Ермембет би туралы

Ермембеттің бір көзі соқыр екен. Есейген шағында шешесіне: — Мен қалай соқыр болдым? — деп сұраса керек. — Жарығым­ай, сәби шағыңда тым ызақор, бірбеткей едің. Сұрағаныңды алмай тынбайтынсың. Бірде қолымдағы пышақты сұрап қоймадың, содан пышақты бере салсам, сен соны күтіп тұрғандай­ақ көзіңе сұғып алғаның, құдай бұйрығы шығар… …Әттең анашым­ай, маған сол пышақты бермегенде көп болса бір күн жылар ма едім, енді өмір бойы жылайтын болдым­ау,— депті. 2. Ермембет Жем өзені бойында өтетін үлкен жиынға шақырылып, жолға жиналыпты. — Жолың болсын, қосшың кім? — Бұл сапарға туыстарым Қараман мен Жоламанды ерітемін. — Апырым­ай, қосшылыққа жараған басшылыққа жарайды деуші еді, сол інілерін ойыңнан шыға қойса жарар еді — дегендерге Ермембет: — Жақының өлсе қойысқан, атың өлсе сойысқан, жауың келсе қуысқан, бәрінен де жақсы туысқан — өз інілерім өзіме жарайды,— деген екен. 3. Замандастары Ермембетті қызыл тілде де ешкімге дес бермеген деп білген. Бірде дос­жарандары сөз арасында: — Ереке, шыныңызды айтыңызшы, біреуге жауап қайтара алмай қысылған кезіңіз болды ма? — деп сұрапты. Сонда Ерекең: — Жаңылмайтын жақты, сүрінбейтін тұяқты алланың өзі жаратпаған — деп жауап беріпті. 4. Адайдың атақты билері Мәтжан, Иса, Тілеген, Ораз, Ермембетті сынамақ болып бейуақытта, кеш жарық деп кештетіп келе қалады. Ауылда баласы да жоқ екен, қонақ қамын қамдап жүріп қызына, үйдегілерге естірте: «Шырағым, шайыңды екі аққұманға екі түрлісінен демде, бұлар таңдайтын адамдар ғой, бірін қатты дер, бірін ащы дер, қалағанын ішсін, екі қой сой — бірін арық дер, бірін семіз дер, қалағанын жесін» — депті дейді. Сүріндірмек болып келген билер Ерекеңнің қонақ асына риза болып аттаныпты. 5. Ермембет қатты науқастанып қалып, замандастары көңілін сұрауға келіпті. Ішіндегі Иса би әрі налыған болар, әрі аяған болар: — Ереке, отырсың ба Тартпалыда? — Лебіңе келді­ау жауың тартқаныңда. — Елі үшін ерінбейтін қайран ерім. — Шаңдақта нардай шөгіп жатқаның ба? дегенде: төсектен басын көтеріп алған Ермембет: — Жаз­қысы отырамын Тартпалыда — Көп болды пардай шегіп жатқаныма — Әуелден мүлт кетпеген қара мылтық — Әлі де бір оғы бар оқпанында,— деген екен. 6. Есен Ермембеттің бір көзі соқыр екен. Бір жиында Маяның Бәймембеті аударған басты: «Ерекеңе беріңіз, айнасыз өзін көрсін» — деп қағытыпты. Сонда Ермембет: Сөз адамның жабуы Аздығыңды білдірмес. Тымақ бастың жабуы Таздығыңды білдірмес. Ожабай, ұстаған қу баста әкеңнің құны болмаса. Әрі жылжыта бер, шырағым,— деулі. Бәймембеттің басы таз және өспеген аз ауыл болса керек. Сонымен бірге Жаңабай Ожабай бір тойда төбелесіп, Маяның басына қамшымен ұрғанын еске салулы. 7. Үстірттің шығысын Табын, батысын Адай қоныстанып жүргенде «Итібай» деген шымырауға Адай, Табын болып таласып қалулы. Екі арада жанжал туып, малға барымта болып адам мертіксе керек. Оның билігінде Адайдан Ермембет, Табыннан Шәмішті Күшік билікке келіпті. Ермембет үйге кірсе жастық ағаштың қасында билердің жоғары жағында тазы жатса керек. Сый адамдардың ортасында жатқан тазыға қарап Ермембет: Батыры, биі, Әулиесі қыраннан жаралған, Тап болдық­ау пәлеге жаратылған Адамнан. Не деп билік айтарсың Қайран абырой­ай, ит пен кұсқа таланған. «Доңыз тау» қонысың шығар, төреңе құлдық, Барақ әулиең шығар сыйынып тұрдық. Өзің Күшік болсаң. Бұл суды «Итібай» дейді Шын сенің әкең болса Бізде дауды қойдық. Билігіңді артынан айтарсың Күшік бидің туысы сары тазы. Сөйлей бер сөзді сізге бердік. Біз адам болмаса сіздің тілді білмейміз Асыл — асылына, нәсіл — нәсіліне Сөйлесе берің біздер оған күлмейміз,— деп кейін шегініп отыра бергенде Күшік: «Итпен ит қылып қорлық бердің, талай қазақ баласына бұндай ат қоятын, Адайдың адамына келдім десем, өзінен өзгені көрмейтін соқыр наданына келген екенмін ғой. Ата тегін білмейтін азғын Адай жер­суды қайдан білмексің, жер де, су да менікі, барымта теңдігімді төле» — деулі. Сонда Ермембет: Атамды айтсам Күшігім Жаратылған адамнан. Табын болсаң жылқысың Хайуаннан жаралған. Барак та иттің бір түрі Әулиені сөкпей абайлаң. Қызыл тілде буын жоқ Орынсыз мынау ісіңе, Жігіттер сенен мал алған. Жүрегің егер шыдаса, Тұрысатын жеріңді айт Түсінсең қисық ісіңе Жанжалдаспай елге қайт… Шындығында жер­су Адайдікі болса керек. Күшік билікке салып алғысы келген. Екі би шарпысу соңында түсінісіп түгендессе керек. 