ЕУРАЗИЯЛЫҚТЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ НЕГІЗДЕРІ

Қытайға қарағанда Ресейдің «Кіндік мемлекет» (қытайша «Чжун-го») деп аталуға анағұрлым көп негізі бар. Және уақыт озған сайын бұл негіз одан әрі бедерлене береді. Ресей үшін Еуропа оның шекараларынан батысқа қарай орналасқан Ескі құрлықтың түбегінен басқа ештеңе де емес. Ресейдің өзі бұл материкте оның негізгі кеңістігін, денін алып жатыр және де Еуропа мемлекеттерінің бәрін қосқандағы жалпы ауданы 5 миллион шаршы километрге жақын. Ресейдің аумағы тіпті КСРО-ның көлемінде ғана 20 миллион шаршы километрден асады (әсіресе оған бүгін таңда іс жүзінде Кеңес Одағының бір бөлігі жағдайындағы бұрынғы «Ішкі Монголия» мен «Урянхай өлкесіндегі» Монгол және Тыва халық республикаларының көлемін қосқанда). XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы орыстар, ілуде біреу болмаса, Оралдың арғы жағындағы кеңістіктер туралы ұмытып кете беретін (мұны есінде ұстағандардың бірі орыстың данышпан химигі Д.И.Менделеев еді). Қазір басқа заман туды. Домналары, көмір шахталары, жүздеген мың халық тұратын қалалары бар бүкіл «Орал-Кузнецк комбинаты» Оралдың ар жағында бой көтеруде. «Түрксіб» те сонда салынып жатыр. Орыс мәдениетінің басым қарыштауы Оралдың арғы жағындағы «орта азиялық республикалар» (Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан) деп аталатын бөлігіндегідей еш жерде мұншама кең әрі стихиялы түрде жүріп жатқан жоқ. «Негорелоеден бастап Сучан станциясына» дейінгі орыс жерлерінің бәрі ояна бастады. Оқиғалардың осынау бетбұрысында еуразиялықтардың өз үлесі бар. Бірақ сонымен бірге Ескі құрлықтың орталық әлемі ретіндегі орыс әлемінің табиғаты да айқын көрініс береді. Кей кезеңдерде оның батыс шетіндегі Оралға дейінгі Орыс жері де қосылатын (бұрынғы географтардың «еуропалық Ресейі») Еуропа мен Азияның (Қытай, Үндістан, Иран) арасында ештеңе жоқ бос жер сияқты көрінетін. Қазіргі заманғы орыс болмысының еуразиялық пайымы бұл бос жерлерді нағыз тірліктің бүлкіліне толтырды. XIX ғ. аяғында-ақ Еуропадан Қытай мен Жапонияға тура жол Ресей арқылы тартылды (Ұлы Сібір темір жолы). География Еуропадан Персияға, Үндістанға көне Үндіқытайға жол (ең болмаса солтүстік) басқаша өтуі мүмкін еместігін күмәнсіз көрсетеді. Бұл мүмкіндіктер бүгінге дейін әлі жүзеге асқан жоқ. Персияны Солтүстік-батыстан Оңтүстік-шығысқа қарай жарып өтетін және Британ Үндістанының да, Еуропаның да (Күнгей Кавказ, Қырым және Украина арқылы) темір жол желісімен байланысты Транспарсы темір жолы дүниежүзілік соғыс қарсаңында жүзеге асырылуға жақын болатын. Қазіргі кезде, саяси жағдайлар пәрменімен, ол негізсіз жобалар саласына айналды. Орыс Түркістаны («ортаазиялық республикалар») мен Үндістан темір жолдарының арасында байланыс жоқ. Орыс темір жол желісі транзиттік еуропалық-үндістандық желіге бағдарланған. Бірақ ерте ме, кеш пе, мұндай бағдар темір жолдар, автоәуесқойлық желілері немесе әуе қатынастары түрінде болса да