Еуропадағы түркілер. Гора халқы

Ебубекир Софуоғлының «Gora Abidesi» (Гора әліппесі) атты түрік тілінде жазылған кітаппен танысқаннан кейін тыңдағанның құлағына, ал оқығанның көзіне жағымды келетін жайттарға кез келдік. Түркі халқы Ғұн тайпасынан бастау алып, дүние жүзіне тарап кеткені белгілі. Түркілер тіпті сонау Сібір ормандарында тіршілік етіп, табиғаты суық тайгада аң аулап, терімшілікпен айналысып және баспана үшін ағаш кесіп, аязбен арпалысып өмір сүреді [1]. Кейінірек Орта Азияға тұрақтайды. Бірақ кейбір түркі халықтары соғысып жүріп, қоныс аудару арқылы Еуропа елдеріне де жеткен болатын. Бұл жерде олар жергілікті халықпен аралас –құралас болып кеткендігі соншалық,солардың тілдерінде сөйлей бастаған. Әйтсе де кейбір түркі халықтары тілін ұмытқанымен діні мен салт-дәстүрін сақтап қалған. Солардың бірі – Гора халқы [2]. Гора-Македония, Косово, Албания елдерінің шекаралары тоғысқан және басым көпшілігі Косовоның шығысында тұрып жатқан халық. Гора халқы Косовода көптеп кездеседі, бірақ Македония, Сербия, Болгария, Албания, тіпті Грекияда да бар. Македония, Албания, Косовоның қосылған жерінде қоныстанған горалықтар географиялық жағынан өте маңызды бір аймаққа ие болып отыр. Тұрғындардың айтуы бойынша, Гора аймағының Косово жағындағы бөлігінде он бес мың горалық бар көрінеді. Мұнымен қатар Призренді қоса алғанда Косовоның басқа да аймақтарында горалықтар бар екені, бұл аймақтардағы олардың саны бес мыңға жетіп қалатынын баяндайды. Албания аймағындағы Гора бөлігі тұрғындарының саны он бес мың, ал Македония жерлерінде жиырма мыңнан көп екенін айтады. Бұдан басқа Войводина, Белград қалаларын қоса алғанда Сербияның көптеген аймақтарында горалықтардың саны жиырма мың және Солоники 456 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы қаласын қосқанда Грекияда да бар екендігі айтылады. Ал Түркияға көшкен горалықтардың саны мүлдем белгісіз. Горалықтардың қай халықтан бастау алғаны, қандай этникалық топтан келетіні туралы нақты дәлелдер жоқ. Бұл әлі күнге дейін даулы мәселе. Ғалымдардың гора халқына жасаған зерттеулері көбіне шындықтан алыс және саяси себептерге байланысты бұрмалаушылыққа ұшыраған. Болгар, грек, серб тарихшылары бұл халықты өз нәсілдерінен тарайды деп сендіруге тырысады. Драгаш ауданынан он бес шақырым қашықтықта орналасқан Брод – Гора ауылдарының бірі. Бұл жер кезінде Осман империясының осы аймақтағы маңызды сауда орталығы болған. Македония-Косово шекарасының жанында орналасқан бұл ауыл тұрғындарының көп бөлігі османлы түріктері әскерінің туған жерге оралуы кезінде көшіп кеткен. Аталмыш көш 1999 жылға дейін созылды. Бұл Косово соғысынан кейінгі аймақтағы соңғы көш болды. 1876 жылғы және османлы құжаттарындағы мәліметтерге қарағанда, осы аймақта өмір сүрген горалықтар өздерін түркі деп есептеген. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін горалықтарға қысым көрсетіліп, панславяндық және қан араласу әрекеттері жүргізілді. Бұл әрекеттердің қазіргі күнде де көріністері кездесіп қалады [2]. Осындай бассыздықтарға көнбегендер өлтірілді немесе жер аударылды. Нәтижесінде гора халқы туған жерлерін тастап, 1971 жылы бес мың адам Түркияға көшіп кетті. Салт-дәстүр – әртүрлі халықтардың өзіндік өмір сүруін бейнелейтін, ерекшелікті айқындайтын құбылыс. Сондықтан салт-дәстүр – қоғам өмірінің айнасы іспетті. Кейде сол қоғамның басқа халықтармен туыстығын көрсете алады. Горалықтардың да басқалар сияқты өзіндік салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бар. Бұл мәселеге тереңірек қарасақ, өте қызықты жәйттарға кезігеміз. Горалықтардың өмірі мен тарихын зерттеу үшін ғалымдар 2006 жылы Косово, Призрен, Драгаштағы Гора ауылдарына экспедициямен барып, гора халқымен жақынырақ танысып, әртүрлі сауалдар қояды. Сонымен қатар сол аймақтағы гора ғалымдарымен кездесу ұйымдастырылады. Осылардың ішінде Абдуллаһ Раһте, Абдуллаһ Татлыджы, Яхья Мазникар, Муса Джиньо (Динч), Иса Мутас, Емруллаһ Редзеплари, Рамадан Редзеплари, Байрам Хожа, Енес Енсар, Есат Бекировский бар.