Географиялық тұрғыдан алынған шекара

Бұл жұмыстың аса маңызды мақсаты — шекараның айқын бейнесін, ол туралы, содан туындайтын шекаралық инстинкт туралы және сайып келгенде ұдайы сақтықта болатын шекаралық сана туралы айшықты түсінік жасау. Жер бетінде шекараны қолдап отыратын және жасайтын кез-келген ірі ұлттардың ішінде осынау ескертулер мен сақтандырулар, әдетте, әсіресе немістерге жетпей жатады. Бұдан шығатыны, Ішкі Еуропада аралық орын алатын нақ біздің халықта дүние картинасының тілінде шекара туралы жанды түсінік болуы ерекше маңызды, дүние картинасының өзі де егжей-тегжейлі анық бөлшектеуге мұқтаж, өйткені олай етілмесе, ол космополиттік бұлыңғырлыққа және бізге, немістерге, жиі тән болып келетін былқылдақтыққа ұрындырады. Бізге соншалықты қажет шекаралардың, шекара инстинктінің және шекара санасының көрнекі бейнесін тамаша тәрбиелеуші бұған қарама-қарсы тұрған шекара ландшафты бола алады. Егер алғашқы неміс географтарының бірі Браун 1916 жылы: «…міндет шекара шептерін мұқият зерттеуде. Мұндай зерттеу, осыған дейін антропогеографиялық жұмыстардың ел ішінде артылып жығылғанына қарамастан, мүлде назардан тыс қалып, оның тек Шығыстағы (Шығыс Пруссия, Силезия) шекаралық провинцияларға ғана қатысы болды» десе, бұл өзі шынында да таң қалдыратын жайт. (Тегінде тағы Оңтүстік — Шығыста — Пенк, Фольц, Зигер)2. «Провинцияларға барып, қарапайым танысқанның өзінде шекара шептерінің сипатын географиялық тұрғыдан ландшафт тұрпаты ретінде басқа тұрпаттармен салыстыра зерттеуде осы уақытқа дейін олқылықтар бар екендігі сезіледі. Тек Ратцель мектебі ғана — соғыстан көп бұрын онымен жеке танысқаннан кейін мен өзімді, әлбетте, мақтанышпен сол мектепке жатқыздым, — бұл бағытта іргелі дүниелер жасады, бірақ ізбасарлары аз болды». Сол кітапта Браун3 тағы былай дейді: «Орталық Еуропа географиясының ең маңызды саяси-географиялық мәселесі: бір жағынан өнеркәсіп және ауыл шаруашылық ландшафтарының ішкі тұтастығы сақталуы үшін, екінші жағынан — шекаралар пәрменді қорғаныс аймағын құруы үшін табиғи және тарихи қалыптасқан межелерді пайдалана отырып, саяси шекараны қалай жүргізу болып табылады…». «Юра, Вогездер, Лотарингия, Люксембург, Арденна және Фландрия батыс шекаралар болып табылады». Олардың бәрі саяси өмір пошымының шекаралық межелері ретінде қазір қолдан шығып кеткен, халық жерінің шекаралары ретінде қатер үстінде және күресте дауға ұшырап отыр, оларды тек ландшафт тұрпатынан ішінара ғана тануға болады. Және мұның бәрі ресми ғылым ұсынған жұмыс орындалғанға дейін-ақ болып қойған. Бұл, мен бұрын айтқандай, таң қаларлық факт емес пе? Бұл басқа салаларда тым көп нәтижеге қол жеткізген ғылым да өзі гүлденген және өркендеген өмір пошымы жөнінде өзінің сақтандыру міндетін мүлде бағаламағандығының дәлелі емес пе? Тегінде, нақ сондықтан соншалықты түңілген халықта оған бұрын аударылған назармен салыстырғанда сол ғылымның тұғырлары жойылған — ау деген ой өзінен-өзі туындамай ма? Егер біз өз ғылымымыздың аса көрнекті өкілінің осынау теріс ыңғайдағы мойындауына қарама-қарсы проблеманың оң ыңғайдағы қыры туралы, шекара шептерін геосаяси және саяси-мәдени тұрғыдан дұрыс, сондай-ақ инстинктті түрде жөн қарастырудың қандай рөл атқаратындығы туралы айқын түсінік түзгіміз келсе, онда жас Гётенің1 белгілі суреттеуіне сүйену қажет. «Осы ғимараттың (Страсбург соборы) іргетасы ежелгі неміс жерінде қаланғанын және оның шынайы неміс дәуірінде салынғанын, сондай-ақ қарапайым құлпытастағы сәулетшінің аты немісше екендігін есте ұстай отырып, осынау өнер туындысының ұлылығынан шабыт алып, мен «готикалық архитектура» деген сұрықсыз атауды өзгертіп, оны «неміс сәулетшілігі» деген атаумен халқымызға қайтарудан тайсалған жоқпын, одан кейін мен өзімнің патриоттық көзқарасымды алдымен ауызша, сосын D. М. Ervini a Steinbach арналған шағын мақаламда баяндап бердім». Өз халқының етене мәдени — географиялық қазынасы ретінде әуелі көріліп, сезінілген, содан кейін түсінілген шекарасы туралы әсер нақты суреттеумен жасампаздық табысқа қалай айналатынын көрсету үшін ұлттық шовинизмге бой алдырған деп күдіктенуге болмайтын, адамға тән нәрсенің бәрінде ұяң жап-жас Гётенің мысалынан артық тағы бірдеңе керек пе? Гётенің теңдесі жоқ осынау сөзі — біздің жұмыс