ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Бұл тақырыпты таңдаған себебім — «Қыз баланы тәрбиелей отырып — ұлтты тәрбиелейміз» деген қағиданың дұрыстығына көз жеткізу. Ең басты мақсат — жас ұрпақты жаңа дәуір, жаңарған заман талабына сай етіп тәрбиелеу. Халықтың болашағы — ұрпағы. Ұрпақтың діңгегі — тәрбиесі. Ал ұлттың негізіне, қасиеттеріне, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, ұлттық құндылықтарға сай тәрбие көрмеген ұрпақ келешекте халқына, еліне тұтқа бола алмайды деп ойлаймын. Сондықтан да қазіргі уақытта көптеген адамдарды ең алдымен жастар мәселесі толғандырады. Өйткені көшеде, қоғамдық орындарда түрлі былапыт сөздермен өздерін жиіркенішті етіп көрсетіп жүрген кімдер? Жастар. Әрине, «көпке күл шашпау» да қажет. Бүгінгі жастар арасында талапты, дарынды, мәдениетті қыз бен жігіттер де жетерлік. Алайда кейде адамдардың көп шоғырланған жерлері — аялдамалар, базарлар, қоғамдық орындардағы жастардың әдепсіз әрекет- қылықтарын көріп шошисың. Ішкі жан дүниесінің байлығын былай қойғанда, тәндері сау емес, арақ пен темекінің түтініне тұншығып, нашақорлыққа салынып, уланып жүрген жастар бүгінгі күнде жетерлік. Әсіресе олардың арасында өзіміздің қаракөз сұлу қыздарымызды көргенде, ертең ол қандай ана болар екен, осы өмірге қандай ұрпақ әкелер екен деген сияқты ойлар көкіректі мазалайды. Бұл қыздарды кейбір кезде бағаламағанымыз ба, әлде жөнді тәрбие берілмегендіктің әсерінен бе, белгісіз. Дүниеге ұрпақ әкелетін әйел, сол ұрпағының аман-есен, басқалардан кем қалмай өсуіне жауапкершілікті де табиғи түрде өз мойнына алады. Кейінгі ұрпақтың аш-жалаңаш қалмай өсуі, ата-бабасынан қалған өнегені ұмытпауы, жаманнан қашық, жақсыға асық болуға бейімделуі үйде қалған әйелдің міндетіне кіреді. Әйел әрқашан күліп жадырап жүріп шырақ тәрізді үй ішіне, отбасы мүшелеріне нұрын шашып, жылытып, шуақтандырады. «Ұлттың ұйтқысы — қыздары» деп Мұзафар Әлімбаев ағамыз айтпап па еді? Қызды о бастан өзінің болашақ міндетіне лайықты тәрбиелеу — ата-ананың, әсіресе ананың үлкен парызы. Қыз баланы келешек ана, бала тәрбиешісі, отбасы ұйтқысы деп түсінген халқымыз оның еңбексүйгіш, өнегелі, өнерлі болып өсуіне ерекше мән берген. Оларға үй сыпыру, төсек жинау, ас пісіру, шай құю, кесте тігу, тон пішу, өрмек тоқу, ою-өрнек сияқты отбасының ішкі жұмысына үйретуді анасы мен әжесі өз міндеттеріне алған. Қол өнеріне икемі жоқ қыздарды : «Өз үйінде ою оймаған кісі үйінде сызу сызар» деп келеке еткен, тіпті шай құю мен төсек жинаудың өзі үлкен сын болған, ақындардың өлеңдерінде кездесетін «қыздың жиған жүгіндей» деген теңеулер текке айтылмаған. Қазақ халқы әсіресе қыз баланың сырт сұлулығына 62 ерекше көңіл бөлген, шаштарын айранмен, қынамен жуғызған, қос бұрым етіп өргізген. Шашбау, шолпы таққызған. «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек » деп, қыздың киім киісіне де көп көңіл бөлген. Оларға арнап бүрмелі көйлек, қынама бел қамзол, құндыз бөрік, үкілі тақия тіккізген. Ертегілерде, жырларда сұлуларды сипаттау арқылы оларға еліктеуге шақырған. Ерте кезде «Қыз — елдің көркі» деп әспеттеген халық, өсіп келе жатқан қыз балаға бүкіл ауылмен жауапты болған. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал осыны білдіреді. Ұрысып, кіналап емес, теріс ісін ескертіп, «кішіпейіл бол», «үлкен кісінің алдын кесіп өтпе», «инабатты бол» деген сияқты т.