ЕКІНШІ ҰСТАЗ ІЛІМІНДЕГІ БІЛІМ ТЕОРИЯСЫ

Ата тарихымызға үңіліп отырсақ, сан мың жылға созылған тарих керуенінде халқымздан не бір ел бастаған кемеңгер көсемдер, сөз маржанын төккен сұңғыла шешендер, алып күшіне айласы сай батырлар, халық қамын ойлап күңіреніп өткен ойшылдар, өз дәуірінде өнер — білім биігіне қол созған данышпан ғалымдар, жыр нөсерін төккен жыраулар, қара қылды қақ жарған әділ билер, күміс көмей, жез таңдай ақындар мен әншілер, күмбірлете күй төккен сазгерлер шыққан екен. Олардың өзі туып өскен ұлан–қайыр қазақ даласындағы халық жүрегіне терең ұялағаны соншалық, олар жөніндегі аңыз – әңгімелер неше мың, неше жүз жылдан бері өзінің туған халқымен бірге жасасып келеді. Олардың басым көпшілігі жөнінде өз ұлтымыз арасында сақталған тарихи аңыздар, сол аңыздар негізінде жазылған тарихи жырлар еліміздің тарихи жазбалары мен шетел тарихи кітап– естеліктерінде жазылып қалған. Қазақ тарихын, этнографиясын, мәдениетін зерттеу барысында, еліміздің жане шетелдердің көптеген ғалымдары алуан түрлі формамен жазған еңбектеріне дүние тарихының дамыту заңдылығына брілестіре отырып, қазақ тарихының әрбір шешіуші кезеңінде жасаған тарихи тұлғаларға қатысты деректерге тиісті зерттеулер жүргізіп, өз өресіне қарай баға береді. Осы орайда әлемге танымал әл- Фарабиді зерттеу өте-мөте қажеттілік. Жерлесіміз жиһанкез дана Абу Наср Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби әт-Түрки 870 жылы біздің қазіргі Шымкент төңірегіндегі Фараб қаласына жақын Весиж атты елді мекенде, Саманиттер сарайында қолбасшы қызметін атқарған Мұхаммед Тарханның жанұясында дүниеге келді. Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда, оның әкесі сол тұста көшпенділіктен отырықшылыққа ауысқан түркі тайпаларының бірінен шыққан әскер басы екен. Ал, ғалымның әкесінің қалайша «Тархан» аталғанына келсек, мұндағы тархан сөзі екі түрлі мағына беріді: біріншіден, ежелгі түркі тайпалары «Тархан» деп әскери лауазымды кісілерді атайтын болған. Бұған қарай Фараби әскери ортадан шықты деп жорамалдауға болады. Екінші жағынан, Тархан ежелгі Сыр, Отырар жайлаған Қаңлы тайпасының бір руының аты (сол мекенде қазір де бар, кейде дархан деп те аталады). Ол ғылым дәмін тата келе басқа дүниеден (дүние-мүлік жинаудан, үйленуден) мүлдем безіп, өзінің аяулы арманы, ұлы мақсаты –– ғылым жолына ойысты. Әбу Наср ғылым жолына түсіп отанынан жырақтағы араб халифатының мәдени орталығы Бағдатқа саяхатын бастайды, халифаттың көптеген жерлерінде айтар болсақ Шам, Мысыр, Харран, Иран қалалары – Исфахан, Хамадан, Рай мекендерін шарлап, кейбір деректерге сүйенетін болсақ Үндістан шаһарында да болып білім нәрімен сусындаған. Бүкіл өмірін ғылымға арнаған ойшыл 950 жылы 80-ге келген шағында Шамда /Сирия/ қайтыс болып Мұһауия зиратының Баб ас-Сағир /Кіші Дарбаза/ мазарына жерленген. Әл-Фараби өз заманындағы өнер- білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап көрді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір саласы жоқ деуге болады. Ойшыл танымындағы адам деңгейінің биіктеу шағындағы білім мен интеллектінің рөлі мен маңызын, сол ұғымға сипаттама беру барысында түсінген