Халық комиссары

Жоғарыда айтылғандай, Голощекин Қазақстанға келгенде, С.Сәдуақасұлы Халық ағарту комиссары және «Еңбекші қазақтың» жауапты редакторы қызметтерін қатар атқарып жүрген. Халық ағарту комиссариаты бұл кезде республикадағы ең ірі комиссариаттардың бірі болатын. Оған оқу орындары түгелдей, театр және өнер, ғылым және баспа өндірісі қарады. Республика өмірінде бұл комиссариаттың рөлінің жоғары болуы оның әлі де болса ұлттық көпшілік құратын жергілікті халықтың күнделікті тыныс­тіршілігімен, ұлттық санасының жаңғыру, өсу процесін бастан кешіруімен тығыз байланыста болуында еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бұдан бұрын А.Байтұрсынұлы, А.Кенжин сияқты белгілі қайраткерлер істеген оқу ағарту халкомы қызметіне С.Сәдуақасұлының келуі де, әрине, кездейсоқ емес­тін. Тура сол тарихи кезеңде Қазақстандағы Оқу ағарту жүйесінің ең өзекті мәселелерін, даму тенденцияларын жақсы білетін және оларды тарихи және сол жылдардағы әлеуметтік ахуал контекісінде қарап, тура шешімдер қабылдай алуға даяр басқа қайраткерлерді табу қиын еді. Бірақ, өкінішке орай, С.Сәдуақасұлына бұл мемлекеттік қызмет саласында өзінің творчестволық қабілетін толық ашуға, сол арқылы өз идеяларын өмір жүзінде іске асыруға қажет алғышарттар жоқ болатын.

Мәселенің ең негізгі деген жағын ғана айтайық. Бұл кезде оқу ағарту ісіне қажет көлемде қаржы бөлуге мемлекет мүмкіншілігінің шектеулігі, мұғалімдер тапшылығы мен оқу құралдарының жоқтығы, қоғамдық санадағы кертартпа көріністер сияқты басқа да көптеген объективті қиыншылықтарды есепке алмағанда, жаңа қалыптасып келе жатқан әміршіл­әкімшіл басқару жүйесінің де көлденең тартқан қиындықтары баршылық еді. Олардың ішінен, мәселен, партияның оқу ағарту ісіне ұйымдық­кадрлық тұрғыдан да және мазмұндық тұрғыдан да барған сайын терең араласуын бөліп айту қажет. Сондай­ақ ол тар таптық мүдде тұрғысынан іске асырылды. Бірақ бұл аталған жәйттердің бәрінен де жас халкомның белсенді қызметіне кері әсерін тигізген нәрсе ­ «Сәдуақасұлы «қазақ ауылында ескі патриархалдық қатынастарды сол күйінде сақтауды қалайды», «жастарды ескіден қол үзбеуге шақырып отыр», «алашордашыл», «ұлтшыл» сияқты айыптаулар тағу болды. Оның партияда жоқ кадрларға қамқорлығы, қазақ мектептеріндегі кемшіліктерді қатаң сынға алуы және басқа тар таптық ұғымға сай келе бермейтін іс­әрекеттері осы тұрғыдан бағаланды. Өзінің халкомдық қызметінде С.Сәдуақасұлының негізгі буын ретінде екі мәселеге аса үлкен назар аударғандығын байқауға болады.

Олар жаңа талапқа сай мұғалімдер қалыптастыру және қазақ мектептерін оқулықтар, оқу құралдарымен қамтамасыз ету еді. Оқу ағарту халкомының сол тарихи кезеңдегі қазақ мектебінің өзекжарды мәселелері туралы, соның ішінде қазақ мұғалімдерінің негізгі міндеттеріне байланысты пайымдауларын оның «Еңбекші қазақта» (1926, 5 ақпан) жариялаған «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар» атты мақаласынан айқын аңғаруға болады. Мақалада С.Сәдуақасұлы сол тұста қазақ ішінде 1107 бастауыш мектеп бар екендігін, оларда 50 000 бала тәрбиеленіп отырғандығын, ал сол шәкірттердің болашағы мұғалімдердің абыройлы жұмысына тәуелдігін айтып: «Мектепті түзейтін мұғалім. Мұғалім ­ мектептің ұстасы. Мектепті бұзатын да мұғалім. Балық басынан шіриді. Мұғалім жолынан таймай, мектеп бұзылмайды. Мұғалім деген қадірлі ат. Мұғалім қадірлі болғанда ғана мектеп көркейеді. Жұрт мұғалімді танымаса, оны сыйламаса, мектеп те жөнделмейді», ­ деп дәл басып көрсетіп, одан ары қазақ мұғалімдері арасында орын алып отырған кемшіліктер турасында үлкен жанашырлықпен баяндайды. Олар ­ жұртты да, үкіметті де алдайтын жалған мұғалімдік, әкімшілдік, атқа мінерлік.

