Экологиялық білім берудің ғылыми-теориялық негіздері

Қоршаған ортаны қорғау, биосфера ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері – егемен Қазақстан Республикасының мемлекеттік маңызды міндеттерінің бірі. Ғылыми — ­техникалық прогресс, қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық өзгерістер табиғат тепе­теңдігінің бұзылуына, қауіпті жағдайлардың пайда болуына әкеліп соқтыруда. Республикамызда табиғатты қорғауға байланысты қабылданған қажетті шаралар жүйесінде қоғам мен табиғат арасындағы өзара қарым­қатынасты іскерлікпен ұйымдастыруға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі ғылыми түсініктерді адамдарда қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік­педагогикалық процесс ретінде қоршаған орта туралы білім беруге зор көңіл бөлінген. Әлеуметтік­экономикалық білім берудің әдіснамалық іргетасы оқушыларға қоғамдық пәндерді оқытып үйрету барысында қаланады. Аталған пәндер арқылы мектеп оқушылары табиғат туралы ғылыми көзқараспен, қоршаған ортаны жаңартудың, ғылыми танымның теориясы және практикасымен қаруланады, «табиғат – адам – қоғам» жүйесіндегі диалектиканың заңдары және категорияларымен танысады. Әлеуметтануда адам мен табиғат арасындағы қатынас еңбек процесі арқылы жүзеге асатыны, бұл процесс кезінде адам ортаны өзгертіп, өз бойындағы қабілетін шығармашылықпен дамытатыны жөнінде ұғым алады. Экологиялық мәселелер – жаратылыстану пәндерінің ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ғылымдардың да зерттеу объектісі. Қоршаған ортаны сақтау және оны қорғау әлеуметтік зерттеулердің де пәні болғандықтан, әлеуметтанудың жеке саласы ­ әлеуметтік экология пайда болды. Ол қоғам мен табиғат арасындағы байланыстың даму деңгейін, құрылымын және заңдылықтарын зерттейді. Табиғи орта деградациясы ғылыми­техникалық прогрестің кең етек алуының нәтижесі ғана емес, сонымен бірге өндіргіш күштерді дамытудағы бір жақты, технократтық көзқарас пен экономикалық ықпалдың, экологиялық сананың төмендігінен болып отыр.Табиғи ортаны сақтау мен қорғауды тұтастай бақылау үшін жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдардың кіріктірілген пәнаралық ықпалы қажет. Осындай пәнаралық негізде қоршаған ортаны сақтау және қорғау мәселесін әлеуметтанудың арнайы саласы ­ әлеуметтік экология қарастырады. Табиғи экология тіршілікті, оның даму процестерін өз тұрғысынан қарастырады. Әлеуметтік экологияны да осы тұрғыдан түсіну экологиялық дағдарыс шиеленісіп, оның салдары мен оларды жою көптеген ғылымдардың зерттеу пәніне айналған кезде пайда болды. Әлеуметтік экология – жеке әлеуметтік ғылым, ол адам мен оны қоршаған ортаның арасындағы байланыстың ерекшелігін зерттейді./1,28­б./. Қазіргі кезде табиғаттың дамуы мен қоғамның даму процесіндегі адамдардың жасампаз қызметі арасындағы сәйкестікті түсіну үшін адамзатқа жоғары дәрежеде дамыған сана қажет. Сондықтан әлеуметтік экология өз зерттеулері арқылы мұндай сананы орнықтырумен қатар оны қалыптастырудың негізгі мәселелерін зерттеуі тиіс, бұл орайда білім беру жүйесі ерекше рөлді атқарады. Әлеуметтік экология арқылы қоршаған ортаның қоғамдық компоненттерін зерттеу кезінде әлеуметтік саясат білімі ескерілуі тиіс.