ЕУРАЗИЯ ҚҰРЛЫҒЫНДАҒЫ ТҮРКІЛЕРДІҢ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ

Қазіргі түркі тілдері – лексикалық қоры жағынан дүние жүзіндегі ең бай тілдерге жатады. Түркі тілдерінің лексикалық, фонетикалық сипаты мен оның генеалогиялық жіктелу ерекшеліктері XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басынан бастап Еуропа және Ресей ғалымдары тарапынан терең зерттеле басталды. Түркі халықтарының тілдік және мәдени өркениетінің тамыры тереңдігін сезген Батыс миссионерлері осы халықтарды отарлап алуды жөн санап, ең әуелі істі экспедициялық зерттеулерден бастады. Кеңестік кезеңдегі орыстандыру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде түркі тілдерінің ортақ жазу кеңістігі бұзылып, араб жазуы арқылы ұғынысып, хат алмасып келген түркі халықтары орыс тілінсіз бірін-бірі ұға алмайтын жағдайға жетті. Түркі халықтарының тілдік құрамындағы шет тілдік сөздер орыс тілінің заңдылығымен бірге еніп, осы тілді тұтынушылардың өз тілін ұмытып, орысша таза сөйлеуіне, соның салдарынан әлеуметтік ұлтішілік ыдырауға алып келді. Бүгінгі таңда қазақ, әзербайжан, алтай, башқұрт, татар, ұйғыр, т.б. түркітілдес халықтардың өз ана тілдерінде сөйлейтін және орыстілді болып бөлінуін кеңестік кезеңде жүргізілген тіл саясатының салдары деп айтуға болады. Ал түркі халықтарының тілдері мен жазу жүйелерінің генезисін зерттеген ғалымдар оның негізі сақ, ғұн жазбаларынан, көне түркі руникалық жазулардан бастау алатынын дәлелдеп отыр. Негізінен, Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері бойынан табылған ескерткіштер мен тас мүсіндерден, мазар қабырғаларынан табылған жазулардан ежелгі түркілердің өз жазулары болғандығы айғақталды. Түркі халықтарының әр түрлі жазуда болғанымен, тілдік негізі өзгермей, табиғи болмысын сақтап келеді. Алайда, лексикалық сипаты жат сөздермен түрлене түсті. Мәдениеті мен өркениеті беріректе Ислам дінімен қанаттанған түркі тілдерінің лексикалық сөздік қорында төл сөздермен қатар, араб, парсы, қытай, тәжік, иран, грек, латын, ағылшын, француз, орыс, неміс, италян, испан, португал, түрік, өзбек, т.б. алыс және жақын шетел тілдерінен енген кірме терминдер мен сөздер жетерлік. Олардың көбісі түркі тілдеріне сіңісіп кетсе, ал енді бір тобы өзге тілдің дыбыстық сипатымен еніп, түркі тілдерінің лингвистикалық табиғатымен қатар, осы тілдерді қолданушы халықтардың сөз мәдениетіне де кері әсер ете бастады. Дәл осындай жағымсыз құбылыс қазақ тілінде орын алып отыр. Жетпіс жыл бойы Кеңестер Одағының құрамында болып, орыс тілінің қысымын көрген қазақ халқы ата діні – Исламнан, туған тілі – қазақ тілінің қолданыс әлеуетінен айырылып қала жаздады. Белгілі түркітанушы Төлеубай Рахымжанұлы: «Қазақ тілі туыстық сипаты жағынан да, типологиялық белгілері жағынан да түркі тілдері тобына қосылады. Қазақ халқы өзінің ұзақ ғасырлық тарихы бойында түркі халықтарымен қонысы, саяси, шаруашылық жағдайлары жағынан да тығыз байланыста болғаны сияқты оның тілі де сол халықтар тілдерімен өте жақын қарым- қатынаста болды. Түркі халықтары да, олардың тілдері де ыдырап бөлшектенудің, қосылып бірігудің сан қилы өткелдерінен өте тұрса да, олар бір-бірінен қара үзіп, алыстап кете қоймаған, көп жағдайда аралас-құралас өмір кешкен» [1, 144] — деген дерек келтіреді. Бүгінгі таңда қазақ тілінің терминологиясы жедел даму үстінде. Тілімізге шет тілдерден енген көптеген сөздердің баламасы табылып, олар әр сала бойынша жіктеліп, ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітіліп келеді. Десе де, қазақ тілінде туысқан түркі тілдеріндегі секілді орыс, ағылшын тілдерінен енген кірме