ЭПОС ПЕН ЕРТЕГІНІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген бедел-абыройы — бір күннің жемісі емес. Ол — сан ғасырлар бойғы халықтың азаттық, бостандық сүйгіш арманының шындыққа айналған дәуірінің, кемел кезеңінің сипаты. Халық қашанда елдің тәуелсіздігі үшін күресіп, қол бастаған батырлары мен ел мұң-мұқтажын айтқан ақындарын аялап, оларды дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Адам баласы санасының өсіп, тіршілік үшін күрес күрделенген сайын тәуелсіздік, бостандық жайлы ұғымдары да күрделене түскен. Алғашқыда табиғат құбылыстарының қиындықтарын жеңіп, өз үстемдігін орнату жолындағы күрес келе-келе өз ру, тайпасының өзгелерге кіріптар болмауы үшін күреспен ауысқан. Сондықтан, ежелгі миф енді ру-тайпа қорғанына айналған батырларын дәріптейтін әңгіме, ертегі, өлең-жырларды тудырған. Ол батырлардың негізінде, көне мифтік ұғымдардағы ілкі ата, мәдени қаһарман образдарының өзгерген қасиеттері көрініс береді. Халық үшін, қарақан басы үшін емес, қауымның қамын жеп, қауіп-қатердің қандайынан да қаймықпайтын батырлар тұлғасы аса қадірлі. Ел тілегінің болашақтан үміті болған мұндай батырлар нақтылы тарихи кезеңдердегі тәуелсіздік жолындағы күрестерде көбеймесе, азайған жоқ. Басқасын былай қойғанда, көшпелі өмір кешкен қазақ халқының жоңғарлармен жүргізген азаттық үшін соғысы мен ресей отаршылдығына қарсы Исатай – Махамбет, Досан, Бекболат т.б. бастаған ұлт-азаттық көтерілістері қазақтың ежелден еркіндік аңсаған арманының жалғасы болды. Осындай ұлы оқиғалардың барлығында халық сүйенішті өзінің дәстүрлі рухани дүниесінен тапты. Ауызша сөз өнері өзінің жауынгерлік қызметін кеңейтті. Бұл тұста тек өлең, эпос қана емес, прозалық фольклор үлгілерінің, соның ішінде ертегілердің де үлкен рөлі болғаны байқалады. Күнделікті тіршілік барысындағы әңгіме, сөз арқылы да, жас ұрпағына айтар ертегі-аңыз арқылы да еркіндік, бостандық жайлы идеяны өмірдің негізгі тақырыбына айналдырған. Халқымыздың ел іргесін берік ұстап, өзгелермен тең дәрежеде бейбіт қатар өмір сүруінің тарихы тым тереңнен бастау алады. Еркіндік, азаттық ұғымдарының аясын кеңейтіп, эпикалық ауқымда ой айтудың күрделенуіне, ертегі жанрына тигізген эпостың әсерін мысал етуге болады. Бұл ретте батырлық ертегі мен көне эпостың қарым-қатынасына көңіл аударамыз. «Егер қаһарман барлық күшін сарқа пайдаланып, небір қиындықтарды жеңіп шықса, ол батыр атағына ие болады да, мұндай қаһарманы бар ертегі өзіндік ерекшелігімен дараланатын, батырлық ертегілер деп аталады. Екінші жағынан, дәстүрлі композициядан ауытқу қиял- ғажайып ертегілеріне жақын әрі біршама бөтен идеялармен байланыстырылады» /1, 215/. Яғни, ертегі сюжетіндегі эпос әсері кейіпкер мақсатының мәнінен айқын танылады. Ол өз күш-қайраты мен ер жүректігі арқылы негізгі жауын жеңеді. Қалған әрекеттер соның аясында ғана көрінеді. Ашық соғыста, жекпе-жекте жеңу – хас