міне, осындай халықаралық-саяси жағдайлардағы көлемді өзгерістерге сай Кореяның бейбіт түрде бірігуіне жол ашылғандай болатын, дегенмен бұл жерде де корей аралық диалогта елдің оңтүстік бөлігіндегі американ әскерінің болу жағдайы кедергіге ұшыратты. КХДР әділ түрде Оңтүстік Корея территориясынан шетелдік қарулы күштерді шығаруын талап етті, ал Сеул болса керісінше АҚШ- пен одақтастықты, оның Оңтүстіктегі әскерін өзінің өмір сүруінің негізгі кепілдігі деп білді. Корей мәселесінің бейбіт түрде шешілуіне кедергіні жою мақсатында қытай-американ қарым- қатынасының дамуы жағдайында Пекиннің АҚШ-қа қатысты белсенді іс- әрекетін күтуге болар еді, дегенмен ҚХР анық бір позицияны ұстанған жоқ. Жағдайдың ары қарай дамуы барысында Пекин ашық түрде Оңтүстік Кореядан шетелдік әскерлерді шығаруды қолдайтындығын жариялады. Бірақ АҚШ үкіметі Қытайдың мәлімдемесі мен іс- әрекетінің сәйкес келмейтіндігін дәлелдеді, және бұған негіздері де болды. Бұл жайлы американ баспасөздері қытайлықтардың Кореяда американдық әскерилердің болуы оларды аса қатты алаңдатпайтындығы жөнінде мәлімдеген ҚХР басшылары мен АҚШ дипломаттарының құпия кездесуі жайлы хабарлады. Осындай ҚХР-дың Кореядағы АҚШ әскерінің болуына байланысты ұстанымы Вашингтонда есепке алынды. Осылайша, Қытай негізінен ресми түрде КХДР-ды қолдай отырып, өзінің түпкі мүддесіне сай АҚШ-пен арадағы байланысты да нығайтқысы келді. Сондықтан да Кореяның бірігу мәселесіне қатысты нақты бір шешімі мен ұсыныстарын алға тартпай, енжар позицияны ұстанды. Ұзақ уақыт бойы Қытай көршілес елдерімен достық және өзара іскерлік байланысты дамыта отырып, тәуелсіз және өзіндік «бейбіт» сыртқы саясатын жүргізіп келеді. XXI ғасырға аяқ баса отырып, ҚХР жаңадан қалыптасқан халықаралық жағдайлар мен елдің ішкі ахуалына жауап беретін бейбіт түрде даму стратегиясын жасады. Осының бәрі әрине, өзінің экономикасы мен модернизациясын дамыту үшін Қытайдың көршілес мемлекеттермен байланысын тереңдетіп, қытай перифериясында қолайлы халықаралық жағдайды қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар. Ядролық қару мәселесіне байланысты КХДР ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнен шығып, Корей түбегіндегі жағдайды қалыпқа келтіруде жұмыс жасайтын «алты жақты» келісімдерге қатысудан бас тартты. Осы «алты жақты» келіссөздерді жүргізуде үлкен белсенділік ҚХР тарапынан байқалды. АҚШ, Жапония, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея қатысатын бұл келіссөздерде ұйымдастырушы ретінде ҚХР-ға КХДР-мен келісімге келуде үлкен үміт артылды /5/. Бұл ұлы империя мыңдаған жылдар бойы Корей түбегіне өз ықпалын жүргізіп келді, тек жүз жылдай уақыт бұрын ғана ондағы бақылауынан айрылды. Ал тарихи процестерді қытайлықтардың түсінігі бойынша қарасақ, бұл уақыт алда келер мыңжылдықтармен (яғни, қайтадан корей елдеріне үстемдік жүргізу шағымен) салыстырғанда түкке тұрғысыз. Пекин үкіметі Кореяның Қытайдың өзіне қысым жасау үшін қажет АҚШ-тың плацдармына айналуына жол бере алмайды. ҚХР үшін