Загрузка…

ЕРТЕГІЛЕРДІҢ БАЛАНЫҢ МІНЕЗ БІТІСТЕРІН ТӘРБИЕЛЕУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Тәуелсіз Қазақстанның әлем кеңістігіндегі өркениетті мемлекеттердің санатына қосылу жағдайында. Өткендегі тарихи тәжірибені, соның ішінде ұлттық дәстүр мен ұлттық психологияны есепке ала отыра жас жеткіншектерді жан-жақты өнегелі етіп қалыптастыру бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Өнегелі тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, толық мінезді, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Мектептегі өнегелі тәрбие – балалардың адамгершілік сана-сезімін, мінез-құлқын қалыптастыруды қамтиды. Дәлірек айтқанда, адалдық пен шыншылдық, отансүйгіштік, кішіпейілділік, қоғамдағы және өмірдегі қарапайымдылық пен сыпайылылық, үлкенді сыйлау мен инабаттылық өнегелі тәрбиенің жүйелі қамтитын мәселелері. Ал балада бұл қасиеттер бірден қалыптаса қоймайды. Баланың осындай қасиеттерін қалыптастыруда, тәрбиелеуде мектептің, ұстаздың, оқытылатын пәннің алар маңызы өте зор. Мектеп бағдарламасына енетін пәндердің барлығы да оқушының белгілі бір психикалық қасиеттерін тәрбиелейді, осы бағытта түрлі жұмыс түрлерін ұйымдастырады. «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» сәйкес «Тіл және әдебиет» білім беру саласына енетін «Қазақ әдебиеті» оқу пәнінің тақырыптары қатарындағы халық ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе ертегілердің [1] оқушының психикалық қасиеттерін қалыптастыруда, адамгершілік, эмоциялық және интеллектуалдық сезімдерін тәрбиелеуде алар орны үлкен. Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен тығыз байланысты. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мәселен, ешбір бала туысынан еңбексүйгіш не жалқау, тәртіпті не ұстамсыз болып тумайды. Оның мінезі, ұзақ жылғы өмір сүру барысында өмірдің сан-алуан ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады. Оған мына сөздер дәлел бола алады: «Егер адамның мінез-құлқын жағдайлар тудыратын болса, демек, онда сол жағдайларды адамға тиімді етіп құру керек», — дейді К.Маркс пен Ф.Энгельс. Ал И.П.Павлов бұл жөнінде былай деп жазады: « …адамның мінез-құлқының бейнесі нерв жүйесінің туа біткен қасиеттеріне ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бірге организмнің жеке өмір сүру барысында болатын ықпалдарға да байланысты, демек, кең мағынасында айтқаны, үнемі тәрбиелеу немесе үйрету жұмыстарына да байланысты болады/. Біздің мақсатымыз – қазақ әдебиеті сабағында оқытылатын ертегілердің жоғарыда топтастырылған мінез бітістерін тәрбиелеудегі мүмкіндігін ашу. Осы орайда біз психология мен әдебиеттану ғылымдарының ерекшеліктері жөнінде қысқаша шолу жасауды жөн көрдік. Психология – психикалық құбылыстардың («жан қуаттарының») пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым [2]. Психика бір-бірімен тығыз байланысты үш топқа бөлінеді. Олардың бірі психикалық процестер деп аталса, екіншілері психикалық қалып, үшіншілері психикалық қасиеттер деп аталынады . 220 Біздің қарастыратын типтік мінез бітістері үшінші топқа, яғни психикалық қасиеттердің қатарына енеді. Психикалық қасиеттер – бір адамды екінші бір адамнан ажыратуға негіз болатын ең маңызды, ең тұрлаулы ерекшеліктер [2]. Бұған әрбір адамның мінезі мен темпераменті, қабілеті мен дүниетанымы, сенімі мен талғамы, қызығуы жатады. Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік [2]. Ол – көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешеліктердің қосындысы, сонымен қатар адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылады. Мінезді даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі деуге болады. Мінезде түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқалыптылығы, толықтылығы, күші мен айқындығы, салмақтылығы – оның негізгі сапалары болып есептелінеді. Моральдық жағынан тәрбиеленген мінез адамды мінез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Ұжымшылдық, адамгершілік, қамқорлық, достықты қадір тұту, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өзінің міндетін орындаудағы жауапкершілік пен адалдық – мінездің осы сапасының негізгі компоненттері. Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейтін мінездің сапасы. Адамдардың өмір жолы мен әрекетінің сипаты түрліше болғандықтан, оның мінез бітістерінде басқа біреуде қайталанбайтын жеке ерекшелік көптеп кездесіп отырады. Белгілі қазақстандық педагог, психолог Қ.Жарықбаев адамның сансыз мінез бітістерінің кейбірін мынандай топтарға жинақтайды [2]: а) адамның басқалармен қатынасын білдіретін мінез бітістері. Бұларға ұжымшылдық, адамгершілік, қайырымдылық, үйірсектік, адалдық және осыларға қарама-қарсы жекешілдік, қатігездік, тұйықтық, зымияндық, т.б. бітістер жатады. Осы топқа сондай-ақ адамның өз ісіне, еңбегіне қатынасын білдіретін мінез бітістері де жатады. Бұларға еңбексүйгіштік, құнттылық, инициативалық, салақтық, тиянақсыздық, кертартпалық, т.б. бітістер кіреді. ә) адамның өзіне-өзі қатынасын білдіретін мінез сипаттары. Бұларға кішіпейілділік, қарапайымдылық, өзін-өзі сыйлау, талап қоя білушілік және бұларға қарама-қарсы өркөкіректік, мақтаншақтық, жасқаншақтық, т.б. жатады. б) адамның өзін-өзі меңгере алу қабілетіне орай қалыптасқан өзгешеліктері. Бұл топты мінездің еріктік сапалары мен мінездің жотасы деп атайды. Мінездің еріктік сапаларының өзі күшті және әлсіз, яғни нашар мінез болып екіге бөлінеді. Күшті мінезге – мақсатқа талпынғыштық, дербестілік, тоқтамға келгіштік, батылдық, шыдамдылық, тәртіптілік, жинақылық, ерлік, т.б. жатса, әлсіз мінезге негативизм, иланғыштық, қыңырлық, ұстамсыздық, жүрексіздік, т.б. кіреді. Әдебиет – сөз өнері, ол — өнердің бір саласы /3/. Ұлы адамдар әдебиетті адамтану құралы, яғни адамды тәрбиелеу құралы деген. Ол жасөспірімдерге әдебиеттанудан сөз маржандарының қыр-сырын игеруден жай білім ғана алып беріп қоймайды, ең бастысы өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет сабағы оқушының адамгершілік, эстетикалық, интеллектуалдық сезімдерін де қалыптастырды. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды. Туған тілін сүюден адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі мол. Балалардың жеке мінез бітістерін тәрбиелеуде ерекше орын алатын – халық ауыз әдебиеті үлгілері, оның ішінде ертегілер. Ертегі деп баяғы замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң белгілі елдің салтын білдіретін, арнаулы үлгі айтатын, жамандықтан жирендіріп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан 221 шығарылған көтерме әңгімені айтады. Ертегінің бала тілін, ой-өрісін, қиялын дамытудағы рөлі зор. Ертегі құрылымын, оның тілінің ерекшелігін сезіне отырып ондағы әрқилы оқиғаларды, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын, іс-әрекеттерін өз қиялдарында өрбітеді. Бала ертегі оқиғасын қиялында көркемдеу үшін кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқына, қарым- қатынасына еліктейді, жағымды кейіпкерлердің жақсы қылықтарын қайталайды, үйренеді. Қазақ ертегілерінің басты сюжеті жақсылық, әділеттілік, мейірімділік, кішіпейілділік, ізетілік, қайырымдылық, шыншылдық, адалдық, қамқорлық, сыйластық, еңбексүйгіштік болып табылады. Байқағанымыздай, жоғарыдағы қасиеттердің барлығы да психологияда жеке, дара мінез бітістерінің қатарына кіреді. Жаңағыдай сюжетке құрылған ертегілерді балаларға айтып беру және олармен бірлесе талқылау, рөлдерде ойнау, жағымды кейіпкерлерге еліктеу, оларды үлгі тұту – баланың мінезін қалыптастыра түседі. Мәселен, «Қара батыр» /4/ деген ертегіде түрікпен жортуылшыларының қолына түскен Қара батыр деген баланың төзімділігі, ақылдылығы, кішкене кезден үлкендерден естіп, көңіліне тоқығанын өмірде орынды қолдана білуі суреттелді. Мәселен, құстарға мұңын шағып, көмек сұрауда (қарға, сауысқан, тырна, қаз, аққу, қарлығаш, т.б.) олардың өзіндік ерекшеліктерін, қылықтарын тауып айтуы, қарлығашты өзіне дос санай білуі сүйсіндіреді. Ертегідегі мына бір үзінділерге назар аударайық: «Ау, шырағым, құлыным, маңдайыма тұлымым, көлге біткен құрағым, жалғыз ұлым,шырағым!» деген әкесінің; шешесінің «Жалғыз біткен талшыбық, келбетті келген қарағым, бір дерегін білуге, дүниені кезіп қарадым, аш бурадай жарадым, он екі мүшем сөгілді, аш күзендей бүгілді, таулардың насат тасындай, берік-ақ еді сүйегім, өрт шалғандай егілді. Қайда кеттің сұңқарым, үміт еткен тұлпарым, бір көрсетіп алмады, сол ғана болды-ау іңкәрім»; қарындасының «Наркескен деген алмастай, асыл еді негізің, бірге туған егізім, сен тұрғандай ойлаушы ем, арғымақ ат мінермін, асыл киім киермін, тең-құрбымнан ілгері, мен жарқырап жүрермін, биіктен талап тілермін, ойын-күлкі, сауықпен, қызық дәурен сүрермін», — деген жоқтау өлеңдерінде Қара батырдың әдемі келбеті, мінез-құлқы, жақсы қасиеттері небір тамаша теңеулер арқылы жырланады. Мұндағы әке-шеше мен баланың, аға мен қарындастың арасындағы қарым-қатынас, сыйластық, сүйіспеншілік, ізеттілік сияқты мінез бітістері балаларға ой салады. Сонымен қатар, «Күн астындағы Күнікей» /4/ ертегісіндегі жағымды образдар арқылы балаларды адалдыққа, үлкендерді құрметтеуге, адамдарға қол ұшын беруге әзір болу тәрізді күшті мінездерге баулуға болады. Осы ертегідегі анасының өз баласының қиналғанын көріп, баласы үшін барлық дүние-мүлкін беріп, қолындағы ешкілеріні барлығын да табыстап, оған қоса өзі де бірнеше жыл бойы бір байға мал бағуға жалданып, мың ділдә жинастырып беруі – ананың балаға деген жанашырлығын, сүйіспеншілік махаббатын көрсетсе; жолда кездескен шұңқырдан көп балаларымен тырмысып шыға алмай жатқан құмырсқаға баланың көмектесіп жіберуі қамқорлықты, мейірімділікті білдіреді. Хан