проблемамыз үшін, және, әлбетте Ратцель рухындағы һәм мағынасындағы өмірлік кеңістік пен жерге «тереңдетілген» қатынас дегенді қалай түсіну үшін бірінші дәрежелі мәдени — географиялық мәні бар құжат. Бұл орайда Гётенің пікірінде ешқандай саяси мақсаттық, өз халқының қолдан кеткен шекаралық кеңістігіне биікке бәс тігу жоқ. Ал ондай баяндаулар тек дұрыс саяси инстинктен демеу тапқанда ғана мүлдем басқаша пәрменді бола алады, ондай инстинкт, мысалы Эльзас — Лотарингия мен Рейн ландшафтын француздардың үлгілі суреттеуінде немесе Британ империясының Үндістан таулық шекаралары мен буферлік аймақтарына көзқарасында, жапон Уэхараның еңбегінде, одан да ертерек орыстар солтүстік шекараларға алғаш қатер төндіргенде Мамиа Ринзоның, Могами Токуңайдың солтүстік шепті қорғауында жүзеге асты. Бірақ Брауннің шекаралық меже ландшафтының тұрпаты туралы айтқан — тегінде, Пассарге мағынасындағыдан гөрі, морфологииялық мағынада, — мәдениет өзгертетін ландшафт туралы мағынасында, жас Гётенің эстетика мен өнертануға қарама қарсы сыртқы шекаралық мәдениеттегі географиялық таңба жөніндегі өз әсерін қалай суреттеген мағынасында табиғаттан көшіріп алынған немесе мәдениет ырқымен белгіленген шекараларға әйтеуір бір әкеп тірейтін географиялық категориялардың барлығы дерлік қарастырыла алады. Бұдан арғы пайымдауларымда мен тек мысал ретінде шың мен асуды, үстірт пен өзендегі орографиялық көлденең табалдырықтарды, тік құзды немесе кәдімгі тас қабырғаны, бөлшектейтін және байланыстыратын қабілеті бар ірі өзенді, биік тау аңғарларын, Альпы немесе Гималай тауларының мұз басқан шыңдарында табиғаттың өзі теліген су шаруашылығының шекарасын белгілейтін сұр қар алқаптары мен өзен бастауларын пайдаланамын немесе мен су мен өсімдіктер қатынасы шекаралардың жасалуына немесе жойылуына қалай ықпал ететініне; батпақтар белдеуі және тайга, джунгли, реликт ормандар мен мангро тоғайлары қалай өсімдік дүниесінің табиғи шекараларын құратынына, сондай-ақ саванналар мен далалар белдеуі, мысалы солтүстік азиялық белдеу, Дунайдан бастап Кавказ арқылы Алтайға, одан әрі Маньчжурияға дейін ғылым аяқ аттасаң ұқсас көмбелер тауып отыратын табиғи дәлізді қалай түзетініне сілтеме жасаймын. Жануарлар дүниесі де табиғи шекаралар жасайды. Бұл дүние цеце шыбынының, шегірткенің, безгек масасының үйірімен, құрттар ордасымен, термиттер құрылыстарымен, басқа тірі жәндіктердің таралуы мүмкін аудандарында шекараның нағыз организмін құрайды. Бірақ ол дүние оны жабайы жануарлар үйірлері арқылы да жүргізеді, олар Адмиралтейство аралдарынан Мексика жағалауы бойымен Антарктикаға дейін сапар шегетін ірі жыртқыштардың қорегі. Осылайша, жануарлар дүниесі планетадағы ең үлкен – үнді — Тынық мұхиттық — су кеңістігінің шекараларын өжеттікпен кесіп өтіп, шекара белгілеуші фактор рөлін атқарады. Ал енді мұхитқа, теңізге, ішкі және жағалаудағы суларға шекара ретінде және жағалаудың қарама-қарсы жағалауға қатынасына көз жүгіртейік. Сонда біз теңіз шекарасы тіпті де сызық емес, қуатты, лүпілдеген тірліктің өтпелі аймағы екенін байқаймыз, ол арада да шекара сыртқа, қарсы жағалауға ұмтылады. Біз табиғаттан көшіріп алынған осынау анық шекараның, осынау алдыңғы алқаптың алғашқы өткелі, тегінде, жазық жағалаулардың алдыңғы алаптарында емес, маржан аралдар тізбегінің алыстан көрінетін құзды да жартасты шекараны аттатуға қызықтырып, өзіне тарта түсетін жағалауларында жүзеге асқанын білеміз. Бұған тіпті Дувр жартасы тұсындағы сұрапыл теңіз толқыны да, норвег иерлері немесе Кумари мүйісі (Үнді) мен Дондра мүйісіндегі (Цейлон) шекаралық межелер сияқты ірі кедергілер де тосқауыл бола алмады. Нақ осындай орынды болып көрінетін шекаралық ландшафттарда байланыстырушы өткелдер жиі бой көрсетіп тұрды. Танымал болған Пешавар, Вена шұңқыры, Шанхайгуань, Пекин және Бамо10 асулары осындай. Олар табиғи антропогеографиялық ортаңғы орын және сүзгі рөлін атқарады да, бұл кейде олардың ландшафт түрі ретіндегі сипатына жағымсыз реңк береді, бірақ сөйте тұра өміршеңдігін арттыра түседі, мұндайды біз, мәселен, Берлинде, Токиода және Харбинде11 (Маньчжурия) көреміз.

Читайте также:  ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ- ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

Оставить комментарий