әскери-стратегиялық жағынан да, саяси жағынан да, американ шабуылының нәтижесінде КХДР-ның күш қолдану жолмен саяси аренадан кетуі өте тиімсіз. Бұл Корей түбегінде толығымен АҚШ-тың бақылауының орнауына, осылайша АҚШ қарулы күштерінің Қытаймен арадағы құрлықтағы шекараға шығуына әкелер еді. Қытай осы аймақтағы әскери базалар АҚШ-қа «терроризммен күрес үшін емес, Қытайдың солтүстік-батыс бөлігін өз бақылауында ұстауы үшін» қажет деп атап көрсетуде /6/. КХДР-дан айрылу ҚХР-дың Азия және жалпы әлемдегі мәртебесі мен сыртқы саяси позициясынының әлсіреуіне әкеледі. Қытаймен байланыс жасайтын елдердің қайсысы оның еш шара қолданбай, кейін шегінгенінен соң Қытайды өзінің тұрақты одақтасы, серіктесі деп санамақ?.. Кореяны жоғалту Пекиннің Тайваньды өзіне қайтарып алудағы мүмкіндігін жоғалтуды білдіреді. Осындай өзі үшін дағдарысты жағдайда Пекин бірнеше мәрте Корей түбегінде ядросыз статусты сақтауға үн қосқан болатын. Себебі КХДР-да ядролық қарудың пайда болуы, Жапонияны, Оңтүстік Кореяны, және ең тиімсізі Тайваньды осы сынды іс-әрекетке итермелеуі мүмкін. Дегенмен Қытай бүгінде КХДР мен одақтас болып, екі арада әскери-саяси келісім сақтап отырған жалғыз ел. Өз кезегінде, елге қолайсыз, төтенше жағдай туындаған сәтте КХДР үшін Қытай протекторатын қайтадан жаңарту, кейбір шығысеуропалық елдердің басына түскен тағдырына қарағанда қолайлырақ. Қытай Пхеньянның көптеген іс-әрекетімен келіспегенімен де, алдағы уақытта да КХДР-ды қолдайтын болады. Әрине, бұл екі елдің тарихи байланыстарына да, қазіргі халықаралық жағдайларға сай бір- біріндегі мүдделеріне де қатысы бар. Былай қарасақ, КХДР да Қытайдың ықпалынан бірден шығып кетіп, өз бағытымен ешкімге бағынышты болмай ядролық бағдарламасын дамыта алмайды, және Қытайдан алшақтаудың Солтүстік Корея үшін пайдасы да шамалы, өз бағытыммен дамимын деген күннің өзінде де қаржы жағынан доноры болып отырған Қытай оған жол бере қоймас. Ал Қытайдың өзінің көздеген мүддесі бар… Бүгінде Қытай, өзінің сыртқы саяси стратегиялық бағытын ұстана отырып, тек КХДР-мен ғана емес, сонымен қатар Корея Республикасымен де саяси-экономикалық байланыс жасауда. Сауда саласындағы байланыс дипломатиялық қатынасқа ұласты. 2007 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 15 жылдығы аталып өтті. Бір айта кететін жайт, Оңтүстік Корея да XX ғасырда Қытай сынды кедейшіліктен арылып, әлемдік экономикалық көшбасшы болған үш елдің бірі, сондықтан да Қытайдың мұндай елді айналып өтіп кетуі мүмкін емес. Және кейбір ғалымдар мен саясаткерлердің айтуы бойынша Қытай өзінің даму үлгісін осы Оңтүстік Корея мен Жапониядан алған, егер ондай болмаған жағадайда Қытайдың бірінші болып эконмикалық көшбасшыға айналуы мүмкін болар ма еді… /7/. Негізінен екі Корей мәселесінің “бейбіт түрде” шешілуін қалаған елдердің өзінің түпкі мүддесі Кореяның қамы емес екендігі айдан анық. Мысалы бұрыннан-ақ ҚХР мен КСРО КХДР-ды жақтағанымен, олар АҚШ-тың империалистік саясатына тікелей қарсы шыға алған жоқ, және шықпайтын да еді. Себебі, Қытай мен