бұйрығымен айдай сұлу қыз Күнікейге қол жеткізу мақсатында бала көптеген қиыншылыққа тап болады. Сол жолда баланы күтіп, жанашыр, адал достары Таусоғардың патшаның адамды тірі қалдырмайтын азулы көк төбетінен аман алып қалуы, Желаяқтың патша талап еткен жаяу бәйгеден мыстан кемпірді жеңіп, бірінші орын алып беруі, Тыңшының жасырынған хан қызының қай жерде жатқанын тауып беруі, құмырсқаның бірдей киіндірілген қырық қыздың ішінен патша қызын тануға көмектесуі достыққа берік болуды, кішіпейілділікті, ынтымақтастықты, қамқорлықты, мейірімділікті, адамдарға ілтипатты қатынас көрсету, қарапайымдылық, мұқтаж адамдарға көмек көрсету, сезіміне ортақтасу тәрізді жеке мінез бітістерінің түрлерін көрсетеді. Ал, «Елеместің көргендері» /4/ ертегісін алсақ, мұндағы Елеместің өзін жемекші болған көкжал қасқырға «Жегенің ас болсын!» — деп шын ниетімен тілек тілеуі, тауып алған ат басты алтынын өзі ғана пайдаланбай, алысқа кеткен ағаларын іздеп, солармен бөлісіп, үсті- бастары әбден азып-тозған ағаларына киім, тамақ беріп қамқорлыққа алуы бауырмалдылыққа, 222 сыйластыққа жатады. Бұл ертегіні оқи отырып балалар әрқашан да мейірімді болып, жеке басының ғана қамын ойламай, бауырмалдық мінезі тәрбиелене түседі. Сондай-ақ, «Етікші» [4] ертегісінде бала-шағасы көп болған, кедейліктен тұрмысы ауыр болған етікшінің отбасын өзінің адал еңбегі, яғни етік тігу арқылы аз ғана табысымен күн көріп еңбектенуі балаларды жалқаулықтан арылуға, әрқашан да тынымсыз еңбектің соңы бақытқа жеткізетінін көрсетеді. Мұнда мақсатқа талпынушылық, ерік, күш-жігер сияқты дара мінез бітістері шыңдала түседі. Ал, «Ер Төстік» [4] ертегісінің мазмұнында кездесетін Желаяқ, Саққұлақ, Таусоғар, Көлтауысар, Қырағы балаларды достыққа, бауырмалдылыққа, кенеттен кездескен қиындықтарды бірге отырып жеңе білуге, өжеттілікке тәрбиелейді. Осыған байланысты жеке дара мінез бітістері ұштала түседі. Аталған және тағы да көптеген ертегілерде елжандылық, сүйіспеншілік, мейірімділік, достық, бауырмалдық, сыйластық, шыншылдық, жақсылық, ерлік, әділеттілік, мақсаткерлік, ұқыптылық, еңбексүйгіштікке негізделген адамгершілік өлшемдері жатыр. Осылайша әдебиет сабағында оқытылатын ертегілер арқылы баланың жеке мінезін тәрбиелегенде әр сыныптың, әр оқушының өзіндік ерекшеліктеріне қарай бейімдеп пайдаланылады. Бала мінезін тәрбиелеу әдебиет пәні мұғалімінің жаңашылдығы мен шығармашылығын үнемі қажет ететін, жалықпай, қажымай әрекет етпейінше, тиісті нәтиже шықпайтын өте жауапты жұмыс болып табылады. Олай болса жағымды мінез бітістерін тәрбиелеу әдебиет пәні мұғалімі жұмысының күн тәртібінен түспеуі керек. Себебі, оқушылар көркем әдебиетті, оның ішінде ертегілерді оқу арқылы өмірді түсіну, ойлау, ұғыну жолында қалыптасып жетіледі. Мінезді шынықтырып, тезге салатын басқа әдістер де аз емес. Мәселе бұларды әр баланың жеке-дара өзгешеліктері мен нақтылы өмір сүру жағдайларына орайластыра пайдалана білуде. Әдебиеттер 1. Қазақ әдебиеті. Оқу бағдарламасы. 5-9 сыныптар. Астана, 2010. 2. Жарықбаев Қ. Психология. Алматы, Білім, 1993. 3.Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, 1997. 4.Қазақ ертегілері. Алматы, 1992.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar