ХАМЗА ЕСЕНЖАНОВ ӨМІРБАЯНЫ

Адам дарынының бастау көзін халқымыз «әкенің құты, ананың сүті» деп әуел бастан осы өлшеммен есептеп қойған. Одан басқа «тегі асыл, сойы бөлек» деген бағам сөздер де бар. Хамза Есенжанов – сондай өлшемнен де биік тұрған бірегей дарын иесі. Оның шығармашылығының биік шыңы – «Ақ Жайық» романы оның тілдік тұлға екендігін және табиғи дарынының тұма мөлдірлігін танытатын басты көрсеткіш. М. Әуезов ұлы Абайдың үш бұлақтан қанып су ішкенін айтқан болатын, яғни бай халық ауыз әдебиеті, дәстүрлі шығыс әдебиеті, алдыңғы қатарлы, озық орыс әдебиеті мен шетел әдебиеті. Ал Хамза Есенжанов сол Мұқаңдармен бірге алғаш Ленинградта оқыған бес дарынды қазақ аспиранттарының бірі болатын. Абай ішкен бұлақтардан Хамза да шөлін қандырған деп толық айта аламыз. Тілдік тұлға атану үшін ірі көлемдегі жеке тұлға болу аз. Ол үшін жеке тұлғаның тілін танытатын өткір сөз бен өлмес шығарма керек. Жазушының «Ақ Жайық» романы – сол кездегі халық тілі мен шаруашылығын дәлме-дәл сипаттайтын шығарма. Шығарманы оқи отырып, жазушының ойлау дәрежесі мен түйсіну деңгейінің тереңдігін байқап, еріксіз мойындайсың. Х.Есенжановтың өзіндік болмысы кең көлемдегі лабиринт іспетті пішінде болғандықтан, жазушының тілдік тұлғасының деңгейлері көп тарамды және көп салалы сипатта келеді. Осыған орай, тілдік тұлға атану үшін ақын, жазушы не ғалым, шешен болу керек екендігі түсінікті. Тілдік тұлғаның осындай ерекшеліктерін көп зерттеген Ю.Н.Караулов оның мынадай екі аспектісі болу керектігін айтады: 1) Философиялық; 2) Психологиялық [1, 56 б.]. Осыдан барып, тілдік тұлғаның құрылымдық деңгейлері шығатынын көрсетеді. Оның ойынша, тілдік тұлғаның философиялық аспектісін тіл, интеллект, болмыс құрайды. Осыған, біздіңше, ұлттық танымды қосуға болады, себебі, лингвомәдениеттанушы В.А.Маслова: «тілдік тұлға – бұл сөйлеуші тұлғалардың көпқабатты және көпсыңарлы парадигмасы. Соның ішінде, сөйлеуші тұлға – бұл болмыстағы, нақты тілдесуде парадигмасындағы тілдік тұлға», — деп көрсетеді [2, 119 б.]. Ал, Ю.Н.Карауловтың көрсетуінше, психологиялық аспекті басты үш деңгейден тұрады, яғни семантикалық, когнитивті және прагматикалық деңгейлер. Тілдік тұлғаның құрылымдық деңгейлері осы деңгейлерге орайласа сәйкестенеді. Семантикалық деңгейге вербалды- семантикалық құрылым сәйкестенеді де сөздерден тұрады, яғни вербалды-семантикалық құрылым сөздер жиынтығынан тұрады. Бұған әр қабаттағы сөздер мен лексикалық бірліктер енеді. Ал когнитивті деңгейге тезаурустық құрылым сәйкестенеді де, ұғымдар немесе, бүгінгі терминологиямен айтқанда, идея, концептілерден тұрады. Бұл иерархиялы құрылымдардан тұрғандықтан дүниенің бейнесінен, ең аз дегенде семантикалық өрістен тұрады. Дүниенің бейнесі көп сатылы құбылыс болғандықтан тілдік тұлғаның құрылымы да көп сатылы іспетті болады. Бұл туралы қазақ тіл білімінде зертттеулер баршылық, атап айтқанда, Ж.А.Манкеева, Н.Уәли, Қ.Жаманбаева, А.Ислам, Қ.Рысберген, Э.Оразалиева, А.Әмірбекова т.т. зерттеушілер өз еңбектерінде әртүрлі концептілер мен жеке бір тұлғаның ұлттық танымын, концептосферасын кеңінен қарастырған. Прагматикалық деңгейге уәжділік сай келеді де мынадай деңгейлік бірліктерден құралады: коммуникативті қызмет, сөйлесу аумағы, бейнелер мен символдар, лингвомәдени бірліктер. Тілдік тұлғанын құрылымдық деңгейлерінің бірліктеріне сөз тіркестері мен сөздер, диалогтар мен монологтар, символдар мен метафоралар, авторлық қолданыстар мен автордың дискурсы т.т. жатады. Енді осыларды жекелей түсіндірелік. 1. Тілдік тұлғаның семантикалық деңгейі. Бұған тілдік тұлғаның вербалды-семантикалық құрылымына жататын сөздер молынан енеді. Тілдік тұлғаның осы бір өлшемге сай келетінін айқын көрсететін осы бір лексикалық бірліктер. Бұған Х.Есенжанов тіліндегі қолданыстағы барлық бірліктерді толық жатқызуға болады. Бұған көнерген сөздер, кәсіби сөздер, диалект сөздер, терминдер, идиомдар мен фразалар, варваризмдер, табу мен эвфемизмдер, тура, ауыспалы сөздер, этнонимдер, бейнелі сөздер, топонимдер, кірме лексика т.б. бірліктер енеді. Бұл мәселеге тереңірек тоқталсақ, Х.Есенжанов тілдік тұлғасының құрылымдық деңгейлерінің көп қабатты сипатта келетіні айқын аңғарылады. Кез келген адамның тіліндегі семантикалық деңгейді оның миының жадында жинақталған орсан көп сөздердің шоғыры құрайды. Бұған академик М.О.Әуезов Абайды Абай қылған негізгі «бұлақтарды» көрсеткендей, адамның барлық сусындайтын көздері жатады, бұған бүгінде отбасы, мектеп, жоғары мектеп, қоғам және қоршаған ортаны қосуға болады. Жазушы Х.Есенжанов аумалы-төкпелі, өте қиын дәуірде өмір сүрсе де өзінің мол семантикалық базасымен ерекше көзге түседі. Семантикалық база кез келген адам да бола бермейді, себебі кез келген индивид сөз теріп, сөз бақпайды. Ал тілдік тұлға дәрежесіндегі адам қашанда өзінің семантикалық базасын толықтырумен күн кешері анық. Х.Есенжанов та өз шығармаларын қашанда қырнап, түзеп отырған, яғни бұл тек сөз зергеріне тән қасиет. Тілдік тұлғаның семантикалық базасының қалыптасуына келсек, оның негізінде мыналар жатады: дүниенің қарапайым бейнесі; дүниенің көркем бейнесі, дүниенің когнитивті бейнесі, дүниенің ғылыми бейнесі. Бұл басқыштардың барлығы дерлік тілдік тұлғаның санасында орын теуіп, оны осы бір жоғары дәрежеге көтереді. Дүниенің қарапайым бейнесі бала кіші мектеп жасында және өз отбасысында тәрбиеленген кезде қалыптаса бастайды да, орта мектеп жасында дүниенің көркем бейнесіне ұласады. Бүгінде атасының өнегесі мен әжесінің ертегісін тыңдамаған балада бұндай басқыш қалыптаспайтыны анық, сондықтан бұндай баладан тілдік тұлға шыға қоюы екіталай. Осы кезеңде болашақ тілдік тұлға халық ауыз әдебиеті, ауызша тараған көркем әдебиетті бойына әбден сіңіреді. Х.Есенжанов – қазақ тілінің сөздік қорынның барлық қабаттарын толық меңгерген тілдік тұлға. Оның тек «Ақ Жайық» трилогиясында қазақ тілінің лексикалық қорындағы актив және пассив лексикасының барлық түрлері кездеседі. Соларды лексикалық бірліктерге байланысты азын-аулақ мысалдар арқылы бөліп көрсетелік. 1) Диалект сөздер. «Оның ойына, ауыл, осы сияқты март айының шуақ күндерінде әйнектің сүмелегін қағып түсірген шақтар келеді» (8-бет). «Сүмелек» -Батыс Қазақстан сөйленісінде бөлме бұрышына не терезеге не төбеге жиналған ұзын шаң, тозаң. «Арты бұршаққа айналған құралайдың қара жаңбырынан кейін қоңыр жаз келді» (169-бет). «Құралай» – батыс сөйленісінде мамыр айының соңында киік төлдейтін кездегі салқындық. 2) Кәсіби сөздер. «Жазғытұрым Жайықтың балығы көлге, көлден мына Аңқатыға, ойнаққа — уылдырық шашуға шығады» (156-бет). «Ойнақ» — Батыс Қазақстан сөйленісінде балықтың уылдырық шашуы. «Малдыбай ұйығы» деп өздерінің белгілеп алған су астындағы балық жатағы, оны баста Малдыбай тапса керек» (158-бет). «Ұйық» — Батыс сөйленісінде топталатын жайлы, тыныш жер дегенді білдіреді. 3) Табу, эвфемизм сөздер. «– Қайнаға-ау, бар шайымыз осы деуге болады. Бұл жо… («бұл жолы» деп Жолдың атын атап қала жаздады да, әйел жалма-жан сасқанынан аққұманды тоңқайта түсті): — Бұл сапар біздің кісі шай әкелген жоқ…» (163-бет). «Ол ақшелек тигірді құрту керек» (218-бет). «Ақшелек тигір» деп қазақ түйе малын атайды, яғни ақшелек түйенің ауруы. 4) Авторлы тұрақты тіркестер. «– Таптың өнерді, қартайғанда, шайтанның тозаңын иіскеп…» (167-бет). «Түйені тығып қойсаң таба алмайтын қалада да қала алмағаннан кейін ауылдың ішінде адырайып отыра алмайсыз» (142-бет). 5) Терминдер. «Пролетариат үстемдікті өз қолымен алады, оған билеу тізгінін помещиктер мен капиталистер басын иіп, тағызым ұсынбайды…» (18-бет). 6) Идиомдар мен фразалар. «- Ақсарбас садаға! Қарақтарымның садағасы. Келін, бір мүшесін де қалдырмай сал!, — деді» (219-бет). «- Қалыңдығын көрген күйеудей мәз болуын, кердеңдеген неменің, — деді ол, Жартайға көзімен атып жібергендей қарап» (255-бет). 7) Этнонимдер. «Сен де айта білесің-ау, қаншама орыс болып кетсе де Барқынның баласы Барқынның қызын алмас» (251-бет). «Барқын» — Байұлы рулар тобындағы Байбақты руының бөлімі. 8) Көнерген сөздер. «Жолдағы казактарға: Оберполицмейстер сұлтанға жол бер! – деп ілгері аса бер» (132- бет). «Мартыныч, осы қызыл көп пе, ақ көп пе?» (69-бет). «- Кеш қой бізге ақсүйек ойнауға, есейіп кеттік» (230-бет). 9) Топонимдер. «- Менің байқауымша, Аңқаты түгіл бізді мына жол Ханкөліне де шендестірмес» (141-бет). «- Көке, Текедегі татар моллалары осылай оқиды» (189-бет). Бұндағы «Теке» топонимі қазіргі Орал қаласының көне атауы. 10) Кірме лексика (русизмдер, арабизмдер) «Ақ Жайық» трилогиясында араб сөздерінің көпшілігі ислам дініне байланысты қолданылады. Мәселен: «Екі мағзұм аят мұқамымен жаңадан ғана жаттап алған «хан салауатын» бастап: Салла аллаһи Нәбиге Асхаблары Ғалиге Жамағаттар қыл дұға, — деді» (212-бет). «- Тұтқын емеспін, начальник мырза, бұлай атауға правоңыз жоқ» (110-бет). Жазушы шығармаларында русизмдер мен арабизмдер өте көп мөлшерде кездеседі. Бұл лексика сол кездегі қолданыстағы тілдің жағдайын анық аңғартады. Енді Х.Есенжанов тілдік тұлғасының когнитивті деңгейіне тоқталалық. 2. Тілдік тұлғаның когнитивті деңгейі. Бұл деңгейді иерархиялы құрылымдардан тұратын ұғымдар не тұжырымдар немесе басқаша айтқанда концептілер құрайды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, концепті мен мағынаны шатастырып алмау керек. Концепті сөздердің лексикалық мағыналарынан тұрады. Концептінің лексикалық мағынадан ерекшелігін З.Д.Попова, И.А.Стернин былай көрсетеді: «Концепт қабаттардан тұрады, лексемалар семемалардан тұрады; Концепт мазмұнға ие болса, лексемалар семантикаға ие; Концепт концептуалды, когнитивті белгілерден тұрса, семемалар мағына компоненттері (семалардан) тұрады; Концепт көлемді және байлаулы құрылым құрамаса, семемалар семалар бойынша құрылым құрайды және семантемалар семемалар бойынша құрылым құрайды. Лексикалық мағына жеке сөздің мәнін берсе, концепт сөздер тобының мәнін береді т.