ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЖЕТІСУДАҒЫ ОРЫС-ҚЫТАЙ ҚАТЫНАСЫ

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ресейдің билігіне наразылық танытқан Жетісу қазақтары Қытай немесе қоқандықтардың иелігіне қарай жаппай көшуден тұрған. Әсіресе патша әкімшілігі Шығыс Түркістанға қашқан қазақтардың көшін тоқтату үшін, оларға казактардың жазалаушы әскерлерін жіберумен болған. Бұл кезде қытай билігіне қарсы көтерілген ұйғырлар мен дүнген және тағы басқа да мұсылман халықтарының қозғалысы бүкіл Шығыс Түркістанға жайылады. Ал оған Жетісудың қазақтары мен қырғыздарының қатысуы Ресей билігі үшін қауіпті сипат ала бастады. Өйткені, Шығыс Түркістандағы көтерілістің аяғы мұсылмандардың мемлекетінің құрылуына алып келсе, онда Жетісудың қазақтары мен қырғыздарына дем беріп, көтерілістің ошағы Жетісуға ауысуы мүмкін еді. Сондықтан патша әкімшілігі қазақ пен қырғыз руларының Шығыс Түркістанға өтуіне бөгет болуды ойлап, Қытаймен арадағы жерлерге әскери бөлімдері мен соғыс техникаларын әкеліп, күшейте бастайды. Жеке Сібір корпус командирінің Алатау округының бастығына жіберген №1158 нұсқауы мынаны көрсетеді: «Қазіргі уақытта бұғылар, егінін жинап алғандықтан, Текеске қарай өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан полковник Циммерманмен кеңесе отырып, Көксу пикетін күшейтуге арналған 20 казакты Алтын Емел пикетіне, сондай-ақ албандардың көшуіне кедергі келтіру үшін Іле өзеніне апаратын Алтын Емелдің таулы жазығындағы екі жолға әскери шолғыншыларды жіберіңдер» /1, 11 п/. Сонымен қатар патша өкіметі қазақтарды Шығыс Түркістандағы мұсылмандардан мүлдем ажырату үшін Қытайдың халықаралық қатынастардағы қиын жағдайын сәтті пайдалана отырып, арадағы шекараны белгілеуге кіріседі. Патша өкіметінің мұндай шешімге келуі бірнеше себептерден тұрды: 1) Қытайда болып жатқан мұсылмандардың азаттық қозғаласы және олардың Жетісу өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздарға тигізіп отырған әсері. Егер де шекараны бекітіп алса, онда қозғалыстың өлкеге қарай өтуіне тосқауыл қойылатын еді; 2) Қытай империясында болып жатқан шиеленістерді дер кезінде өз мүддесіне пайдалануды көздеген патша өкіметі Жетісуды заңды түрде өзіне қаратып алу. Өйткені Жетісу өлкесінің біраз бөлігіне Қытай империясы дәмелі болатын. Сондықтан Ресей билігіне Жетісу үшін тайталасқа түсе алатын бірден-бір күш Қытай болып табылды. Ал жоғарыда көрсетілген жағдайлар оған мұрша бермеді. Абылай ханның кезіндегі екі империяның арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсетті; 3) Орта Азияға жорық жоспарын қойған патша өкіметін Қытаймен арадағы шекара мәселесі алаңдатты. Әсіресе, шекара маңындағы жергілікті халықтың Қашқариядағы көтерілісшілермен байланыста болуы, ал шығыс Түркістандағы мұсылман халықтарына Қоқан хандығының ықпал жасауы, айналып келгенде, Орта Азияға жорық бола қалған жағдайда орыс билігіне қарсы мұсылмандардың біртұтас майданы құрылуы мүмкін еді; 4) Қытаймен арадағы шекараны бекітуді сылтау еткен патша өкіметі, сол маңда көшіп-қонып жүрген руларды Ресей билігіне енгізіп, орыс қаруының күшін көрсетуді мақсат тұтты. Осы аталған себептерге байланысты Ресей билігіне Қытаймен арадағы шекараны бекіту қажет болды. Сондықтан тезірек мақсатқа жету үшін орыстар Қытайға қарсы дипломатиялық әдістер, әскери күшін көрсету, арандатулар сияқты небір әдіс-амалдарды қолданды. Алайда шекараны анықтау кезінде қытайлықтар орыстардан Қаратал өзеніне дейінгі жерлерді Қытай империясының иелігіне беруді талап етті. Оған орыстар көнбеген соң, Қытай жағы Зайсаннан бастап Ыстықкөлге дейінгі аралықтағы бұрынғы шекара пикеттерін аралауға әскерін шығарып, шекара белгілерін қоя бастайды. Қытайлықтардың бұл әрекетіне тосқауыл қою үшін орыс әкімшілігі штабс-капитан Блюменталь бастаған казактарды жібереді. Орыс әскерінің құрамында Тезек сұлтан бастаған қазақтар да болады. Құрамында 800 қытай, 300 қалмақ және албандардың Саурық биі бастаған 200 қазағы бар қытай әскері Қарқара өзенінің бойында орыс әскерін қоршап алады. Бірақ генштаб капитаны Проценко бастаған әскердің көмекке уақытында келуі орыстарды толық талқандалудан аман алып қалып, қытайлықтарды өз иелігіне қарай шегінуге мәжбүр етеді /2, 165-166/. Бұл жерде атап көрсететін мәселе, қытайлықтар мен орыстар албан қазақтарын өз мүддесіне пайдалануға тырысты. Қытай жағы Саурық биді өздерімен бірге алып жүріп, Тезек сұлтанды орыстардан босатып алғысы келді. Себебі қытайлықтар осы екеуі арқылы албандарды орыс билігіне қарсы көтеруді көздесе, ал орыстар албандықтардың қытайды қолдап кету қаупі болғандықтан Тезекті және тағы басқа ру басшыларын аманат ретінде алып жүрді. Ресей-қытай империяларының шекараны анықтаудағы шиеленісі қазақ жерін бөлісудегі өз үлестерін молынан алып қалу жолындағы күрестен туындады. Шекарада болған қақтығысудан кейін 1862 жылы 17 шілдеде Шәуешек қаласында келіссөз қайтадан жалғасады. Бұл жолы да қытайлықтар жағы орыстардың қойған талабына көнбей, шекара шартына қол қоюдан бас тартады да, Ресейдің билігіндегі қазақтарға біздің билігімізге қарай өтіңдер деген үндеулер таратып, Түрген бойына және Аяққарауыл пикетіне өз әскерлерін жинай бастайды. Бірақ орыстар да әскерлерін шекара бойына топтастырып үлгереді /3, 71 п/. 1863 жылы 29 мамырда орыс-қытай әскерлерінің арасында болған теке-тірестің аяғы қарулы қақтығысқа ұласады. Тек Верныйдан генерал-майор Колпаковскийдің мол әскермен орыстарға көмекке келуі қытайлықтарды қайтадан үзіліп қалған келіссөзді жалғастыруға мәжбүрлейді /4, 29-32 п/.. Қытайлықтармен болған қақтығысқа Тезек төре бастаған қазақтар да қатысып, ерекше ерлік көрсетеді. Мысалы 1863 жылы 18 маусымда қытайлықтар Құсмұрындағы орыс әскеріне шабуыл жасаған кезде Тезек төре оларға қарсы өз жігіттерімен батыл тойтарыс беріп, қытайлықтарды кейін қарай шегіндіреді. Сол үшін ол «батылдығы үшін» деген жазуы бар алтын қылышпен марапатталады /5, 21 п/. Патша әкімшілігі Тезек сұлтанмен қатар, қытайлықтармен болған қақтығысқа қатысқан көптеген қазақтарға сый-құрмет көрсетеді. Олар, 1) сұлтандардан: Опаш Хакімбеков, суандардың сұлтаны Әбухан Әдешкетов, Тезектің баласы Батырхан, 2) билерден: Смаил Медеуов, Досамбай Шоқов, Нұрабет Ергетов, Түгелбет Әділов, Шөнкебей Шарманов, Естемір Беттіғұлов, Қожабек Есімбеков, Жансерке Жайнақов, Жандарал Қапанов, қазақ жігіттері: Мамай Сатеев, Есқұл Өтеген және тағы басқа 12 адам /5, 6 п/. Дегенмен патша әкімшілігі қазақтарға қанша жерден өз сый-құрметін көрсеткенімен, шекара маңында көшіп- қонған қазақтардың басым көпшілігі қытайлықтарға азат етуші ретінде қарап, үміт артқанын мұрағат деректері растайды. Сол мұрағат деректерінің бірінде былай делінген: «Орыс әскерінің қытайлықтарды талқандап, оларды шекараның арғы бетіне қуып жіберіп жеңіске жетуі қытайлықтардың үндеуіне ерген албандардың үмітін ақтамады. Олар орыстардың әскери күшінің басымдылығын көрген соң, біздің жағымызда қалды» /6, 37 п/. Қазақтармен бірге қырғыздар да патша өкіметіне қарсы Қытайға қолдау көрсетуге әрекеттенген. Қырғыз руларының мақсатын түсінген орыс әкімшілігі олардың қоныстарына әскери бөлімшелерін жіберген. 1863 жылы 22 маусымда Алатау округының бастығы корпус командиріне мынадай №1873 мәліметін жібереді: «Біздің әскеріміздің қытайлықтарға қарағанда басым болуына қарамастан, қырғыз бұғыларына ықпалымыз тек сонда әскеріміз тұрғандықтан ғана сақталып тұр. Егер де біз ондағы әскерімізді алып кететін болсақ, онда қырғыздардың көпшілігі қытай билігін мойындауы мүмкін. Ол уақытта Ыстықкөлге иелік етуіміз қиыншылыққа әкеліп соғады. Сондықтан бұғыларға ықпалымызды сақтау үшін ол жақта мүмкіндігінше күшті әскери топ болғаны дұрыс. Сол себептен Сіз рұқсат етсеңіз бұғылардың қонысында атқыштар ротасын, 50 казак, 2 ауыр зеңбірек, 2 ракета қондырғысын қалдырамын. Мұндай әскери күшті Чирик қырғыздарының жерінде ұстағанымыз дұрыс. Олар да біздің билігімізге өткісі келмей отыр» /7, 1 п/. Ал оның Ыстықкөл әскери бөлімінің бастығы капитан Костинге жіберген нұсқауында ол орыстарды қырғыздарға «қамқоршы» ретінде көрсетеді. Онда былай делінген: «Күз мезгілінің келуіне байланысты және қытайлықтарды өз иелігіне қуып жібергендіктен, Ыстықкөл әскерінде №9 батальонның 1 рота жаяу әскерін, 2 ауыр зеңбірек пен 2 ракета қондырғысын және 50 казакты қалдырып, қалғанын Верныйға жөнелтіңіз. Ыстықкөлде қалдырылған әскердің міндеті бұғы руларын бізге жау қазақтардан қорғау болып табылады. Егер де бұғылардың жайылымына қазақтар шабуыл жасайтын болса, сіз оларды тойтаруға тиіссіз» /7, 11 п/. Колпаковскийдің бұл мәліметі өлкедегі Ресей билігі тек қана әскери күшке ғана сүйенгенін көрсетеді. 1864 жылы 25 қыркүйекте Ресей-қытай шекарасына байланысты Шәуешек келісіміне қол қояды /8, 246/. Шәуешек келісімі Ресей үшін Азиядағы ең ірі табыс болып табылды. Себебі, бұл келісім арқылы орыстар қытайлықтардың алдында Жетісу өлкесіндегі билігін заң жүзінде бекітіп алды. Екі империяның жасасқан бұл келісімнен кейін қазақ руларының көптеген жайылымдары басқа мемлекеттің иелігінде қалып қойды немес туысқан рулар екіге бөлініп кетті. Келісім бойынша сол маңда көшіп жүрген қазақтарға қай мемлекеттің иелігіне өту жөнінде бір жыл уақыт белгіленген болатын. Осыған байланысты патша әкімшілігі қазақ руларын өз жағына қарай тарту үшін түрлі амал-әрекеттерге барады. Өйткені шекара маңындағы қазақтар жаппай Қытайға қарай көшетін болса, онда олар Шығыс Түркістандағы мұсылман көтерілісшілеріне қосылып, қолдарына қару тигеннен кейін, туған жеріндегі орыс билігін құлату үшін қайтып келуі мүмкін еді. Осы жағдайдан қауіптенген орыс әкімшілігі Қытайға көшкен қазақтарға кедергі болуға тырысты. «Ресей әскерлері шекара маңындағы халықты Ресейдің қол астына қарату үшін түрлі әрекеттер жасайды. Кей жерлерде «Ресейге қараймыз» деген қағазға зорлап қол қойғызады. Ресей шенеуніктері «Егер сендер Ресейге қарамайтын болсаңдар мал-мүліктеріңді тонап алып, өздеріңді тыр жалаңаш қуып жібереміз» деп қоқан-лоққы жасаған» /9, 85/. Бірақ, көп жағдайда қазақтар көпшілігі орыстардың тәуелділігінен қашып, қытай жерін паналауын тоқтатпаған. Оған жауап ретінде патша әкімшілігі қазақтардың жолына барынша тосқауыл қойып, малдары мен дүние-мүлкін тартып алумен айналысқан. Мәселен, шекарада орналасқан орыстардың Шыңжан әскери бөлімі Қытайға өтпек болған албан қазақтарынан 55 түйе, 324 жылқы, 75 ірі қара, 2008 қой, 6 киіз үй олжалап алған /10, 6 п/. Орыстар қазақтардың тоналған малдарын сол жерде орыстар мен сарттардан құралған көпестерге аукцион арқылы сатып, шаш-етектен пайда тауып отырған /10, 43 п/. Тоналған малдардың көп болғаны соншалық, орыстардың әскери әкімшілігі оларды көпестерге арзан бағаға немесе қарызға беруге