Осы ғалымдардың аты-жөндерінің өзінен-ақ көп жайларды аңғаруға болады. Ебубекир Софуоғлы зерттеу барысында горалықтардың тұрмыс-тіршілігі түрік және Орта Азия, оның ішінде қазақ пен қырғыз халықтарына өте жақын екенін анықтады. Енді осы мәселеге жеке-жеке тоқтала кетейік: Тамақ ішу мәдениеті. Гораның өткен өмірінде егіншіліктің дамымағандығы мал шаруашылығының басым болуынан көрінеді. Орта Азия далаларынан Балқан топырақтарына көшкені және ата-бабаларының көшпелі өмір сүргенін дастархан мәдениеті де көрсетіп тұрғандай. Гора асының негізі – қазақ пен қырғыз сияқты ең алдымен төрт түлік мал еті, содан соң сүт, ірімшік, сары май. Горалықтарда әке – үйдің үлкені саналады. Әке дастарханға отырмай немесе тамақ ішуді бастамай тұрып, үйдің қалған мүшелері ештеңеге кіріспейді. Бұл әдет — мұсылманшылықтың белгісі болып саналғандықтан, барлық мұсылман халықтарында болуы тиіс. Алайда, қазақ, қырғыз және түрік қоғамында жақсы сақталады. Бала тууға қатысты әдет-ғұрыптар. Горалықтар кешке туған баланың хабарын таңертең жеткізеді. Сәби туылғаннан кейін оны тұзды суға түсіреді. Сәби туылғаннан кейін жанұяның тұрмысы жақсы болса, кіші бас мал құрбандыққа шалынуы мүмкін. Бала туған күні үйде той-томалақ басталады, баланың құрметіне ірі қара құрбандыққа шалынады. Кешке үйге ауылдың жас қыздары мен жігіттері жиналып, баланы күзетеді. Бұл әдет жастарға жұғысты болсын деген ырым болуы ықтимал. Бала қырық күнге толған кезде қонақ шақырылып, дастархан жайылады және мәуліт оқытылады. Сыйлықтар мен ақша таратылады. Бала қырқынан шыққаннан кейін оған көз тимеуі үшін кішкентай моншақ немесе алтын «назарлық» (тұмар) тағылады. Біз баяндаған бала дүниеге келгеннен кейін істелетін гора халқының дәстүрлері түркі халықтарының әрқайсында әртүрлі көріністе байқалады. Бірақ, біздің байқауымызша, көбіне біздің халқымызға жақындау тұстары молдау сияқты. Әсіресе, бесікке салу. Үйдің ең үлкен әйелі баланы бесікке жатқызады. Бесіктің үстіне жеті түрлі таза және қымбат зат қойылады. Горалықтарда босанған әйелдерде қырық екі күнге созылатын белді буу дәстүрі бар. Баланың алғашқы сөйлей бастауы горалықтарда ерекше бақыт. Сәби алғашқы сөздерін айта бастаған шағында сыйлықтар таратылады. Сәби тезірек сөйлеп кетуі үшін оған арнап той жасалады. Қой құрбандыққа шалынып, балаға қойдың тілі беріледі. Содан соң бала кептірілген қой ішегіне байланып, оның болашақта сөйлеп кетуіне қатысты ант ішкізіледі. Бала осыған 457 № 3 (76) 2010 қатысты үш рет «сөйлеймін» деп сөз береді. Горалықтар тұтықпасы бар балаларға тез сөйлеп кетсін деп қойдың тілін сорғызады. Ал түрік халқында тіл, ішек сияқты мүшелерді жеу мүлдем дерлік жоқ. Ал, қазақтар тілді кішкентай балаларға береді. Горалықтарда екі әпкесі қайтыс болған ер баланың құлағына өлмесін деп сырға тағылады. Ұзақ жасасын деп қарт аналар сәбидің аузына түкіреді. Ал қазақтардағы мұндай ырым көбіне «батыр болсын», «атақты болсын» деген оймен көпке танымал адамдарға түкіртеді. Горалықтар сәбидің шашы мен тырнақтарын сақтап қояды. Тіпті, кез-келген адамның тырнақтары жерге көміледі. Қазақтарда