Соған сәйкес әлеуметтік саясат әлеуметтік экология білімдеріне сүйенеді. Әлеуметтік саясат – қоғамдық топтар мен адам еңбегі, тіршілік жағдайлары мәселелерімен айналысатын саналы, еркін сарамандық, қоғамдық қызмет. Яғни әлеуметтік саясат осы сала тұрғысындағы білімді игеретін адамдар арқылы жүзеге асады. Адам – табиғи тірі ағзалардың бірі. «Адам еңбегінің пайда болуы және дамуы оны қоршаған табиғи ортасымен тығыз байланысты, одан бөліп қарауға келмейді… Адам эволюциясы үнемі табиғатты өзгертетін климаттық катаклизмдер және басқа құбылыстардың әсері арқылы жүзеге асады» /2, 18­б./. Бірақ адам жай ғана табиғи тірі ағза емес, тіршілік күштерін, әр түрлі қабілеттіліктер мен іскерліктерді меңгерген белсенді тірі ағза. Ол өзін болмысы мен игерген білім жүйесі нәтижесінде көрсетеді. Қазіргі уақытта әрбір адам экологиялық тұрғыда жаңаша ойлай алатын, саналы және мәдениетті болуға, айналадағы табиғи ортамен қарым­қатынастағы мінез­құлық нормалары мен ережелерін білуге және оны сақтауға міндетті. Басқаша айтсақ, бүгінгі қоғам әрбір азаматтан экологиялық сауаттылықты талап етеді. Адамға тіршілік ету үшін біраз қажеттіліктер керек, оларды қоғамдық ортада өмір сүру арқылы қанағаттандырады. Адам – тәуелді тірі ағза, өйткені өзінің әрбір қажетттілігін табиғатпен және қоғаммен байланыссыз жүзеге асыра алмайды. Адам – дамушы және өзгермелі тірі ағза. Ол жеке тұлға және түр ретінде үнемі өзгерістер процесінде болады. Сонымен қатар адам – саналы және іскер ағза иесі. Ол байлықтарды саналы игереді, мейірім­ділік пен жауыздықты ажыратады. Қазіргі қоғамдағы басты проблеманың бірі – «адам – қоғам – табиғат» қарым­қатынасы. Оның шешімі барлық адамзат үшін біріктіруді талап етеді. Өз ортасын қорғаудағы адамзат­тың ынтымақтастығы мен іс­әрекетінің мақсаты – адам, қоғам және табиғаттың өзара үйлесімімен тұратын қоғам мәселесін шешу. Экологиялық білім беруде барлық жаратылыстану және қоғамдық ғылым білімдері байланыстырыла меңгерілуі тиіс. Мұндай білім тіршілік ету стратегиясына ғана емес, сонымен бірге арнайы ортада адам тіршілігі сапасының жақсаруына үлес қосуы керек. Яғни ол қоршаған ортаның сақталуына, оның табиғи және қоғамдық компоненттерінің жақсаруына, адамдардың шығармашылық, еркін және құнды тірі ағза ретінде тіршілік жағдайын жасауына мүмкіндік тудыруы қажет. Адам қызметінің қажетті шарты ретінде табиғат пен қоғам адамның мәдени болмысының көрінісі болып табылады, өйткені тек табиғи және қоғамдық ортада ғана адам өзінің күрделі адамдық қасиетін білдіре алады. XVIII ғасырда француз ағартушысы Ш.Монтескье «Климаттың құдіреті барлық биліктен де күшті» деп жазса, ағылшын социологы Г.Бокль адамдардың өмірі мен тағдырын төрт нәрсе – климат, азық, топырақ және ландшафт анықтайды деп тұжырымдайды. Оның ойынша, мысалы, адамдарды құлдыққа душар еткен өте ыстық ауа райы. «Табиғаттың өмірі – үздіксіз даму,» ­ деді Герцен. Бұл пікірді қоғам өміріне қолдана отырып, әлеуметтік өмірдің үздіксіз даму идеясын В.Г.Белинский барынша жақтады. «Адамзаттың дамуында шек жоқ… адамзат тоқта, жетті, енді одан әрі баратын жер жоқ деп ешқашан айтпайды,» ­ деп жазды /3, 146­ б./. Абайдың дүниетанымында құдаймен табиғат, адам мен құдірет, жан мен тән, өмір мен өлім мәселелері үлкен орын алады. Ол осылардың бәріне прогресшілдік тұрғыдан жауап іздеді. Абай, бір жағынан, құдай бар деп түсіндірсе, екінші жағынан, дүниенің, әлемнің объектілік заңдылығы бар екенін мойындайды. Сондықтан ғылымды меңгеруге, дүние құбылыстарын түсінуге шақырды. Ол айналадағы дүниенің мәңгі қозғалыста, дламуда болатыны былай түсіндіреді: «Дүние бір қалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бір қалыпта тұрмақты берген жоқ». Сондай­ақ «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел,» ­ дейді Абай «Отыз жетінші сөзінде». Оның