Ежелгі орыс иконжазуындағы екі әлем

Біздің көз алдымызда болған иконаның ашылуы — ол орыс мәдениетінің жаңа заман тарихындағы ең ірі, сонымен қатар ең қайшылықты оқиғалардың бірі. Дәл сол ашылу жайлы айтуға тура келеді: соңғы уақытқа дейін иконада бәрі де біздің көзімізден жасырылған еді — әлемдегі осы жалғыз өнердің сызбалары да, бояулары да, әсіресе, рухани мәні де. Ал мұның өзі — бүкіл орыстың ежелгі өмірінің мәні болып табылады. Біз иконаның қасынан өтсек те, оған мән бермедік. Ол бізге бай алтын әлемішіндегі қара дақ болып көрінді; біз оны тек осындай кейіпте ғана білетінбіз. Кенеттен құндылықтарды түгелімен қайта бағалауға тап болдық. Иконды жапқан алтын немесе күміс әшекей XVI ғасыр аяғының әлдеқайда кеш туындысы болып шықты; ол ең алдымен діни және көркем мәнді жоғалтуды куәландыратын тақуалық парықсыздықтың шығармасы. Шын мәнісінде, біз осында бейсаналық иконаға қарсы күресушілікке тап болғандаймыз, себебі, иконаны әшекеймен көмкеру — оның кескіндемесін терістеуді, оның жазбасы мен бояуларына эстетикалық, әсіресе, діни қатынас тұрғысынан талғамсыз нәрсе секілді қарауды білдіреді. Әлеміш қаншалықты бай, ауқатты болған сайын, ол біздер мен икона арасында тұрғызылған өткізбейтін алтын қалқаны құрған тұрмыстық түсінбеушіліктің тұңғиығын бейнелейді. Біз алтынға апталып, асыл тастармен жалтырап тұрған Ботичелли немесе Рафаэльдің Мадоннасын көргенде не дер едік?! Ал сондай­ақ ежелгі орыс икон жазуының ұлы шығармаларына осыдан да өткен қылмыстар жасалған еді; мұның барлығымызға айқын болатын уақыты да алыс емес. Біздің көз алдымызда әлі күнге дейін икона деп саналғанның бөрі қирап жатыр. Қарайған тұстары тазартылуда. Отандық надандықтың жанкешті қарсылығына қарамастан, алтын қаптаманың өзінің кей жерлері тесіліп қалған. Иконаның әдемілігі көз алдымызға ашылды, бірақ та мұнда да біздер жарты жолда қалып отырмыз. Икона бізде оның рухани мәніне өтпейтін, тек үстірт эстетикалық ләззат объектісі болып қалады. Солай бола тұра оның сызықтары мен бояуларында біз көбінесе мәндік сұлулыққа ие боламыз. Олар тек өздерінде көрініс табатын рухани мазмұнның мөлдір көрінісі ретінде керемет болады. Өйткені, ақыр аяғында осы өрнектердің ауқаттылығы өздерінің шығу тегі бойынша үстірт эстетизмінің басқа түріне қарыздар. Иконалардың ашылуы әлі де аяқталған жоқ. Ол қазір біздің көзімізше енді­енді аяқталып келе жатыр. Осы рәміздік суреттер мен бейнелердің әлі күнге шейін біздерге түсініксіз және әлі де күңгірт тілінің сырын ашқан кезде, бізге тек орыс өнерінің тарихын ғана емес, барша ежелгі орыс мәдениетінің тарихын да қайта жазу керек болады. Себебі, біздер оның мәнісін әлі де үстірт түсініп келеміз. Онда иконадағыдай біз оның тек әшекейін бақылаған едік, бірақ оның тірі жанын аз түсіндік. Енді міне, иконаны ашу бізге орыс халқының жанына терең үңілу, өнердің керемет туындыларында көрініс тапқан оның тәубесін тыңдау мүмкіндігін береді. Осы шығармаларда орыс адамының XII—XVII ғасырға дейінгі бүкіл