8. Ермембет бәйбішесінің үйінен тұрып жатып қоңына шыққан шиқанды қарап жіберші депті. Бәйбішесі қарап, ой, Ереке­ай, «тышқан бәленшесін көріп жаралы болады» дегендей,— деп онша мән бермепті. Кешке тоқалына қаратса, апырым­ай сақтанбасаңыз жаны бар жара сияқты ғой,— деп қапылдырса керек. Сонда Ерекең: «Ел мен елдің арасында жүрген хабаршыға да өкпелейміз­ау, қоң мен бастың арасындағы хабар қалай­қалай құйқылжиды» — деген екен. 9. Ермембет балалау кезінде Киікбайдың Жолдасбайы дегеннің сөзін бөліп жіберсе керек. Анау, ой енеңді, дегенде: Елімді боқтама — ол енем еді, Жерімді боқтама — ол денем еді. Елімнен көрген жаманшылығың жоқ, Үйіңнің саны мыңға жетті, Жерімнен көрген жамандығың жоқ, Малыңның басы мыңға жетті — деп саулата жөнелгенде: — Ей, Ермембет тоқта, батамды берейін — деген Жолдасбайға: — Жолдасбай, менің батам атам Сейіттен бастап аулы, құдай берген батам бар, сенің жел сөзің маған бата болып дарымас,— деген екен. 10. «Адайдың Ермембет биі» деген атақ біздің елімізге де тарап кетті. Көрейік, сынайық, сұрайық деп әдейі алғызып, қонаққа шақырып отырмыз. Айтыңызшы, бұл Адайда қанша батыр, қанша би, қанша бай бар,— деп сұрапты Түрікмен ханы. Хан­еке, құдай көпсінбесін, сізді Адай көршіңізде сұраған ел жақсылары жетерлік. Мен олардың бәрін тізіп айтып шығуыма күндер емес айлар керек. Бірақ мен Сіздің мына қонақасыңызбен оған шыдай алсам болар еді, — де, дастархан үстіне қойылған жеміс­жидекке қарап.— Сондықтан да мен Сіз сұраған жақсылардың әрқайсысынан біреуін атап берейін: — Кәзір 82 жастағы, Әнет ұлы Төлеп, елу рет қол бастап жорыққа қатысқан, елін қорғаған, кеткен кегін қайтарған, бір де бір рет жаудан меселі қайтпаған. Біз жауға бүгін барып ертең өлгенді батыр демейміз, біздің батырымыздың бірі — Әнет ұлы Төлеп: — Ал бай деп те, мырза деп те осы Төлеп батырдың ұлы Мәмбетнияз сияқтыларды айтамыз. Ол жорықтан азығы таусылып келе жатқан алпыс сарбаздың күншілік жерден алдынан шығып бір нардың қомының үстінен қазы­қарта, жал­жая, екіншісінің үстінен — қымыз, үшіншісінің үстінен — әртүрлі тағамнан дәм татырып қарсы алған. Біз қонаққа бір тоқты сойғанда есесіне бата сұрап тұратындарды бай деп те, мырза деп те санамаймыз; — Ал биге келетін болсақ, онда алысқа бармай­ақ осы жерден шешелік. Өздерің айтатын ханда қырық кісінің ақылы бар деп. Сіз хан басыңызбен менен сұрағалы ат шаптырып жәрмеңкеден алдырып отырсыз. Мен сіздің білмегеніңізді білдіріп отырмын. Сонда мен би емей кіммін? Адайдың көп биінің бірі мен — Ермембет,− деген екен. 11. Халық арасында: «Табылған сөз мүдіртер, бұдырлы жол кідіртер» — деген нақыл бар. Екі рет қатты тосылдым дейді екен, Ерекең. Әкеміз Тұрға ас беріп жатқанбыз. Бір үйде сыйлы ақсақалдармен әңгіме­дүкен қызған шағында інілерім Қараман мен Жоламан кіріп келді. Жүріс­тұрысы ұнамай: — Үй тастамай есік ашатындай сендерге не көрінді, қарындарыңды әлі тойдыра алмай жүрсіңдер ме? — деппін. — Ереке­ай, бір жұтқын үшін біздің жүрісіміз мынау — екі аяққа тыным жоқ, сіздің отырысыңыз анау — екі ерінге тыным жоқ —деп қойып қалғаны. Айтарға уаж таппағаным,— дейді екен. Тағы бірде Ізтілеу дегенге (біздің елге кірме болып есептелінетін) нағашылы­жиендігімізге арқа сүйеп: Әй, құл амансың ба? — дегенім. Ол тек соны бағып тұрғандай: Ереке, қыздан туған жиеніңмін, Және де қызыңды алған күйеуіңмін. Біздерді құл деп айтсаң күнәлісің, Үстіне күнде шығам сүйегіңнің — деп ағыта жөнелгені. Бұл жолы да қатты мүдірдім. Орынды сөздің дауасы табылмайды ғой,— деген екен.

Читайте также:  АЛАШ АВТОНОМИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІЛІК НЕГІЗДЕРІ

Оставить комментарий