б. нақыл сөздер айтып, жақсыға қарай жетектеп, бағыттау тұрғысында тәрбиелеген. Ол пәленшенің, түгеншенің қызы емес, біздің ауылдың қызы деген қисынмен әрбір үлкен адам қыз баланың қатесін байқаса, ескерту, сақтандыру парызым деп есептеген. Ата-аналары қызы болса, өз қатарымен құдандалы болып, өрісін кеңейтуді армандаған. Сол қыздың өсіп қалыңдық болатын кезеңдегі керек-жарағын бала кезінен бастап жинаған. Ауылдағы абысын-ажын, жас жеңгелер бойжеткенге лайық нәрсесі болса, «мынау қыздың сандығына салуға, жасауына қосуға» деп жинай берген. Бұл қазіргідей көшенің басынан аяғына дейін дүкен, қала толған базар заманы емес, ауыл-ауылдың арасы атшаптырым кезеңде қалыптасқан дәстүр. «Елдің баласы», «ауылдың — адамы» «қауымның азаматы» деген қағидамен өмір сүрген заман болатын. Қыз баланың негізгі миссиясы — болашақ ұрпақты жалғастыру міндетін ешкім, ешқандай қоғам өзгерте алмайды. Қазір ол міндет тіпті жауапты әрі күрделі. Өйткені қазіргі информациялық тоғысуда ұлттың өз ерекшелігін сақтап қалу үшін үлкен көрегендік, терең білім, күшті ерік-жігер керек. Осы қасиеттердің бәрі алдымен қыздарға керек. Сондықтан да қызы бар үйдің әркімде назы бар: мұғалім тиянақты білім беруге, үлкендер байсалды ақылын айтуға, ісмерлер өлмейтін өнерін үйретуге міндетті. Себебі, бүгінгі қыздар кешегі қару алып, жауға шапқан, қамшы алып мал баққан, не бір қайғы-қасіретке душар болған елдің еңсесін көтеріп, бүгінге жеткізген аналардың ұрпағы. Ол аналарымыз халықтық педагогикадан сусындаған. Олар халқымыздың не бір «ақ жүрген азбас», «ұлың өссе — ұлы жақсымен, қызың өссе — қызы жақсымен ауылдас бол», «әдептілік ар, ұят — адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез тағы жат – надандықтың белгісі», «еңбек — адамның екінші анасы» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдерімен, нақыл, даналық сөздерімен өсіп тәрбиеленді. Сонымен қатар ертеден келе жатқан батырлар жырлары, лиро–эпостық жырлар ер балаларды ғана емес, қыздарды сезімталдыққа, сұлулыққа тәрбиелеумен қатар батырлыққа да тәрбиелеген. Сол кезде топ жарып, үлкен қауымның алдында ақылдылығымен, парасаттылығымен танылып, түйдек– түйдегімен айтылған шешен сөздерімен халықты тамсандырған қыздар да болған. Менің ойымша, қазіргі уақытта да қыз баланы халықтық педагогика негізінде тәрбиелеудің маңызы орасан зор. Өйткені қазіргі кезде жалпы жастардың арманы еңбек етпей табыс табуға, тезірек баюға құмартып, арзан тірлікке жармасып кеткен. Сондықтан да болар қылмыс жасап, әртүрлі жағдайларға душар болып, жезөкшелік пен нашақорлыққа салынып, арзан еңбекпен үлкен ақша түсіргісі келетіндер бар. Ал ертеде ата-бабаларымыз балаларды ең алдымен қолөнерге, аянбай еңбек етуге тәрбиелеген. Бүгінгідей алмағайып заманда қазақ жастары, ұлдары мен қыздары неше түрлі келеңсіз көріністерге белең алдырып, құнсыз байлық пен құлқынның, «қолдың кірі» — ақшаның құлы болып бара жатыр. Осыдан сақтану керек. Қыздың бойындағы ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойына сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс — аяқ сылдырлатпау, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмау, тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ басқанына, киім киісіне, қимыл — қозғалысына, дауыс ырғағына дейін мән беріледі. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемеу, ізетті болу, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем сәндерін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау — ежелгі дәстүр. Жиын тойларда қыз 63 баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Қыз намысы дегеніміз ең алдымен, өзін өзі сыйлай білетін, өз көзқарасынан, ойынан адалдықты көрсетіп, өзін өзі қорлайтын ымыра мен келісімді қабыл алмайтын терең сезім. Қыздың намысы мен ары, адамгершілігі оның оқуға, қоғамдық пайдалы істерге, отбасына, құрбы құрдастары мен ұжымға қарым қатынасына байланысты. Әрбір қыз балаға ата анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта ода елін, жерін халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай көретін қамқар ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз. Қыз баланың бойына