фактыға айналады. Әуе жолдары үшін Ресей беретін ең қысқа жолдардың маңызы аса зор. Әуе қатынастарының оларға тән түзу сызықпен ұшу талабы неғұрлым салмақты бола түскен сайын, соғұрлым «кіндік дүние» ретіндегі Ресей — Евразияның рөлі анықтала түседі. Трансполярлық линиялар ашу бұл рөлді одан әрі күшейтеді. Қиыр солтүстікте Ресей ұлан — ғайыр өңірде Американың көршісі болып табылады. Полюс арқылы немесе дәлірек айтқанда полюс үстінен жол ашу арқылы ол Азия мен Солтүстік Американың арасындағы біріктіретін буынға айналады. Кейінгі мақалаларда еуразиялықтардың шығыстық және батыстық бастаулардың рухани талдауын беруге ұмтылысы туралы айтылады. Бұл арада осынау талпынысқа геосаясат саласы беретін сәйкестіктерді көрсету маңызды. Ресей — Еуразия Ескі дүниенің кіндігі. Бұл кіндікті және оның барлық бөлшектерін жойсаңыз, бүкіл материктер шет өңірлер жүйесі (Еуропа, Алдыңғы Азия, Иран, Үндістан, Үндіқытай, Қытай, Жапония) өзіндік бір «шашып жіберілген ордаға» айналады Еуропа шекарасынан шығысқа қарай және «классикалық » Азияның солтүстігіне қарай орналасқан осынау дүние » солардың бәрін бірлікке ұйыстыратын буын. Бұл қазіргі заманда айдан анық, болашақта ол одан да бетер айқын бола түседі. «Кіндік дүниенің» байланыстырушы және біріктіруші рөлі тарихта да таңбасын қалдырған. Бірқатар мыңжылдықтар бойында Еуразия әлемінде саяси басымдық көшпенділер жағында болды. Еуропа шекарасынан Қытай шекарасына дейінгі барлық кеңістікті басып алған, бір мезетте Алдыңғы Азиямен, Иранмен және Үндістанмен жанасқан көшпенділер әуел баста шашыраңқы отырықшы мәдениет тер әлемінің арасында делдал қызметін атқарған және айта кетелік, Иран мен Қытай арасындағы өзара ықпалдастық тарихта ешқашан монгол үстемдігі дәуіріндегідей (XII-XIV ғ.ғ.) соншалық тығыз болмаған. Моңғолиядағы ең жаңа қазбалар көрсеткеніндей, содан он үш — он төрт ғасыр бұрын эллип мен қытай мәдениеттерінің сәулелері толығымен және тек қана көшпелі еуразиялық дүниеде қиылысатын. Бұлжымас фактылардың пәрменімен орыс әлемі Ескі Дүние аясында біріктіруші рөл атқаруға бұйырылған. Ресей-Еуразия өзінің осынау парызын қаншалықты жүзеге асыра алатын шамада ғана, Ескі материктегі сан түрлі мәдениеттердің жиынтығы табиғи біртұтас дүниеге айнала алады және айналады, Шығыс пен Батыстың арасындағы қарсы тұрушылық жойылады. Осынау жағдай біздің заманда әлі жеткілікті түсініле қойған жоқ, бірақ онда білдірілген ара қатынас заттар табиғатында жатыр. Бірігу міндеттері дегеніміз бірінші кезекте мәдени жасампаздық міндеттері. Ескі Дүние кіндігінде орыс мәдениеті арқылы біріктіруші және бітімгершілік рөлге жаңа да дербес тарихи күш ие болды. Ол өзінің міндетін тек төңірегіндегі барлық халықтармен ықпалдастықта шеше алады. Бұл тұрғыда ол үшін Шығыстың мәдениеті де, Батыстың мәдениеті де соншалық маңызды. Орыс мәдениеті мен геосаясатының ерекшелігі — Шығыс пен Батысқа осындай бір мезгілдік және бір қалыпты жақындықта. Ресей үшін бұл оның тең