терминдер жетерлік. Мұның сырын кеңестік кезең тарихына көз жүгірте отырып, белгілі терминолог ғалым Шерубай Құрманбайұлы былайша түсіндіреді: «Шығыс, Ислам мәдениетіне емес, Еуропа мәдениетіне ден қойып, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени байланыстарымыздың, еларалық қатынастарымыздың бағыт-бағдарын өзгертуімізге орай, біздегі тіларалық сөзалмасу процесі де басқа арнаға бұрылды. Мұсылманша білім алуды орысша оқумен, араб әліпбиіне негізделген жазуымызды алдымен латынмен, көп ұзамай орыс әліпбиімен алмастырғанымыз т.б. рухани-мәдени, материалдық өміріміздегі көптеген өзгерістеріміз соның көрінісі еді. Кеңес өкіметі КСРО-ның барша халқына орыс мәдениетін үлгі етіп ұсынумен бірге одақта орыс тілінің толық үстемдігін орнатуды мақсат етті. Бүкіл «кеңес халқының» ғылым мен техника, басқа да арнаулы салалардағы кәсіби қарым-қатынасын қамтамасыз етуге тиіс жалпыкеңестік терминқорын да орыс  тілін үлгі ете отырып қалыптастыру көзделді. Нәтижесінде терминалмасу ісінде біржақтылық орын алып, бұрын терминқор қалыптастырудың сыртқы көздерінің қатарында пайдаланып келген араб, иран, т.б. шығыс тілдерін былай қойғанда, тегі, түбі бір туыстас түркі халықтарының бір- бірінен сөз алуы ерсі құбылыс ретінде қабылдана бастады. Тіпті келе-келе түркі тілдері бір-бірінің сөздік қорын байытудың сыртқы көзі ретінде танудан қала бастаған тәрізді» [2, 25]. Кеңестер Одағы тұсында елу шақты түркі тілдерімен қатар, қазақ тілінің әліпбиі, емле жүйесі мен орфографиясы орыс тіліне негізделіп қайта жасалды. Соның салдарынан тілімізде орыс тілінен енген сөздер қаптап кетті. Олар қазақ тіліне орыс тілінің заңдылығымен енді. Мұның бұлай болуына сол кезде қабылданған ережелер себеп болды. Біздің бұл пікірімімізді филолог Р. Сарықұлованың мына сөздері дәлел бола алады: «1935 жылы Мәдениет қызметкерлерінің съезінде қабылданған Қаулы бойынша интернационалдық терминдерді аудармасыз, сол күйінде қабылдау туралы шешім ұсынылды. Қандай да бір тілден (француз, неміс, ағылшын және басқа европа) енген терминдер кей жағдайда тура, кейде сол тіл ыңғайына қарай түбір қалпын сақтап, фонетикалық, грамматикалық өзгерістерге ұшырап отырады (мобилизация – мобилизациялау, демократист – демократшыл, стилистический термин – стилистикалық термин) т.б.» [3, 184]. Түркі тілдерінің ортақ жазба және тіл кеңістігін жою арқылы Кеңестер Одағы осы халықтарды мәдени отарлау саясатын жетпіс жыл қарқынды жүргізіп келді. Соның салдарынан бүгінде туысқан түркі халықтары бірінің сөзін бірі түсіне алмайтын, бірінің жазуын бірі оқи алмайтын дәрежеге жетті. Бұл отарлау саясатының сырын көрнекті ғалым Әбдуәли Қайдар былайша жеткізеді: «… түркі тілдерінің жазуы мен терминологиясы арқылы жақындасуы кезіндегі тіл саясатына онша қолайлы болмады. Себебі бөлініп-бөлшектелген, басы қосылып тіл бірікпеген елдерді билеп-төстеу кімге де болса оңай болатын» [4]. Қазіргі уақытта да түркі тілдерін зерттеуші ғалымдар түркі әлемінің терминологиялық ортақ қоры болуы керектігін алға тартуда. Біздіңше, бұл – орынды айтылған бастама. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, профессор Сарқыт Әлісжанов: «Әуел баста туыстас түркі елдерге ортақ терминологиялық қор жасау мәселесі орындалуы екіталай алып-қашпа идея сияқты болып көрінуі ықтимал. Алайда ғылыми тұрғыда терең зер салсақ, белгілі бір сала бойынша түркі тілдерінің терминдер жүйесіне нақты талдаулар жүргізсек, көтеріліп отырған мәселенің бұлжымас негізі бар екеніне және оған қол жеткізу мүмкін болатынына сеніміміз арта түседі» [5, 112]. Расында, түркі тілдерінің ортақ терминологиялық қорын жасау – кезек күттірмейтін іс. Ақпараттандыру заманының талабын ескеріп, бұл қорды электронды нұсқада да жасау қажет. Сонымен қатар, түркі елдерінің ғалымдары бірігіп, түркі тілдерінің этимологиялық, түсіндірме, аударма сөздіктерін жасаудың маңызы зор. Сонда ғана түркі тілдерінің арасында термин алмасу ісі жүзеге асып, ортақ сөздер арқылы туысқан халықтардың мәдени-гуманитарлық саладағы интеграциясы да арта түспек. Қазіргі таңда тілімізге ағылшын тілінен еніп жатқан сөздерді талдар болсақ, олар басым бөлігін кірме терминдер құрап отыр. Бұл сөзімізді «Қазақ энциклопедиясысының» редакция меңгерушісі Сүлеймен Тоқсанбайдың кірме терминдер туралы айтқан пікірі растай түседі: «Жалпы алғанда терминжасам қазір сонау Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегідей дәуірді бастан кешіріп отыр. Ол кезде орыс тілінен енген терминдер және сол тіл арқылы сөздік қорымызға халықаралық терминдер лек-легімен тоғытылып енген болса, қазір де нарықтық қатынастарға байланысты ағылшын тіліндегі термин сөздер түйдек-түйдегімен қарқындап енуде. Бұл тілдің өткен ХХ-ғасырдың екінші жартысында өктем тілге айналып, халықаралық қатынастар тілінің дәрежесіне көтерілуінің себебі де ең алдымен осы нарықтық қатынастарда жатса керек. Өйткені, бизнес пен биржа ұлттық шекара, тосқауыл дегенді білмейді» [6, 66-67]. Расында да, елімізге келіп жатқан кірме сөздер мен терминдердің көпшілігін соңғы кезде ағылшын сөздері құрай бастады. Бұл тіларалық сөз ауысу процесін жағымсыз құбылыс ретінде қарап, пікір айтып жүргендер де аз емес. Алайда, ағылшын сөздерінің біздің ғана емес, өзге көрші, туыстас тілдерге еніп жатқаны да жасырын емес. Халықаралық миграцияның ыстық нүктесі саналатын Қазақстанға күн сайын жүздеген шетелдік мигранттар келіп жатады. Бұлардың көпшілігі халықаралық тіл ретінде ағылшын тілін білетін азаматтар болып табылады. Олардың кейбіреуі іскерлік мақсатта келіп, тіпті көп жылдар бойы қоныстанып қалады. Ал, бұл өз кезегінде біздің ағылшын тілінен қазақ тіліне кірме сөздердің енуіне жол ашады. Яғни, тілдік ассимиляцияның өзі кірме сөздің енуінің басты жолдарының бірі болып табылады. Ағылшын тілінен кірген кірме сөздердің басым бөлігін халықаралық деңгейдегі экономикалық термин сөздер құрайды. Әйтсе де, олардың бірқатарын интернационализмдер деп  қарастырған абзал. Өзге тілдерге ену шекарасы кең ағылшын сөздерінің географиялық және саяси факторлары туралы ғалым Ш. Құрманбайұлы былай деп ой тарқатады: «Жалпы алғанда тіл білімі терминологиясында ресми тұрақтанған «ұлы тіл» деген термин қолданылмайды. «Әлем тілдері» (мировые языки), «халықаралық тілдер» (международные языки) деген атаулар, нақты ұғымдар бар. Тілдердің кең тарағандығына байланысты артықшылықтарын айтқымыз келгенде осы терминдер ойымызға оралады. Құқықтық тұрғыдан заңдастырылған БҰҰ-ның ресми және жұмыс тілдері болып табылатын алты тілді (ағылшын, араб, испан, қытай, француз, орыс) халықаралық тілдер дейтініміз белгілі. Бірақ бұл тілдердің мұндай мәртебені иеленуі олардың өзге тілдерден құрылымдық, сөздік құрам немес стильдік тармақтарының жақсы дамығанымен байланысты ғана екен деген біржақты түсінік туындамауы керек. Бұл жерде осы тілдердің иесі, тұтынушысы болып табылатын халықтар тұратын мемлекеттерінің саяси, экономикалық т.