рйынша, дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын мәңгілік еш нәрсе жоқ., табиғатқа да, адамға да осы заң ортақ. Мысалы, «Отыз жетінші» сөзінде ақын: «Адам баласын замана өсіреді, кімді­кім жаман болса, замандасының бәрі виноват,» ­ деп жазды. Олай болса, адамды адам етіп тәрбиелейтін оның әлеуметтік ортасы, достары болмақ /4,43,78­79­б./. Қазақтың көптеген ғұламалары қоғам мен адамның байланысы туралы ерекше ойлар айтқан. ХХ ғасырдың басындағы ірі ақын әрі ойшылдардың бірі – Шәкәрім Құдайбердиев. Ол адамның қалыптасуы үшін еңбек, ақыл, мейірбандық, ұстамдылық, байқампаздық керектігін, ар­ұяты бар, қайырымды, ұстамды адам қоғамның кез келген кезеңінде өзінің лайықты орнын алатынын атап көрсетті. Ш.Құдайбердиев философ ретінде қоғамдық ойларға баға жетпес үлес қосты,өз өлеңдерінде адамның: ақыл­ой, ар­ождан, мақсатты әрекеттер т.б. сапаларын жырға қосты. Оның айтуынша, адам жақсы табыстарды және қиыншылықтарды кездестіреді, жақсысын қабылдап, жаманын алып тастайды. Шәкәрімнің «Үш анығында» сөз болатын басты мәселе – ар ілімінің негізі боп табылатын ынсап, әділет, мейірім тәрізді қасиеттер. Оның «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім – үшеуі қосылып, ұждан деген ұғым шығады. Бұған илана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң тазарта алмайды… Ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылмен сынап істесе, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды,» ­деген ой толғамы бүгіндегі халқымыздың рухани жағынан жаңару талабымен үндес келеді /5,28­б./. Жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойғы тарих адамдар үшін қиын уақыт, қауіпті күйзеліс басталғандығын көрсетеді. Болашақ стратегиясын, қалыптасқан тәжірибені сын көзбен қарап, қайта ойлауды талап ететін жағдай туды. Осындай негізгі бағыттардың бірі – экологиялық мәселелерге философиялық талдау жасау. Биологиялық пәндерден бөліне отырып, қазіргі кезге дейін эволюцияланып, экология философиямен тығыз байланысты, қазіргі ғылыми білімнің әдіснамалық стандартын қалыптастыруда жалпы ғылыми және фиолсофиялық деңгейге көтерілді. Өз кезінде Гете былай деген болатын: «Өз түйсігіне сенбеген адам ақылсыз бақылаушыға ғана айналады… Ешқашан түйсік адастырмайды, пікір адастырады» /6, 32­б./. Шындық әлемде классикалық «әлемнің ғылыми бейнесінде» көрсеттілгеннен гөрі де күрделірек. әсіресе, бұл экологиялық мәселелерді шешу кезінде байқалады. Ғылыми­зерттеу процесінде өмірде бар болмыс «тіршілік әлеммен» қаншалықта хабардар болу керектігін Ф.И.Гиренок әділ ескертеді: «Өмірде болмыстың мәні емес, оның нағыз өзі құрып кетеді» /7,26­б./. Адам өзін ғылыми­зерттеу сферасында қалай ұстаса, сарамандық қызмет сферасында да солай көрсетеді. Р. Хиггинстің есептеуінше, «ғылым прожектор, пышақ, ине және хирургиялық аспаптар көмегімен әрекет етеді. Оған тән фокус, оның әдістері – бөлу, ажырату, жару, кесу, жеңілдету, редукция және механикалық өлшеу. Оның үлгісі – мазасыз, мұздай объективтілік. Сөзсіз тәжірибелі куәгерлікке бағыну және жаңа ашылуларға ұмтылу сондай күш тудырады, ол күш уақыт өткен сайын ғылымның өзі қызмет ететін мақсатына көлеңке түсіреді» /8, 41­б./. Философия мен жаратылыстану әр түрлі аспектілерді қамтып, оларды әр алуан әдістермен зерттесе де, олар қандай да бір объективтік шындыққа жетуге бағытталған. Көптеген жаратылыстану ғылымының дәлеледемелері қандай да бір философиялық негіздемені болжайды. Философияның өзіндік жеке зерттеу сферасы бар және оның жеткен нәтижелері тәуелсіз болып есептеледі. Олар жаратылыстану арқылы, егістіктегі жұмысқа қажетті құрал сияқты, қабылданады. Бұл – бірдей құқылы серіктестер одағы,олардың әрқайсысы белгілі бір кезеңде өз бетінше дербес, сонымен бірге олар бір­бірінсіз өмір сүре алмайды, яғни өз мақсаты үшін бірі басқасының жетістігін пайдаланады. Диалектика­материалистік философия мен жаратылыстану ғылымдарының тығыз одағы идеясының негізін В.