Елдік пен ерлік жолында немесе жыраулар мұрасына көзқарас

Көне жыраулар поэзиясы — қазақ әдебиетінің тол туындысы, классикалық үлгісі, көшпелі өркениеттің уақыт дауылдарына мызғымай қарсы тұра алған морт бәйтерегі. Бұл құбылысты түрлі тұрғыдан зерттеуге болады, соның ең тиімдісі — өркениеттер ерекшелігінен келу. Мысалы, біз мұны тарихи тұрғыдан зерттейтін болсақ, ол белгілі кезеңнің туындысы ретінде ғана көрінеді. Ал негізінде жыраулар поэзиясы — алғашқы қалпында біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта пайда болып, XX ғасырға дейін аздаған өзгеріспен жеткен орасан зор ғасырлар мұрасы. Сондықтан оны біздің ұлттық менталитетіміздің күретамыры, еврейлердің Тәураты сияқты, техникалық ойы дамымаған қазақты ғасырлар бойы басқа ұлттарға сіңіп кету қаупінен, тарихи аренадан құрып кету қатерінен сақтап келген асыл қазына деуге болады. Сол іспеттес, типологиялық тұрғыдан келсек, жыраулар поэзиясын бүкіләлемдік эпикалық дәстүрдің көрінісі ретінде зерделеуге мәжбүр боламыз. Мұны мойындамасқа амал да жоқ. Жыраулар поэзиясы «Илиада», «Одиссея» сияқты «батырлар заманында» туған эпикалық сана­ сезімнің қазақ топырағындағы адуынды нұсқасы екені еш күмән туғызбайды. Бұл тұрғыңа Жиембет жыраудың хан Есімге айтқаны Ахиллдің Ағамемнонға деген ашуынан бірде­бір кем емес. Дегенмен, «Илиадаға» үңілетін болсақ, ол — өзінің төл түр­сипатын жоғалтыңқыраған, жазбаша түрге түсіп, біраз өңделген, түп­тамыры Микен дәуірінен басталса да, жапырақ­ бұтағы оған мүлдем ұқсамайтын, ғасырлар бойы көп өзгеріске ұшыраған күрделі дүние. Ал егер біз жыраулар поэзиясын орта ғасырда классикалық әдебиет жасаған француздардың трубадурлары, германдық миннезингирлер, арабтық равийлер, испандық хуглармен салыстырсақ, онда да кейбір ұқсастықтармен қатар мүлдем салыстыруға келмейтін жағдайларды кездестіреміз. Демек, типологиялық тәсіл іздену өрісін кеңейткенімен, біраз ерекшеліктерін айқындауға көмектескенімен, жыраулар поэзиясының түп негізін, қайнар көзін аша алмайды. Сонымен, жыраулар поэзиясын түсіну үшін біз алдымен көшпелі өркениеттің бітім­ болмысын пайымдағанымыз жөн. Көшпелілер мындаған жылдарға созылған тарихында Таяу Шығыс, Қытай, Ұрым, Араб, Парсы, Үндістан өркениеттерімен тығыз қарым­қатынаста болғаны мәлім. Олар болса, мәдениеті биік және сан­салалы, күрделі, салт­санасы жоғары дәрежеде қалыптасқан өркениеттер еді. Сонда көшпенділер осыншама дамыған елдер арасында өз­өзін қалай сақтаған, сіңіп кету қаупінен қалай құтыла білген деген сауалдар туады. Яғни, көшпелілердің өз дара құндылықтары, басқа елдер дүниетанымына қарсы қоятын ерекше ой өрнектері болған. Оны сонау Геродоттан бастап, барлық тарихшылар айғақтайды. Мысалы, Л. Н. Гумилевтің айтуынша, түркілердің саясаты екі нәрсеге негізделген: 1) қытай мәдениетін мойындамау, 2) түркілік өмір­салтын мейлінше дәріптеу. Көшпенділер өмірінде тұрақты еш нәрсе