құқықты екі: батыстық және оңтүстік-шығыстық қанаты. Бүкіл Ескі Дүниені бірдей және толық дәрежеде қамтитын көзқарас, негізінен, орыстық көзқарас бола алады және болуға тиіс. Алайда, таза географиялық сипаттағы құбылыстарға оралайық. Орыс «кеудесімен» салыстырғанда Еуропа мен Азия бірдей дәрежеде Ескі Дүниенің шет жағы болып табылады. Және де Еуропа, орыс-еуразиялық тұрғыдан қарағанда, жоғарыда айтылғандай, орыс шекарасынан батысқа қарай, ал Азия — оңтүстікке және оңтүстік-шығысқа қарай жатқанның бәрі. Ал Ресейдің өзі Азия да емес, Еуропа да емес — еуразиялықтардың негізгі геосаяси тұжырымы осындай. Сондықтан да «еуропалық» және «азиялық» Ресей деген жоқ, қайта оның Оралдың батысына және шығысына қарай орналасқан бөліктері бар, сондай-ақ Енисейден батысқа және шығысқа қарай орналасқан және т.б. бөліктері бар. Еуразиялықтар былай жалғастырады: Ресей Азия да, Еуропа да емес, қайта ерекше географиялық дүние. Осынау дүние Еуропа мен Азиядан несімен өзгешеленеді? Ескі материктің Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс шеттері өз жағалауларының мейлінше тілімденуімен де, рельеф пошымдарының жуандығымен де өзгешеленеді. Ал оның, айтқанымыздай, — Ресей- Еуразияны құрайтын негізгі «кеудесі» туралы тіпті де олай дей алмайсың. Ол бірінші кезекте үш жазықтан (Ақ теңіз — Кавказ, Батыс Сібір және Түркістан), содан кейін олардан шығысқа қарай созылатын аймақтардан (оның ішінде Енисей өзенінен шығысқа қарай созылған аласа таулы өңірлер) тұрады. Материктің батыс және шығыс шеттерінің аймақтық қатпарлануы «мозаикалық — бөлшекті», сондай-ақ едәуір күрделі нобайлармен ерекшеленеді. Табиғи ахуалдағы орманды жерлер бұл арада, бір жағынан, далалық және шөл аймақтармен, екінші жағынан, тундралық аудандармен (биік тауларда) кезектесіп алмасып отырады. Бұл «мозаикаға» Ескі Дүниенің орталық жазықтарында аймақтардың салыстырмалы түрде қарапайым, «туға ұқсас» орналасуы қарсы тұр. Осынау соңғы нобайлауымыз арқылы біз мына жағдайды көрсетеміз: картаға түсіргенде ол көлденең жолақтарға бөлінген тудың нобайын еске салады. Бұл арада оңтүстіктен солтүстікке қарай шөл, дала, орман және тундра бірін бірі алмастырып жатады. Осынау аймақтардың әрқайсысы біртұтас кең жолақты құрайды. Орыс дүниесі жалпы ендік бөлшектенуін қалған жазықтарды оңтүстіктен көмкерген тау жоталарының — Қырым жотасы, Кавказ, Копетдаг, Парапамиз, Гинчукуш, Тянь-Шаньнің негізгі жоталары, Тибеттің солтүстік шетіндегі, Ин-Шаньдегі, Ұлы Қытай қорғаны төңірегіндегі жоталардың — көбіне-көп ендікті бойлай созылуы бедерлей түседі. Алдыңғылармен бір сызықтың бойында орналасқан соңғы аталған жоталар Гоби шөлі алып жатқан биік жазықта оңтүстігінен көмкеріп жатыр. Ол Жоңғар қақпасы арқылы Түркістан жазығымен байланысады. Ескі Дүние материгінің аймақтық құрылысында өзіндік ерекше шығыс — батыс симметриясының белгілерін байқауға болады, олар шығыс шеттегі құбылыстардың орналасуы ба тыс шеттегі құбылыстардың орналасуына ұқсастығынан