Кеңес Одағының да өзіндік мүддесі бар, Қытай АҚШ-пен бірігіп антикеңестік бағытты ұстанды, КСРО да АҚШ-пен қарым-қатынасын жақсарта отырып, өз бетінше дамуда болды. Шындығында, Корей түбегіндегі мәселені реттеуге араласқан державалардың басты мақсаты – сол жергілікті халықтың игілігі емес, өздерінің саяси амбициясын жүзеге асыру екендігі байқалады. Сол державалардың кесірінен бөлінген Корей елі әлі күнге шейін ең алдымен солардың ықпалының нәтижесінде бірігуге қол жеткізе алмай отыр. Геосаяси жағынан үлкен мемлекеттердің Корей мәселесін шешуде екіжүзділігі байқалады. Қытай да, АҚШ та бірі солтүстікте, екіншісі оңтүстікте өз ықпалын жүргізе отырып, саяси гегемонияға жету жолында өз ықпалынан айрылып қалу қаупі де жоқ емес. Егер екі Корея бірігетін болса, қайсысының ықпалы күштірек болмақ, оңтүстік пе әлде солтүстік пе? Оңтүстіктің ықпалы күштірек болса АҚШ-тың бағы жанып, Қытайдың сонша уақыт жүргізген саясаты мен жұмсаған қаржысының бекерге кеткені. Ал солтүстік Корея жүйесі басымырақ болса, АҚШ-тың кейін шегініп, Қытайдың жүз жыл бұрынғы кеткен есесі қайтарылмақ. Бірақ, екі ел біріккен жағдайда бұрынғысынша Қытай мен АҚШ-қа қарайлай ма?! Әсіресе қазіргі таңда Солтүстік Кореяның ядролы қаруы бар державалар қатарына кіргенінен кейін… Сондықтан да, Қытай Солтүстік Кореяны жақтай отырып, өзне әзірге қауіп төнбесе де КХДР-ды ядролық қарудан бас тартуға шақыруда. Корей ғалымы Ю Се Хидің пайымдауы бойынша өзінің ядролық бағдарламасынан бас тарта отырып, Солтүстік Корея халықаралық аренада әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі бола алар еді, осылайша сыртқы саяси оқшаулануды жеңе отырып халықаралық қауымдастық тарапынан экономикалық қолдауға ие болады. Инфрақұрылым үшін де қажетті қаржы көздері табылуы мүмкін. Сонымен қатар, заңды түрде Солтүстік Корея территориясында инвестициялар мен шетелдік кәсіпкерлер іс-әрекетіне еркіндікті қамтамасыз етіп, арнайы экономикалық аудандарға инвестиция көздерін тарту үшін қосымша жағдайлар жасау қажет /8/. Дегенмен, Солтүстік Корея бүгін ядролық қарудан бас тарта қойғанымен, ертең келіп АҚШ-тың басқыншылық жасамасына, басқа елдердің бірден бұл елмен арада экономикалық байланысты орната қоюына кепілдік жоқ.. Әрине, ядролық қаруды игеріп, әлемге қауіп төндірмеген жағдайда бүгінгі дағдарысты мәселені тудырмас еді, алайда бұл мәселені Солтүстік Кореяның өз қауіпсіздігіне жағдай жасаудан туындады деп есептеп, алдағы уақытта дүниежүзіне кері әсерін тигізбес шешімдермен шешілгені абзал болар еді. Егер де Корей түбегінде АҚШ саяси үстемдікке жетсе, түбек Жапония, Ресей, Қытайға шығатын плацдармға айналмақ, ал Қытай мен Ресейге жеткен американ саяси ықпалының бір ұшы әзірге тыныштықта отырған бізге де тиіп кетуі ғажап емес. Сондықтан да екі корей елдерінің бейбіт түрде бірігіп, бірге дамуы, өзгеге есесін жібермей, Қиыр Шығыста өзіне тиесілі орынға ие болуы бізге де қолайлы болмақ.

Читайте также:  Современное состояние аграрного сектора Республики Казахстан

Оставить комментарий