Халық өкілдігі туралы

Өкілдікті тәртіп үшін қажетті тәртіп ол енгізілетін қоғамның сипаты мен жай­күйіне байланысты. Тарих бізді саяси бостандық ол тек қоғамдық күштерге сүйенгенде ғана мықты болатынына сендіреді. Осынау ойды конституциялық өмірдің жалпы бастауларын зерттеумен шектелмей, мәселеге тереңірек бойлайтын публицистер баяғыда түсінген­ді. Француз революциясы туындатқан толып жатқан конституциялардың тым тез жойылып кете беруі таза теориялық құрылыстардың дәрменсіздігін айдан анық көрсетіп берді. Осыдан келіп тарихи мектеп шықты. Қазіргі кезде бұл сенім үстем болып отыр. Мемлекеттің қоғамға қатынасы осы заманғы саяси әдебиеттің ең жанды мәселелерінің бірі, және ғылым қанағаттанарлық нәтижелерге тіпті де жете қоймаса да, негізгі көзқарас мызғымастай болып орнықты. Қазіргі кезде, халық өкілдігінің міндеттері мен қызметін талқылау тұсында, бұрынғы қай кездегіден болсын, таза саяси пиғылдармен шектелу тіптен жеткіліксіз. Бақылаудың қажеттілігі, министрлердің жауапкершілігі және т.е.с. пайдасына келтірген уәждерді қанағат тұтып, адам тек өз заманының рухы мен қажеттерін түсінбейтіндігін ғана көрсетеді. Қазір, ең алдымен, өкілдікті тәртіптің қоғамдық жағдайын зерттеу керек. Бұдан тек оның аталмыш ортаға қаншалықты қолдануға болатыны шығады. Мемлекеттік өмірдің бұл қыры әлі аз зерттелген, қоғам туралы ұғымның өзі ғылымда әлі орнықпаған. Әрбір жазушы басқалардікінен тіпті де ұқсамайтын өз анықтамасын береді. Егжей­тегжейіне бойламай­ақ, сол ұғымдардың бәрін бір бөлгішке саюға болады. Қоғам деген атаумен жалпы халықтың құрамына кіретін жеке күштер мен элементтердің жиынтығы түсініледі. Біртұтас, бүтін денеге орналасқан сол бір халық мемлекетті құрайды, екінші жағынан, сан алуан элементтерден құралғандықтан қоғам болып табылады. Мемлекеттің қоғамға қатынасы, демек, бірдің көпке қатынасы болады. Бұл тұрмыстың бірге тіршілік ететін және бір­бір­біріне тікелей ықпал ететін екі пошымы. Бүтіннің құрылысы өзінің бойында қозғалып, қарекет ететін жекелеген күштерге тікелей тәуелді болады. Бұл байланыс бостандық мемлекеттік өкіметке қатысушыға айналатын өкілдікті тәртіп кезінде ерекше жарқырап көрінеді. Бүтіннің мүшелері ретіндегі азаматтардың саяси қызметі олар қоғамның мүшесі ретінде жеке өмірде ие болатын ұғымдармен, дағдылармен, құлықпен анықталады.

Халық өкілдігінде мемлекет пен қоғам бір­біріне бойлап енеді; қоғамдық күштер саяси қызметке шақырылады; сан алуандық бірлікке енгізіледі. Сондықтан, бұл арада бірінші сұрақ мынадай: осынау қарама­қарсы пошымдар қай дәрежеге дейін бірге жүре алады, немесе қоғам мемлекет талаптарын қай шамада қанағаттандыруға қабілетті? Бұл өзінің төңірегінде бүкіл конституциялық өмір шырқ айналып жүретін сұрақ. Біз оны аттаған сайын кездестіреміз; бұл арада біз оны ортақ қорытындыға әкелуіміз керек. Біртұтас бүтінді құрайтын мемлекет ең алдымен өкімет пен бағыттың бірлігіне мұқтаж. Бұл саяси өмір атаулының аксиомасы. Бірақ бұған саяси қызметке шақырылатын қоғамдық күштердің сан алуандығы кереғар. Ол мемлекетке өкіметтер бөлінісін және бағыттардың әрқилылығын енгізеді. Демек, сан алуан қоғамдық стихияларды қызмет бірлігіне жетелеудің, немесе сан алуандықты мемлекеттік мақсаттың бірлігімен татуластырудың мүмкіндігі бар ма, жоқ па ­ соны білу қажет. Осынау міндетті шешу қоғамның құрамына және оның элементтерінің қасиеттеріне байланысты. Қоғам әртүрлі ұлыстардан, әрқилы дәулеттер мен таптардан құралады, онда қарама­қарсы партиялар күреседі. Осы¬нау топтардың әрқайсысының көбіне басқаларға дұшпан өз рухы, өз бағыты бар. Олардың мүдделері үздіксіз қақтығысып жатады; біреулері басым болуға тырысады, басқалары артықшылықты мойындағысы келмейді. Барлық осынау қарама­ қарсылықтар әман келісе және ортақ игілікке бағыттала бермейді, сондықтан да өкілдікті құрылыс барлық жерде бірдей қолдануға жарай бермейді. Егер сайланатын жиналыста әрқашан мемлекеттің шынайы мүддесіне сай қарекет жасайтын көпшілік құрыла алатын болса, онда өкілдікті басқару жер бетінде орын алатын бірден­бір басқару болар еді. Алайда тарих қалайтын татулық тіпті ортақ құбылысты құрамайтынын, керісінше, саяси бостандық көбіне талас­тартыс пен бұлғаққа жетелемейтінін көрсетеді, өйткені оларға үстемдік жүргізетін өкімет тежеп отырмаса, әрқилы мүдделер мен бағыттар өзінің бүкіл даралығымен көрінеді. Сондықтан да күрестен қажыған халық көбіне­көп өзінің барлық құқықтарын бір билеушінің қолына береді. Самодержавиелік қажеттілік нақ қоғамдық стихиялардың бөлек­ бөлектілігіне негізделген.

Читайте также:  Социализм және өмір

Егер мемлекет үшін қажет бірлік азаматтардың татулығымен орнатыла алмаса, онда бір кісінің қолына шоғырланған билікке жүгінуге тура келеді. Қоғамдағы бірлік неғұрлым аз болса, билік соғұрлым шоғырланған болуға тиіс дегенді ортақ саяси ереже етуге болады. Бұл арада қатынас кері пропорциялы; біреуі екіншісін толықтырады. Керісінше, қоғамдық бірлік неғұрлым нығая түссе, өкімет соғұрлым оңай бөліне алады. Саяси бостандықтың мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі осы заңға негізделеді. Бағыттың бірлігінен басқа, мемлекеттік өмірдің өзге жағы да бар, ол оны қоғамға ең жақын қатынасқа қояды. Мемлекеттің мақсаты дегеніміз ортақ игілік, халық қажеттерін қанағаттандыру. Бұл үшін екі түрлі: үкіметтік және қоғамдық бола алатын қызмет қажет. Мұқтаждықты не жеке іскерлік, азаматтардың тол инициативасы, не өкіметтің қарекеті қанағаттандыра алады. Бұл арада да қатынас тағы да теріс пропорциялы: біртекті қызметтің жетіспейтіндігі басқа текті қызметтің көл­көсірлігімен толықтырылады. Азаматтардың инициативасы неғұрлым аз болса, мемлекеттің соғұрлым көп істеуіне тура келеді; өйткені, егер халық даму мен күштің төменгі сатысында қалып қойғысы келмесе, қоғамның қажеттері қанағаттандырылуға тиіс. Керісінше, мемлекеттік өкімет, жеке іскерлік пен қоғамның күш­ жігері мұқтаждықты өтеуге жеткілікті жерде, өзінің ведомствосын едәуір шектей алады. Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық қызметтің осынау кері қатынасы саяси бостандықтың дамуына да едәуір ықпал ете алады. Өкілдікті мекемелер қоғамды өзінше қимыл жасауға, және де жоғары, саяси салада қимыл жасауға шақырады. Мұның өзі азаматтарда жеке күш­ жігер және қоғамдық істерді жүргізу шеберлігі болуын талап етеді. Төменгі өрісте өздігінен қызмет қылу болмаған жерде жоғарғы өрісте өзін­өзі басқару орныға алмайды. Инициатива рухы бұйырмаған және қоғамдық жұмыс атаулыда үкіметке сенуге үйреніп кеткен халық саяси бостандыққа қабілетті емес. Ол табиғи түрде абсолютизмге ұмтылады. Алайда осынау қарама­қарсылықтан өрескел салдарлар шығармау керек. Бостандық жақтастары көбіне мемлекет қызметін ең тар шеңбермен шектеуге тырысады. Олар оған тек құқықтар мен тәртіпті күзетуді жүктейді; қалғандары, олардың пікірі бойынша, азаматтардың бостан іскерлігіне, әсіресе жеке серіктестіктерге тапсырылуға тиіс, олар жиынтық күшпен жекелеген кісілерде қаражаттың жетіспеушілігінің есесін қайтарады­мыс. Бұл орайда шапағатшыл мекемелер мен мектептердің айтарлықтай мөлшері жеке адамдардың қарауындағы Англияның, одан да көбірек, барлығы дерлік жеке күш­жігермен атқарылатын Солтүстік Америка Штаттарының үлгісін көрсетеді. Екі елдегі өкілдікті мекемелердің беріктігін осымен түсіндіреді, ал үкіметтің қамқорлығына үйреніп қалған Францияда бостандық тамыр жая алмай келеді дейді. Бұл көзқарас қазіргі кезде қоғамда да, жазушыларда да кең таралған.

Ол әсіресе Францияда, орын алып отырған тәртіпке наразылыққа негізделетін жерде кеңінен бел алды; онда үкіметтік бас­көз болудың тым көптігі аса қатты сезіледі. Бірақ осынау теріс бағыт, өз кезегінде, ауа жайылу болып табылады; ол мемлекет туралы ғылым әлдеқашан жайына қалдырған және практикада ешқашан дәрмені байқалмаған ұғымға оралу болып табылады. Мемлекет дегеніміз құқық пен полициялық тәртіпті күзететін сыртқы мекеме ғана емес. Оған XVIII ғасырда, жеке бостандық бүкіл қоғамдық ғимараттың іргетасы деп саналған кезде солай қарауға болатын еді. Мемлекет дегеніміз халықтың табиғи одағы, оның барлық ортақ мүдделерінің ұштасуы. Онда тұтас бір бүтін ретіндегі халықтың санасы мен ырқы бейнеленеді. Бұл адамдардың олардың жиынтық күшімен қол жеткізіле алатын барлық мақсаттар үшін мәңгілік бірігуі. Барлық қоғамдық мүдделерді жеке, кездейсоқ серіктестік қолына беріп, әрқашан жалғыз өзі жеке пайданы емес, ортақ пайданы естен шығармайтын ортақ, тұрақты одақты тайдыру мемлекеттің қызметін ештеңемен ақтауға болмайтын шектеу. Күмән жоқ, жеке мүдде қызметтің басты серіппесі болып табылатын өнеркәсіп дүниесінде еркін серіктестіктің орасан зор маңызы бар; бірақ онда да қоғамдық сипаты бар кәсіпорын атаулы ортақ пайданы күзетуге тиісті мемлекеттің қадағалауында болуға тиіс. Мүлдем қоғамдық сипаттағы, мысалы, шапағатшылдық, халық ағарту секілді басқару салалары халық мүдделеріне елеулі нұқсансыз мемлекет қолынан алына алмайды. Жеке кісілер үкімет қол жеткізе ала¬тын нәрсені істей алмайды. Азаматтардың еркін күш­жігері үкіметке тек көмек қызметін атқарады. Мекеме айтарлықтай көлемге жеткен бойда, өзіне тиесілі емес салаға көшірілген жеке қызметтің кемістіктері бірден көрінеді. Жеке кәсіпорын атаулының басты қозғаушы серіппесі ­ жеке мүдде жойылады; қаражат аз әрі аракідік түсетін болады, жеке немесе біржақты мүдделер басым түсе бастайды. Англияда серіктестіктер ұстайтын шапағатшыл мекемелер мемлекеттік шапағатшылдықтың ғаламат дамуына бөгет жасамайды; мемлекет басқаратын мектептердің болмауы ішінара тұрақты оқу корпорацияларымен алмастырылады, мұның өзі, қалай болған күнде де, сол елде оқу жақсы ұйымдастырылған дегенді аңғартпайды. Бельгияда дінбасылар, оларға қарама­қарсы либералдық одақ өз университеттерін ұйымдастырады; бұл белгілі саяси немесе діни бағыт жүргізіп, жастарды соған тәрбиелеу мақсатымен істелген. Бірақ партия рухына негізделген оқыту тіпті де үлгілі деп санала алмайды. Бұл арада жеке серіктестіктер мүлдем жеткіліксіз. Қоғамдық мекемелер, мәнісінің өзі бойынша, мемлекеттің не құзырында, не қадағалауында болуға тиіс; бұл оның заңды, одан алып қоюға болмайтын саласы.

Читайте также:  ДИЗАЙНДА ЭТНОСТИЛЬДІК ТҮСТІК ШЕШІМДІ ҚОЛДАНУ

Сондықтан азаматтар барлығын өздері істеуге тиіс деуден таймайтын, бостандықтың басты қамтамасыз етілуі деп топшылайтын либерал жазушылардың бағытымен келісу мүмкін емес. Әркім барлығын өзі істеуге және барлығын өзі бақылауға тиіс қоғамдық тұрмыс тіпті де мінсіз тұрмыс болып көрінбейді. Мұндай бостандық дегеніміз қоғамдық өмірдің басты қолайлылықтарынан бас тартып, еңбек бөлінісі де, ортақ құралдар да, қоғамдық мұқтаждықтарды қанағаттандыру үшін арнайы мекемелер де болмаған бастапқы қауымдық ахуалға оралу деген соз. Жеке өмірде ешкім өзіне­өзі үй салмайды, қайта бұл үшін балташыны немесе тас қалаушыны шақырады, ал өзі оларды тек бақылайды; ешкім өзіне­өзі аяқ киім тікпейді, оны етікшіден сатып алады, тек оның өзіне ұнайтындай етіп жасалуын ғана талап етеді. Бүкіл адами қызмет еңбек бөлінісіне негізделген, ол уақыт үнемдейді, жұмысты жақсартады және әркімге өмірдің басқа игіліктерін пайдалана отырып, оз ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Осынау бастау тек өнеркәсіп саласына тән, ол қоғамдық қызметке көшіріле алмайды, өйткені мемлекет өнеркәсіптік серіктестік немесе акцияларға негізделген компания емес дейтіндер бар. Бұл ойды әсіресе Гнейст ағылшын мекемелері туралы өзінің шығармасында дамытады. Ол тіпті еңбек бөлінісі бүкіл қоғамдық қызметті арнайы даярлаған шенеуніктерге жүктеп, абсолютизмге төтелей жетелейді деген байламға келеді. Айтпақшы, Гнейст мемлекетке осынау өнеркәсіптік көзқарасқа жеке іскерлікті емес, жергілікті басқаруға азаматтардың тікелей катысуын қарсы қояды, сондықтан біз оның пікірін төменде, жергілікті басқару туралы айтқанда талдаймыз. Бірақ осы арада ол өзінің көзқарасына дәлел келтірмегенін ескертпеуге болмайды. Абсолютизм еңбек бөлінісінен тек шенеуніктерге қоғамдық атаулы жойылған кезде, азаматтар жеке өмірмен шектеліп, қоғамдық өмірге қатысуды мүлдем қойған кезде өсіп шығады. Бірақ сол қадағалау бар жерде, өкілдікті мекемелер бар, азаматтар солар арқылы өздерінің талаптарын қойып, үкіметке ықпал ете алатын жерде бостандық тиісінше кепілдіктерді сақтап қалады. Өкілдікті құрылыс азаматтардан қоғамдық іске қырағы көзқарасты, өзінің құқықтарын қорғауға және ортақ игілік үшін өзін құрбандыққа шалуға әзір болуды талап ететіндігіне, бірақ ол азаматтарды бәрін де өзі істеуге жетелемейтіндігінде ешқандай күмән жоқ. Керісінше, оның басты міндеті қарама­қарсы бастауларды: абсолютизмнің артықшылығы болып табылатын еңбек бөлінісін бостандық талап ететін кепілдіктермен ұштастыру.

Бұл ­ әркім өзінің міндетін басқалармен жарастықта орындайтын мінсіз қоғам құрылысы деп атауға болатын құрылысқа жақындау. Мемлекетте үкіметтік қызметке де, азаматтар бостандығына да жеткілікті өріс берілуге тиіс; екі элемент те біреуі екіншісіне нұқсан келтіретіндей күшеймей, жарастықта дамуға тиіс. Екі бастаудың да парасатты тоқайласуы әрі өмір қызықтарын, әрі өркеният жемісін құрайды. Алайда, осынау мінсіз жарасымдылық тек қоғам атаулы көздеуге тиіс мақсат қана. Нақты болмыста бұл бастаулардың бірінің басымдығы жергілікті және халықтық ерекшеліктермен айқындалады. Бастамашылдық рух бұйырған бір халық жеке іскерлікке жүгінуді жон көреді, екіншісі өзінің қабілеттерін негізінен үкімет қызметімен көрсетеді. Ағылшын­саксон тайпасындағы жеке бастаудың ағыл­тегілдігі және бостандықтың үкіметке қызғанышпен қарауы мемлекеттік өкіметті тым артық шектеуге жетелеп, сондықтан ол өзіне тиесілі кейбір елеулі нәрселерден айрылып қалды. Үкіметтік ведомствоның әрбір кеңеюі азаматтарды қыспаққа алудың құралы секілді болып көрінеді. Осының салдарынан, Англия күні бүгінге дейін қылмыстарды тергеу үшін үкімет тағайындайтын прокурорларды енгізуге бел байлай алмай келеді, бұл қоғамдық пікір қазіргі кездегі ­ қылмысты жеке кісілердің немесе қарапайым полиция шенеуніктерінің көмегімен тергейтін, мұның үстіне, естілікке кереғар, мемлекет бар шығынды мойнына алатын тәсілдің кемшіліктерін жақсы түсінетіндігіне қарамастан солай болып отыр. Дәл сол себеп бойынша, Англияда үкіметтің халыққа білім беруге ықпалы жекеше мектептерге ссуда берумен шектеледі. Мұндай құбылыстарда ағылшын аристократиясының ерекше қызғаныш сезімі көрінеді, ол аристократия үкіметке баяғыдан күндес ретінде қарайтын және мүмкіндігінше оны қыспаққа алуға тырысатын, мұны аймақтардағы өз ықпалының кеміп кетуінен сескеніп істейтін. Бірақ мемлекетте орташа таптар басым болып шыққаннан бері Англияда Еуропалық материкті үстемдік ететін тәртіпке әлдеқайда жақын тәртіп орнатуда. Үкіметтік биліктің әлсіздігінен балалайтын даусыз кемістіктер, жергілікті басқарудың нашар ахуалы және әсіресе төмен таптардың бейшара жағдайы мемлекеттік қызмет пен үкімет қамқорлығының күшеюіне жетеледі. Заң шығарушылық, міне отыз жылдан астам, осы жолмен жүріп келеді; мұнан қоғамдық тұрмыс едәуір ұтып шықты, ал бостандық дәл бұрынғысындай шымыр. Америкаға келсек, әсіресе соңғы кезде, оны Еуропа халықтарына үлгі ретінде жиі­жиі көрінетін болды.

Читайте также:  Артыкбаев Чакпак биография

Онда одақтық құрылысы бар республикалық пошым бостандықтың ересен кеңеюіне қолайлы, ал американ тұрмысының ерекшеліктері осынау ағыл­тегілдікті залалсыздандырады. Бірақ әрбір адам ұдайы сақ болуға тиісті, тәуекел және қатерді еңсеру өмірдің бірінші ләззаты саналатын, адамдардың басты мақсаты өнеркәсіптік қызметке ноқтасыз ұмтылу болып табылатын ондай тәртіпке көндігу үшін американдық болу керек. Еуропа халықтарына мұндай тұрмыс аңсарлы тұрмыс бола қояр ма екен. Ағылшын­саксон тайпасының екі саласында да жеке іскерліктің жігерлі дамуы олардың сипаты мен тарихынан өрбиді. Ол саяси бостандықтың ертерек орнауына жәрдемдескеніне күмән жоқ, бірақ оның қажетті шартын құрамайды. Еуропа материгі халықтарының өз қасиеттері және өз тарихи дамуы бар, ол үкіметтік қызметті айтарлықтай, көбіне тіпті біржақты кеңейтуге жетеледі. Өзінің өткенінен және сол арқылы қол жеткен нәтижеден бас тартуға ешқандай мұқтаждық жоқ. Мемлекеттік элемент қоғамдық элементтен тым айтарлықтай батылдыққа жеткен жерлерде, бостандық бастауын іске қойып, бұл кемістіктің орнын толтыру керек; бірақ бұл шектеу қарама­қарсы шектен шығудың пайдасына емес, әрқилы қоғамдық күштердің аңсаулы жарастығы үшін жасалуға тиіс. Мемлекеттің қоғамға қатынасын айқындайтын елеулі бастаулар осындай. Ортақ мақсатқа жетуде олардың біреуі екіншісін толықтырып отырады. Өзінің құрылысында да, өзінің қызметінде де, олар кері пропорционал қатынаста болады. Сондықтан, олардың арасында көбіне­көп күрес туып кетеді, алайда ол күрестің асқақ мақсаты мінсіз жарасым. Осыдан өкілдікті құрылыс жөнінде ортақ байлам жасауға болады; қоғамның бірігуіне жәрдемдесіп, онда өздігінен қызмет етуді туындататын талаптардың бәрі өкілдікті тәртіп орнатуға жетелейді; керісінше, қоғамды бөлшектейтін нәрсенің бәрі, саяси бостандықтың дамуын тежейді. Келесі тарауларда біз мұны кеңірек қарастырамыз.

Оставить комментарий