көрінеді және материктің орта бөлігіндегі құбылыстардың си патынан өзгешеленеді. Материктің шығыс шеті де, батыс шеті де (Қиыр Шығыс та, Еуропа да) солтүстік ендіктің 35 және 60 градустарының арасында табиғи ахуалдағы орманды алқап болып келеді. Бұл арада бореалды ормандар оңтүстік флора ормандарымен тікелей жанасып, біртіндеп соларға айналады. Ал орталық дүниеде біз ондай ештеңені байқамаймыз. Онда оңтүстік флора ормандары тек оның таумен көмкерілген аймағында ғана бар (Қырым, Кавказ, Түркістан). Және олар солтүстік флора немесе бореал ормандарымен, біртұтас далалық — шөлдік жолақпен бөлінгендіктен, ешқашан жанаспайды. Осылайша, Ескі Дүниенің орталық дүниесін Карпаттан Хинганға дейін үздіксіз сызық боп созылып жатқан, таулармен (оңтүстігінде) және солтүстікке қарай орналасқан (орманды және тундралы өңірлер) аудандармен көмкерілген дала һәм шөл белдеуі ретінде анықтауға болады. Еуразиялықтар бұл дүниені осы сөздің дәл мағынасымен Еуразия деп атайды (Eurasia sensu stricto). Оны А.фон Гумбольдтың бүкіл Ескі материкті қамтитын ескі «Еуразиясынан» (Eurasia sensu latiore) айыра білу қажет. Еуразияның батыс шекарасы қаратеңіз — балтық мойнағы, яғни, материктің тарылған (Балтық және Қара теңіздер арасында) тұсындағы аймақ арқылы өтеді. Осы мойнақтың бойымен, жалпы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығыс бағытында, бірқатар көрнекі ботаникалық-географиялық шекара, мысалы, тистің, буктың және айұрықтың шығыс шекарасы өтеді. Олардың әрқайсысы Балтық теңізінің жағалауынан басталып, Қара теңіз жағалауына жетеді. Аталған шекаралардан батысқа қарай, яғни, әлі жоғарыда айтылған өсімдік түрлері өсетін жерлерде орманды алқаптың созылуы солтүстіктен оңтүстікке қарай өне бойы үзілместен жалғаса береді. Олардан шығысқа қарай солтүстікте орманды өңірге, ал оңтүстікте далалық өңірге тармақтану басталады. Осынау шепті Еуразияның батыс шекарасы деп есептеуге болады, яғни, оның Қиыр Шығыстағы Азиямен шекарасы Тынық мұхитқа жақындаған сайын бірыңғай далалық белдеуді ығыстыру бойлығына (Хинган бойлығына) көше береді. Еуразия дүниесі дегеніміз «аймақтардың периодтық және сонымен бір мезгілде симметриялық жүйесінің» дүниесі. Негізгі еуразиялық аймақтар шекаралары белгілі бір климаттық шептер өтетін жерлердің жатуына айтарлықтай дәлдікпен үйлеседі. Осылайша, мысалы, тундраның оңтүстік шекарасы жылдың орташа салыстырмалы ылғалдығы күндізгі сағат 1- н’ 79,5 пайызға тең нүктелерді қосатын сызыққа дөп келеді. Күндізгі сағат бірдегі салыстырмалы ылғалдылықтың өсімдіктердің тірлігі мен топырақ үшін маңызы ерекше). Орманды аймақтың оңтүстік шекарасы салыстырмалы ылғалдылығы 67,5 пайызға тең осындай нүктелерді қосатын сызық бойынша өтеді. Даланың оңтүстік шекарасына (оның шөлмен түйісетін жерінде) бірдей салыстырмалы ылғалдылық күндізгі сағат 1-де 55,5 пайызға дөп келеді. Шөлдің бүкіл жерінде аталмыш көрсеткіш содан төмен. Бұл арада орманды және далалық аймақтарды қамтитын