да осыған ұқсас ырымның бар екені анық. Көбіне баланың шашы жерге тасталмай, адам жүрмейтін жерге көміледі. Горалықтар балалардың шашын толық алмай төбесіне тұлым қалдырады. Қыз балалардың тұлымына әшекейлер тағылады. Қазақтар атам заманнан бері ер балағы тұлым қалдырып келгені белгілі. Бұл ырым тек қана горалықтар мен қазақтарда емес, Орта Анадолыда да ер балалар шаш қалдырып, оны өсіреді. Бұл әдет өте ескі және сонау атамзаманнан келгені тарихтан белгілі. Сүндетке отырғызу – ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының мәдениетіне еніп, әдет- ғұрпына сіңіп кетті. Гора халқы сүндетке отырғызуды бес-жеті жас арасында жүзеге асырады. Ең кеш дегенде жеті жасқа дейін созылады. Баланы мектепке дейін сүндетке отырғызуды жөн көреді. Көбіне маусым мен қыркүйек айларының арасында сүндетке отырғызады. Ер баланың сүндет терісі сақталады. Бұл әдет қазақтарға өте жақын. Әрбір горалық жеті атасына дейін білуі тиіс. Бала жеті, тоғыз жасқа толғанда оған әке жағынан бастап барлық туыстары, ана жағынан туыстары, аталары, бүкіл шежіресі үйретіледі. Балаға жеті атасын үйрету әр әкенің парызы болып саналады. Жеті атасын білу түркі халықтарының ішінде тек қана қазақтарда сақталған. Қалған түркі халықтары үрім-бұтақтарын түгендегенімен, жеті атаға дейін білуді міндет етпейді. Үйлену және той өткізу мәдениеті. Горалықтарда отбасы көбіне үлкен болады. Бұл қазақ және басқа да Орта Азия халықтарына ұқсайды. Әкенің орны ерекше. Түркі халықтарының ішінде бұл қазақтарға көбірек жанасатын жәйт. Отбасында әкенің сөзі өтімді. Әке болмаған жағдайда үйдің үлкен ұлы оның орнын басады. Горалықтарда қызды алып қашу бұрынғы заманнан келе жатқан әдет. Алтай мен Якут түркілерінде қызды алып қашу тойдың сәнін келтіретін дәстүр саналатын болған. Бұл жерде қазақтарды айтпаса да түсінікті. Гора тойларының Орта Азия және Анадолыдағы тойлардан үлкен айырмашылығы жоқ. Гора тойларында қос дабыл қағылады. Байлық артқан сайын дабыл мен зурна саны төртке дейін барады. Қос дабыл қағу әдеті Анадолының кейбір аймақтарында кездеседі. Горалықтарда табалдырықтан аттап келген жаңа келіннің үстінен шашу шашатын әдет бар. Шашу ретінде күріш, қант және бидай қолданылуы мүмкін. Бұл дәстүр барлық түркі халықтарында кездеседі. Тағы бір маңызды нәрсе – горалықтар қыз алған кезде оған қалың мал төлейді. Бұрынғы замандарда бұл әдет кең тарағанымен бүгінгі күні маңызын жоғалтуда. Қалың мал – барлық түркі халықтарында кездесетін ислам діні арқылы келген әдет-ғұрып. Үйленуде өте маңызды орны бар [2]. Гора халқы өздерін түркі деп есептейді. ХҮІ-ХІХ ғғ. арасында олар османлы түріктерімен (ХІІІ-ХҮІғғ. Түркия түріктері) араласқан. Бұл олардың өмір-салттарына әсерін тигізбей қоймады. Олардың аттары мен тектерінің көбіне түрікше болуы да осы себепті. Жоғарыда атап өтілгендей, горалықтардың арғы аталары ғұн болғаны тарихтан белгілі. Македония аймағы тарихына көз жүгіртсек, көп халықтың көш керуенінің іздері бар. Бұл жерде вандалдар, викингтер, готтар, Рим империясы кезіндегі гректер, славяндар билік жүргізген. ІҮ ғасырдан бастап Балқан жерлеріне түркілер келеді. Бұл халықтар – ғұн, авар (жуан-жуан), бұлғар, құман-қыпшақтар және печенектер еді. 434 жылы Аттила (Еділ) үлкен империяның билеушісі болып тағайындалады. Аталмыш мемлекеттің құрамына Сақсын, Бавария, Сербия, Хорватия, Чехия, Польша, Литва, Латвия т.б. кірді [3]. 447 жылы ғұндардың жері Стамбұлға дейін жетеді. Еділ Балқанның бірнеше маңызды қалаларын жаулап алады. Оның ішінде Сирмиум, Сингидинум (Белград), Найссус (Ниш), Сердика (Софья) және Скопье бар. Еділ қайтыс болғаннан кейін ғұндар аварлардың (жуан-жуан) құрамына кіріп, Қаратеңіз аймағын мекен етіп қалады. ҮІІІ-ХІ ғ.