ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСАТ ЖӘНЕ САЯСИ ТЕОРИЯ

Гректер әуелі (әлбетте, саясат тарихында) полис және «полистен тыс дүние» — жат жұрттықтар мен дұшпандар (варварлар) немесе құрылған саяси бірлікпен ықтимал бәсекелестікте тұратын басқа гректер дүниесін — құрды. Бұл тарихи болмыстың пайда болуы жұмақтан қуылу емес болатын. Полиске дейінгі гомерлік соғысушы дүниені мамыражай дүние деу қиын. Біздің басқа антик дүниелер туралы білетінімізге сүйеніп, олардың ешқайсысы да жарасымдылық мысалы болған жоқ деген қорытынды жасай аламыз. Баз біреу мұны бастапқы күнәмен, енді біреу — матриархаттың алтын ғасыры — мыс дейтінді патриархаттың жеңуімен, тағы бірі — табиғаттың азды-көпті бейбіт, яки аздыкөпті агрессиялық ахуалымен түсіндіре алады. Мейлі дейік. Меніңше, бұл мәселеде бастапқы нүктені іздеу бос әурешілік. Біз әрқашан, былайша айтқанда, «империяның ішіндеміз», яғни әрқашан билік, күш маңызды болатын, адамның өнертапқыштығы адамның қажеттіліктерімен күресуі тиіс, әділет, бостандық, жанашырлық пен автономия, авторитарлық, заңдылық, қауіпсіздік пен күш секілді ұғымдар адамдардың өзара ықпалдастығында оларды қозғалысқа келтіретін, тізгіндейтін және бағыттап отыратын дүниенің ішіндеміз. Гректер осылардың бәрін сұрыптап алып, полистің ішінде қолданылатын ережелерді және «шетелдіктермен», қаланың мүшесі еместердің бәрімен мәміле жасағанда қолданылатын белгілі бір сыртқы стандарттарды талдап әзірледі. Бұл ережелер бір мезгілде әрі тете, әрі күрделі болатын. Афиналықтардың пікірі бойынша (нақ осы пікірлер бірнеше дискурстық дәстүрлердің негізіне айналды), полистің ішінде әртүрлі басқару өрістері болды, олар анық немесе бұлыңғыр түрде ақтықты немесе қателікті, әділетті немесе әділетсіздікті негіздеді.

Ішкі мен сыртқының арасында зор айырма болды. Полис ішіндегі азаматтардың арасындағы өзара қатынастарды айқындаушы сот әділет болатын. Ал әңгіме афиналықтар мен «басқалардың» арасындағы қатынастар туралы болғанда, ойынға күш кірісетін. Полис азаматы жөнінде надұрыс деп тұжырымдалған нәрсе, егер әңгіме азаматтар ұжымы мен әлдене сыртқы топтың арасындағы қатынастар туралы болса, онда мүлдем олай саналмады. Дипломатия және арбитраж сыртқы басқалармен делдалдықта рөл ойнаған да шығар, бірақ әрқашан біз — олар деп әу бастағы бөліну орын алатын — бір жағдайда надұрыс деп танылатын дүние, басқа бір жағдайда дұрыс деп санала алатын (Elshtain, 1988. P. 443). Нақтылай түсейік: полистің ішінде жартыкеш әділет үстемдік етті, әділет ережелері әйелдер мен құлдарға шектеулі түрде ғана таралатын. Және керісінше: полистің кейбір әділет ережелері сыртқы қатынастарда басым түсетін күш ережелерінің өткір тұстарының тігісін жатқызып жіберу үшін пайдаланылатын. Бұл арада бастапқы нүктелер анық белгіленген — олар; біз; азамат; шетелдік; полис ішінде шектеулі әділет және теңдік; сыртқы қатынастарда біршама шектелетін күш үстемдігі. Бұл тарих нақ осылай оқытылады, әрі мұнда зор тартымды күш бар. Ол американдық академиялық «реалистік» дискурстың locus classicus-nan аңғарылады: идеалистер (яғни, реалист еместер) реалистерге қарсы.

Читайте также:  ӨСІМДІКТІҢ ВИРУСТЫҚ АУРУЛАРҒА ТӨЗІМДІЛІГІНІҢ МОЛЕКУЛАЛЫҚ НЕГІЗІ

Идеалистер — «полис тұрпатындағы» әділет үстемдігін дүние жүзіне таратқысы келетіндер. Реалистер — ондай ештеңеге қол жеткізуге болмайтынын білетіндер, ал егер соны істеу әрекеті жасалса, онда нәтижесі гегемония үшін сұмдық соғыс, кейін «империяда бейбітшілік» орнату болмақ. Бұл сценарий «реалистік режимді» тіс батпайтын секілді етеді және жүйелік реалистер насихаттайтын талдау деңгейлері дейтіндердің маңыздылығын баса көрсетеді. Олар халықаралық қатынастарды «мемлекеттік жүйе» деңгейінен «темен» «түсіндірудің» кезкелген әрекетін зерттеушінің алдында тұрған мақсатты орындауға жеткіліксіз, барабар емес әрекет деп қабылдайды. (Халықаралық саясат бөлімдері студенттерінің бәрі доктринаның «талдау деңгейлері» негізінен Кеннет Н. Уолцтың «Адам, мемлекет және соғыс» атты классикалық еңбегінде баяндалатынын біледі, онда автор «соғыстың неліктен басталатын» себептерінің үш «деңгейін» айырып көрсетеді: қоспасыз алынған адам табиғаты; «ішкі», немесе отандық жүйенің табиғаты және, ақыр соңында, мемлекеттердің ықпалдастығы өрбитін халықаралық арена).

Осының өзі-ақ ішкі саясат саласын күні бұрын саяси теоретиктерге еншілеп, халықаралық саясатты берілген «жүйе» жағдайында «мемлекеттердің» өзара қатынастары жөніндегі мамандарға қалдырады, олар сол «жүйе» шеңберінде қимылдайтын болады. Атап өтейік, «талдау деңгейлері» формуласы бірінші, екінші және үшінші деңгейлердің арасында ғана емес, адам мен қоғамның, қоғам мен мемлекеттің, мемлекет пен халықаралық анархияның арасында бірқатар абсолютті антиномиялар туындатады. Бұл «үзіктер» осы заманғы халықаралық саясат пен саяси теорияның мақсаттарын бөліп жібереді. Бірақ, меніңше, осынау және сонымен байланысты категорияларды қорғайтын, жақыннан қарағанда мызғымас болып көрінетін қамал қамсау болмай қалады.

ТЕОРИЯ МІНДЕТТЕРІН ҚИЫНДАТУ «Үзілістер», «талдау деңгейлері» және теориялық ықпал өрістері проблемаларының біз мұра етіп қабылдаған күйінде бір кемшілігі бар — олар жағдайды қарабайырландырады, біздің міндеттерімізді болуға тиісті күйінен біршама оңайлатады. Руссо ескертетініндей, еркектер, әйелдер, ұлттар және мемлекеттер дүниесімен бетпе-бет келгенде, біз кейбір сұмдық нақты болмыстан көз тайдырмауға тиістіміз. Мен юриспруденция мен этика жөніндегі кітаптардың бетін ашамын да, әбден мойындалған ғалымдардың сөздеріне ден қоямын. Олардың бұлтартпас толғамдарынан нәр алып, адам табиғатының жетілмегендігіне көз жасымды көлдетемін, азаматтық мемлекеттік құрылысқа негізделген тәртіп пен әділетке тәнті боламын, қоғамдық институттардың кемеңгерлігіне қуанамын, сөйтемін де мен азамат деп саналуға болатын адамдардың бірі екенмін ғой деп алданамын. Бірақ, өз парызымды жақсылап түсініп алып, кітаптың бетін жабамын, аудиториядан шығып кетемін де, айналама көз жүгіртемін. Сонда көретінім, темір қамыттың салмағынан ыңқылдаған халықтар, ат төбеліндей қанаушылар езіп-жаншыған адамдардың қалың бұқарасы, індет пен ашаршылық алқымнан алып жадап-жүдеген тобыр, олардың қаны мен көз жасы заңның сұмдық күшіне сүйенген күшті де қару — жарақты адамдар дәрменсіздер мен қару — жарақсыздарды езіп — жаныштап жатқан барлық жерде өзен болып ағып жатыр…

Читайте также:  Күндік жоспар дегеніміз не?

Көзімді көтерем де, алысқа қараймын. Көретінім лапылдаған өрт, тұл медиен, тоналған қалалар. Бейшара адамдарды ажалға айдап бара жатқан, жабайылар, қайдасыңдар? Сұмдық дыбысты естимін: бұл неғылған шу? Жақындай түсіп көргенім, қырып-жою сахнасы. Он мың жендет, үйіп тасталған өліктер, ат аяғына жаншылып, өліп бара жатқан адамдар. Айналам түгел жанталас пен ажал картинасы. Және бұлар-бейбіт қоғамдық тәртіптердің жемісі. Жүрегімнің терең түкпірінен аяушылық пен ашу толқыны көтеріліп келеді. Философ-варвар! Кел — дағы,өз кітабыңды мына шайқас алаңында оқып бер! Бұл өзінің ең тамаша полемикасындағы Руссо. Бұл философтардың сатқындығы туралы мезі ететін шұбалаңқы мақаланың жолдары болса,оны оқып шығуға, риторика қуатын бағалауға, сөйтіп күнделікті шаруаңа жайбарақат оралуға болар еді. Бірақ осы арада Руссо жұмбаққа кезігеді де, оны тұжырымдайды, бірақ, бәлкім, солай құрылған басқа республикалардағы азаматтық бостандыққа құрметпен байланыстырылатын азаматтық бостандықтың жаңа deux ex maсһіnа және бұдан да кіршіксіз қалпына келтірілуінен өзге шешімін таппайды.

Бұл бізге гректерден мирас ретінде қалған жұмбақ, бір мезгілде «ішкі дүние» мен сыртқы аластау және соғыс арасындағы; өзінің объектісі ретінде азаматтық қоғамды таңдап алған саяси теорияның және объект ретінде шекараларда не болып жатқанын, яғни, барлық «мемлекеттер» өзара қатынастарында құратын кеңістікті таңдап алған халықаралық қатынастар арасындағы алшақтықты атап өтетін жұмбақ. Бірақ, тегінде, қысқаша болса да, халықаралық саясаттағы іргелі еңбектердің бірі — Фукидидтің «Пелопенесс соғысымен» танысқан жөн болар. Бұл не — шынымен-ақ билік бөлісу тұсындағы «мемлекеттер тәртібінің» бейнеленуі ме? Әлде, сөз бен іс жекелеген азаматтық ұқсастықтарды қалай, қайтіп қалыптастыратынын, ал олар өз кезегінде Фукидид суреттеген сұмдық та қасіретті оқиғалар тұсында одан әрі қалай ашыла түсетінін бейнелеу ме? Егер екіншісі дұрыс болса, онда «ішкі» мен «сыртқыға» долбарлап бөлу, бүгінде кәдеге жарайтын тілмен айтсақ, «осы заманғы өмір» салмағына шыдамайды. «Ішкі» сыртқа төгіледі де, саяси бірліктер бақталасатын, бәсекелесетін тінді анықтайды, немесе анықтауға едәуір көмектеседі. Халықаралық саясаттың саяси теоретиктері және тікелей қатысушылары шешетін міндеттер бір-біріне және кері қарай еркін өтіп жатады, немесе, егер сұмдық трагедияны Фукидидтің тарихи және тіндік тұрғыдан көрсетуі шындық болса, онда еркін өтіп жатуға тиіс болады. Мен, бұл нақ солай ғой деп ойлаймын (Руссоның да нақ солай ойлағаны айдан анық!). Бұл арада классиктер бізге Фукидид жалаңаштап көрсеткен дүниенің тереңіне бойлауға көмектеседі, қарабайырландырудан, тәртіп заңдарын оның жігі ажырамайтын мәтініне радикалдық хирургия әдістерімен килігуден сақтандырады.

Читайте также:  ҰЙЫМ ҚЫЗМЕТКЕРІН ЫНТАЛАНДЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мысалы, Николь Лopo өзінің «Афинаны ойлап шығару» атты таң-тамаша еңбегінде қаланың қалыптасуында, нығаюында ырғын мадақтаудың немесе аза үстіндегі жоқтаудың маңыздылығын дәлелдеп; «азамат — солдат… азаматтық норманы өз бойынан табады» және қала үшін жан пида қала орнықтыратын және «бір мезгілде әрі еркін, әрі анықтайтын азаматтық таңдау моделін» құратын «оның өз шешімі» деп кесіп айтады (Loraux, 1986. P. 102, 104). Бұл арада pro patria mori мұраты барынша экспрессиямен білдірілген, және ол адам неліктен міндеттерге бағынып қана қоймай, азаматтық адалдықты ерікті түрде таңдап алатынын түсінудегі өзекті сәт. Бұл шешім оңай емес, бірақ ол өте маңызды себеппен қабылданады: азаматтық қоғамның ішіндегі дүние сырттағы басқалардан өзін оқшаулау үшін жеткілікті себеп. Күндердің күнінде «топтасқан» адам баласы іштегілерге және сырттағыларға бөлінген еді, тек «ішкі дүние» сырттағы басқаларды басып алып, экспансия жасамасын деңіз. Олай болса біз империя дейтінге ие боламыз, мысалы Pax Romana сондай, онда «ішкі» мен «сыртқының» ара салмағы күрделі ғана емес, өзара анықтауыш та болмақ.

Руссо Гоббсқа қарама-қарсы, соғыс адамзаттың жаратылыстық ахуалы еместігін табандап қорғайды. Бірақ адамзаттың азаматтық ахуалы нақ сол соғыстың өзі, оның себебі де қарапайым: «азаматтық қоғамдардың тіршілік етуі мен тәртібі соғысты және соғыс ахуалын туындатады. Сондықтан соғыс жаратылыстық ахуалдағы индивидуумдар арасындағы қатынас емес, адамдардың азаматтық қоғамдарға қарай қозғалысы қалыптастыратын мемлекеттер арасындағы қатынас» (Rousse, 1991. P. XVII). Осылайша, «соғыс және соғыс ахуалы азаматтық қоғамда адамдар арасында тәртіп пен әділет орнату жөніндегі күш-жігердің өзінен туындайды» (Р. XVIII). Бұл арада біз мемлекеттің әмбебаптығының, оның өзін мойындату талаптарының көрінісі ретіндегі соғыс туралы гегельдік түзілістердің жаңғырығын байқаймыз. Мұндай схемаға сәйкес, соғыс адамның агрессияшылдық бастауларынан емес, дүниедегі, және де тіпті де анархиялық емес, ғажайып релятивистік дүниедегі саяси күрес талаптарынан өрбиді. Біз бір-бірімізге осылай «маталмаған» болсақ, соншалықты кең пошымдағы бәсеке де, салыстырмалық та, дұшпандық та және одақтасу да болмас еді.

Оставить комментарий