Есім салған ескі жол

Қазақ елінің ұйысуына ұйытқы, қауымдық тіршілігіне тал бесік болған осы қазіргі мемлекетіміздегі шекаралық аумақтағы байтақ даланың төсінде талай хандық пен елдік ұлыстар өмір сүргенін өзіміз де, өзгелер де жақсы біледі. Оны ғасырлар сүрлеуіне салып, талдайтын болсақ, бастау көші тым ертедегі ықылым замандарға барып тіреледі. Мемлекеттік дәрежеге көтерілген, тіпті талай ұлыстарды өзіне бағындырып, империялық дәрежеге жеткен Сақ, Ғұн, Үйсін, Көк түріктердің өз дәуірінде мемлекет атынан жалпақ жұртқа жариялаған заң­жарғылары мен төрелік бітік сөздері жазба мұрағаттарда барынша сақталған. Сот билігіне қатысты заң нормалары мемлекеттің құқық жүйесінің бір тармағы ретінде жеке белгілері көрсетілмесе де, Хан жарлығының жалпы құрамына еніп, біртұтас билік сатына кірген. Бұған мысал ретінде алдымен X —XII ғасырларда Монгол үстіртінде үлкен хандық мемлекетін құрған Найман ұлысының құқықтық нормалары туралы айта кеткен жөн.

Бұл туралы белгілі қаламгер Зардыхан Қинаятұлы: «…XII ғасырда Найман ұлысында әдеттегі право қолданылады. Ұлыстың ic жүргізу қызыметі болды. Іс ойғыр жазу арқылы құрылып, документтер, әсіресе салық жинау, лауазымды адамдарды тағайындау туралы құжаттар хан жарлығымен тұрақтандырылған, оның ақиқаттығын дәлелдейтін «Ханның алтын мөрімен (тамға) куәләндырылатын болды» деген тарихи жазбалар сақталған (Зардыхан Қинаятұлы. Монгол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары: 1Х—ХІІ ғасыр Елорда: Астана, 2001, 68­бет.). Сондықтан, хан, я болмаса Қаған мемлекеттің ең жоғары лауазымдағы билеушісі болғандықтан, мемлекеттің ішкі тәртібіне, қоғамдық қарым­қатынасына, ел ішінде туындайтын дау­жанжал, қылмыс пен жазаға қолданылатын заң, нормаларының бәрі де «Хан жарлықтарына» негізделіп, шешімін тапқан. Бұл жарлықтар хан билігінің дәурені жүріп тұрғанда барлық жағынан да біркелкі және еш мүдірсіз орындалып отырған. Және де оның проценттік пәрмені көпшілікке үлгі ретінде өнегелік сипат алған. Мемлекеттік маңызы зор мұндай жарлықтарды ұлыстардағы өзге султандар, бектер мен билер өздеріне қарасты тайпалар мен рулар бірлестігінде қалыпты түрде жүзеге асырып отырды. Бұл ретте билердің хан жарлығынан туындаған заң ережелерді жүзеге асырудағы беделі ел ішінде зор болды.

Читайте также:  Өсімдіктің су қабылдауына сыртқы орта жағдайларының әсері

Бұл жерде бидің ауызба­ауыз шешен тіл, даналық оймен көкейге қонымды ірі әділ шешім шығаруда адалдық пен ар­намыс, имандылықтан аттамайтын шынайылығы кімнің де болса көңілін күпті етпейді. Турасын айтып туғанына жақпаса да, жүгініске келген даугерлердің екеуі де би алдынан «жеңіліп те, жеңіп те емес, жеңілдеп» қайтуы, әділ биліктің халық алдындағы беделі мен мәртебесін, тек жақсы қырынан өсіріп отырған. Қазақ елінің дәстүрлі құқығындағы жазбаша түрде хатқа түскен заң­жарғылар ерте дәуірде­ақ қалыптасқан. Бірақ бізге жеткендері некен­саяқ. Ғұн, Үйсін, одан кейінгі Түркі дәуірі мен Монгол қағанаты заманында, бергісі Алтын Орда мен Қазақ хандығы кезінде жылнамаларда сақталған заң ережелерін шығаруға билердің де қосқан үлесі аз болмағанын байқаймыз. Орхон­Енесей жазбаларындағы, Түргеш, Қарахан мемлекеттерінің заң­жазбалары, Шыңғысхан заманындағы «Билік» және «Жасақ» заңдары, Шыңғыс ханның бас уәзірі болған Майқы би жазған жеті түрлі заң ережесі әр дәуірде Қазақстан аймағында орныққан хандықтар мен ұлыстар құрған мемлекеттік билік жүйесіне сай реформаланып, сол заманның қоғамдық құрылысына қызмет етті. «Жасақ» немесе Майқы би жазған жеті түрлі заңды арқау еткен «Қасым ханның, қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» да, осы екі заңға иек артып жасалған әйгілі «Жеті Жарғы» заң ережесі де оз заманында конституциялық сипат алды. Оны жатқа біліп, жаңылмай қолдана білу — әрбір бидің, билікке араласатын елтұтқа ақсақалдардың айнымас міндеті болды.

Түркі тектес халықтардың, оның ішінде Қазақ елінің дәстүрлі құқығындағы осындай сабақтастық ғасырдан­ғасырға жалғасты. Әр ұлыс замана көгінде бір­бірімен бірде одақтасып, кейде жауласып, билігі өзара алма­кезек тартып алып отырды. Кім үстемдігі өтсе, сол хандықтың мемлекеттік заңнама ережесін қалыптастырған, ата тектен тамыр тартып келе жатқан заңи ереже­жарлықтар ортақ мақсатпен қолданысқа енді. Соның бір дәлелі — Шыңғысхан империясына басты сүйеу болған, оның ішінде Қазақ хандығының құрылуына ұйтқы жасаған Дешті Қыпшақ ұлысына билігі жүрген Алтын Орда хандығы. Хандықтың аты өзгергенімен оны ұстап тұрған халықтың басым бөлігі қыпшақ тайпаларына кірген рулар бірлестігі мен оларға басшылық еткен ел жақсылары билер, сұлтандар болғандықтан, Алтын Орда хандығына бағынған барша ұлыстар қыпшақ тілін мемлекеттік тіл ретінде кең ауқымда пайдаланады. Бұған дәлел ретінде осы хандықтан кейін қазіргі Қазақстан және Орта Азияның бір бөлігін тұтастай қамтыған Қазақ хандығы, оның тізгінін ұстаған Қасым хан туралы айта кеткен жөн. Алдымен ел билігін қолына ұстаған Қазақ хандығы және дәстүрлі құқық заңдары туралы шетел тарихшылары айтқан пікірлерді келтіре кетейік. Солардың бірі қытай елінің ғалымы Пожыпиң Бай Суичин ел ішінде қоғамдық тәртіп пен хандық ішіндегі түрлі уақиғалар, одан өpic алатын қылмыстық істерге және жұртшылықтың заң ережелерін қарап шешуі және бекітудегі ханның рөлі туралы мынандай төрт қағиданы атап көрсетеді.

Читайте также:  Ортағасырлық арабтілді перипатетизм

Оставить комментарий