И.Ленин қалады. Осыған жақын ой тұжырымдарын В.И.Вернадский еңбктерінен де кездестіруге болады /9,503­512­б.,78­б./. Белгілі жаратылыстанушылар Д.И.Менделеев, В.В.Докучаев, И.М.Сеченов, П.Н.Лебедев, А.Г.Столетов,А.М.Бутлеров, И.И.Мечников, К.А.Тимирязев, Н.А.Умов, В.О.және А.О.Ковалевскийлер, В.И.Вернадский және басқа көптеген ғалымдар әлемдік ғылымның дамуына үлкен үлес қосты. В.И.Вернадский өз естеліктерінде былай деп жазды: «Д.И.Менделеев… басқаларға қарағанда біздің еркіндік рухымыз бен оппозициялық көңіл күйімізге көп әсеретті. Ол бізге ақиқат білім салаларының шексіздігін, оның өмірдегі және адамзат дамуындағы мәні туралы айқын және әдемі, көрнекі және күшті бейнелеп жеткізетін… Оның дәрісі кезінде біз қыспақтан құтылғандай болып, жаңа бір әлемге тамаша әлемге енетінбіз…» /11,104­б./. Д.И.Менделеев өз шәкірттерінің ғылыми қызығушылығын қалыптастыруда көп еңбек етіп, олардың жаңа химия идеясына, дәл ғылымға құштарлығын оятты, эксперименттік жұмыстарға үн қосуына себепкер болды. Ол жастарды ғылымның жаңа, зерттелмеген жолдарына шақырды. В.В.Докучаев ­ өзінің еңбегі мен еркі нәтижесінде алдына қойған мақсатына жете білген жаңашыл, табанды адам. Өз дәуіріндегі философиялық және қоғамдық саяси идеялардың күшті ықпалы арқылы ғылымдағы материализм үшін күресіп, жаратылыстануды этикалық және қоғамдық пәндермен байланыстыра қарастырды. Ол осы қызығушылығын өз төңірегіне жиналған жастарға үйреткен. Тамаша биолог­дарвинист А.Н.Бекетов ғылымның дамуын халықтың тілегімен үздіксіз байланыстырып отырған. Ол эволюциялық даму идеясын Дарвинге тәуелсіз, өз бетімен негіздеді. Осы идеяны қамтитын «Табиғаттағы үйлесімділік» атты еңбегі Ч.Дарвиннің «Түрдің шығу тегі» еңбегінен бұрын жарық көрген. А.Н.Бекетовтың табиғаттағы үйлесімділік туралы идеясының үлкен әдіснамалық маңызы бар. Ол табиғаттағы өзара диалектикалық байланысты терең түсінуге көмектеседі. Бекетов мұндай үйлесімділіктің негізіне материяның мәңгілік қасиеттерін алады. Материяның қозғалысы процесінде табиғаттың жалпы заңдылықтары бойынша тірі және өлі табиғат өзгереді. Ал А.М. Бутлеров жаңа атомдық ілім негізінде тбиғат бірлігі туралы идеясын дамытты, материя туралы ілімнің дамуында маңызды рөл атқарған зат құрылысы теориясын жасады. В.И.Вернадский еңбектерінде жаратылыстану мен философияның өзара байланысы тұрақты және шығармашылық сипатта болды. Мұндай байланыс оның ғылыми зерттеулерінің сыртқы көрінісін ғана емес, оның негізін де құрайды. Оның философиялық қорытындылары жаратылыстану саласындағы ғылыми ізденістердің негізінде жасалған. Бұл өз кезегінде жаңа ғылыми мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын табуға түрткі болды. В.И. Вернадский еңбектерінде жаратылыстану мен философияның байланысы терең шығармашылық, жаңа философиялқ қорытындылар мен тұжырымдарға әкелетін байланыс болып есептеледі /10, 80­б./. В.И.