ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСИ ЭКОНОМИЯ

Мамандандырылудың жеке саласы ретінде халықаралық саяси экономияның (ХСЭ) дүбірі шын мәнісінде идеяларды емес, оқиғаларды бейнелейтін еді. АҚШ президенті Никсонның бір жақты тәртіппен доллардың еркін жылжымалы бағамын енгізу, алтын терезені жабу және басты валюталарды алмастырудың Вуд Бреттон ережелеріне эпитафия жазу жөнінде шешім қабылдағаны жай ғана кездейсоқ дөп келу еді (мұның өзі менің «International Affairs» (Strange, 1970), журналында жарияланған мақаламнан 18 ай өткеннен кейін болған еді, мен ол мақаламда саясат пен экономиканың ұзақ уақыт бойы бөліп тасталуын доғаруға шақырған болатынмын). Оның қарекеті саясаттың да, халықаралық ақша — несие жүйесі экономикасының да идеяларына және мәселелерін талқылауға алып келді. Келесі екі жылдың барысында ОПЕК елдері шикізат базарындағы өте қолайлы конъюнктураны, яғни, уақыт жағынан 1973 жылғы араб — израиль соғысына дөп келген мұнайға сұраныстың жоғары деңгейін пайдаланды, сөйтіп өздері беретін мұнайдың бағасын төрт есе көтере алды. Олардың табысы — ұзаққа бармаған табыс еді, өйткені АҚШ-тағы инфляция мұнайдың нақты бағасының төмендеуіне апарып соқтырды — дамушы елдер тарапынан экономикалық әділеттілік және бай өнеркәсіптік елдер тарапынан сауда мен көмек мәселелерінде жақсырақ қатынас жасалуы талаптарына жаңа дем берді. Бұл тек сол кезеңнің басталуы ғана болатын, оның барысында газет мақалаларының тақырыптары мен саяси қайраткерлердің күн тәртібі барған сайын экономикалық және, оның үстіне тек өзгеріп келе жатқан саясаттың ғана емес, өзгеріп келе жатқан базардың да нәтижесі деген ұғымда іргелі саяси сипат алды. 1980 жылдардағы ұзақ мерзімді қарыз дағдарысы саясат пен экономиканың өзара тәуелді екендігін дәлелдейтін көп мысалдардың тағы бірі болды: ол кезде экономикалық оқиғаларды саяси шешімдер туғызып отырды және олардың терең саяси салдарлары болды, ал бұл салдарлар саясат пен экономиканы бөліп тұрған шекараларды да, жекелеген елдердің саяси экономиясын халықаралық саяси экономиядан бөліп тұрған шекараларды да бұзған-тын. Американ қаржы — несие басқаруындағы 1981 жылғы өзгерістер 1982 жылы бүкіл дүние жүзінде өсім пайызының ұлғаюына алып келді. Бұл өз кезегінде банктерден несие алып, «мерзімі өтіп кеткен несиелер» деп аталатын қарыздардың қауіпті ауыртпалығымен бетпе-бет келген Мексика, Польша және көптеген дамушы елдер үшін қарыздарды өтеу ауыртпалығын ұлғайтты. Екі саяси мәселе: біріншісі — несие берушілерде, екіншісі қарыз алғандарда пайда болды. Біріншіден, бүкіл дүниежүзілік экономиканың тұрақтылығына қауіп төндіріп, жаңағыдай несиелерді қайтаруға борышкерлерді парықсыз мәжбүрлеген ірі халықаралық банкілер үшін қатер қандай еді? Екіншіден, борышкер елдермен қандай қатынас жасау керек және, егер олар ұзақ уақыт шетел капиталының кетіп отыруын бастан өткерсе, олардың экономикалық даму жоспарлары орындала ма? Қысқасы, тиісті саяси шешімдер қабылданды, соларға сәйкес несие берген банкілер белгілі бір шығындарды есептен шығарып тастауға тиіс болды, бірақ бұл шығындар бүкіл жүйе бұзылатындай және борышкер үкіметтер ұзақ уақыт несиенің жеткіліксіздігін көре отырып Бом даму үшін берілген инвестицияларды құрбан ете отырып, 1930-жылдары дефолт жариялағандай, қабілеттері келген кезде төл қарыздарын төлей алатындай соншалықты үлкен болмауы тиіс. Әлбетте, осы және осыған ұқсас оқиғалардың арқасында саяси қайраткерлер, ақпарат құралдары және ғалымдар ХСЭ- ға едәуір көңіл бөлетін болды. Оқиғалар қысымында қалған үкіметтер мен банкілер шығындар мен пайдаларды, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді тек мемлекеттер шеңберінде ғана емес, ұлттық шекаралардан тыс жерлерде де бөліп таратуға ықпал ететін шешімдер қабылдай алмайтын болды. Сондай — ақ экономикалық тиімділікке негізделген өндірістің және бөліп таратудың капиталистік жүйесінің тұрақтылығы мен ұтымдылығына күмән туды. ХСЭ-ның қоғамдық қырларына назардың күшеюіне қарамастан, синтездің интеллектуалдық проблемасы әлі шешілмеген — ді. Халықаралық қатынастар саласының мамандары экономикалық феномендерді зерттеді және экономикадан көшіріп алынған тұжырымдамаларды, тіпті уәждеу әдістерін пайдаланды. Ал экономистер, керісінше, халықаралық қатынастар туралы әдебиетті едәуір дәрежеде елемеді. Егер олар ХСЭ туралы пікірталасқа қосылуға бел байласа, олар іс жүзінде басқа пәндерден оқшауланған өздерінің төл терминдеріне негізделетін, немесе кейде әлемдік экономика тарихына сүйенетін де, өздерінің байламдарын жасау үшін салыстырмалы тарихи әдістерді пайдаланатын. Мұның мысалы қызметін соғыстар арасындағы кезеңдегі ақша- несие қатынастары туралы, алтын стандарты туралы Барри Эйченгриннің (Eichengreen, 1992) еңбегі және басқа бірқатар нақты тарихи зерттеулер атқара алады. Бұл қазіргі ақшалық — несиелік басқару мен саясатты үйлестіру проблемалары жөніндегі нақты ақпаратқа сүйенген пікірлердің негізі қызметін атқаратын. Дегенмен жалпы алғанда экономистер жаңа классикалық экономиканың жетекші теориялары мен аксиомаларының негізін құрайтын қағидалардан бас тарта алмады немесе жай ғана өзгерте алмады. Экономистер үшін байлық жасаудағы тиімділік, тек қана экономикалық терминдер арқылы есептелетін пайданың барынша ұлғайтылуы мен шығындардың барынша азайтылуы — ұлттық немесе жаһандық деңгейдегі жақсы саясаттың әлі де басты өлшемі болып отыр. Басқару проблемаларын зерттейтін және халықаралық бизнестің нақты болмысымен міндетті түрде тығыз байланысқан практик — экономистер ғана бірден-бір өлшемнің — кәсіпорын деңгейінде пайданы барынша ұлғайту шеңберінен үзілді — кесілді шығып, талдаудың неғұрлым плюралистік «саяси экономиялық» пошымына бет бұрды. Осынау факт бизнес мектептері мен басқару жөніндегі журналдардың қазіргі кезде корпоративтік басқарудың этикалық мәселелеріне қаншалықты назар аударатынын көрсетеді. Бұл тағы да белгілі оқиғаларға — Италия мен Жапонияны дүрліктірген іскерлік саласындағы дау-жанжалдарды айтпағанда, жуырда ғана іскерлік және қаржы саласындағы қылмыстармен айыпталған Максвелл, Надир, Милкен, Трамп сияқтыларға қарсы өткен бірқатар сот мәжілістеріне — жауап болуы әбден ықтимал. Бұл арада негізгі ой мынадай — басқару саласындағы экономистердің моральдық қырлар жөніндегі өскелең алаңдауы үстем парадигма өкілдері болып отырған экономистер арасындағы осы сияқты алаңдаушылықпен доп келіп отырған жоқ. Халықаралық қатынастар мен халықаралық экономика арасында сақталып отырған алшақтықтың нәтижесі — ХСЭ- ны оқып-үйренудегі жосықсыздық. Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың едәуір көбісінде өзіндік бір сырқат — қозғалу керек болатын бағыт турасында неғайбылдық түйсігі, тіпті біз қазір қай жерде тұрғанымыз жөнінде абыржу сырқаты бар. Меніңше, бұл былық таяуда шыққан жинаққа Мерфи мен Туз жазған кіріспедегіден де әрман: «Халықаралық саяси экономия, — дейді олар, — ғалымдар арасындағы оның қалай зерттелетіні туралы келісімнен гөрі, ненің зерттелетіні туралы келісім арқылы көбірек анықталатын сала ретінде дамыды» (Murphy, Tooze, 1991, P. 1). Әрине, ХСЭ-ға қатысы бар деп қарастырылатын, әдетте келісілетін, белгілі бір «зерттеу салалары» бар, олар: дүниежүзілік сауда-саттық, айырбас багамдары, сыртқы қарыз, шетелдік инвестициялар және әсіресе трансұлттық корпорациялар, бұлар үкіметтердің алаңдаушылығын бейнелейді. Бұл тақырыптар пәннің әлдене ұйтқысын, өзіндік бір ортақ өзегін құрайды, оған саны барған сайын өсіп келе жатқан әдебиет те, халықаралық зерттеулер жөніндегі конференциялардағы баяндамалар да арналған. Бұл ұйытқының шегінен тыс жерде әлі не талқылануға тиіс екендігі — пәннің және оның сыртында тұрған түсіндірмелердің бұдан арғы шекаралары туралы әлдебір нақты келісімнің мүмкіндігі — меніңше күмәнді. Пән «оқиғаларды» бейнелейтін және мемлекеттердің үкіметтері бір-бірімен жанжалдасқанда немесе ынтымақтастық жасағанда үкіметтерді қозғай кететін газет тақырыптарын құрайтын мәселелермен шектелуі тиіс пе? Әлде пән дүниежүзілік базар экономикасында және қоғамда көптеген биліктердің таптар, ұрпақтар, жыныстар мен әртүрлі әлеуметтік топтар арасында құндылықтарды бөліп таратуының іргелі принциптері бағытында дамуы керек пе? Басқаша айтқанда, ол бастапқы «ойкономия» терминін — үй шаруашылығын басқарудың барлық қырларын зерттеу — жаһандық терминдерге аударуға тиіс пе, сөйтіп біздің бәріміз Ежелгі Грекиядағы кеңейтілген отбасы пошымының орнына белгілі бір дәрежеде жаһандық үй шаруашылығында тұратынымызды мойындауымыз керек пе? Бірақ егер пән осылайша кеңейетін болса, онда осынау неғұрлым кеңірек мәселелер қалай талданбақ? Пәннің шекаралары туралы ғана емес, қолданылуға тиіс әдістер туралы да сенімсіздікпен айтылады. Аталмыш салада ғалымдарды қызықтыратын мәселелердің белгілі бір жиыны қалайша және қандай негізде таңдалғаны жөнінде анық түсіндірудің жоқтығы қайран қалдырмайды. Мұндай жағдайда ортақ теорияның немесе тіпті жалпы қабылданған әдіснаманың мүлде жоқтығына таңдануға болмас.

Читайте также:  Айтылған тарих дереккөздерін құжатқа айналдыру

Оставить комментарий