жоқ екені белгілі. Қоныс та, күй де, жағдай да — бәрі де өзгермелі. Және бәрі жау — кеңістік те, уақыт та, қоршаған орта да. Сондықтан көшпелінің өмірі тек күрестен тұрады. Ал ол күресте жеңілмеу үшін «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» қайсар, өжет, айлакер, көреген тұлғаларды қалыптастыруына тура келеді. Биікте Көк Тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған. Күлтегін («Үлкен жазу»). Демек, түркілер түсінігінде бұл үш құбылыс (Көк тәңірі — адам — жер) ғажайып біртұтастықта қаралады. Бұл үйшіктің әрбір бөлігінің өз маңызы, өз міндеті бар. Шынында да, адам баласы өмірге келу үшін, оған аспан мен жерден құт даруы керек. Сондықтан адам — Жер мен Көктің қосындысы. Өлген соң, оның құты аспанға ұшады, денесі жерге көміледі. Түркілер танымында ажал түсінігі жоқ, алар қайтыс болған адамды «ұшты» дейді. Онысы, аспанға сіңіп, аруаққа айналады дегені. Тірісінде түркі азаматы өзін Көк Тәңірінің үкімін орындаушысы ретінде түсінген. Бұл түсініктер түркілерді тегеурінді әрекет, адуынды айбат, шегініссіз қимылға итермелеп отырған. Түркінің ұлы ойшылы Тоны көктің Будда ілімін жаратпауы да осыдан. Себебі, түркі әлеміне сол тұста дүниеден баз кешіп, өз­өзін тірі өлікке айналдырған дін қаһармандары емес, елгезек, сезімтал, жаужүрек өмір қаһармандары керек еді. Салт­сананың өзге түрін түркілер қабылдамаған. Басқаша ойлау, басқаша талпыныс жасау Кек Тәңірі мен Ұмай­ананың қаһарына ұшыраумен бірдей саналған. Биіктен Көк тәңірі баспаса, Төменде Жер айырылмаса, Түркі халқы, ел­жұртыңды кім қорлайды? Күлтегін («Үлкен жазу»). Сондықтан түркі азаматы — бір нысанаға көздеген жебедей тек жаугершілік ерлік бағытыңда әрекет жасаған. Ал түркілердің Уақыт пен Кеңістік категорияларына қатынасын зерттейтін болсақ, олар әлемнің төртбұрышты горизонталды моделін жасаған. (С. Қаскабасов. «Казахская несказочная проза»). Ол Күннің айналма байланысты, Күншығыс — Күнбатыс, Күнгей — Теріскейге бөлінді. Жыраулар поэзиясында жиі кездесетін «Сегіз қиыр шартарап» дейтін тіркес — осы модельдің көрінісі. Мұның бәрі уақыт категориясын жою үшін негізделген көзқарас еді. Көшпелілер Күн айналымынан қалмай отырды. Күн қайда болса, олар да сол маңда көрінді. Біз бұдан олардың уақытты бір шеңберге қамап, қоймен коса айдап отырғанын көреміз. Міне осы, шеңбер — Күн айналымының шеңбері — көшпенділерді тынымсыз ізденісте, отырықшы елдерден мәңгіге бөліп тастады. Түркілер шеңбер ішінде қалды да, басқа халықтарды шеңбер сыртына шығарып тастады. Өйткені, олар өздерін Уақыттан жоғары санады. Отырықшылар өзіне Уақыт көрінісі ретінде қараса, көшпелілер өзін кеңістік қарақшысымыз деп есептеді. Кеңістікті кеңінен кешкендей, Уақыттан да өте шыққысы келді. Бұл — Жер мен Көктің тепе­тендігі және Күн айналымына негізделген Мәңгілік идеясының көрінісі еді. Әрине, бұл — адамзат тарихының төменгі сатысында туған балаң ой