Ауылдағы мұғалім азаматтардың «нағыз үлкен істі, нағыз керекті істі дұрыстап қолға алудың орнына көбінің «әкімшіліктің соңында әлі далақтап шауып» жүргенін, ал осы сипаттағылардан «милицияға бастық боласың ба, мұғалім боласың ба? десе… алдымен милицияны таңдайтындығын айтып, өкініш білдіреді. Бұл оқу­ ағарту халық комиссары тарапынан дер уағында айтылған орынды сын болатын. Бірақ С.Сәдуақасұлының оппоненттері халком пікірінен басқа астар іздеді, оны кеңес мектебін, кеңес мұғалімін мұқату, кемсіту мақсатында айтылған ой есебінде бағалады. Голощекинге, оның серіктеріне мақала мазмұнын осы тұрғыдан жеткізуге тырысты. Алайда Голощекиннің және оның орталықтағы әміршілерінің тынышын алған ауыл мұғалімдерінің мәдени және мамандық деңгейінің төмендігі, оларды саудагерлік пен күнделікті үй шаруасымен айналысуға мәжбүр еткен мардымсыз әл­ауқаты емес, қазақ шәкірттерінің білімді алаштық, партияда жоқ интеллигенттер жазған оқулықтар арқылы алғандығы еді. Оларға партияда жоқ интеллигенттердің математика, химия, биология және тіл пәндерінен дайындаған оқулықтарының өзі де буржуазиялық идеологияның ықпал құралындай көрінді.

Читайте также:  Ислам келешегіндегі философия мен ғылым

Тарихи шындық сондай, 20­30­жылдары қазақ мектептері мен педагогикалық оқу орындарында пайдаланылған оқулықтар мен оқу құралдарының авторлары негізінен партияда жоқ, кезінде «Алаш» қозғалысына белсенді атсалысқан ұлттық интеллигенция өкілдері болатын. Олардың қатарында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, К.Кемеңгеров, С.Асфендияров және басқа көптеген ғалым, жазушылар бар еді. Алаштық атанған интеллигенттердің үлкен тобы оқу ағарту комиссариат жүйесінде, ғылым, өнер, баспа орындарында, ұлттық баспасөзде жұмыс жасап жүрді. Оқу ағарту халық комиссары оларды өзі басқаратын жұмыс саласына кеңірек тартуды ашық және белсенді түрде жақтады. Одақ көлемінде, Голощекин басшылыққа келген соң республикада партияда жоқ интеллигенцияға қырын қарау, оларды белсенді қызметтен ығыстыру науқаны басталып кеткенде, С.Сәдуақасұлы, керісінше, партияда жоқ, алаштық интеллигенция өкілдерін қамқорлығына алды, қызмет берді. Оның бұл әрекеті Қазақ Өлкелік Комитетіндегі Голощекин бастаған солшыл топ тарапынан алашордашылдықтың, ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағаланды, ал Сәдуақасұлының өзі болса алашордашылардың кеңестік және партиялық аппараттағы өкілі санатына жатқызылды.

Міне, сондықтан да Голощекин Өлкелік Комитет құрамынан орталықтың көмегімен Қожанұлын ығыстырған соң, енді қаруын келесі «ұлтшыл» С.Сәдуақасұлына қарай бұрды және бұл әрекетінде қазақ қайраткерлері арасындағы алауыздықты ұтымды пайдаланып отырды. Мәселен, Қожанұлымен күрес барысында, оның С.Сәдуақасұлымен арақатынасының нашарлығынан жақсы хабардар Голощекин соңғысын өз жағына тартып, араларын шиеленістіре түсті. С.Қожанұлының кейіннен Өлкелік Комитетке жолдаған хатында: «Сәдуақасов жолдас 1925 жылы менің ымыраға келмес қарсыласым болды. Жалғыз сол ғана менің қызметтен босатылуымды талап етті. Оның негізінде жеке бас бақастығы емес, саяси себептер жатты» 66 , ­деген сөзі негізсіз емес еді. Бұл ойдың шындыққа жақын екендігін тәуелсіз басқа да құжаттардан байқаймыз. Мысалы, сол 20­жылдары белсенді партия және кеңес қызметінде болған Б.Аралбаев өзінің партиялық тазалау кезінде партия қатарынан шығып қалуына байланысты жазған арызында Қожанұлы мен Сәдуақасұлы арасындағы күрес туралы былай дейді: «Біз ол кезде Қожановтың қызметтен алынуына Сәдуақасов Смағұл жолдастың ықпалы болғандығын, енді Голощекин жолдас Қазақстанда Сәдуақасов жолдасқа сүйенетіндігін түсінгеміз» 67 . Бұл арада аталған екі қайраткердің өзара келісе алмаушылығына негіз болған саяси себептерді атап айту киын, өйткені ондай тұжырымға қажет құжаттар жоқтың қасы.

Ал Голощекиннің Сәдуақасұлы мен Қожанұлы арасындағы қайшылықты өз мүддесіне пайдаланғандығы туралы материалды кездестіруге болады. Бұл жөнінде жоғарыда аталған Б.Аралбаев арызынан мынаны оқимыз: «Біз басқа да хабар естідік. Онда Сәдуақасұлы сол тұстағы Сырдария губаткомының төрағасы Мұстамбайұлы жолдасқа хат жазып, оны Сарымолдаев арқылы беріп жібереді. Хатта ол конференция барысында қожановшылдарды сұлатуды көздейтін Голощекиннің ұсыныстарын түгелдей өткізуді сұраған. Мұндай хабарды естіген біз Сырдария конференциясында қалай болғанда да Голощекин жолдастың ұсыныстарын өткізбеуге және сол арқылы Сәдуақасов жолдастың Сырдария Губерниясына ешқандай да ықпалы жоқтығын дәлелдеуге тырыстық» 68 . Голощекин С.Сәдуақасұлымен есеп айырысуды көпке созған жоқ. Өзі келген жылдың соңына қарай Өлкелік V партия конференциясын (1925, желтоқсан) өткізіп, жергілікті жағдайға біршама үйреніп алған соң, келесі, 1926 жылдың 17 және 24 ақпанында өткен Бюро отырыстарында алдымен Оқу ағарту комиссариаты жұмысын, артын ала «Еңбекші қазақтың» ұстанған бағытын талқыға салды.

Бюро материалдарымен мұқият таныса отырып бұл талқылаулардың алдын ала даярланғандығын, түпкі мақсаты Өлкелік Комитетте, көпшілік арасында халком және редактор С.Сәдуақасұлы туралы жағымсыз пікір туғызуды көздегенін байқау қиын емес. Оқу ағарту комиссариатында жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша баяндама жасаған Жұмысшы шаруа инспекциясы комиссариатының өкілі Смирягин бюро мүшелерінің назарын негізінен істің көлеңке жағына аударды. Әсіресе оған ұнамағаны қазақ мектептеріндегі оқулықтардың мазмұны еді. Ол оқулықпен европалық мектептердің 50 пайызы, ал қазақ мектептерінің 10­ақ пайызы қамтылып отырғандығы, ал қазақ мектептеріндегі оқулықтардың идеологиялық тұрғыдан жарамсыздығын, бастауыш сыныптарға арналған А.Байтұрсынұлы әліппесінің талапқа сай еместігін айтты. Бірақ бұлар негізінен істің байыбына бармастан айтылған сын еді. Баяндамашының оқулықтарды оқып шықпағандығы, олар туралы «көмекшілердің» пікірін айтқандығы түсінікті болатын. Бірақ 26­жылдың басында Голощекиннің бюродағы жағдайы әлі де тым нығая қоймаған.

Көптеген ел тағдырына қатысты өзекті мәселелер бойынша Ж.Мыңбаев, С.Сәдуақасұлы және Н.Нұрмақовтың пікірлері бір жерден шығып жатты, оларды арагідік О.Жандосов, М.Тәтімов қолдап отырды. Ал Голощекинді қолдаушылар Ежов (Мәскеуге кеткенше), О.Исаев және бірлі­ жарым басшылар болды. Осы жолы да бюро құрамындағы сондай жіктелуді байқаймыз. Смирягиннің баяндамасынан соң сауал қойған Мыңбаев: «Оқулықтар оқытуға жарамайды деген ақпар қайдан алынған? Тексерушілер неге жеке біреулердің айтқанына сүйенеді, коллективті түрде жасалған тұжырым болу керек емес пе?», ­ десе, Нұрмақов: «Біз оқулықтар идеологиялық тұрғыдан сын көтере алмайды деген жалпылама, дәлелсіз сын айтып жүрміз. Мәселен, әліппе төменгі кластарға жарамайды дейді. Оған қандай негіз бар? Оны кім айтты?», ­ деп реніш білдірді. Өз ретінде Мыңбаев пен Нұрмақовтың қол қойған сауалына байланысты мәселені бюро отырысына дайындауға қатысқан Өлкелік Комитеттің үгіт­насихат бөлімінің қызметкері Ваннэ сөзінде: «Сонда қалай болғаны, біздің Байтұрсынұлының оқулығы жарамайды деп айтуға да құқығымыздың болмағаны ма?»— деп қарсы сауал бергенімен, бірақ өзі де пікіріне дәлел бола аларлық ештеме келтіре алмады. Голощекин: «Бізде қазақ интеллигенциясы бар… солардың партияда жоқ үш­төртеуі оқулықтар жазып жүр», бірақ «баяндамада сөз халыққа білім беру туралы емес, Оқу­ағарту халкомы аппаратының қызметі жөнінде болып отыр», — деп, сөзді Сәдуақасұлының жұмыс сапасы төңірегінде жүргізгісі келді. Аталған шешендерден соң сөз алған С.Сәдуақасұлы мәселенің ең негізгі деген жақтарына түсінік берді: «Осында сөйлеген үгіт­насихат бөлімінің өкілі біздің жағдайымызды біршама жете түсінбеді.

Читайте также:  Отаршыл билік және бірегейлік

Байтұрсынұлының оқулықтары қаншама жарамсыз дегенімен, бізде қазір солардың өзі де жетпей отыр. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір жиналыстарда, әрбір көше бұрылыстарында партияда жоқ интеллигенттерімізді ғайбаттауды доғаратын уақыт жетті немесе оларды контрреволюционерлер жариялап, жұмысқа тартуға тыйым салынсын. Біз оларды Өлкелік Комитеттің рұқсатымен жұмысқа тартып жүрміз. Ал енді ешқандай да негізсіз олар жазған оқулықтарды сынау мүлдем түсініксіз. Бұл оқулықтарды салдарлы талқыға салып, сын жазу қажет. Бізде ол жоқ, тек бәрі де жаман деген құрғақ сөз ғана бар. Мен ескіні ауыстыра алатын жаңа ештеме бермей тұрып, барды жамандай беруді негізсіз қысыр сынға жатқызамын» 69 . Бюро мүшелеріне мәселе туралы толығырақ түсінік беру үшін С.Сәдуақасұлы оқулықтар жазуға коммунистердің де шақырылғандығын, бірақ, өкінішке орай, одан әзірге ештеме шықпай отырғандығын да айтып: «Жалпы, бұл жұмыс (оқулық жазу. — М.Қ.) өте мұқияттылықты талап ететін, өз ерекшелігі бар, ауыр жұмыс.

Біздің коммунистер бұл жұмысқа баруға өте құлықсыз. Ал егер бұл жұмысқа дәу шенділерді жіберсеңіз, олар өздерін жер аударылғандардай сезінеді», — деді 70 . Халком өз сөзінде оқу­ағарту саласындағы қиындықтардың жалпы Қазақстанның әлеуметтік­экономикалық және мәдени жағдайымен, деңгейімен өзектесіп жатқандығын, басшылыққа жаңа адамдар келген күнде де аталған қиыншылықтардың олардың алдынан көлденең шығатындығын, сондықтан да бұл комиссариаттың жұмысына ерекше шүйлігудің орынсыздығын ашық айтты. 1926 жылы 17 ақпанда өткен Қазақ Өлкелік Комитеті бюросының бұл отырысы өз жұмысын жабық түрде жалғастырды. Оны жүргізуші Голощекин бюро мүшелерін С.Сәдуақасұлының атқарып жүрген қызметтерінен босатып, біржола шығармашылық жұмысқа көшуге рұқсат сұраған арызымен таныстырды. Жауапты хатшы кіріспе сөзінде Сәдуақасұлының мұндай арыз беруі дұрыс еместігін және оны үгіттеп көндіре алмағандығын білдірді. Өз ретінде С.Сәдуақасұлы арыз беру себептерін былайша түсіндірді: «…әкімшілік жұмысты менен қабілетті, жоқ дегенде төмен емес адамдарға беру, ал мені әдеби жұмыс саласында пайдалану орынды болар еді, өйткені менің кішкене болса да жазуға бейімділігім бар. Бұл ­ біріншіден. Екіншіден, менің арызым белгілі бір жоғарғы саяси мүдде тұрғысынан жазылмағандығын айтқым келеді. Қалай болғанда да оған саяси өң беруді қаламас едім. Мен Қазақ өлкелік комитетінде, одан тыс та жетерліктей өзара қатынас қалыптасқанын, осы себепті бас сауғалап қашып бара жатпағанымды, керісінше, бұл қызметкерлеріміздің белгілі бір бөлігінің творчестволық қара жұмысқа әдейі аударылатын мезгілі жетті деп санаймын.

Осыған байланысты бірінші кезекте өз қызметімді ұсынып отырмын. Сондықтан да Оқу­ағарту халкомындағы және газеттегі жұмыстардан мені босатуды көптен­көп сұраймын» 71 . Осы арада біз оқырман назарын мынадай жайға аударғымыз келеді. Бюро отырыстарында болсын, пленум, конференция жұмыс барысында болсын С.Сәдуақасұлы сөздері ылғи да түрлі өзара ымырасыз позициялардың, оларды білдіруші сол тұстағы саяси қайраткерлердің ара жігінің ашылуына түрткі болып отырды. Ол түсінікті де еді. Өйткені ел тағдыры таразыға түскен бұл тарихи кезеңде жеке бас, топ мүддесінен мүлдем ада С.Сәдуақасұлы сөзі жалпыұлттық өзекті мәселелерді қоюда батыл және табанды, терең және турашылдығымен ерекшеленді. Сол тұстағы қазақ басшылары үшін белгілі дәрежеде емтиханға айналған күрделі ұлттық мәселелерді басқа интернационалдық, таптық мәселелерге қарсы қоймай, сонымен бірге оларды болашақ өмір тұрғысынан өз дәрежесінде бағалай білуде С. Сәдуақасұлының орны алыстан көз тартты, ал жоғарғы билікте жүрген, өз мүддесінен арғыны көп ажырата алмайтын қайсыбір басшыларға ол тіптен түсініксіз боп көрінді. С.Сәдуақасұлы арызын талқылау барысында бюро мүшелерінің қойылған мәселеге енжар емес, тіптен айтарлықтай мүдделі екендігі тағы да байқалды. Арызда қойылған мәселеге байланысты екіге бөлінген бюро мүшелерінің бір жағында Исаев және Құрамысов тұрды.

Читайте также:  Студенттің жазылым іскерлігін дамыту

Голощекин ішінен бұлармен бірге болғанымен, дауысқа салғанда жеңе алмайтындығын түсініп бейтарап қалды. О.Исаев С.Сәдуақасұлының арызын мектепке оқулық жазу немесе творчестволық жұмыспен айналысу ниетінен туған қадам емес, саяси қыр көрсету есебінде бағалады. І.Құрамысов та оны қуаттап: «Біз Ильичсіз өмір сүріп келеміз, Сәдуақасовсыз да өмір сүре аламыз, сондықтан да оның өтініші қанағаттандырылсын» 72 , — деді. Бұларға қарсы тұрғандар қатарында Тәтімов, Нұрмақов, Мыңбаев және Жандосов болды. Талқылау нәтижесінде үстемдік алған олардың пікірі: «С.Сәдуақасов ­ өзіне тапсырылған міндетті өз дәрежесінде атқара алатын, қабілетті қайраткер. Оның мұндай шешім қабылдауына соңғы уақытта қалыптасқан жағдай түрткі болып отыр. Шын мәнінде оны қызметтен босатуға негіз боларлық себептер жоққа» сайды. Мәселен, Тәтімов: «Мен Сәдуақасов жолдастың Қазақстандағы бұрынғы қызметтерімен де таныспын және оны өлкедегі қабілетті қайраткерлердің бірі деп санаймын. Ол тек Оқу­ағарту комиссариатында ғана емес, басқа да қызметтерде істей алады. Мен оны не қинап жүргенін түсіне алмай отырмын?.. Сәдуақасов жолдас — бұл қызметке лайық және көрегендігі жағынан бәрімізден әлденеше рет жоғары тұрған ірі масштабты қызметкер», — деді. Нұрмақов: «…Мен оқу­ағарту ісінде Сәдуақасовты ауыстыра алатын адам жоқ дей алмаймын, бірақ ол бұл жұмысқа өзінің жалпы деңгейі жағынан да қабілеттілігі жағынан да лайық және сәтті кандидатура. Оқу­ағарту комиссариаты басына тек жақсы әкімді қоюмен шектелетін орын емес. Мұнда Оқу­ағарту комиссариаты алдында тұрған барлық міндеттерді терең түсіне алатын, жоғары мәдениетті адам керек». Мыңбаев: «…Исаевтың Сәдуақасов қыр көрсетіп отыр деген сөзінен де әр нәрсені аңғаруға болады. …Арыз иесінің өтінішін қанағаттандырарлық қандай себептер бар? Ондай себептер жоқ.

Ал Сәдуақасовтан кейін тағы да арыз бергісі келетіндердің ықпайтындығына Құрамысов жолдас кепілдік бере ала ма екен? Біз ондай қадамға барып, арыз беретін адамдардың табылатындығын ашық мәлімдейміз. Мен ол туралы тағы да айтамын. Сізге шабуыл жасап, сіз күресуге әлім жоқ деуге мәжбүр болсаңыз, әрине, одан жаман не бар? Бұл арызды қанағаттандырған күнде қайсыбір жолдастардың риза болатындығын білемін, бірақ Сәдуақасов жолдас бізге керек» 73 . Бюро отырысын жүргізіп отырған Голощекин «әр түрлі пікірі бар, бірақ бәрі де партиялық тұрғыдан ойлайтын адамдардың болуы жақсы» деп көлгірсігенімен, істің ақыры саяси сипат алып кетуі мүмкін екендігінен қаймығып, бұл жолы С.Сәдуақасұлын қызметтерінен босатып жіберуге бара алмады. «Бізге көпшілік не айтады, — деді ол. ­ Біз барлық газеттер арқылы және әрбір ауылды аралап жүріп оның өзі кетті деп сендіре алмаймыз ғой. Жоқ, бұл Сіз үшін де, біздің көпшілігіміз үшін де пайдасыз деп санаймын» 74 . Сонымен, 1926 жылдың ақпанында С.Сәдуақасұлы өзін Оқу­ағарту халық комиссары және «Еңбекші қазақтың» редакторы қызметінен босату туралы арыз берді. Оған мұндай қадамға баруға мәжбүр еткен Голощекин бастаған солшыл күштердің шабуылы еді. Бірақ әзірге жеңіс қызығын тойлауға бұлардың да күші жетпеді. Оған одақ және республика көлемінде әлі де болса қолайлы сәт қалыптаса қойған жоқ болатын. Ондай сәттің көп ұзамай келетіндігіне Голощекин сенді, сондықтан да еппен қарсыластарының аражігін, осал жақтарын тауып, оларды біржола бір­біріне қарсы айдап салуға болатын кезеңге дайындық жасай берді.

Оставить комментарий