өмір түсінігі мен барша өмір сезімі айқындалды. Олардан біз орыс адамының қалай ойлағанын, нені жақсы көргенін, ар­ұяты қалай билегені мен басынан өткізіп отырған сол өмірдегі ауыр жағдайын қалай шешетінін біліп отырамыз. Осы көркем әрі мистикалық бақылаулардың құпиясын ақтарған кезде иконаның ашылуы өзінің жарығымен орыс өмірінің өткенін ғана емес, бүгінін де, ол түгілі — оның болашағын да нұрға бөлейді. Өйткені бұл бақылауларда орыс өмірінің дамуындағы қандай да бір өтпелі кезеңі емес, оның тікелей мәні көрініс тапқан. Бұл мән уақытша бізден жасырылып, тіптен жоғалған болса да, ол қайтадан бізге айқындалып отыр. Ал оны ашу дегеніміз — орыстың жанында әлі де қазіргі әлемге айқын емес тағы қандай байлықтар, мүмкіндіктер жасырылғанын түсіну. Біздер осы мүмкіндіктер жөніндегі қандай да бір шартсыз болжамдарды шетке шығарып, оларды өздерінің икон жазулық бейнелерінде тануға тырысамыз. II Көне орыс икон жазуларын зерделей қарасақ, онан тек жаратушы даңқының өзге әлемін көріп қана қоймаймыз. Олардан біздер екі әлемнің, тіршілік етудің екі салтының тығыз байланысын аңғарамыз. Бір жағынан, бақилық мәңгілік өмір; екінші жағынан қасірет шегуші, күнәһар, берекетсіз, бірақ Құдайдан тыныштық табуға ұмтылған — ізденуші, бірақ әлі Құдайды таппаған әлем. Ал осы екі әлемге сәйкес иконада екі Ресей бейнеленеді және олар бір­біріне қарама қарсы қойылады. Олардың бірі ендігі мәңгілік тыныштық формасында бекіп алды; одан шыққан дауыс «Бүгінгі барлық тұрмыстық қамқорлықты ысырып қояйық» деп сыбырлайды. Басқасы шіркеуге сүйеніп, оған пейілін бере ұмтылып, одан жалбарына көмек күткендей. Оның айналасына ол өзінің уақытша әлемдік құрылымын тұрғызады. Бұл ең алдымен — жер өңдеуші Русь; храмда біздер оның құлшылығы мен үмітіне үн қосушыларды табамыз. Әулиелердің арасында оның өзінің қорғаушылары мен сиынушылары бар. Есімдері грекше айтқанда жер өндеу туралы мағына беретін әулие жай атқыш — Илья пайғамбар, Жеңімпаз Георгийдің, әсіресе қатты құрметтелетін тақуа Флор мен Лаврдың жер өңдеушілікке тікелей жақындығы кімге белгісіз дейсіз. Бізді «пұтқа табынушылар» деп кінә артатын протестандық менмендік ең алдымен осы тәріздес әулиелер мен тақуалардың есімдерін, сондай­ақ, шындығында да пұтқа табынушылардың жай атушы құдайлары немесе алқаптар мен табындардың қорғаушыларына қатты ұқсастығын айтады. Ары қарай новгородтық икона жазуларының керемет үлгілерімен терең таныссақ, мұндай салыстырудың жаңсақ екенін аңғарамыз. Әулиелердің икон жазу бейнелеріндегі соғұрлым қызықты тұсы — олар мен пұтқа табынушылар құдайының арасындағы қатаң айырмашылықты көрсететін ерекшеліктер. Айырмашылықтың негізі: біріншіден, икондардағы келбеттердің осы дүниеден тақуалық түрде тыс тұруы, екіншіден, олар шіркеу сәулетіндегі соборлық бірлікте, үшіншіден, біздің шіркеулік сәулеттілік пен икон жазудың айқын ерекшелігін құрайтын креске деген айрықша жалынды құлшыныс. Илья пайғамбардан бастайық. Новгородтық икон жазу оны ашық күлгін түске