сыпайылық, мейірбандық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді кішкентайынан бастап дарытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Сондықтан, қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауда ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстамдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе ұшқалақтыққа, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік қауіп санаған. Иә, қазақ қызы сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы болуы тиіс. Оның жүзі шырайлы, өзі ұяң әрі тәні нәзік келеді. Сондай-ақ сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін,болмашыға пісіп күймейтін келбеттілік, істесе үйіріп, сөйлсе бұйырып баурап алатын көріктілік, байыппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы жаманның жөнін біліп тұратын әдемілік, дене бітісі жинақы, сөзі салмақы, ісі тиянақты, ажарлы, көз жанары өткір, бет әлпеті бал бұл жанған, тәні шымыр, шырайлылық қазақ қыздарына тән қасиеттер. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қыз балалар осындай қасиеттерді меңгеруге талпынуы керек ақ. Өкінішке орай, әдепсіз қыз, мейірімсіз шешелер де аз емес, бұл етек жайған құбылыс болып барады. Әйелдің ең үлкен қаруы инаббаттылығы мен нәзіктігінің азаюы ер адамның ірілігінің, мінез құлықтың кесектігінің кемуіне әкеліп соқты. Арамызда өсекке әуес, қылжақбас, мақтаншақ, жігерсіз, дәрменсіз, күйкі тіршілікпен күн кешетін еркектер аз емес. Өзінің ар намысын сыйламаған адам ұлт намысын қайтсін?! Өз халқының салт дәстүрін бағаламаған, түсінбеген адам қайтіп мәдениетті, тәртіпті, ілтипатты, бауырмал болсын. Осы орайда айта кетерлік мәселе жоғарыда айтылғандарды біздің қыз балаларымыз ескерсе екен деймін. Қазіргі кезде біздің елімізде жетім балалар үйлері көбеюде. Ол балалардың басым көпшілігі қаракөз қазақ балалары. Олардан бас тартып, тастап кетіп жатқандар да қазақтың жас қыздары. Әрине, олар жастықтың қызуымен өз қателерін дер кезінде түсінбей, артынан біраз жылдар өткен соң опық жеулері мүмкін. Бұндай қателік болмас үшін қыз балаларды қазақтың «ақ босаға», «ақ бесік», «ақ шымылдық» деген сөздерінің мағыналарымен таныстыру керек. Бұл жұмыстарды мұғалімдер ата-аналармен бірлесіп отырып орындағаны тиімді. Қыз бала елдің көркі болу үшін әрбір ел, ауыл, ата–ана – бәрі жауапты. Себебі елдің ертеңгі қасиетіне жеткізетін қыздар. Қазіргі қыздардың жай – күйі бізді әрқашан толғандыру керек. Себебі бүгінгі күні ол мәселені уысымыздан шығарып алсақ, ертеңгі күні ұлт тағдыры не болмақ ? Осы жайлы ойлану керек. Әйелдің еріне қарым-қатынасы баланың әкеге деген көзқарасын анықтайтыны берік есте болуы тиісті. Бұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастауы екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі, аналарының сөзі, іс қимылы, қас қабағы арқылы қалыптасады. Қорытындылай келе, білімпаз Ризаудин Ибн Фахруддиннің «Әйелдері тәрбиелі болған халық — тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық — тәрбиесіз», «Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талантты болса, халық — бай, ал жалқау, салақ немесе ысырапшыл болса, халық — тақыр кедей болады» деп айтқанын қолдай отырып, халқымыздың болашағы қыз балалардың тәрбиесімен өте тығыз байланысты екенін айтқым келеді. 64 Әдебиеттер: 1. К.Ж.Қожахметова. Ұлт тағдыры мен қыз бала тәрбиесі біртұтас //Білім беру жүйесіндегі этнопедагогика , 2005, №1, 68-73 б. 2. Қызы бар үйдің назы бар // «Ақ желкен» , 2004, №2, 20 б. 3. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. — Алматы: «Санат», 1995. 4. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері. – Алматы, «Әл — Фараби», 1995. 5. Байжанова Ж. Семья бақыты. – Алматы: «Қайнар», 1989.

Читайте также:  Шәкәрімнің ақындық ортасы

Оставить комментарий