Эпостың тарихилығы

(«Манас» эпосындағы қазақ тарихына қатысты фактілік материалдар жөнінде) Орталық Азияның байырғы тұрғындары санатына жататын қазақ және қырғыз халықтары егіздің сыңарындай туыс, өлкенің дәуірлік оқиғаларға толы күрделі саяси тарихында ұзақ ғасырлар бойы белсенді рөл атқарған тағдыры жақын халықтар. Әр кезеңдері қалыптасқан қазақ­қырғыз саяси одағы туралы шығыс және батыс авторлары да жазған. Дегенмен, туыс халықтардың терең тамырлы достық қатынасын айшықты етіп көрсеткен олардың мыңдаған жылдар бойы өздері жаратып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келген эпикалық шежірелері. Халықтың тарихи оқиғаларға байланысты жасалған тұжырымы, бағасы болып келетін эпостық шығармалар екі елдің қатынасына қатысы бар тарихи оқиғаларды ішкі даму динамикасында қарауға, тіптен сырт көзге көріне бермейтін қыры мен сырын түсінуге мүмкіндік береді. Оны біз Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан еңбектерінен анық байқағандай боламыз. Қырғыз ғалымдары Б.Кебекова, И.Молдобаевтың соңғы жылдары жарық көрген еңбектері де бұл тұжырымға негіз бола алады. Ұлы «Манас» эпосының бұл тақырыпты зерттеуде алатын орны ерекше. Эпоста өзге халықтардың арасынан ең көп аталатыны да қазақтар. «Манас» қазақ елін ылғи да қырғыздарға жақын туыс, тағдырлас халық ретінде атайды. Егер дерек көздеріне зер салсақ бұл көріністің толық негізді екендігіне көз жеткіземіз. Екі халық өзара терең этникалық байланыстан тыс, сарттан төнген қауып­қатерге байланысты жиі әскери­саяси одақ құрып отыруды дәстүрге айналдырған.

Тарихта Алтай, одан ары қытай қабырғасына дейінгі аралықты мекендеген түркі тайпаларының өз ата қоныстарынан оңтүстік, оңтүстік­батысқа, батыс Сібір жеріне ығысуы ерте замандардан басталған қытай экспансиясы мен Шыңғысхан дәуірінен бергі уақытқа тиесілі. Монғолдардың «Құпия шежіресі», қытай жылнамалары, Рашид ад­дин еңбегі сияқты деректерден Шыңғыс құрған моңғол мемлекеті пайда болғанға дейін бұл өлкеде үйсін, қырғыз, найман, керей сияқты ірі тайпалық одақтардың дербес ерте феодалдық мемлекеттік бірліктері болғандығы мәлім. Раши ад­дин өз жылнамасында Шыңғыс жойқынынан кейінгі түбегейлі өзгеріске ұшыраған олардың саяси жағдайы туралы былай деп жазды: «наймандар, жалайырлар, өңгіттер, керейіттер және басқа да белгелі бір жеке өз аты бар тайпалар өздерін моңғолмыз деп атап, сол арқылы моңғолдардың атақ­даңқын бөлісуге ынталы екендігін байқатты, ал бұл тайпалардың бүгінгі ұрпақтары өздері осы атты көне замандардан бері иемденіп жүргендей сезіне бастады, ал шын мәнінде мүлдем ондай емес­тін»¹. Тарихшының бұл көрсетуінің терең астары бар. Осы және де басқа салиқалы деректерге байыппен қарамастан қайсыбір авторлардың жалайыр, найман, керей, өңгіттерді моңғол тайпалары санатына жеңіл түрде жатқызып жүргендігі, әрине, тым біржақты тұжырым болып табылады. ХV ғасырдан бастап ХVІІІ ғасырдың орта тұсына дейін қытай және моңғол феодалдарының басқыншылық саясатын жалғастырушы ойрат /қалмақ/ феодалдары болды. Міне осыған байланысты, «Манас» сияқты бүтін бір халықтың жадта сақталып, ұрпақтан­ұрпаққа, ғасырдан ғасырға көшіп отырған шежіре­эпоста да қытай, моңғол, қалмақ хандарының алма­кезек көрініп отыруы заңды құбылыс болса керек.

Читайте также:  Ең мықты болашақ журналист анықталды

Жырдың ең бастапқы бөлігі Манастың өмірге келуі. Оның айтулы тойына басқа халықтармен бірге найман, керей, арғын, дулат, үйсін тайпаларының да белгілі, басшы адамдары келеді. Эпос бұл тайпаларды қазақ тайпалары ретінде атап, олардың ежелгі заманнан қырғыздармен осы өлкеде тығыз байланыста және қытай, моңғол бақыншылығына қарсы бірге күресіп келгендігінен хабар береді. Манастың әкесі Жақып қырғызға сырттан қауіп төнгенде «Қазақ, қырғыз бир тууган, калмак камап жатканда кантип жатат үйүнө»2, – деп қазақтарға хабаршы жібереді. Біздің пікірімізше, қырғыздар мен қазақ тайпаларының тығыз этникалық араласуы да осы Алтай кезеңіне тұс келеді. И.Д. Молдобаевтың есебі бойынша «Манаста» ұсақ этникалық есімдерді қоспағанда қырғыз бен қазақ халықтарына ортақ 17 этноним кездеседі екен. Олардың арасында белгілі тайпа аттары: қыпшақ, қоңырат, найман, дулат, үйсін, ру аттары: ноғай, алшын, сары үйсін, абақ, таздар және басқалары бар. Манастың Сағымбай Орозбақұлы жырлаған алғашқы бөлігінің ең өзекті тақырыбы қырғыздардың Алтайдан қазіргі мекеніне көшіп келуі. Эпостың көрсетуі бойынша Алтайдан батысқа мекен ауыстыру қырғыз халқымен бірге жалайыр найман, керей сияқты қазақ тайпалары үшін де ауыр кезең болған. «Манастағы» қазақ жерлеріне берілген бұл сипаттаулар халықтың өзі берген бағасымен қабысып жатыр. Эпосты оқу барысында өзіне көңіл аудармай қоймайтын бір жай, ол екі туыс халықтың дәстүрлі салт­санасындағы ортақ ұқсастықтардың өте көп екендігі. Ұлы көш салтанаты көшпенділердің салты бойынша, алдымен ақ боз бие шалудан басталады. Оның артынан қисапсыз көп малдан құрбандық шалынады.

Ал көш салтанатында қырғыздар мен қазақтарда қария, қыздар жорға мінеді. Ол туралы «Манаста» «Айыл башы ақсақал, той башының барына жоргодан таңдап мингизди» делінеді. Эпостың Ер Көкше көшінің салтанаты «Қыз Жібектегі» Сырлыбай көшінің сәнінен кем емес: «…Жибек арқан тарттырып, Аз болгондо көчүнөн Алтымыш атан арттырып, Алтындуу доол кактырып, Кошмок қара нарларға Коңгуроону тақтырып, Қырғыз және қазақ халықтарының ұзақ ғасырлар бойы өз тәуелсіздігі үшін жүргізген күресінің ең ауыры, соған байланысты олардың ұлттық жадында терең із қалдырғаны қалмақ басқыншылығы болды. Сондықтан да олардың фольклорындағы қалмақ тақырыбы өзінен бұрынғы тақырыптарды ығыстырған жай қаттау ғана емес, халық ретінде жойылып кету қаупіне қарсы жүргізген күрестің терең тарихи ізі. Міне осы күрес барысында қазақтар мен қырғыздар бірнеше рет өзара саяси одақ құрған. Бұл одақ шамамен ХV ғасырдың орта тұсынан басталады. Осы кезеңде шығыс және батыс моңғолдарды түгел билеп, қытай әскерін талқан етіп, жеңіп, қытай императорын тұтқынға алған ойрат ханы Есен Тоқмаққа / ортағасырлық моңғол деректерінде Жетісу мен Қырғызстан осылай аталады. – М.Қ/ ірі шабуылдар ұйымдастырды. Бұл қырғыздардың ұйымдасқан қуатты ойрат әскерімен ең алғашқы кездесуі болды. Соған байланысты «Манастағы» Есен ханды қытай, монғол және қалмақ басқыншыларының жинақы аты ғана емес, сонымен бірге тарихта болған адам ретінде қарауға да негізі бар. Бұл жағдай қазақ эпостары мен тарихи жырларында қалмақ хандығының жинақы аты есебінде берілген Сейсен, Қарақұл, Қараман, Қалдан есімдерін еске салады/.

Читайте также:  Қазақ тілінің соры – көше тағдыры

Тарихта бұл есімдердің де Очнрту Цеценхан,Хара­Кула / Қарақұл/; Галдан Церен сияқты баламалары бар екендігі белгілі. Есен хан шабулынан кейін қырғыз­қазақ одағының үлкен мәнге ие болуы ХVІ ғасырдың 20­60 жылдарына, ХVІІ және ХVІІІ ғасырдың бас кезіне тұс келеді. Жазба деректерде және қазақ­қырғыз шежіре, жырларында екі халық моңғол хандарының басқыншылығына қарсы бірге тойтарыс беріп, ал Есім, Тәуке хандар тұсында ойрат шабуылының күшейе түсуіне байланысты екі ағайынды ел өзара / тіптен өте тығыз одақтық байланыс орнатады. Эпостағы қазақ қолдарының басшысы Ер Көкше белгілі дәрежеде қазақ батырларының жинақы көрінісі.

Оставить комментарий