оранған найзағайлы аспан аясында жалынға оранған арбада ұшып бара жатқан күйінде бейнелеуді ұнатады. Мұнда тіршілік етудің осы, жерлік мәнімен жанасу айқын көрсетіледі, біріншіден, аспанға ұмтылған оның аттарының орыстық доғасы, ал екіншіден, осы найзағайлы аспан астында соншалықты қарапайымдықпен және табиғилықпен жерде қалған шәкірті Елисейге өзінің жамылғысын беріп кетуі. Аспанды түсінудің пұтқа табынушылардан айырмашылығы осы тұстан­ақ аңғарыла бастайды. Ильяның өз ерік­жігері жоқ. Ол өзінің арбасы мен найзағайымен бірге аттарының жүгенін ұстаған періштелердің шарықтап ұшуына ереді. От шашушы құдайлардан тағы бір ерекше айырмашылығы И. С. Остроуховтың коллекциясындағы Ильяның белдік бейнесі. Мұнда әсіресе пайғамбардың тақуалық кескіні таң қалдырады. Оның тіршілік иесіне тән кескіні кеуіп қалған. Оны қоршаған қарақошқыл түске оранған айналасы, әсіресе, оның көздерінің керемет ішкі жалыны оның аспан найзағайларына үстемдігін сақтағанын көрсетеді. Ол әне­міне тұрып кетіп, күркіреп, жерге от немесе аспан ылғалын төгетіндей болып көрінеді. Бірақ оның шаршаған түрі бүл биліктің жат өмірлік рухтың күшті әсері екенін көрсетеді. Оның бейнесінде оны бағыттап тұрған періштенің ұшқаны сезіледі. Қозғалыссыз мәңгілік тыныштық табы оның бетінде орын тепкен. Оларға Құдайдың ізгілігі мен Құдайдың ашуы бұл дүниедегі аспаннан емес, найзағайдан шексіз биіктегі және шексіз алыстағы аспан аясынан жіберіледі. Біздің икон жазуымыздағы найзағайлық кескіннің өзге құбылысы — әулие Жеңімпаз Георгий (Победоносец). Оның қолындағы найза ақбоз атпен зымырап, мантияға оранған жүзінен айдаһарды жайратып, рухани ләззат алған ол Құдайдың қаһарындай және аспаннан жарқылдаған найзағайдай, мінген аты да рухани айшықты. мұнда тағы да біздер рухтанған атты басқарушы тақуа салт аттыны көреміз. Бұл жәй ат емес, саналы көреген күштің құбылысы: оның көзі алға қарай емес, артындағы салт аттыға қарап, қандай да бір жаңалықты тосқандай. Сондай­ақ, мұнда да күркіреу мен дауылдан икон жазушы аспаннан ат та, салт атты да бағынатын өзінің оң қолына батасын беруші етіп көреді. Флор мен Лавр икондарында да аспанды түсінудегі пұтқа табынушылардан айырмашылықты сеземіз. Біз әулиелерді маңындағы неше түрлі шат­шадыман, айқастаған үйірлер арасынан көргенде, осы қуаныш лебі есіп тұрған картинадан икон жазушылық пен ертегілік стильдердің арасындағы байланыстырушы деңгейді аңдағандаймыз. Бұл әсіресе Флор мен Лаврды кез­келген өзге әулиелерге қарағанда, олардың бойындағы орыстың халықтық, тіптен шаруалық кескінін сақтап қалуына байланысты. Тіпті олар шаруаларға ұқсас аттарға билігін жүргізе отырып, олардың өздері иконада бейнеленген періштелердің жетегінде жүреді. Олардың белдеулік бейнелерінің үйретушілік түсіндірмесі С. П. Рябушинский жұмыстарында бар. Мұнда олардың тұнық, орысқа тән көздері дұғаның жалынымен жарықтана түседі, ал бұл оларды шексіз биікке және алысқа алып кетеді. Олар ешқандай аспан күшін өз бетінше алып жүрушілер