Вернадскийдің ой­тұжырымдары практика критерийлерін түсінуге көмектеседі, оның ғылыми қызметпен, ақиқатқа жету процесімен байланысын ашып көрсетеді. Ол былай деп жазды: «Ғылыми шындықты логикамен емес, өмірмен ғана тануға болады. Әрекет – ғылыми ойға тән сипат. Ғылыми ой – ғылыми шығармашылық – ғылыми білім өмірдің қақ ортасында жүреді, олар өзара тығыз байланысты бола отырып, өздерін мекен ету ортасында белсенді көрсете біледі, олар тек ғылыми білімнің таратушылары ғана емес, сонымен бірге көрінудің шексіз формаларын жасайды, ғылыми білім дәрежесі көтерілуінің ірілі – ұсақты көздерін тудырады» /9,54­б./. Мұндай ой қорытындысынан ғылым мен практика бірлігі көрініс береді. Ғылым тіршілік ету барысында жүзеге асады, ғылыми ой тұжырымдары өмірді жаңартады. Сонымен бірге бұндай жаңа түзілулер ғылыми ойдың жаңа «көріну» формаларын тудырады, «ғылыми білімнің өсу» көздеріне негіз болады. Қазақстандағы экологиялық мәселелер А.Е. Еренов, Н.К. Мұқитанов, Н.Б. Мұхитдинов, Л.В. Ильяшенко және т.б. еңбектерінде қамтылған. Олар Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын қарастырады /12/. И.Н. Тасмағамбетовтың «Экологиялық проблемалардың дүниеге көзқарастық аспектілері» диссертациялық еңбегінде «адам­табиғат» объективтік қарым­қатынасына талдау жасалып, бұл қарым­қатынас қайшылықтарын шешу тәсілдері сөз болады. Диссертант әлеуметтік экология материалы негізінде экологиялық қызметтің дүниеге көзқарастық негіздері, экологиялық ойлау, экологиялық сананы қалыптастырудың әлеуметтік­мәдени тетіктері мәселелерін ашып көрсетуге ұмтылған /13, 142­б./. Қазір дүние жүзінде экологиялық проблемалар өзінің қоғамдық мәні жағынан өзекті мәселелердің біріне айналды, бұл азаматтан бұрынғыдан да дана, ақылды болуды талап етеді. Даналықты жүзеге асырудың бір жолы экологиялық хабардарлық, жете білушілік болып табылады. Экологиялық жағдайдың әсеріне байланысты бүгінде адамзат баласының рухани сапасын жетілдіру оларда ең алдымен жауапкершілік, даналық, ақылға салып көрушілік, аяушылық, табиғи ортаның әрбір байлығын бағалау және түсіну қабілеттерін дамытуға негізделген. Тіршілік сферасының дағдарысқа ұшырау қарқыны адамзаттың қазіргі жағдайдағы экологиялық қауіптілікті сезіну және сарамандық қызмет саласынан басқаның бәрін тиімді «экологияландыру» құралдарын жасау қарқынынан біршама алға кеткендіктен, қазіргі экологиялық жағдайларды жете білмеушілік, экологиялық сананың толық қалыптаспағандығы байқалады. «Кей кездері мен өз ғылымымды жек көре бастаймын,­дейді белгілі эколог А. Яковлев, ­ өйткені ол менің алқымыма «кесек тықпалайтындай» біліммен қаруландырады». Экономикалық қайшылықтар және әлеуметтік­саяси екі ұштылық салдарынан экологиялық проблемалар екінші кезекке ығыстырылуда. Біздің қоғамымыздың рухани құлдырауға ұшырауының бір себебі экологиялық қауіпке біртіндеп етіміздің үйренуі, қоршаған орта жағдайына жауапкершіліксіз және немқұрайды қарау болып табылады. Бұл ретте экологиялық білімді насихаттау мен экологиялық ағарту жұмыстарының мәні зор. Олар шынайы экологиялық қауіпке бейімделудің қауіпті психологиялық механизм екендігін ескертіп, қорқыныш сезімін оятады /15,30,48­б./. Осыған сәйкес, батыс зерттеушілері жұртшылық назарын қазіргі және болашақ ұрпақ алдында табиғатты жаңарту әрекетінде жауапкершілік сапасы ретінде қауіп, қорқыныш рөліне аударады. Мысалы, Р. Хиггинстің есептеуінше, уайымсыз оптимизмге қарағанда, қорқынышта болу тиімдірек. Қорқыныштың және кінәлілік сезімінің болмауы қазіргі кездегі үлкен қауіптердің бірі болып есептеледі, ал нағыз «орынды қорқыныш» ­ ретімен жұмсалатын күш, тіршілік ету үшін қажетті биологиялық функция.

Читайте также:  Торговые интересы русских купцов при завоевании Средней Азии

Оставить комментарий