интервалдардың теңдігіне назар аудартады. Осындай сәйкестікті және интервалдардың осындай ырғақты қайталануын басқа да нышандар бойынша анықтауға болады (біздің кітабымызды қараңыз: Ресейдің географиялық ерекшеліктері», 1-бөлім, Прага, 1927). Ресей — Еуразия аймақтарының периодтық жүйесі» туралы айтуға негіз беретін де осы. Ол сондай-ақ симметриялық та жүйе, бірақ енді біз бұның алдында айтқан шығыс — батыс симметриясы ұғымындағы емес, оңтүстік — солтүстік симметриясы ұғымындағы жүйе болып табылады. Бұл арада солтүстіктің ормансыздығына (тундра) оңтүстіктің ормансыздығы (дала) сай келеді. Топырақтағы кальцийдің көлемі мен гумустың пайызы қара топырақты өңірдің орталық бөліктерінен солтүстікке және оңтүстікке қарай симметриялы түрде азая береді. Құбылыстардың симметриялы түрде орналасуы топырақтың түсіне байланысты да байқалады. Көлденең аймақтың орталық бөліктерінде ол барынша қою. Ал солтүстікке қарай да, оңтүстікке қарай да ол солғындай түседі қоңырқай рең арқылы өтіп ақшылға ауысады). Орманды және далалық аймақ арасындағы шекарадан құмдар мен тастақ субстраттарды баса солтүстікке қарай далалық аралдар және, оңтүстікке қарай «аралдық» ормандар симметриялы түрде таралады. Орыс ғылымы бұл құбылыстарды «экстраймақтық» құбылыс деп атайды. Орманды өңірдегі далалық телімдерді «оңтүстікті түзетін» құбылыс ретінде, ал даладағы аралдық ормандарды «солтүстікті түзетін» құбылыс ретінде сипаттауға болады. Орманды өңірдің оңтүстікті түзетін формациялары даланың солтүстікті түзетін формацияларына сай келеді. Аймақтық жүйе аясындағы біртіндеп ауысу, оның «периодтығы» мен «симметриялығы» Ескі дүниенің басқа ешбір жерінде Ресей-Еуразия жазықтарындағыдай соншалықты айқын көрініс бермейді. Орыс дүниесіне мейлінше ашық географиялық құрылым тән. Бұл құрылымда Орал оған географиялық «вампука» теліген (әлі де телитін) айқындаушы һәм бөлуші рөлді мүлде атқармайды. Орал «өзінің орографиялық және геологиялық ерекшеліктерінің арқасында еш бөлмейді, қайта, керісінше, «Оралдың бергі жағындағы және арғы жағындағы Ресейді» өте-мөте тығыз байланыстырады әрі бұлардың екеуінің де географиялық тұрғыдан келгенде бөлінбейтін бір Еуропаны құрайтынын тағы да дәлелдейді». Көлденең аймақ ретінде Тундра Оралдың батысына қарай да, шығысына қарай да орналасқан. Орман оның екі жағында да жайқалады. Дала мен шөл хақында да гәп басқаша емес (соңғысы Оралдың оңтүстік жалғасы Мұғалжарды шығысынан да, батысынан да көмкеріп жатыр). Орал шебінде біз географиялық ахуалдың пәлендей өзгергенін байқамаймыз. «Теңізаралық», яғни, бір жағынан, Қара және Балтық теңіздері арасындағы, екінші жағынан, Балтық теңізі мен Норвегияның солтүстік жағалауы арасындағы кеңістіктің географиялық шекарасы әлдеқайда елеулі. Ресей-Еуразияның өзіндік, мейлінше айқын және солай бола тұра қарапайым географиялық құрылымы аса маңызды бірқатар геосаяси жағдайлармен байланыстырылады.

Читайте также:  Әмбебап мемлекеттер

Оставить комментарий