абзал. Әл-Фарабидің музыкалық ілімі оның бүкіл философиясына сипаттама беретін эпистемологиялық субстратының (тілдердің тоғысуына тән құбылыс) құрамдас бөлігі болып табылады. Эпистемология дегеніміз – «таным теориясымен байланысты философия саласы. Эпистемологияның дәстүрлі орталық тақырыбы танымның мәні мен төркінін анықтау, таным туралы ұғымдардың ақиқаттығын дәлелдеу». Эпистемологияның мәні, қызығушылық шеңбері кезеңіне сәйкес әртүрлі, ойшылдардың жауаптары да сан қилы. Эпистемологияға қызығушылық жоғарыда айтып өткендей орта ғасырлық исламда да болған. Олардың көзқарастары бірде құдайшыл, бірде зиялы сипатта болды. Оған тереңдеу өте кең көлемде, терең ізденісті қажет етеді. Қалай десек те ислам эпистемологиясын түсінуде Білім салтанаты еңбегінің көмегі зор. Француз ғалымы Ф.Розентал исламдық зерттеулермен айналысатын ғалымдар үшін осындай құнды еңбекті ұсынды. Осы еңбек арқылы мұсылман философтары, ойшылдары мен теологтарының эпистемологиялық ізденістерін құрылымдық жағынан түсіну мүмкін болады. Қалай десек те барлық кезеңдерде әртүрлі сұрақтар туындап отырады. Білім алуға адам сезім, зерде және логикалық ойлаудың жалпыдан жалқыға, бүтіннен бөлшекке көшіп нәтиже шығаруы арқылы қол жеткізеді; сезімі жоқ адам ештеңені зерделей алмайды. Ислам философтары үнемі Платон, Аристотель, Плотин еңбектеріне жүгініп отырады, сондықтан да болар исламдық Платонизм, Аристотелизм сияқты ағымдар өз арнасында дұрыс даму бағытында, олай болса дәл осы грек ойшылдарының мектебіне негізделген эпистемология ислам ғалымдарына өте ықпалды болды. Әл-Фараби эпистемологиясының мәнін «философиялық ілім – ол себеп пен салдардың негізін ұзақ оқу деген сөз» дегенінен түсінуге болады. Әл-Фараби логикаға ерекше ілтипатпен қараған, ол құрметі ойшылдың еңбектерінен жақсы көрініп тұрады. Грек логикасына құмар болғаны сонша дін өкілдері мен грамматиктердің тарапынан қудалауға ұшырап отырған. Ойшыл логикасы өзінің метафизикасы мен ішкі логикасына негізделген, белгілі бір өзіне ғана тән тәсілмен жіктеледі. Басқаша айтқанда, оның логикасы идеялық жағынан терең эпистемологиялық өлшемге ие. Жалпы қорытынды шығаратын болсақ Фараби эпистемологиясы екі қарама-қарсы құбылыс – Аристотель «позитивизмі» мен неоплатондық «негативизмге» негізделген. Сондықтан да болар Фараби еңбектері басқа эпистемологиялық еңбектерге ұқсамайды. Бақыт жолын сілтеу кітабында философия теоретикалық және практикалық бөлімдерге бөлінеді. Сосын тағы бөлімдері бар: мысал келтірсек теоретикалық философия математика /Ил мат-Таалим/, физика /Ил мат-Табииа/ және метафизиканы /Илм маа ба дат- табииийат/ қамтиды. Шындығында бұл кітап Ғылымдар классификациясының үшінші, төртінші тарауларымен жарыспалы қатарласып жүреді. Фараби үшін «теоретикалық» және «практикалық» деген ұғымдар қарпайым сипатқа ие. Бақыт жолын сілтеу еңбегінде теоретикалық білім дегеніміз — әрекет етуді талап етпейді деген ойшыл. Осы сияқты мәселелер зерттей берсек өте көп. Жалпы ойшылдың білім саласындағы келелі еңбегі бүгінгі күнге дейін жалғасып, зерттеушілер тақырыбының негізгі нысанына айналып отыр.

Читайте также:  Түрік философиясы

Оставить комментарий