мәжбүр болады. Ыстықкөл әскер бастығының берген №318 мәліметіне сүйенсек «Әскердегі қойлардың көптігі мен оларға беретін азықтың аздығына байланысты, қойларымыз жүдей бастағандықтан, сарттарға қойларды қарызға 75 тиыннан, нақты ақшаға 50 тиыннан саттық» делінген Қытайға өтпек болған қазақтардың малдарын тартып алу орыс әскерлерінің күнделікті ісіне айналған. Ыстықкөл әскерінің бастығы берген мәліметтер осыны дәлелдейді. Берілген мәліметтер мынаны көрсетеді: «1866 жылы 17 мамырда поручик Трапицын әскерге 15 ірі қара және 12 жылқы әкеліп өткізді. 1866 жылы 10 шілдеде қашып кеткен албан руының қазағы Жұбановтың 22 жылқысы өткізілді, 1866 жылы 15 мамырда әскерге 23 түйе өткізілді, 1866 жылы 16 мамырда 22 жылқы өткізілді, 1 шілдеде прапорщик Серебряков 7 түйені ботасымен әкеліп өткізді. 14 мамырда әскерге 38 жылқы өткізілді, 9 шілдеде хорунжий Сергеев әскерге қазақтардың 94 бас малын өткізеді» делінген /10, 47-122 п/. Орыс әкімшілігінің жүргізіп отырған саясатының «дұрыстығын» Қытайдан келіп жатқан барлау мәліметтері растап отырды. Алатау округы бастығының көмекшісі жеткізген №116 мәліметінде Қытайдағы саяси жағдай Ресей үшін қауіпті бола бастағанын көрсетті. Онда: «Дүнгендердің қимылы туралы келесі мәліметтерді алдым…. Егерде дүнгендер Борохудзир әскери бөлімінің мазасын ала бастаса, онда көп кешікпей олар Кеген әскеріне де баруы мүмкін. Екі тараншының іс-әрекеті енді түсінікті болды. Олар біздің әскеріміздің құрамын білгісі келген екен. Жүздік Лобановтың әскеріндегі жүз казак пен 1 ракета қондырғысы албандардың Қытайға көшіп кетуіне тосқауыл болуға жеткілікті, бірақ біздің иелікке дүнгендер шабуылдайтын болса оларға тойтарыс бере алмайды» /11, 34 п/. Ресей шекарасына жақындап келген дүнгендерде орыстармен соғысатынын жасырмаған. Оны мына құжат растайды: «Дүнгендер 50 мың қытай әскерін жеңіпті. Оның 30 мыңын өлтірген, 20 мыңын батпаққа батырып жіберген. Бұл мәліметті Тянь-Шань әскерінің бастығы растап отыр. Алдыңғы шептен дүнгендердің бізге жазған хаты келіп түсті. Онда дүнгендер бізбен 2-3 жылдан кейін соғысамыз депті» /11, 5 п/. Бұл құжатта албандардың дүнгендер жағына шыға бастағаны да айтылған: «Албан қазақтарының басым көпшілігі көтерілісшілерді қолдауда және олардың көбісі дүнгендермен байланысқа түсуде. Ал біразы соларға қарай қашып кетпекші екенін мәлімдеймін» /11, 39 п/. Осындай мәліметтерден кейін патша әкімшілігі мұсылман көтерілісшілерінің қазақтарға ықпалын болдырмау үшін Қытаймен арадағы шекараға орналасқан әскерін күшейту шараларына кіріседі. Алатау округы бастығының Ыстықкөл әскери бөлімшесінің бастығына жіберген №968 нұсқауында былай деп беріледі: «Қытаймен шекарадағы болып жатқан бүліктердің алдын алу және дүнгендерді біздің иелікке өткізбес үшін Батыс Сібір әскерінің командирі шекараға әскер жөнелту қажет деп шешті: 1) құрамында №1 батальонның 2 ротасын, әскери резервтен 50 казак және екі ауыр зеңбірегі бар әскери бөлім Ақсайдағы Ыстықкөл бекініс шебіне орналастырылсын…Олардың міндеті қазақтардың Күшлік тауының солтүстік жағы арқылы Қытайға қарай көшіп кетуіне жол бермеу; 2) Текестегі Тянь-Шань әскери бөлімі №3 батальонының 1 рота жаяу әскері, артиллерияның 1 взводы және казактардың жүздігі Дороты бұлақ өзеніндегі шекарадан өтіп, Шалқыды су алқабында бақылау тірек орнын орнатсын; 3) Борохудзир әскери бөлімі де 1 рота жаяу әскер, артиллерияның 1 взводы және казактардың жүздігімен Аяқсазда тірек орнын қойсын».

Читайте также:  ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ НАНЫМ - СЕНІМДЕРІ

Оставить комментарий