емес, өздерінің басты байлықтары — жылқыдан айырылып қалудан қорқатын немесе айырылып қалған жер өңдеушілердің қажеттіліктері туралы қайырымды жақтаушылар екендігі туралы ешбір күдік қалмайды. Мұнда тағы да сол осы өмірден бас тарту және осы өмірге құлшылық ету, адамның нан туралы құлшылығына аяушылық білдіретін сол бір қозғалыссыз тыныштық. Жоғарыда атап өтілген әулиелердің пұтқа табынушылардағы адам құдайларынан өзге бір айырмашылығы — олардың храмдық тұтастыққа бағынуы немесе олардың сәулетшілік соборлығында. Олардың әрқайсысының Христосқа өрлейтін храмдық иконожазу сатысында ерекше, бірақ әрдайым бағыныштылық орны бар. Православиелік иконостаста Христос айналасындағы әулиелердің иерархиялық сатысының шен деген сипатты атауы бар. Шындығында храмда барлық періштелер және әулиелер, соның ішінде жоғарыда аталғандар да қандай да бір шенге жатқызылған. Олардың барлығы Христосқа деген айқын ұмтылыспен рухтанған. Икон жазуда бұл әсіресе Илья пайғамбардың мысалында көрнекі түрде аңғарылады. «Өзгеріс» («Преображение») иконында ол тікелей өзгерген Христос алдында бас иеді. Осы тұрысында ол өзінің айналасындағы ерекше жарықтан айырылып қалады: оның күркіреген қарақошқыл түсі Фаворлық жарықпен көршілестігінен өшіп қалады. Мұнда барлығы да күн нұрына бөленген. Апостолдарды етпетінен құлатқан аспан күркіреуі қорғасын бұлттардан емес, Құтқарушының нұр шашқан айналасынан шығады. 1 Біздің икон жазудағы барлық ғасырлардағы Ильяның сұлбасының түгел діни мағынасы оны жалпы «Өмір басшысына» бағындыру. Бұл пайымдауда Илья жалғыз емес. Шығыс Христиан дініндегідей (православные) шіркеулік сәулет өнерінде оның мағынасы алтындалған шіркеу тарауларындағы және икондардағы «Жалындап крестке ұмтылу», өйткені олардың барлығында адам тіршілігінің уақыттан жоғары мағынасына бойынша жалындайды, бәрі соны көрсетеді. Мұндағының барлығы тұрмыстықтың саябырситын аспандыққа ұмтылуымен сипатталады. Сонымен қатар осы ұмтылыста крестке әулиелермен бірге тұрмыстық Ресейде бар патшадан кедейге дейінгі ең жақсының, руханилықтың бәрі әкетіледі. Алдымызда, мысалға, жалаңаш дуана Василий Блаженныйдың келбетіндегі жердегі кедейліктің айқын бейнесі жатыр. XVI ғ. Мәскеу жазба өнеріне жататын керемет иконада (И. С. Остроуховтың жинағынан) біз Василий Блаженныйды мәскеулік қараша айындағы аспанның саңылаусыз сүр фонында сиыну үстінде көреміз. Оның оразамен және әртүрлі өзін­ өзі жазалаудан омсырайған денесі, яғни, нағыз тірі сүйектері осы фонмен толығымен үйлеседі. Сиыну барысында оның алдында басқа әлемге терезесі ашылғандай болады. Оның көз алдында үш періштенің алтын күн сәулелерімен жарқылдаған қанаттары көрініс табады: олар дәнге толы дастархан үстінде отыр. Бұл Авраамға аян болған — Қасиетті Үштіктің құдайы асы. Сосын ылғи да икона жазушысының алдында бізден жоғарғы әлемді жасыратын бүркеу ашылған кезде, ол сол жерде жанып тұрған, жылтыраған аспанның сол күн жарқырауын көреді. Біз тура сондай құбылысты иконжазулық бейнелеудегі