кескіні. Бірақ көшпелілер тарихына үңілетін болсақ, осы ой­машықтың еш өзгеріссіз, басқа түрге ауыспай, XX ғасырдың басына дейін айна­қатесіз жетуі таң қалдырады. Демек, бұл кездейсоқ емес. Бұл — біздің заманымызға дейін сол қалпында жеткен христиан, ислам, буддизм, зороастризм іспетті ерекше дүниетаным, жүйелі ой ағымы. Тарихтан, көшпелілердің монотеизмге (бір құдайлық) жетіңкіремей, далалық политеизмде қалтаны анық. Түркілердің Көкке де, Күнге де, Айға да, құтты мекендерге де тағзым еткені рас, бірақ олардың діни нанымының негізі өз орталарынан ұлы тұлға іріктеп, соған шексіз табынуында еді. Бұл фетишизм де, монотеизмде де емес, политеизмнің бір жалғасы тана. Бұны адамзаттың балалық шағындағы балаң сана иесінің өзін басқа құбылыстардан айырып, өз­өзіне сүйсіне таңдануы деуге болады. Ә. Марғұлан бұл наным туралы былай жазады. «Қытай жазбаларында ол кездегі ғұн, үйсін, қандылар өздерінің қоғам қорғайтын батыр, ерлерін көбінесе «Тәңірі», «Күн» деп атайтын болған. «Тәңірі» ескі үйсіндердің тілінде «мықты», «ер», «құдіретті» деген мағынада жұмсалып, кейін табынатын нәрсеге (көбінесе аспанға) айналады» (Ә. Марғұлан. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы, 1985, 63­6.). Күлтегін жазуында түркі қағаны «Тәңірідей, тәңіріден жаралған» деп суреттеледі. Бұл тек көшпелілер өмір салтыңда туындайтын наным еді. Себебі, түркілердің қолөнері сияқты, діни­ нанымдары да тек өмір қажеттіліктерін атқаруға негізделген. Демек, түркілердің діни­ нанымдарының таза діни мағынасы аз және олар көшпелілердің ой өрісіне аса әсер етпеген. Өйткені, етер қола дәуірінен бастап түркі шаманы бақсы деп аталса, оның басты міндеті емшілік пен болашақты болжау болған. Ал көшпенділер өмірінің бар мағынасы елдік идеясының астамшылығында еді. Олар елдік үшін таңғажайып ерлікке барған. Қайда жүрсе де, өз елін ұмытпаған. Елдік пен ерлік жолында келелі үлгі көрсеткен тұлғаларды «тәңірінен жаралған тәңірі» деп санаған. Оларға тірісінде Тәңірі деп табынса, өлгесін әруақ деп дәріптеген, өзіне демеу күткен, шу тұтқан. Әрине, «әруақ» түркі сөзі емес, бірақ, оның мағынасы алдымен көшпелілер ортасында қалыптасқан. Осы дәстүрдің жойқын көрінісін біз «Оғызнаме», монғолдың «Құпия шежіресі», Өтеміс қажының «Шыңғыснамесінен» көреміз. Мо­Дэ, Шыңғысхан, Темір, Едіге — бұлардың бәрі табыну объектісі болған. Сондықтан олардың әрбір сөзі ғасырлар керуенінің шаңында қалып қоймай, бізге кітапта жазылғандай ап­айқын, анық түрінде жетіп отыр. Мінеки, жыраулар поэзиясы дегеніміз — елдікпен ерлік жолындагы Тәңірідей тұлғалар тәрбиелеуші, эпикалық дәстүрдегі жеке лирикалық поэзия. Осы тақырыпта диссертация қорғаған Е. Тұрсыновтың пайымдауынша, жыраулар біздің дәуірімізге дейін I мыңжылдықтың басы мен көне түркілер заманы арасында пайда болып, үстіміздегі мыңжылдықтың басында өзінің таза болмысын тапқан. Ертеректе олар жауырыншы мен сыншының