батырға тән қасиет. Осы қасиетті эпос ертегі кейіпкерінің бойына дарытады. Өйткені, қазақ фольклорындағы образдар шынайылығы халықтың «адам баласын сүйе біл, еңбек пен ерлікті қастерле, досқа жылы, қамқор, дұшпанға берік бол, жас та болсаң, елге ағалық көрсете біл, өмірден үйрен де, өрге, өнерге ұмтыл» дейтін ғибратты тағлымынан туындайды. Бұл — халықтың ғасырлар бойғы адам, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажетті талаптарына жауап берген, ертегі мен эпостағы көптеген образдардың мінез-құлықтары, психологиясы арқылы көрінетін бірлік пен араздық, достық пен жаулық, өмір мен өлімнің шендесуі — халықтың арман- аңсарының фольклордағы бейнеленуі. Сол арқылы батырдың жан-дүниесі таза, рухы күшті ел қорғаны болар ерді ардақтап, ұрпағына тағлым еткен. «Қазіргі ұлан-асыр эпикалық дәстүріміздің туып, қалыптасқан бастау кезінде, сөз жоқ, жан-жақты дамыған көне эпостар тұрды. Оны айғақтайтын жекелеген жырлар да, салыстыра қарағанда кейін қалыптасқан эпостардағы ежелгі қабаттар да жетерлік. Дегенмен, мына жағдайды айрықша ескеру қажет. Қазақ эпосы, тұтастай алған өзінің стадиялық-жанрлық белгісі бойынша, Солтүстік, Қиыр Шығыс, Сібір, Алтай халықтарының эпикалық дәстүрімен салыстырғанда ілгері кеткен, даму деңгейі бойынша жаңа сатыға көтерілген. Рулық қауым ыдырап, оның орнына феодалдық- патриархалдық қоғамның келуіне байланысты, саяси-әлеуметтік өзгерістерге лайық эпостық дәстүріміз түрлі эволюциялық өзгерістерді, жіктелуді бастан кешірді» /2, 276/. Ертегілердің дамып, жанрлық жіктелу процесінде сюжеттегі әрі қиял-ғажайыптық, әрі батырлық сипаттардың қатар өрілуі көрініс тауып, батырлық ертегіге тән белгілер басымдық ала бастайды. Мәселен, «Байғұлан» ертегісін батырлық ертегі қатарына жатқызуға негіз болатын басты шарттардың бірі – онда батырға тән серттің қатаң сақталуы. «Бір күні Байғұлан аң аулап келе жатса, бір таудың басында үлкендігі өзінен екі есе бір адам жатқанын көреді. Батыр басында қорқыңқырап, жанына барады да «Мұны осылай, ұйықтап жатқан кезінде атып өлтірейін» деп ойланып, садағын қолына алады. «Егер де оянып кетсе тағы, бұл алғызбас», – деп, артынан тағы өзін-өзі тоқтатады. «Менің батырлығым қайсы? Бір кісіден бір кісінің қорыққаны елден ұят тағы, егер де біреу естіп жүрсе, маған бір өлім», – деп, әлгі жатқан адамды атпастан атынан түсе қалып, жанына барып, түртіп еді, керек қылмастан жата береді, қандай қатты түртсе де. Ақырында Байғұлан ашуланып, қолындағы қамшысын екі бүктеп алып, қақ маңдайынан екі салады. Бұл ұрған кезде адам маңдайына бір шыбын қонған секілді маңдайын бір сипап, жата береді. Бұдан кейін Байғұлан: «Менің қолымның қаруы қайда кеткен?» – деп, қайта маңдайынан салып жібергенде, сол адам атып тұрып, алыса түседі. Бұл екеуі сол жерде екі түн, екі күн алысып, ақырында, Байғұлан алып соғып, ортан жілігін сындырып, өзінің тұрса, шөкпейтін, шөксе, тұрмайтын