Фонологияның анықтамасы

Жазу дүниеге әкелетін сөйлеудің сезімдік бейнесінен ойдың күшімен арылмақ болған сәтте, бізді тұлғасыз жиынтықпен бетпе­бет жолығу қаупі тосып тұрады. Адамды жүзуге үйреткен кезде, оның құтқару белдігін тартып алған сияқты жағдай ойға түседі. Жасандыны табиғи нәрсемен тезірек алмастыру қажет; бірақ ол мүмкін емес, өйткені тіл дыбыстары нашар зерттелген; графикалық бейнелерінен ажыраған дыбыстар бізге тым дерексіз болып көрінеді; жалған болса да — графиканың тірегі бізді еліктіріп тұрады. Тап осылай алғашқы лингвистер дыбыстардың физиологиясынан хабарсыз болғандықтан, тығырыққа жиі тірелетін; олар үшін, әріптен айырылу — табан астындағы жерді жоғалтумен бірдей болған; ал біздер үшін, бұл ғылыми ақиқатқа жасалған алғашқы қадам, өйткені қажетті тіректі біз дыбыстардың зерттелуінен іздейміз. Жаңа заманның лингвистері мұны енді түсініп отыр; олар, басқалар (физиологтар, ән теоретиктері) бастап берген зерттеулерге кірісті де лингвистиканы графикалық сөзге бағынудан құтқарды және оны қосымша ғылыммен байытты.

Дыбыстардың физиологиясы (немісше Laut­ немесе Sprachphysiologie) көбінесе фонетика (немісше Phonetik, ағылшынша phonetics) деп аталып жүр. Бұл термин бізге жарамсыз болып көрінеді. Оның орнына біз фонология терминін қолданамыз, өйткені фонетика алғашында дыбыстардың дамуы туралы ілімді атаған және солай атай бергені де жөн. Бір атаудың аясында екі мүлдем әртүрлі пәнді араластыруға болмайды. Фонетика — тарихи пән: ол оқиғаларды, өзгерістерді талдайды және уақытпен бірге қозғалыста болады. Фонология уақыттан тыс жатады, өйткені айту механизмі әрқашанда өзіне­өзі бара­бар күйін сақтап қалады.

Алайда осы екі пәннің өзара ұқсас болмауы түгілі, оларды өзара қарама­қарсы қоюға да болмайды екен. Біріншісі — тіл туралы ғылымның негізгі бір саласы; фонология болса (біз осы пікірді құптаймыз) тіл ғылымы үшін, — тек қосымша пән және сөйлеуді ғана қамтиды. Әрине, тіл болмаса, сөйлеу мүшелерінің қимылы не үшін керек екенін елестету де қиын болар; дегенмен де олар тілді құрай алмайды және әрбір дыбыстық әсерді жасау үшін қажет болатын сөйлеу мүшелерінің барлық қимылын түсіндіргенде, біздің тіл мәселелеріне ешқандай пайдамыз тимейді. Көркем кілемнің әртүрлі түске боялған жіптердің көріну қарама­қарсылығына негізделген өнер туындысы болатыны сияқты, тіл де — дыбыстық әсерлердің психикалық қарама­қарсылығына негізделген жүйе; және де осындай көркем шығарманы талдауда әрбір түстің жасалу тәсілі емес, қарама ­қарсылықтардың ойнап тұруы маңызды. Фонология жүйесінің очеркін кейін береміз; бұл жерде біз жазу жасап тұратын елестерден құтылу үшін, лингвистиканың осы ғылымнан алуы мүмкін көмегін ғана қарастырамыз.

Читайте также:  Орнатуға негізделген мемлекеттің түрлері

Оставить комментарий