аспанмен қоғамдық баспалдақтан басқа қарама­қарсы жағы ұштасқан кезде бақылай аламыз. Кедей де сыйынады, патша да сыйынады; басқа әлемнің терезесі екеуіне де ашылады, бірақ бұл құбылыс екі жағдайда бірдей болмайды. Соңғы жағдайда икон жазушысының міндеті — аса қиын әрі күрделі, өйткені, мұнда аспан әдемілігі күнделікті, сүр фонында көрінбейді: ол жердегі патшалық киімнің кереметтілігі және жарқылдағанымен дауға түседі. Мәскеудегі Румянцев мұражайының ескіліктер бөлімінде (336) бүл міндеттің тамаша шешімін табатын XVII ғ. ярославтық жазу өнерінің иконасы бар. Ол князь Михаил Ярославскийдің Спастың бұлтты аспаны астында тұруы. Патшалық зерлі киімнің аса бай өрнегі таң қаларлық ашықтықпен және сонымен қатар жердегі зер әсемдіктің ұсақтығын көрсететін белгілі бір әдейі мұқияттылықпен салынған. Ол — патша киімінің айтарлықтай дұрыс, шынайы бейнеленуі. Икондағы бұл шомбал патшалық алтынды бұлтты Спастың азғантай алтын жарқылдары бар қарапайым және ізгі жеңіл көріністері ығыстырып, масқаралады. Кез­келген сұраған немесе іздеген жан аспанда өзіне жетпейтінді және өзін құтқаратын нәрсесін табады. Кедей дуана — азап шегуші және ораза ұстанушы адам — ол жерде құдайы тамақтың бұл дүниеге сыймайтын салтанатын көреді. Ал патша болса, сыйыну арқылы аспанға ұмтыла, жердегі байлық ауырлығынан босанады және Спастың бұлтты аспаны астында бұлттарда шарықтаған рух жеңілдігіне ие болады. Осылайша біздің ежелгі иконжазуымызда бұл дүниедегі жер өндеуші, кедей және патшалық Ресейдің аспанмен өмірлік жанасуы бейнеленеді. III Ресейдің осы қасиетті жануында — ежелгі иконжазулық бояулардың бүкіл құпиясы жатыр. Келтірілген мысалдардың бірқатары бізге иконжазушының қалайша бояулардың көмегімен тіршілік етудің о дүниелік және бұ дүниелік екі өрістерін ажырата алатынын көрсетеді. Біз осы бояулардың айтарлықтай әртүрлі екенін көрдік. Біресе ол — аспан нажағайының қарақошқыл түсі, біресе жарық күн сәулесі немесе ақжарқын нұр сәулелі жүздің жарқылы. Бірақ екі әлем арасына шекере қоятын осы бояулар қаншалықты көп түрлі болғанымен де, ол әрқашан да сөздің қос, яғни, қарапайым, сондай­ақ рәміздік мағынасындағы аспан бояулары. Ол — о дүние аспанының рәміздік шартты мағынасына ие болған көзге көрінетін бұ дүние аспанының бояулары. Біздің ежелгі иконжазуының ұлы суретшілері осы рәміздіктің негізін салған грек иконжазушылары секілді аспанды сөздің екі мағынасында да — астарлы әрі терең бақылаушылар болғанына күмән келтірмейді. Аспандардың біреуі, яғни, бұл дүниелік аспан олардың тәндік көздеріне ашылса, басқасы, яғни, о дүниелік аспанды олар ақыл көздерімен бақылаған. Ол суретшілердің ішкі діни сезімдері құшағында өмір сүрді. Сондай­ақ олардың көркем шығармашылығы екеуін де байланыстырып отырған. О дүниелік аспан олар үшін бұ дүниедегі, жердегі өңдер көп түсті кемпірқосақтай боялады. Сондай­ақ бұл боялуда ешбір кездейсоқтық, шарттылық болған жоқ. Әрбір түстің реңкі өз орнында ерекше мәндік дәлелі мен мағынасына ие. Егер де бұл мән­мағына бізге қашан да көрінбей, айқын болмаса, ол тек біздің оны жоғалтқанымызбен ғана түсіндіріледі: біз әлемдегі бұл жалғыз өнерді түсінудің кілтін жоғалтып алдық. Иконжазулық бояулардың мағыналық үйлесімділігі — онымен берілетін аспан түстерінің табиғи үйлесімділігі секілді көз жетпес. Ең алдымен иконжазушы көгілдір түстің орасан зор реңктерін, соның ішінде жұлдызды түннің қою көк түсін де, көгілдір аспанның күндізгі ашық нұр сәулесін де, күн батардағы көптеген бозғылдана бастаған ашық көк, көгілдір ақық, тіптен жасылдау түстерін де біледі. Бізге, яғни, солтүстік тұрғындарға күн батқаннан кейін осындай жасылдау түстерді өте жиі бақылауға тура келеді. Бірақ та көгілдір деп түнгі жұлдыздар жарқылдауы да, шапақтың қара қошқылы да, түнгі нажағайдың қара қошқылы да, өрттің қара қошқыл шапағы да, көп түсті кемпірқосақ та, сонымен қатар, тал түстегі тас төбеге жеткен күннің жарық алтыны да кіретін аспан бояуларының шексіз әртүрлілігі орын табатын аспанның тек жалпы фоны ғана есептеледі. Ежелгі орыс кескіндемесінде біз осы түстердің бәрін рәміздік, о дүниелік қолданыста табамыз. Олардың бәрін иконжазушы о дүниелік аспанды біздің осы дүниелік тіршілігіміздің өрісінен ажырату үшін қолданады. Осында бояулардың иконжазулық рәміздігінің айтылмаған әдемілігін түсінудің кілті жатыр. Оның басқарушы жібі шамасы, келесіде тұйықталса керек. Иконжазулық мистика — ол ең алдымен сөздің жоғарғы рухани мағынасындағы күн мистикасы. Аспанның басқа түстерінің қаншалықты керемет болғанына қарамастан, қанша дегенмен, тал түстегі күннің алтыны — түстердің түсі және ғажайыптардың ғажайыбы болып табылады. Барлық басқа бояулар оған деген белгілі бір бағынышта болып, оның айналасында «шен» құрайды. Оның алдында түн көгі жоғалады, жұлдыздар жарқылы мен түн өртінің шапағы да бозғылдай түседі. Күн шапағының қарақошқыл түсінің өзі — күн шығуының тек жаршысы ғана. Сонымен қатар күн сәулелерінің ойнақтағанына кемпірқосақтың бүкіл түстері байланысты, өйткені аспан мен аспан асты әлемінің кез­келген түсі мен жарығының қайнар көзі — күн. Біздің иконжазуымыздағы «батпайтын күн» айналасындағы бояулар иерархиясы осындай. О дүниедегі құдай даңқын бейнелеуде оз орнын таппайтын кемпірқосақтың ешбір түсі жоқ. Бірақ та бүкіл түстердің арасында тек бір ғана алтын күн сәулесінің түсі құдай өмірінің орталығын, ал қалғандары оның айналасын ғана білдіреді. «Күннен аса» жарқырайтын тек бір Құдай ғана патшалық жарықтың бастамасы болып табылады. Оның айналасындағы басқа түстер. Оның тірі, адам қолымен жасалмаған храмын құрайтын аспан мен жердегі сол әйгілі мақұлықтың табиғатын білдіреді. Иконжазушы белгілі бір мистикалық сезгіштік арқылы ғасырлар өте ашылған күн спектрі құпиясын алдын­ала біліп отырғандай. Кемпірқосақтың бүкіл түстері онымен Құдай өмірінің тұтас күн сәулесінің көп түсті жалтаруы ретінде сезілетін сияқты.

Читайте также:  Мысырдағы саяси дағдарыстың салдары мен негізгі мәселелері

Оставить комментарий