Еуразиялық өркениет және қазақ халқының этномәдени дамуы

Опубликовано Июль 11, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті әлемдік өркениет пен мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аумағында қалыптасты. Алтай, Алатау және Орал тауларының арасындағы кең даланы мекен еткен Орталық Азия халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірлерінен бас- талған мәдени дәстүрлері жаһандық жалпыадамзаттық заңдылықтардың динамикасы ағымындағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен орнықты. Кейінірек толық құралып біткен автохтонды төлтума дәстүрлер жапсарлас жатқан халықтар мен елдердің мәдени әсерін бойына сіңіре отырып, қазіргі мәдениеттанулық теориялық тұрғыдағы зерттеулерді талап ететіндей күрделі және біртұтас феномен – дәстүрлі этномәдениетті дүниеге әкелді. Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында қазақ халқы сыннан өткен теңдессіз бай рухани және мәдени мұраны артындағы ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Сондықтан қазақ халқы мәдениетінің терең еуразиялық тамырларын есте сақтаған жөн. “Еуразия”, “еуразиялық кеңістік” терминдерінің тек құрлықтың ұғымын ғана білдірмейтіні белгілі. “Еуразияшылдықтың” географиялық және семантикалық шеңберлерін анықтар болсақ, бұл түсінік ұзына бойы жеті жарым мың шақырым болатын Алтай тауынан бастап Карпат тауына дейін созылып жатқан Ұлы даланы білдіреді. Ол өзіне үш аймақты енгізеді: Жоғарғы Азия (Алтай тауы, Тува, Моңғолия), Орталық Азия және Шығыс еуропалық жазықтық. Сондықтан Еуразия ауқымына ену мен енбеу өзіндік тарихи қисынға сәйкес келетін мүдделерге байланысты. Сонымен қатар ол халықтардың діліндегі сұхбаттық қатынастарға бейімділікке де көп байланысты құбылыс болып табылады. Еуразия – бұл тек географиялық ұғым емес, ол мәдени-өркениеттік бірегейлікке деген ұмтылысты да білдіреді. Еуразиялық кеңістікті баяғыдан осы жердің табиғи ландшафтына бейімделіп, шаруашылықтарын жүргізген халықтар – түркілер, моңғолдар, финугорлар және славяндар мекендеді. Соған сәйкес бұл жерде өзге өркениеттік бітімдерден өзгеше еуразиялық өркениет пен еуразиялық мәдениет, еуразиялық бірегейлік пен еуразиялық философия қалыптасты. Бұл мәдени-тарихи сабақтастық тарих ырғағының бойында қалыптасқан құдіретті империялардың құрылуынан аңғарылады. Қола дәуірінде бұл кеңістікті біртұтас “андрон мәдениетінің” (Қазақстанда “Беғазы-Дәндібай мәдениеті” деген атпен белгілі) өкілдері деген шартты атаумен белгілі тайпалар мекендегенін тарихшы-археологтар дәлелдеп отыр. Дәл осы кезден бастап, яғни біздің заманымызға дейінгі бір мыңжылдықтан бастап бұл территория көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашы- лығына негізделген еуразиялық номадизмнің эпицентрі болды. Қозғалысы динамизммен, дәстүрі статизммен сипатталып, үш мың жыл бойы тұрақтылығын сақтаған бұл әлеуметтік-тарихи формацияны “дала өркениеті” деп атауға болар еді. Бұл уақыт ішінде атақты сақтар мен ғұн тайпалары, түркілер мен қарлұқтар, қыпшақтар мен оғыздар, моңғолдар мен татарлар тарихқа өз қолтаңбаларын қалдырды. Олардың құрған Ғұн империясы, Түркі қағанаты, Оғыз қағанаты, Қыпшақ қағанаты, Алтын Орда сияқты мемлекет- тері әлемдік тарихтың дамуына орасан зор ықпал етті. Кейінірек оларды Ре- сей империясы мен социалистік қағидаттарға негізделген Кеңес Одағы алмастырды. Бүгінгі күні басқаларымен салыстырғанда, еуразиялық этностарды біріктіру үшін ресейлік мәдениеттің салмақты әлеуеті бар екені даусыз, бірақ әдетте, саяси біріктірушілік астар берілетін өркениеттік парадигмадағыдай, Еуразия Ресейдің синонимі емес. Классикалық еуразияшылдықта да бұл мәдени типтің өзегіне христиандық православие қойылады да, тұрандық элемент кейінге ығыстырылады. Бұл ұлы идеяға кеңістіктік үш өлшем тарлық етеді, оған орман ландшафттары мен Ұлы даланы мекендеген халықтардың ғасырлар бойғы рухани тарихын бойына жасырған уақыт өлшемін де қосу керек. Осы тұрғыдан алғанда ол тарихтың ырғағында қиюласқан әртүрлі халықтар мен төлтума мәдениеттердің біртұтас ошағы болып көрінеді. Еуразияның тұтастығы, оның мәдени-тарихи бірлігі туралы айтқанда, бұл мәдени-өркениеттік типтің көшпенділік тамыры туралы міндетті түрде сөз қозғалуы керек. Оның үстіне “Ұлы даланың көшпенділері адамзаттың тарихы мен мәдениетінде еуропалықтар мен қытайлардан, мысырлықтардан, ацтектер мен инктерден бір де кем емес рөл ойнады. Тек олардың бұл рөлі, басқа да әрбір этностың немесе, суперэтностың рөлі сияқты, ерекше, төлтума болды және ұзақ уақыт бойы оның құпиясы танылмай келді” (Л.Н.Гумилев. “Еуразия ырғақтары”). Еуразиялық тұтастықтың тарихи негіздерін қалыптастыруда, осы біртұтас коммуникативті кеңістікті ұстап тұруда көшпелі өркениет орасан зор мәнге ие болды. Көшпенділік қазақ халқының этномәдениетінің де негізін құрайды және күні кешеге дейін, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай ұжым- дастыруға дейін қазақтар осы өмір сүру тәртібі мен мал шаруашылығы дәс- түрін берік ұстанып келді. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақтар – ұлы көшпелі өр- кениеттің заңды мұрагерлері екені сөзсіз және еуразияшылдық идеяның қа- зақстандық қоғамда кеңінен сөз болуы да осы тамырға байланысты. Ғылыми әлемде мәдениеттің оқшау типі ретіндегі еуразиялық өркениет феномені әлі толық зерттеле қоймаған, ол дербес өркениет ретінде Данилевскийдің, Тойнбидің, Ясперстің, Шпенглердің және т.б. тұжырымда- маларындағы өркениеттер тізімінің санатында жоқ. Оны терең талдап, теориялық тұрғыда дәлелдеу гуманитарлық ғылым өкілдерінің келешектегі ісі болар деген үміттеміз. Осы кеңістіктегі бұл мәдени типтің мирасқоры ретіндегі қазақ халқының тарихи этномәдениетін қайта қалпына келтіру, Ұлы дала мен Орыс орманының тең дәрежеде мәдени өзара коммуникацияға түсу мүмкіндігін зерделеу өзекті күйінде қалып отыр.

Оставить комментарий

Загрузка...