міндетін атқарған, өлген ата­бабасына жыр арнап, оны бейіт басында орындап, әруақ ретінде дәріптеген. Бұл соғыс магиясының көрінісі еді. Өйткені олар әруақтан өз жорықтарында демеу күткен, сол үшін оның көңілін аулаған. Жалпы, өлі қаһарман әруақтар культін қалыптастырған болашақ жыраулар еді. Эпостың шығу тегі де осыған (әруақтар культіне) байланысты. Ал бізге белгілі түрі XIII ғасырда Кетбұғыдан басталатын таза жыраулар болмысына келетін болсақ, оларда діни функциялардан гөрі елдік, билік, пәлсапалық, орындаушылық, шешендік қасиеттері басым. Демек, олар «елдік үшін ерлік» деген көшпелілердің асқақ дүниетанымын насихаттаушы, дінге мүлдем қатысы жоқ далалық ақсүйектер. Себебі, алдымен Берке, кейін Өзбекхан кезінде мемлекеттік дінге айналған ислам, далалықтар сана­сезіміне тегеурінді шеңгелін салған еді. Әсіресе, Өзбекхан тұсында дала бақсыларының пірі — Қорқыт қарғысқа ұшырап, сарай маңынан аласталып, Сыр жағасында «Қорқытқа сенбеңдер!» деген жазуы бар тас қойылды. Сенуді қоймағандардың, тіпті Шыңғыс тұқымы — төре болса да, басы кесілді. Осы уақыттан бақсылар болмысы ұсақтап, сәлденің үстемдігі арта берді. Мінеки, жыраулар бір діннен айрылып, екінші дінге ауыса қоймаған өліара шақта ауызекі дәстүрлі әдебиеттің тамаша үлгілерін жасаған дала данышпандары еді. Біздің «ауыз әдебиеті» деген үйреншікті терминнен бас тартуымыз жоғарыда ұсынылған атаудың барлық қосындысының аса маңыздылығында жатыр. Өйткені, жыраулар құбылысы — ауызекі дәстүрдің жемісі. Бұл дәстүр бұрын аңыз, ертегі, эпос тағы сондай дүниелер туғызса, орта ғасыр кезеңінен бастап (мүмкін, бұл дәуірдің біздің заманымызға біршама жақындығынан да болар) аса құнды деректер сақтаған далалық ауызекі тарихнама мен ауызекі дәстүрлі әдебиет туғызған. Осы дәстүрдің көрінісі ретінде Өтемісқажының «Шыңғыснамесін» ғылыми айналымға енгізген В. П. Юдиннің айтуынша: «В совокупности со сведениями аналогичных источников, например, «Таварих­и гузидаи и нусрат­наме» предположительно, Мұхаммед Шайбани хана (XVI в.), «Сборник летописей» Кадыр Алибий джалаира (XVII в.), «Шаджара­йи во могул» Абу­л­ Ғази и др. Известия «Чингизнаме» дают возможность реконструкции степного устного исторического знания кочевников, которое было достаточно сформировавшимся и оформленным. (Это степное историческое знание можно было бы назвать степная устная историолоғая, т.к. термин историография не был бы корректным в отношении устной традиции» («Чингиз­наме», А­Ата, ., с.25). Осы тұжырым негізінде, бұл көшпелі халықтарда далалық суырыпсалма синкретикалық мәдениет болғанын пайымдай аламыз. Сонда ғана біз «фольклор» деген түр­түссіз ұғымнан арылып, логикалық реконструкцияға жататын тарихи құбылысқа ие боламыз. Көшпенділер өздерін өмір сахнасының майталман кейіпкерлері ретінде түсініп, тиісті рольдерін мүлтіксіз орындап отырған эстетикалық интуициясы өте зор көрермен­ойнаушылар болған. Олар бірде өзіне тиісті ролін орындаса, бірде басқа кейіпкерлердің «сахналық» әрекетін тамашалап отырған. Бұл ойды Бахтиннің халық мәдениеті жөніндегі «карнавализация» іліміне сүйеніп дәлелдеуге болады. Мінеки, ауызекі дәстүрлі әдебиет дегеніміз — осы мәдениеттің сөз өнеріне жататын аса құнарлы бөлігі. Бұл әдебиетті «ауызекі» дейтініміз, оның: 1) жазба түрі болмайды, жазуға кейін біреудің баяндап беруінен түседі. 2) ол өзін белгілі оқиғаға байланысты суырыпсалма әрекет барысында көрсетеді. 3) сөз актісін музыкалық аспаппен сүйемелдейді; 4) өнерін белгілі ортада — салихалы жиын, кеңес, той үстінде көрсетеді. Оның шенде жыраулар тек қана елдік мәселесімен айналысса, ақындар бүкіл тұрмыс­салт мұқтаждарын көркемдеп отырған. Жалпы, Тұрсыновтың пайымдауынша, ақын болмысы жырау болмысынан көнелеу, ертеректе пайда болған. Далалық ауызекі әдебиетті дәстүрлі дейтініміз, ол ғасырлар бойы ғажайып Тәжірибе жинаған эпикалық дәстүрдің жеке тұлғалық көрінісі еді. Эпикалық тіркестер үлгісін сақтай отырып, жыраулар өлі адамның даңқын арттыратын жыр орнына, өз өмірі тұсындағы оқиғаға арналған монолог түріндегі толғау жанрын қалыптастырған. Белгілі түріктанушы Ә. Қоныратбаевтың айғақтауынша: «Толғау дегеніміз 7­8 буындық жыр өлшеуімен айтылтан, эпика элементі бар, лирикалық поэзия». Оның дәстүрлі болатыны ­көне замандар келе жатқан елдік пен ерлік тақырыбынан ауытқымайды, кейіннен шыққан «қара өлең» сияқты жыр өлшемінен жазба поэзиясының өлшеміне түспейді, мұсылмандық сарынға немесе қарапайым халықтың қара дүрсіндігіне ұрынбайды. Керісінше, жыраулар поэзиясының жүрек тебірентер мағынасы — өткен замандарды, көшпелі тұрмыс­салттың өркендеп тұрған шағын аңсау, отырықшылық тірегі — қалалық тірлікті мойындамау, ислам дінінің моральдік негізін қабылдай отырып, салт­жоралғысына қанағаттанбау. Көшпенділер өркениетінің трагедиясы — олар империялық құрылымда өмір сүре алмайды. Өйткені, империялық тірлік қайткен күнде де отырықшы тұрмысқа алып келеді. Ал көшпенділер үшін отырықшылыққа ену — өз­өзін жоғалтумен бірдей. Сондықтан олар мемлекеттің ғажайып үлгілерін жасағанмен, оның пайдасын отырықшы халықтар көрді. Көшпенділер болса, ешбір үстемдік пен шектеушілікке көне алмағандықтан, жаңа жер, жаңа қоныс іздеумен болды. Бұл тұрғыңа Қорқыт пен Асанқайғы бейнесінің ұқсас болатыны ешкімді таңдандырмау керек. Мінеки, жыраулар поэзиясында ақырзамандық сипаттың басым болатыны, олардың болашақтан ешбір жақсылық күтпейтіні осы себептен. Әрине, бір кездерде көшпенділер өркениеті дәуірлеп тұрды, тіпті, ғасырлар бойы ол ең озық өркениеттердің бірі болды. Бірақ XV ғасырдан бастап, отырықшыларда техникалық ой дамуына байланысты, көшпелілер өзіне үйреншікті бірінші орыннан ығыстырыла бастады. Бұл көшпелілер заманақырының басы еді.

Читайте также:  ЕҚЫҰ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Оставить комментарий