т.» [3, 101-103 бб.]. Концепт құрылымы бейне, ақпараттық мазмұн, интерпретациялық өріс, ал өріс әртүрлі аймақтардан тұрады. Ал концепт құрамы түсінік, схема, ұғым, фрейм, сценарий (скрипт), ойсурет, ойдерек (сигнификат), гештальт сияқты құрамды бөліктерден тұрады. Жазушының «Ақ Жайық» трилогиясында басты идеясы шығарманың өн бойын ұстап тұратын басты тетік. Бұл шығармадағы басты концептілер ірі мегаконцепт болатын «Азаттық» концептісіне келіп топтасуы жазушы тілдік тұлғасының когнитивті деңгейінің өте жоғары дәрежеде екендігін танытады. Бұған басты себеп, жазушының өзінің де сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болып, көптеген жылдар сталиндік лагерьде қамауда болғандығынан шығар деуге де болады. Біздіңше, «Ақ Жайық» трилогиясында жазушының тілдік тұлғасының когнитивті деңгейі мынадай концептілерден тұрады. Ірі мегаконцепт «Азаттық», ал оның айналасында «Бостандық», «Күрес», «Еңбек», «Оқу», «Туған жер», «Сүйіспеншілік», «Теңдік», «Өмір», «Өлім» концептілері орналасқан. Сонымен қатар, шығармада ұлттық тағылым мен дәстүр, өмір салтын көрсететін лингвокогнитивті концептілер де бар екендігін айта кету керек. 3. Прагматикалық деңгей. Прагматикалық деңгей жазушының сөздерді құбылту мен қолданыста жұмсау ерекшеліктерінен байқалады. Прагматикалық деңгейге ең бастысы уәжділік категориясы сай келеді, сол себепті бұл мынадай деңгейлік бірліктерден құралады: 1) коммуникативті қызмет; 2) сөйлесу аумағы, 3) бейнелер мен символдар; 4) лингвомәдени бірліктер т.т. Коммуникативті қызмет полилог, диалогтар мен монологтардан тұрғандықтан жазушының индивидтерді мінездеріне қарай сөйлетуі үшін оған көп жағдайда психолог болуы қажет. Ал Х.Есенжанов – орыс және қазақ халқының психологиясын терең меңгерген жазушы. Сонымен қатар, «Ақ Жайық» трилогиясында символдар мен лингвомәдени бірліктер өте көп мөлшерде келеді. Шығармадағы көзімізге түскен басты символ «дала», «өзен», «тұлпар», «қару», сағыныш» т.т. «Дала» символын көп жерде жазушы концепті ретінде қолданады. Осындай жағдай Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясында кездесетінін айта кету керек. Жалпы алғанда, жазушының тілдік тұлғасының бұл деңгейі тереңірек зерттеуді қажет етеді. Негізінен, тілдік тұлға атану үшін ең басты үш деңгей тілдік тұлға шығармасында болуы қажет, сонда ғана осы тектес өлмес шығарма тудырған адам ғана тілдік тұлға дәрежесіне көтеріле алады. Қорыта келгенде, Х.Есенжанов тілдік тұлғасы кемелденген үш деңгейден тұратын күрделі құрылымды құрайды. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 1. Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – Москва: ЛКИ, 2007. 2. Маслова В.А. Лингвокультурология. – Москва: Академия, 2007. –С.27. 3. Попова З.Д., Стернин И.А. Когнитивная лингвистика. – Москва: Восток-Запад, 2007. -81 б. 4. Есенжанов Х. Ақ Жайық. – Алматы: Жазушы, 1988. -53 б.

Читайте также:  Участие прокурора в гражданском процессе в форме дачи заключения

Оставить комментарий