б. тұрғыдан дамуымен, тілдердің кең таралуымен, яғни тілден тыс факторлар ықпалының да зор екенін естен шығаруға болмайды» [7, 10-11]. Осылай дей келе, ғалым «Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінің тілдерінде ағылшын, француз, неміс сияқты Еуропа халықтары тілдерінің сөздері көбірек кездесетіні белгілі. Оны өзіміздің термин қорымыздан да көруге болады» деп, кірме терминдер қатарынан ағылшын сөздерінің көптеп еніп жатқандығын атап өткен. «Толық экономикалық орысша-қазақша сөздікті» жасауға қатысқан, сондай-ақ, оны тілдік тұрғыдан талдаған ғалым Сүлеймен Тоқсанбай ағылшын сөздерінің тілімізге енуінің белсенділік танытып келе жатқандығына мынадай мысал келтіреді: «Қазір біз интернационалдық терминдер мен ағылшын атауларының тілімізге түпнұсқадағы пішінін бұзбай, сол қалпында қолдануға тура келетін кезеңде тұрмыз. Бұл терминдердің көбісі алғашқыда сол шет тілдегі нұсқада алынуы әбден заңды. Айталық, сөздікте («Толық экономикалық орысша-қазақша сөздік – Д.Г.) осындай 2000-нан астам ағылшын сөзі алынды. Олардың көбісінің қолданысқа түсе келе ұлттық тілімізге сіңісіп кетуі, тіпті келешекте қазақша баламасы табылып, ана тілімізде сөйлей бастары да даусыз ақиқат. Өйткені, тіл дегенің ұдайы даму үстінде болатын тарихи үрдіс қой. Айталық «бизнес», «бизнесмен», «менеджмент», «менеджер», «маркетинг» тәрізді сөздер әлем тілдерінде осылай алынып, осылайша қалыптасып жатқан нарықтық қатынастың басты, түпқазық ұғымдары. Бұларды мағынасына қарай тиісінше «табыскерлік», «табыскер», «басқару», «басқарушы», «базар» деген сияқты дәлме-дәл баламасын тауып, аудармасын ғана беруге болар еді. Бұлар орыс тілінде аударылмай сол күйінде берілген. Олар нарықтық қатынастың әлемдік ауқымда қанат жайған интернационалдық сипаттағы өрісін көрсететін атаулар болғандықтан, біз де осы қағидатты ұстандық. Өйткені, осы тәрізді интернационалдық терминдердің түп негізін, мағынасын қумалап, қалайда қазақшалау қағидаты ұсталатын болса, сөздік түзу ісінде түсініксіз жайлардың көбейіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан барша тілдерге ортақ нарықтық қатынас терминдерін сол күйінде қабылдай отырып, жоғарыдағыдай қазақша сөзбе-сөз баламаларын қоса беруді жөн көрдік. Ондағы мақсат – мұның аудармасын тықпалау емес, оқырман қауым тосын сөздің мән- мағынасын түсінсін деген ниет. Терминжасам тәжірибесінде осылайша қатарласа жүріп, жарыса қолданылып, кейін нақты терминдік мәнге ие болған мысалдарды тілші, терминші ғалымдарымыз дәлелдеп берді» [6, 67-68]. Автордың интернационалдық терминдерді аударып, қазақша баламасымен ғана ұсынсақ, түсініксіз жайттардың орын алуы әбден мүмкін деген пікірінің жаны бар. Өйткені, қандай да бір ғылымнан хабары жоқ қарапайым оқырман тұрмақ, экономист ғалымның өзі қазақшаланған экономика терминін түсіне қоюы екіталай. Себебі, біздің ғалымдарымыздың кейбірі қазақ тіліне шорқақ, оның мәнісін түсіне бермейді, екіншіден, ағылшын тіліндегі түпнұсқасы көрсетілмеген жағдайда ғылымда да түсініксіз, бұлыңғыр ойлардың көбеюі мүмкін. Халықаралық терминдердің аударылмауы туралы ғылыми тұжырымға сүйеніп ой айтқан ғалымдар аз емес. Солардың бірі Өмірзақ Айтбаевтың: «…Тіл дамуында, терминжасам процесінде көрініс беріп отырған бұл әрекеттерді, негізінен, қуаттай отырып, интернационалдық терминдердің кез келгенін ретті-ретсіз аударуға әуестенушіліктің барлық уақытта бірдей тиімді бола бермейтінін ескертеміз. Әрине, ана тілімізден мағынасы дөп түсіп жатқан баламасы табылған жердің бәрінде бұл принципті ұстанып отыру лазым. Ал, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, іс-әрекетінде, жазу-сызу дағдысында болмаған терминдік ұғымдарды сол бастапқы қалпында қабылдаған жөн» — деген пікірін кірме терминдерді аударудың аса сәтті бола бермейтіндігі туралы қарапайым тілмен түсінікті берілген ой деп білеміз [8, 209]. Бұл пікірге және де Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі Шерубай Құрманбайұлы қосыла отырып, былай дейді: «Біздің қазіргі міндетіміз – кешегіміздің кемшілігі мен жетістіктерін сараптай отырып, бұл мәселеде алдағы уақытта ұстанатын ғылыми негізделген байыпты бағытымызды  белгілеу. Әрине, бұл тұста бізге кешегідей терминологиямызды шектен тыс халықаралықтандырамыз, советтік термин қор жасаймыз деп, біржақтылыққа ұрынғанымыз сияқты, тап-таза ұлттық терминология қалыптастырамыз, тілімізді тазалаймыз деп, шет тілдерінің сөздерінің бәрін жау көретін екінші бір шеткерілікке, біржақтылыққа бой алдырып алмау жағын да ұмытпауымыз керек» [7, 12]. Бүгінгі таңда қазақ тіліне, әсіресе, Еуропа елдері тілдерінен (ағылшын, француз, итальян, испан, т.б.) енген кірме сөздер мен терминдерге қарсылық танытушылар оны аударып қолдану керек деген принципті ұстанып, тіпті біршама сөздерді мағынасының алшақтығына қарамастан аударып, оны бұқара талқысына ұсынып та үлгерді. Алайда олардың тілімізде қолданылып жатқаны шамалы. Тіпті кейбір тілімізде қалыптасқан кірме сөздерге қазақша балама ұсынам деп, араб, түркі тілдес елдердің сөздерін қолдануына қарап, кірме сөзді кірме сөзбен ауыстырғаннан ұтамыз деп, ұтылып жатқан жоқпыз ба деген ойға қаласыз. Халықаралық терминдердің сипаты жайында және оның нормадан ауытқуы турасында тілші-ғалым Б. Қалиұлы мынадай ой айтады: «Егер халықаралық терминдер бүкіл дүниежүзі тілдеріне ортақ екендігі рас болса, ол сөздердің Eуропа тілдеріне ғана емес, басқа да Азия, Африка, араб, қытай, жапон, үнді, Индонезия тілдеріне де ортақ болулары керек еді ғой. Жоқ, олай емес. Халықаралық терминдер делініп жүрген атом, газ, цемент, цех сияқты сөздерді Шығыс Азия (қытай, жапон, корей, вьетнам, араб, үнді, индонезия) халықтарының тілдерінен кездестіре алмайсың. Бұл тұрғыдан алып қарағанда халықаралық термин дегеніміз, сайып келгенде, белгілі бір аймаққа тән ортақ сөздер болып шығады» [9, 108]. Халықаралық терминдердің бүкіл дүние жүзі тілдеріне ортақ болуы шарт еместігін Е.Вюстердің мына пікірінен білуге болады: «Еуропада сөздің толыққанды халықаралық термин болуы үшін – Еуропа тілдерінің кем дегенде алтауына жататын сөз болуы тиіс, яғни, екі тілдік семьяны қамтуы керек» [10, 120]. Ал, халықаралық терминдерге қатысты өзінің пікірін терминолог-ғалым Д.С. Лотте төмендегідей атап көрсетеді: «Халықаралық терминдер деп – басқа тілдердің терминдерімен мағыналық және дыбыстық құрамы жағынан түгелімен дәл, сәйкес келетін терминдерді атауға болады. Терминнің халықаралықтығын көрсететін қосымша белгі – оның түрлі тілдерде таралуы, екі немесе үш тілде қабылданған терминдерді мүлдем халықаралық термин деп атауға болмайды» [11, 36]. Кірме сөздерді ұлт тіліне бейімдеп қолдану мен кірме сөзді бастапқы тіл заңдылығымен ендіру жайында ғалымдар арасында пікірталастар қызу жүруде. Біз ағылшын тілінен қазақ тіліне еніп жатқан кірме сөздер мәселелерін зерттей отырып, ағылшын сөздерінің қазақ тілінің заңдылықтарына бағына отырып кірігуін қолдаймыз. Өйткені, біз қазақ тіліне енген кірме сөздердің өзінен қазақтың бояуы болғанын қалаймыз. Егер де тілге деген жанашырлық пен тазалықты ойласақ, осылай істегеніміз жөн. Мұны әлемдік тәжірибе де қолдайды. Қорыта айтқанда, қазіргі әлемдік тіл дамуы саяси-экономикалық және ғаламдық құбылыстардың даму тенденциясымен тығыз байланысты және қазір тілдің лексикалық құрамындағы халықаралық терминдерінің саны күн санап артып отыр. Сондықтан да олардың семантикалық аспектісіне жете мән беріп, дұрыс қолдану үшін де оның негізгі тілдегі мағынасына көңіл бөлген жөн.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar