ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті

Мал мен байлықтың, баршылықтың қадір-қасиетіне жетіп оның сырына терең бойлай білген қазақ: «Бермесе да бай жақсы, жемесе де май жақсы» деп мақалдайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін беретін мақал арқылы байлықтың, барлықтың жалпы нәті жақсы екендігін, байлықтың өмір заңына, тіршілік заңына кереғар емес, сәйкестігіне меңзегені. Халықтың жанды жерін дөп басып, туған халқының тіршіліктің темір талқысына түспеуін қалаған Жұмырбай ақын айтады: Нәпсің жаман, боқ жаман, Боқты жусаң кетеді, Бәрінен де жоқ жаман. Міне,- халықтық деңгейдегі «жоқтық» туралы түсінік. Жоқтық — өмірдің, тіршіліктің дұшпаны. Қазақ дүниетанымында одан өткен жаман нәрсе жоқ. Халық мұны қапысыз түсінген. Түсіне отырып адамды адамшылықтан кетіретін жоқшылықтың алдын алуға тырысады. Жоқшылық, кедейліктің зардабын тартқан, оның себеп-салдарына ыждағаттылықпен үңіле білген Шал ақын: Кедейлік ер жігітке намыс емес, Жоқ болсаң туысың да таныс емес, Суық үй, арық соғым, жаман қатын, Үшеуі кедейліктен алыс емес. Жоқ болсаң қызыл бүйі үйің болар, Бар болсаң күндіз-түні жиын болар, Алыстан кедейліктің алдынан шық, Төбесі көрінген соң қиын болар. Ант соқса адам шіркін тосылады, Кері кетсе ұйқы кеп қосылады, Құл, құтан, қарақалпақ болса-дағы, Мал шіркін абыройыңды жасырады», — дейді [1,151]. Шал ақынның айтқандарының бәріне келісуге болады, тек «кедейлік ер жігітке намыс емес» деген тұжырымына келісу қиын. Намыс ол да тілімізге арабтан енген: 1. заң; 2. ұждан; 3. ар – деген мағыналарды береді [2,211]. Туған-туысқаның сырт айналса, шағып алатын қызыл бүйідей өз үйіңнен өзің жиреніп қашып жүрсең, – сол намыс емес пе?! Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай, бала-шағасының алдында төменшіктеп, оларды асырай 187 № 1 (74) 2010 алмай отырған адамда қандай қадір-қасиет қалады? Ондай адамды, керісінше, қазақ «намыстан жұрдай» дейді. Бәлкім, Шал ақын ащысы мен тұшысы қатар жүретін өмірде кедейліктің болмай қоймайтынына меңзеп айтқан болар. Ал халықтық дүниетанымда, өр сипатын жоғалтпаған жыраулық поэзияда бұл мәселеге мүлдем басқаша қарайды. Өзі тұтастай бір дәуірдің айнасы, қазақ дүниетанымының мәйегі көмекей әулие Бұқар жырау: Қара құлам жүйрік деп, Құланы жақтай бермеңіз, Жебе тисе мерт болар, Мерт болған соң ет болар; Жаңғызға зорлық қылмаңыз, Жағасынан алмаңыз, Өзіңіздей жақсы сындарға, Анау деген ат болар. Қара құла арыса, Майы қалың бесті артық, Баласы жоқ қатыннан Лақтаған ешкі артық, Жалғыз туған жігіттен Сырым тікен тал артық, Жарлы болған жігіттен Бесіктегі бала артық, Есіктегі ит артық!» — деп толғайды [1,106]. Әр нәрсеге өз бағасын беріп, халықтық дүниетанымды балталаса бұзылмайтындай қылып шегендеп кеткен жырау бабамыз жарлы болған жігітті тіпті адам қатарына алмайды; оны санаттан шығарып тастайды: одан «бесіктегі бала артық, есіктегі ит артық» дейді. Осыдан кейін «кедейлік ер жігітке намыс емес» деп қалай айтасыз? Намыс, намыс болғанда қандай: бабамыз жеріне жеткізіп, жетесіздің өзі ұғатындай қылып айтып тұр. Ақиқат сөз әзелден ащы тиетіні рас: халық қамын ойлаған Бұқарекең ащы сөздің уымен жарлылық деген халықтың жарасын емдеп жазуға ұмтылғанын бек аңдаймыз… ХІХ ғасыр – қазақ қоғамына капиталистік еңбек қатынастарының толықтай болмаса да ішнара ене бастаған кезі болатын. Бұрын қазақ бай ағайын-туғанына ғана жалданып, мардымсыз ақыға күнелтсе, енді Семей, Орынбор, Троицк сияқты ірі қалаларға барып жалданып нәпақа табудың мүмкіндігі туғанын көреміз. Жаңа заманның орайынын туындағын еңбек қатынастары дәстүрлі қазақ қоғамындағы стереотиптердің бұзылуын талап ете бастады. Осы өзгерістерді жіті аңдаған Абай атамыз: Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел. Қаруыңның барында қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел — дейді [3,173]. Сондай жаңа заманға сай келмейтін ескі дағдылардың бірі – ауыл айналасынан ұзай алмай: «у ішсең руыңмен», «көппен көрген ұлы той» деген мақалдарды малданып, рулық-туыстық қатынастар шеңберінен шығандап шыға алмау болатын. Осыған орай Абай: «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел», — дейді. Ескіше тәрбиеленген қай қазаққа болсын бұл заманның жаңа талабы оңай соқпасы анық. Соны білген, біле отырып адамшылық ардан кетіретін кедейліктен құтылудың жолын сілтеген ғұлама ең алдымен туған халқының санасын өзгертуге ұмтылады. Рулы елмен бірге болып, кәсіпсіздіктен, харекетсіздіктен азғанша, қандай жолмен болсын мал тауып келуге үндейді. «Малың 188 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы болса, сыйламай тұра алмас ел» деп, малдың адамның қадір-қасиетінің, адамшылық құнының өлшемі екендігін ашық айтады. Адамның адамшылық қадір-қасиетінің негізінде жатқан мал табу оңай шаруа болмаса керек. Мал табау – адамнан жанқиярлықты, тәуекелді, табандылықты, еңбексүйгіштікті талап етеді. Өзін өзі аямаған адам бай болады да, өзін аяп, әйенкестенген адам – кедей болады. Сонан кейін еріксіз, амалсыз тәуекелі зор бай адамға кіріптар болып күн кешеді. Бұл туралы ХІХ ғасырда дүниеге келіп, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай деп жазады: «Байдың малы ардақты, // Кедейдің баласы ардақты» — деген. Бай болатұғын кісі өзін де аямайды, баласын да аямайды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, үйқы көрмей, күлкі көрмей, күн қатып, түн қатып, жаны да жоқ ойында, ас-су да жоқ ойында, малдың қамын ойлауға жытһады зор болады. Кедей малдың қамымен жұмысы жоқ, есі-дерті баласының суықққа тоңбағанын, қарны аш болмастығын, ұйқысы бұзылмағанын мақсат көреді. Жасынан жаман әдетке табиғаты үйренген бала соны қалып алып, ақырында мұқтаждықта, қорлықта қалады» [4,80]. Жалпы қазақта бала тәрбиесіне қатысты «Аясаң – аяма!» — деген қағида бар. Өте дұрыс принцип. Және бұл тек балаға ғана қатысты десек мәселенің байыбына бара алмағанымыз, — бұл жалпы адамның дамуына қатысты принцип. Қазақ тілінің лексикалық қорында «жанын күйттеу», «жанын күту», «жанын аяу» деген ұғымдар бар екенін білеміз. Бұл қай жан? Бұл – денеміздің жаны, нәпсіміз. Бар кілтипан осы аяулы да ардақты жанымызды күтуден, аяудан басталады. Сол жанды аямау, жас кезінен жұмыс істеуге дағдыландыру, жұмыс істеп үйрету – адам тәрбиесінің басты қайнар көзі десек қателесе қоймаспыз. Адамға деген шын жанашырлық деп осыны айтады. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген өмірлік қағида-принциптер де осы жан тәрбиесіне байланысты шыққан. Қазақ әдебиетініің үлгі мен өнегеге, тәлім мен тәрбиеге толы үздік мәтіндерін көңіл көзінен өткізіп зерделер болсақ, көтерілген мәселенің шындық екеніне көзіміз жете түседі. Қазақ әдебиетіндегі жыраулық поэзияның көрнекті өкілдерінің бірі Ақтамберді жырау Сарыұлы бұл мәселені былайша толғайды: Балпан, балпан басарсың, Басуға табан шыдаса, Қызыл алмас жан қияр, Қызыл талға қынаса, Жол болмасқа немене, Тарығып шын жыласа, Мал бітпеске немене, Жігіт жанды бұласа! Ел шетіне жау келсе, Алдыңа сірә дау келсе, Батырсынған жігіттің Күшін сонда сынаса! [1,87]. Қазақта: «Шындап жыласа соқыр көзден жас шығады» дейтін мақал бар. Не нәрсе болса да шын тырысуды, шын тілеуді, бар ынта-ықыласымен берілуді талап ететінін меңзегені. Ақтамберді бабамыздың толғауы да осы ойымызды қуаттай түседі. Адамның жолы болу үшін «тарығып шын жылау» қажет екен. Адамның жолын болдыратын да, болдырмайтын да – құдіреті күшті Иеміз. Құдайдан сұрау, тарығып, ынты-шынтымен сұрау – болмасты болғызып, берместі бергізетінін айтып тұр. Тарығып шын жылау – адамның жаны қысылып, бір Құдайдан басқадан үмітін үзіп, тек Жаратушыға жалбарынуы. Жалбарына отырып он сегіз мың ғаламды жаратушы, барлық ризық-несібені жаратушы 189 № 1 (74) 2010 Алла тағаланы тануы. Және барлық күш-қуаттың Иесі де Оның бір өзі екендігіне иланып, шын қүш-қуат иесімен байланыс орнатуы. Міне, осы кезде адам баласы, пенде өзінің Жаратушысын танығанда оның бойына алапат күш-қуат құйылып, тау қопарып, тас бұзып харекетке кіріседі. Құдайын танымаған пенде өзі сияқты пенделерге табынып, солардан нәпақа дәметіп, сұрап, өз қадірін кетіреді; харекетке емес, әрекетке бастайтын істерге барып ғапылдық танытады. Сөйтіп, өзі сияқты пенделерге табынған адам баласы тіршілікте оңбай алданып, жоқшылықта, қайыршылықта өмір сүреді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп үйренген қазақ бұл хикметті: «Құдайдан сұрағанның қос бүйірі шығар, адамнан сұрағанның екі көзі шығар» деп қорытады [5,12]. Немесе: «Құдайға сыйынған құстай ұшар, адамға сыйынған мұрттай ұшар» [5,11] дейді. Қалай болғанда да осы айтылғандарадың барлығы адамның бүкіл қам-қарекеті Жаратушымен тығыз байланыста екендегіне меңзейді. Адам баласы кедейлігін өзінен көрмей, Құдайдан көрсе, ол да оның танымының тайыздығын көрсетеді. Өзін өзі танымаған, өз нәпсісін игермеген, ездікті тағдырға бойсұну деп ұққан пенделер Алла тағланың әділеттілігіне, жаратқан пендесін еш алаламайтынына күмән келтіреді. Сондай бір әдемі әңгіме «Абайдың қойшы Көкшемен әңгімесі» деген Дәулетияр Бітімбаевтың естелігінде берілген екен. Енді Абай мен қойшының арасында болған екеуара әңгімеге құлақ түрелік: «…Қойшы шайға тойып, терлеп, кейін барып отырған соң, Абай: — Ей, Көкше, енді ертегі айтшы? – деді. Қойшы: Абай аға, кедейде ертегі бола ма? Не айтамын? Абай: Сені кім кедей қылды? Қойшы: Мені кедей қылған құдай дағы. Абай: Құдайменен бұрыннан араздық, өштігің бар ма еді? Қойшы: Жоқ. Абай: Ендеше неге құдайдан көресің? Қойшы: Мал бермеген соң айтқаным ғой. Абай: Құдайдың елге үлестіріп жатқан малы бар ма еді? Қойшы үндемеді. Абай қойшыға қараған көзін аударып, біз жаққа, көпке қарады да: Міне, қазақтың көбінің сөзі осылай келеді. Бұл зор адасқандық. Жас шағынан жалқаулықққа салынып алады да, талап қылып, талпынып, алысқа барып, еңбек қып мал таппайды. Сол жалқаудың қырсығынан өз еңбегін өзі бағаламай, мына Айгерім сияқты малды жақсы көретін малқұмар адамға жалданады. Мұндай адамдар ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды, жоқшылықтан арылмайды. Ол жоқшылықты, кедейлікті құдайдан көреді. Құдай оған ерінбей еңбек қып, мал таппа деп пе? Осы уақытта үлкен қалаларда, заводта жұмыс істеуші жұмысшылар бастарын қосып, байға ақымызды жегізбейміз деп жатқандар бар. Олар құдайдан мал сұрамайды. Аянбай еңбек қылып, оны күш қосып бірігіп жоқтап алады, — деді. – Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей. Сонда мен Абайға: Сіздің айтқан сөзіңізді ұғатын кедейде ақыл, білім бола ма? Олар бас қосып не бітіреді, қайда болса да байдың сөзі бұлды болады ғой, — дедім. Абай: қате айтасың, кедейде неге ақыл, білім болмасын, Асанқайғыдан ақылды, Жиреншеден шешен қазақ баласы болды ма? Ол екеуі де кедей емес пе? Ақыл малда болмайды, баста болады, кедейдің басы бар емес пе? Кедей басын қосып біріксе, елде сиезді де басқара алады. Көп қорқытады деген мақал бар, байдан кедей көп емес пе, деді [6,226-227]. Не көрсе де адам өзінен көруі керек қой. Жоқ, біз олай етпейміз: біз үнемі өз сәтсіздігімізді өзгеден көргіміз келеді де тұрады. «Жақсы ісінен көреді, жаман кісіден 190 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы көреді» деген мақал да осы ойымызды қуаттай түспек. Америкалық психолог ғалым Луиза Хей адам санасын бейнелі түрде жерге, топыраққа, ал ойды сол топыраққа себілетін дәнге теңейді: біз әдетте жерге бір нәрсе егу үшін оны екі күрек деңгейінде қазып, тастан, томардан, әртүрлі қоқыстан тазартып аламыз; содан топыраққа тыңайтқыш қосып, араластырып барып тыңайған құнарлы топыраққа дән егеміз дейді. Сол секілді адам санасы таза болмаса, ол сана қате ойларға, жалған ақпараттарға толы болса қандай дән екпейік ол көгермейді, көктемейді, өспейді. Он тоғызыншы ғасырда жасаған қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің еңбектерін оқи отырып, олар ең алдымен осы жұмыспен, — сананы тазарту жұмысымен айналысқанын байқаймыз. Адамға күш беру, қате, жалған ойлармен санасы шырмалған адамды тізерлеген күйінен тұрғызып, ешкімге жалтақтамай, әуелі бір Құдайға, содан соң өз күшіне ғана сенетін құдірет иесіне айналдыруды алдына мақсат етіп қойған сыңайлы. Сөзіміз дәлелді болу үшін осы майданда аянбай тер төккен Мәшһүр Жүсіп атамызға құлақ түрейік. Ислам ғылымы мен қазақтың дәстүрлі мәдениетін жетік меңгерген ғұлама бұл туралы: «Біреу кедей болса: «Құдай кедей қылды». Біреу жаман болса: «Құдай жаман қылды». Біреу надан болса: «Қайтсін, Құдай надан қылды» — деу. Мұндай сөздер Құдайды жамандаған болады. Не тапса, әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан. Алла тағаланың халық қылмағынан пенденің қасад қылмағы бұрын ұмқыдым деп білу керек» [4, 81-82]. Осы жердегі ең күрделі, ұғымға ауыр тиетін ең соңғы сөйдем. Бұл сойлемні ауырлығы тілімізге еніп кеткен араб сөздерінің мағынасын білмегендіктен. Бұл жерде бізге түсініксіз үш сөз бар. Олар: халық, қасад және қадым. Халық сөзі Алла тағкаланың 99 көркем есімдерінің бірі әл-Хаалиқ –жаратушы деген есімінен шығады, қасад сөзі арабша істеді, жүзеге асырды, орындады деген мағынаға ие болса, қадым сөзі көне, ескі деген мағынаға ие екен [2,149]. Енді түсінікті болды: қарапайым пенде әуелі Алла тағала істейді, сосын барып мен істеймін деп ойлайды. Бізді әрекетсіздікке, оның тікелей салдары болып табылатын кедейлікке, жоқшылыққа бастайтын да осы жаңсақ ой. Жоқ, — дейді ғұлама Мәшһүр Жүсіп, — әуелі сен әрекет етесің (қасад қыласың) , содан кейін барып қана Құдіреті күшті иеміз біздің әрекетімізді жаратады (халық қылады). Біздің әрекетіміз Алла тағаланың жаратуынан бұрын (қадым) болуы қажет. Осы күрделі ой қызақ тілінің лексиклалық қорында «сенен әрекет, менен берекет» деп Құдай тағала тарапынан айтылып, Жаратушы мен пенденің қарым-қатынасын нақтылай түседі. Құдай тағаланың жаратуында мін жоқ: бүкіл әлемді, Адам ата мен Хауа ананы, бәрін бәрісін алты күнде жаратты. Осы алты күннің ішінде жаратылғандарының барлығында еш мін жоқ. Ал Адам ата мен Хауа анадан туған Шіш пайғамбарға енді Алла тағала жауап бермейді: ол ұрпақтың сапасы енді тікелей ата-анасына байланысты. Сондықтан Мәшһүр атамыз Шіш пайғамбарды «жаратылды» дегеннен гөрі, «жасалды» деп айтақан дұрыс дейді. Адам баласының жасампаздығы да дәл осы сәттен басталады. Жаратушы иеміз енде өзі жаратқан бұл әлемге араласпайды, нені жаратса да әуелі пендесінің қолымен жасап барып жаратады. Қазақтың «Құдайдан кейін қолы бос» деген сөзі осыдан шықса керек. Міне, қазақ руханияты түсінген адамға, санасы бар адамға жасампаздыққа толы керемет мүмкіндіктер ашады. Алла тағаланың құдіреті енді адам арқылы, адамның мүмкіндіктері мен болмысының ашылуы арқылы көзге түседі, жария болады. Құдай тағаланың Адамды жаратудағы мақсаты да осы шығар деген ойдамыз. Сондықтан қазақ мәдениеті мен руханиятындағы бұл позитивті ойды алып шығып, актуальды қылу үшін Мәшһүр Жүсіп атамыз адам санасын дамытатын, ерекше ойларға 191 № 1 (74) 2010 жетелейтін, догматикалық қасаң ойлардан арылтатын сөздерді келтіреді. Бұл сөздер түсінген адамды шын мәнінде еселі еңбекке, мерейлі табысқа бастайтыны сөзсіз. Енді осы сөздерге мұқият назар аударып, айтар ойымызды түйіндейік: «Осының бәріне ғылым-білімі жеткенлігі үшін Лермонтов айтқан: «Антұрғандық қылығын Алла ісі деп нандырар қанай сопы, қандай молда?!» — дейді. «Жаман құдайшыл келеді,// Әлі жоқ ақіретшіл келеді». «Ісі жоқ кісі — намазшыл, // Асы жоқ кісі – оразашыл». Мұның бәрі – қаңғығанлық, адасып, далада қалғанлық. Кісі сол – кәсіп, әрекет (харекет) қылсын, өзінен басқаға пайдасы тисін. Өзінен басқаға пайдасы тимейтін адамды кісі деме, жаман ұрғашының күсі де. Ол да аңқиып тұрады, мұның да аузы аңқиып тұрады. «Жаман адам жанға ортақ, // Жаман бала малға ортақ». Жаман туған бала – ата-ананың, һәм бірге туысқан бауырларының соры. Нағыз баламен шірізлік. Ай, Құдай-ай, сақтай көр, не қылайын күні бұрын жалбарынып?!»

Читайте также:  Ойрат одағын талқандау

Оставить комментарий