ғ. Балқан жеріне печенектер басып кіреді. Бұлар оғыздардың үш оқ тайпасынан тараған түркі халқы. Осы ғасырлар аймағында печенектер үстемдік жүргізеді. 458 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы Ғұн империясы құлдырағаннан кейін олардың орнын аварлар, кейінірек печенектер басады. Печенектерден кейінгі түркі халқы құман-қыпшақтар болды. Яғни гора халқы ғұн халқынан бастау алып, Балқан жерін мекен етіп қалып қойғандықтан печенек, авар, құман-қыпшақтармен және осман түріктерімен араласып отырған. Жеті атаға дейін қыз алысып-беріспегендіктен және өзге халықтардан қыз алыспағандықтан өздерінің этникалық негіздерін сақтап қалған. Жоғарыда айтылғандай горалықтарды славяндар өздеріне, ал түріктер өздеріне тартады. Халықтың өзі болса, арғы аталарының түркі болғанына сенеді. Ал горалықтарды славян дегісі келетіндер тарихтан тағылым алса… Горалықтардың әдет-ғұрыптарына қарасақ, олардың басқа түркі халықтарынан гөрі қазақ және қырғыздарға өте жақын екені байқалады. Осыған қарап, горалықтардың негізгі бөлігін қыпшақтар құраған деген қорытынды шығаруға болады. Ал ХІ ғасырда қыпшақтар бас көтеріп, байырғы ғұндардың жерлерін қайта бағындырады. Олардың ұлан-ғайыр жері Дешті Қыпшақ аталады. Еуропада оны Кумания деп атайды. XI ғ. Дешті қыпшақтың территориясы Днепрдің шығысынан бастап Еділдің шығыс сағасына дейінгі байтақ дала. 1223 ж. Шыңғыс ханның жаулап алу саясатынан кейін осы аймақта қалған қыпшақтар Венгрияға қоныстанып, отырықшы өмір салтын және христиан дінін қабылдайды [4]. Қазақтар мен горалықтардың салт-дәстүріндегі ұқсастығы осыдан болуы әбден ықтимал. Ал олардың жеті атаға дейін ата-бабаларын жаттау дәстүрі қазақта ғана кездесетіні тегін емес. Әлемнің екі түрлі қиырында отырып, бір-бірін білмеген халықтың салт-дәстүрінде мұнша ұқсастықтың болуы – туыстықтың айғағы емес пе? Балқан елдерінде Куман болып басталатын бірталай қала бар. Бұлар: Македонияның астанасы Скопье қаласының солтүстік-батысында орналасқан Куманово қаласы, Калканделенге қарасты Куманиче, Скопьеге қарасты Куманиче, Манастырға қарасты Куман ауылы, Войводинаның Банат ауданында және Косовода орналасқан Кумани ауылдары қыпшақтардың нақты айғағы іспетті. Қыпшақтардың тарихына қайта оралайық. Мурад Аджи қыпшақтар жаулап алған Еуропа елдерінің ішінде он төртінің атауын нақты көрсетеді. Оның ішінде Сербия мен Хорватия да бар. Бұл тізім өте ұзын болғандықтан барлығын жазбапты. Ал Косово ол кезде болмаған еді. Сондықтан қыпшақтар ол жерді де ұстап тұрғаны анық. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, тағы да Мурад Аджидің сөзіне жүгінейік. Ол Балқандарға атау берген түркі- қыпшақтар екенін және «балқан» сөзінің мағынасы – орманды тау болғанын айтады. Бірақ қылқанды емес, жапырақты орман деген сөз. Оңтүстік Еуропаның осы аймағы мұндай ормандарға бай келеді. Ал Венгрия елінде өздерін әлі күнге дейін қыпшақ санайтын және нақты Орта Азиядан келгендерін білетін мажар халқы да бар. Бұл Еуропада қалған қыпшақтардың бір ұрпағы. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, гора халқының басым көпшілігін қыпшақ халқы құраған және қыпшақтардың мәдениеті әсер еткен деген тұжырымға келеміз. Алайда бұл жерде қыпшақ деген, қазіргі кездегі қазақтардың ішіндегі Орта жүздің бір руы емес, ерте заманда үлкен федерацияны құраған халық екендігін ескеру керек.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar