iRef.kz

ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ ЖӘНЕ ЖАСТАР

Мен — қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген. деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, бүгінгі жастардың қайсыбірі осылай айта алар екен ?! «Болашағыңды болжайын, ауылыңның жастарын көрсетші»,- дейді халық даналығы. Сондықтан бүгінгі жастар ұлтымыздың болашағы, еліміздің келешегі. Ендеше, қазақ жалқының ұлт болып сақталып қалуында жас ұрпақ тәрбиесінен асқан маңызды мәселе жоқ. Ал тәрбие берудің түп қазығы, негізі – халықтық педагогикада. Қазақ халық педагогикасы әрдайым ата — ананы, қарттарды құрметтеуді, балаға, әлсіздерге көмектесуді уағыздап қастерлеген. «Ата-анаға деген борышыңды Меккеге жаяу арқалап апарсаң да өтей алмайсың » — дейді халық. Қазіргі рухани жүдеушілік кезінде осындай асыл сөздердің мағынасына жастардың назарын аударған жөн. Өйткені ата-анасын сыйламайтын, бақпайтын, олардың тек пенсиясын алуды ғана көздейтін жастарымыз да баршылық. Әйтпесе жетімін жылатпайтын, жесірін қаңғыртпайтын, қарттарын мәпелеп күтетін 87 қазақтың тарихында бұрын болмаған «Қарттар үйі», «Жетімдер үйі» қайдан келді? Әрі олар жыл санап азаюдың орнына, керісінше көбейіп келеді. «Ата менен анаңды құрметтесең, Мекке болып табылар үйің іші, «Ақ сүтін беріп асыраған ананы, әлпештеп өсірген атаны құрметтесең құдай жолын қуып Меккеге барумен пара-пар»-деген ойдың бүгінгі күннің жастары үшін мән-мағынасы жойылғаны ма?! Неге осы жастарымызды халқымызда жиналған рухани мол мұрамызбен сусындатпасқа. Басқа халықтарда кездеспейтін ауыз-әдебиетінің үлгілері – айтыс өнері, терме, тұрмыс- салт өлеңдері шешендік сөздер тек біздің халқымызға ғана тән қасиеттер екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақ халқының сөз саптауы, сөз байлығы, сөздік қоры қай елден болса да кем емес. «Көп ішінде сөйлеген – көсемдіктің белгісі, Көпке сөзі ұнаған – шешендіктің белгісі» — дегендей, мақалдап сөйлеу арқылы жастар сөз мәдениетін меңгереді, оған жауапкершілікпен қарап үйренеді, басқалардан да соны талап етеді. Қазіргі кезде біз тіл тазалығы үшін күресуіміз керек. Дөрекі сөйлейтін, екі сөзінің бірі боқауыз, соған өздері мәз болып көшені басына көтеріп күлетін жастар да арамызда баршылық. Сондықтан ең алдымен, жастарды ана тілді ардақтап, оны қадір тұтып, сүйе білуге тәрбиелеу керек. Әр халықтың ұлттық психологиясының негізгі бір жағы — сол ұлттың тілі. Ұлттық тіл сол халықтың нақты тарихы, оның өмірінің, сана-сезімінің ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпының, үміт-арманының шежіресі. Кімде болса өз халқының тарихын, оның тілін дұрыс білмейінше әрі жан-тәнімен сүймейінше өз халқының адал перзенті, сүйікті ұлы бола алмайды. Өз ұлтын, ұлттық тілін жөнді қадірлемейтін адамнан шын мәніндегі патриот шығуы да қиын. Ана тілі туған халқымыздың, өзімізді ақ сүт беріп, әлпештеп өсірген анамыздың тілі. Дүниеде анадан жақын не бар! Сондықтан тілімізді қадірлеп, ерекше құрмет тұтқан абзал. Ана тілі – бұл өмірге жаңа ғана келген нәрестенің ә дегенде еститін бірінші дыбысы, ол жас өспірім жеткіншектің айнала әлемді тамашалағанда білдіретін көңіл-күйі, ол бозбала мен бойжеткеннің бір-бірімен табысуындағы жүрек тілі. Олай болса, осы тілді ардақтап ерекше қадір тұту қажет, қандай жағдайда да адамның бойында оның рухы сақталуы тиіс. Өз ана тілінде шүлдірлеп, шолжаңдап, жығылып-сүрініп жүруге болмайды. Жастарға тәрбие беруде, ой-санасын өрістетуде ауыз әдебиетінің айтыс жанры, оның ішінде әсіресе айтысы ерекше рөл атқарады. Жұмбақ айтысы жастардың логикалық ой- өрісінің дамуына әсер етеді, оларды тапқырлыққа тәрбиелейді. Ал халқымыздың мақалдары жастарды сабырлы, адал, арлы азамат болуға үндейді. Мәселен, халқымыз жас ұрпаққа ел қадірін «Өз елің – алтын бесігің », «Отан – оттан да ыстық », «Туған жерге туың тік », «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол », «Жекен жерінде көгерер, ер елінде көгерер » деген асыл сөздермен білдірген. Жастарды кіндік кесіп, кір жуған жері үшін, әлпештеп өсірген елі үшін қасық қаны қалғанша жаумен жағаласа білетін, Отанын шын сүйетін батыр етіп тәрбиелеуді көздеген халық өзінің өлең- жырларын, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдерін осы тақырыпқа арнаған. Xалықтық педагогикадағы негізгі тәрбие құралы болып есептелетін — ауыз әдебиеті. Қазақтың ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінде махаббат пен зұлымдықтың, адамгершілік пен екіжүзділіктің, кеңпейілділік пен дүниеқоңыздықтың тартысы арқылы өмір шындығына жастардың көзін жеткізу, зор адамгершілік қасиетін мәпелеу сезімдерін ояту көзделеді. Ұлттық тәлім-тәрбие ұрпақ тәрбиесінің негізіне алынуы – егеменді еліміздің мүддесі, қазіргі уақыт талабы. Ұлттық тәрбие – біздің ұлт болуымыздың, адамдық құндылықтарды сақтап қалуымыздың кепілі. 88 Сан ғасырлар бойы Ұлы даланы мекен еткен халқымыз ешбір ғылым-білімсіз, дүниетанымсыз – жеті жұрттың қамын жеген, мейірімді Ел анасын, жігерлі батырларды, ар-ұятты, адал, намысшыл, әділ, таза жүректі ұл-қыздарды – Ұлы ұрпақты тәрбиелеген. Оған еліміздің бостандығы, ар-намысы үшін құрбан болған Амангелді Иманов, Тоқаш Бокин, Жақыпбек Майкөтов т.б. азамат соғысының ардагер-батырлары, Ұлы Отан соғысындағы Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Нүркеш Әбдіров, Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова сияқты мыңдаған қазақтың батыр ұл- қыздарының ерлік істері айғақ бола алады. Ең алдымен жас ұрпақ ана тілін терең оқып, оны жете түсініп, елін, жерін, сүюге тәрбиеленуі тиіс. Өнер арқылы жас ұрпаққа тәдім-тәрбие беру ісі қоғам дамуының әрбір кезеңінің талаптарын жүзеге асырудың бір саласы. Өткен ұрпақ тәжірибесін бүгінгімен жалғастыру арқылы өнегелі ұлттың тәлім-тәрбиемізді ұрпақтан –ұрпаққа жеткізу қай кезеңде болмасын тоқталған емес. Осы күні оқу-тәрбие үрдісіне халықтың педагогиканың тәлімдік мәселелерін енгізуде Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, М. Балтабаев, Ж. Наурыбаев, С. Ұзақбаева т.б. еңбектерінде де орын алуда. Бүгінгі тәуелсіздігімізді алған күнде ұлтымыздың өнерін, қасиетін дамыта беру мүмкіндігін молынан пайдалануымыз қажет. Ұлттық қазыналарды терең оқып, зерттеп, тани білуіміз керек. Кейінгі жастардың еңбексүйгіш, өнерлі, өнегелі, инабатты, адал, абзал азамат болып өсуіне әсер етуіміз керек. Сонымен қатар этникалық-мәдени білім беру арқылы мәдениетті тұлғаны қалыптастырып, тәрбиелеуде өз халқымыздың ұлттық өнерін мол пайдалануымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық педагогикада сан ғасырлар бойы жиналған асыл мұраларымызды асқақтатуымыз керек. Кезінде халқымыздың ұлы ақыны, данышпан Абай: «Қорқамын мен кейінгі жас ұрпақтан» — деп, көрегендікпен бекер айтпаған екен. Сол себептен, бүгінгі күнгі тәрбиедегі өзекті мәселе — азаматтық, Қазақстандық патриотизм тәрбиесіне ерекше көңіл аудару. Ол үшін білім беру мекемелеріндегі оқу және тәрбие процестеріне патриоттық тәрбиені енгізу, балалар, жасөспірімдер мен жастар ұйымдарының жұмысын жетілдіру, ақпараттық және әдістемелік материалдарды сауатты түрде дайындау жұмыстарына, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен мақтаныш сезімін тәрбиелеу жұмыстарына көңіл бөлу керек. Қазақтың батыр азаматтары Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің Отанды сүюге байланысты нақыл сөздерін әрбір мектеп оқушысының санасына сіңіру керек. Мемлекеттік мейрамдар: Республика күні, Тәуелсіздік күні, Конституция күні, Қазақстан халықтарының бірлігі күні, т.б. өткізудің сценарийлерін сауатты түрде құру керек. Қазақстанды мекендеген 140 шақты ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін оқып үйрену, оларды құрметтеу — көпұлтты Қазақстандағы бейбітшіліктің нығаюының, халықтардың ұлттық бірлігін сақтаудың кепілі екенін есте сақтауымыз керек. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев жастарға сенім білдіріп, халыққа жолдаған соңғы жолдауында жастарға жеңілдіктер жасау, әсіресе студент жастардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бізге күш-жігер береді, алға ұмтылдырады. Ел басшылары балалар мен жастардың жағдайын ойласа, жастар елінің жарқын болашағы үшін білімі мен күш-жігерін аямайды деп ойлаймын. Әдебиеттер 1. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. — Алматы: «Санат», 1995. 2. Ұзақбаева С., Мұқанова Б. Қазақ этнопедагогикасы: тәлімдік тағылымдар. Алматы, 1998. 3. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. Алматы, «Білім», 1995. 4. Әлімбаев М. Халық ғажап тәлімгер. Алматы, «Рауан», 1994. 5. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы: «Санат»,2001.

Пікір қалдыру