бір түйесін үстіне әкеп, шөгеріп тастайды да, өз жайына жүре береді де, кешке жақын үйіне келеді» /3, 106/. Яғни, батырға тән қасиет тек соғыс үстіндегі күштілік қана емес, ерлік дәстүріне тән заң-қағидаларды бұлжытпай сақтай білуінде. Ертегі оқиғасындағы бас кейіпкер Байғұланның мұнан кейінгі оқиғалардағы іс-әрекетінің солғындығына қарамастан, оның батырлық ертегіге айнала бастағанына дәлел бола алады. Сюжеттің түйініндегі батырға тән қарудың құдіретін көрсетуі — осының дәлелі. Әкелі — балалы батырлардың бірін- бірі танымай кездесуі – ең көне анаеркі кезіндегі салттардың жаңғырығы. Ал, Байғұланның жасырынып келіп, атыс жарысына қатысқан тұстағы шарт қоюшы Қарабатырдың талабымен оны орындаудағы іс-әрекеттері, жаудың сескенуі — ежелгі батырлық қасиеттердің белгілері. « — Мына иттің баласына Байғұланның мылтығын әкеп бер, оны сындыра алмаса, қазір басын кесейін», – дейді. Байғұланның мылытығын сегіз адам зорға көтеріп, алып келеді. Сол кезде Байғұлан ұстап тұрып: – Есіл мылтығым, халқым үшін сені сындырам-ау, – дегенде Қарабатыр тұра қашады. Сол кезде мылтықпен басып салады. Баласы мен Байғұлан халқын аман алып қалып, бұрынғысындай қолына келіп, барша мұратына жетеді /3, 111/. Мұндағы қарудың сипаты (сегіз адам зорға көтеретіндей) оның иесін дәріптеуге қызмет етеді. Байғұланның өз қаруын беру арқылы ерен күш иесі екендігін тану — осының дәлелі. Ал, «Боз атты Боран батыр» атты көне ертегіде бүкіл жұртқа қауіп төндіріп, адамзат баласын жер бетінен құртып жіберуді көздейтін қаскөй күштерге қаймықпай қарсы шығатын батыр тұлғасын армандау арқылы адам баласы өз өміріне тірек тапқан. Қаскөй күштерді (жезтырнақ, албасты, дию, дәу, шайтан) қаншалықты шегіне жеткізе құбыжық, ғаламат күш иесі етіп суреттесе де содан айласы мен ақылын, күш-қайратын арттыру арқылы адамзатқа игілік әперген батырлар бейнесінде халықтың тәуелсіздік, еркіндік жайлы ұғымдарының елесі бар. Мәселен, «Боз атты Боран батыр» ертегісі «Ерте заманда жезтырнақ деген жыртқыш шығып, адам баласына ауыр зиян салып, елді көктетпей қойыпты» деп басталады. Ертегі бастамасындағы елге төнген зұлматтың бояуы онан әрі қалыңдай түседі. Ешбір айла-амал таппай дағдарған жұрт басында Боз атты Боран батырдың өзіне күмәнмен қарайды. «Бұл кезде Боран батырдың ауылы аласапыран күйге түсіп, «Боран батыр жезтырнақтың мекенінен аман келе алмайды, оның темір тегеурінінен құтыла алмайды, жезтырнақ біздің тұқымымызды кұртады», — деп дүрлігісіп, күңіреніп жатады. Боран батыр жезтырнақты жеңіп қайтқанда, қалың жұрт қабағат қуанып, ақсарбас айтып, ұлы жиын-той жасайды. Осыдан кейін де боз атты Боран батыр жезтырнақты жою жорығына әлденеше рет аттанып, үлкен олжамен оралып жүреді» [3.190]. Бұл ертегіде шежірелік циклденудің алғашқы элементтері бой көрсетеді. Мәселен, Жезтырнақпен күресу ісін енді батырдың қызы жалғастырады. Ол үшін қанша батыр болып, жезтырнақтың тұқымын жойса да оның шартына батыр көндігеді. Осы арқылы ертегіде жезтырнақтың да ұрпағының адамзатқа қаскөйлігі арқылы, оңай жау еместігі әсірелей көрсетіледі. Алайда әкелі-балалы екеуі бірігіп, жезтырнақтың тұқымын түгелдей құрту арқылы ертегі түйінделеді. Ертегі түйінінде Боран батырдың қызының да батыр атанып, ел аузында «Боз атты Боран батыр және оның ұрпағы жезтырнақтың тұқымын құртқан екен» деген аңыз таралғандығы туралы айтылады. «Көне эпостың кейіпкерлері өз мақсатына түрлі тәсілдер, айла-амалдар арқылы жетіп отырады. Алайда, қиял- ғажайып ертегілердегі сиқыр күштерден бұлардың елеулі айырмашылығы бар. Алдымен, мұнда сөздердің магиялық, дүниені өзгерткіш күшіне сену басым. Сондықтан да көне эпоста арбау-байлау (заговор-заклинание) өлеңдері үлкен орын алады. Екіншіден, ғажайып, сиқырлы заттарды қолға түсіріп, солардың көмегіне сүйену көне эпос үшін тән емес. Кейіпкер негізінен өз күшіне сенеді» /2, 127/. Ал, «Көкжан батыр мен айдаһар» ертегісінде мифологиялық жау айдаһардан әке кегін қайтарған ұл дәріптеледі. Алдымен, ертегі заңдылығына сай, Көкжанның өз ерлігі мадақталады. Ол — көне аңшы, мерген қасиетін сақтаған, құралайды көзге атқан батыр, барлық сынақтардан мүдірмей өтіп, көптен дараланған тұлға. Көкжан батырдың бірнеше рет бағын сынауға тәуекел етуі, мұнысын жолдастары да қош көруі, жамбысын атып түсіріп, балуанын жер қаптырып, қызды алуы, екінші қызды екінші досына сыйлауы, алтау болып жол жүріп келе жатып, қыз ұзатып, той жасап жатқан үшінші ауылға кезігіп, мұнда да қыз әкесінің талабына сәйкес, Көкжан батырдың тағы да балуанын жығып, алтын қабағын атып түсіріп, қызды алуы, үшінші қызды қасындағы үшінші жолдасына қосуы батырдың үйлену, отбасылық сынақтан өтуі – «көне эпос сюжеттерінің ішіндегі ең кең таралғаны – батырдың үйлену мақсатындағы жорықтары және осыған байланысты түрлі сынақтан өтуі. Бұл сюжеттің іштей өрілу жолдары әр жылдарда түрліше болып келе беруі мүмкін. Мәселен, батыр қыздың жақын туыстарымен, немесе түрлі жауыз күштермен, я болмаса қыздың өзімен жекпе-жекке шығады. Батырдың өзіне жар таңдап, әрі оны өз күшімен алуы – қалыптасқан типтік сюжет. Бұл кейін батырлық жырына да ауысқан. Алайда, батырдың үйлену сюжетінің басқа да түрі кездеседі. Тұңғыс тілдес халықтардың эпикалық дәстүрінде інісі ағасына әйел әпереді, ал, ненецтердің жырларында, ағалары кіші інісіне қалыңдық таңдайды, құда түсіп, қызды алып қайтады. Қайтар жолда батыр жаумен соғысып, оны жаңа үйленген қалыңдығының көмегімен жеңіп шығады» /2, 275/. Осындай батыр көне нанымға сәйкес өліп, қайта тіріледі де ертегі оқиғасын әрі қарай ширата түседі. Болжаушылар алдын- ала болжап, оның өлгенін білсе, сиқыршылар оны тірілтеді. Енді батыр бұрынғы кегін қайта қуады.

Читайте также:  ПАРСЫ АҚЫНДАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРМАЛАРЫ

Оставить комментарий