I — III ғасырлардағы Шығыс Хань мемлекеті

Атақты император У­ди өлген соң, ханбдік Қытай өзінің алдымен тоқырау, содан кейін дағдарыс кезеңіне аяқ басады. Егер У­дидің орталықтандырылған күшті мемлекет билігі кезінде жергілікті аса бай топтардың әрекетіне қатаң бақылау орнатылып, оларды күшпен орталыққа бағынышты жағдайда ұстап келсе, енді оның жуастау, әлсіздеу билеуші мұрагерлері тұсында жағдай өзгере бастайды. Жергілікті бай топтар төменгі әкімшілік билік тармақтарының әлсіз билік құқығын пайдаланып, империяның билік аппаратына қарсы шығып, оған бағынбауға тырысты. У­дидің күшті өкімет билігі тұсында ауылдық жерлердегі әлеуметтік теңдік сақталып, арнаулы инспекторлардың бақылауында болып келді. Ендігі жерде, яғни әлсіз өкімет тұсында ауылдық жерлерде күшті байыған шаруашылықтар пайда болып, олар біртіндеп өзіне жаңа жерлерді күшпен қосып ала бастайды. Бұрынғы жер иелерін енді арендаторға, жалдамалы шаруаларға айналдырып отырды. Осындай экономикалық негізде пайда болған «күшті үйлер» дейтін бай адамдар әулеті билік пен өзара ықпал ету әрекетін бөлісуге кіріседі. Б.з.д. I­ші ғасырдың аяғында, осындай бай жеке меншік иелерінің санының артуы нәтижесінде елдегі әлеуметтік қайшылықтар күрт өршіп кетті. Хань империясы өмір сүргеннен бастап, ең алғаш рет, елдің жекелеген аудандарында шаруалардың үстем тапқа қарсы көтерілісі өрши бастады. «Бүлікшілер» отряды сан жағынан бірнеше мың адамға жете отырып, уездік қалаларға шабуыл жасап, арсеналдарды басып алды, жергілікті әкімдерді өлтіре бастады. Б.з.д. I­ші ғасырдың соңғы ширегінен бастап елде құлдар көтерілісі өршіді. Империя терең ішкі дағдарыстарды бастан кешірді. Көптеген мемлекет қайраткерлері бұның себебін ірі жериеленушілер мен құлиеленушілердің көбеюінен іздеді. Ерте Хань дәуірінің бүкіл өн бойында жерге жеке меншіктің ұлғаюына қарсы күрестер жүріп отырған еді, енді бұндай бас көтерулер барған сайын өрши түсті және ол құл иеленудің өсуіне де қарсы бағытталды. Міне осы қоғамдық мәселелер билеуші топ өкілдеріне қоғамдық дағдарысты бәсеңдету үшін реформалар жүргізу қажет екенін ұғындырды. Аса бай топтардың күн сайын өсіп келе жатқан тоғышарлық тәбетін тартқызуға бағытталған реформалық шараларды жүргізуге әрекет Ай­ди император (б.з.д. 6 ­ 1 ж.) тұсында басталды. Жарлықтың жобасы бойынша, жеке меншік жер иелігінің көлемі 30 циннен (138 га шамасында) аспауы тиіс, ал құлдардың саны меншік иесінің қоғамдағы орнына сәйкес ірі ақсүйектерге 200­ден, ал жәй меншік иелеріне 30­дан артық құл ұстауға тиым салынды. Мемлекеттік құлдарға 50 жасқа толған соң еркіндік берілуі тиіс болды. Бірақ бұл жоба құлиеленушілер тарапынан өте күшті қарсылыққа тап болғаны соншалық, оны өмірде жүзеге асыру туралы сөз болуы мүмкін емес еді. Тіпті, құл иелену мен жер иелену мөлшерін қарапайым меншік иелеріне қатысты деп шектеу де мүмкін болмады.Сөйтіп, бұл реформалық әрекет күйреуге ұшырады да, елде көтеріліс шықты. Осындай ішкі жағдайдың дағдарысқа ұшыраған шағында Пин­ди императордың( б.з.1­5 ж.) әйелі жағынан туысы болып келетін, оның қайын атасы Уаң Ман б.з. 9 жылы тақты басып алып, жаңа «Синь әулетінің» билігінің басталғанын жариялайды. Өзін император деп жариялаған Уаң Ман конфуцийшіл адам болғандықтан, дәстүршілдікті барынша жақтаушы болды. Осыдан кейін, іле­шала, ол бірнеше реформа жүргізуге кірісті, олардың ең бастысы жергілікті жерлердегі байлардың тежеусіз билік әрекетіне тосқауыл қою мақсатын көздеген жер иелену мен құл иелену туралы реформа болды. Жердің жеке адамның қолына шоғырлану қайшылығын шешу және шаруалардың қайыршылануын тоқтату үшін, Уаң Ман бүкіл елдегі жерді императордың меншігі деп жариялады, оларды алып­сатуға тиым салынды. Уаң Манның заңы бойынша, империяда әрбір отбасы аздаған үлестік жер алатын болды. Құл сатуға тиым салынды.

Читайте также:  Патшалық Ресейдің Іле сұлтандығын басып алуы

«Адамдарды алып­сату, ­ деді ол заңында ­ Көк Тәңірі мен адамгершілікке қайшы келетін, адамдық қасиетті қорлайтын нәрсе.Сондықтан осыдан бастап, құлдар жеке адамдарға тәуелді болады, ал оны сатуға болмайды». Уаң Манның реформасы, оның өзі ойлағандай, сол қоғамның күрделі мәселелерін шешуге бағытталғанымен, ол бастапқы кезінен­ақ табысқа жете алмады. Себебі, ол реформалар утопиялық қиялдан туған әрекеттер еді, оны іске асыру сол кездің шындық жағдайымен сәйкес келмес еді. Бір ғана заң арқылы жарты мың жыл өткен ежелгі Қытай қоғамының тарихын сызып тастап, б.з. I­ші ғасырында Ханьдық конфуцийшілдердің үлгі тұтқан Чжоу дәуіріне қайта оралу тіпті де мүмкін емес еді. Империяның саяси дағдарыс жағдайын 11­ші жылы елге келген табиғат апаты одан әрі қиындатты, Хуаңхэ өзені күр өзінің арнасын өзгертіп, жүз мыңдаған адам су астында қалды, егістік алқаптарды су алып кетті, қалалар мен ауылдар қирауға ұшырады. Осыдан кейін көп ұзамай, 14 жылы алдымен құрғақшылық болып, сосын астықты сары қоңыз жаппай құртқан кезең туды. Ашаршылық бүкіл елде басталды. Елдің бірқатар аудандарында тамақ іздеп қаңғыған босқындар қаптады. Елдің әр түкпірінде бірінен кейін бірі пайда болған шаруалар көтерілісі бұрқ етіп жатты. Дәстүрлі идеологиямен тәрбиеленген қытай қоғамы бұл жағдайды Аспанның жердегі адамдардың жосықсыз әрекеттеріне көңілі толмай, оған жазалау ретінде жіберген апаты деп қабылдады. Уаң Манның өзі де өзінің реформасын Көк Тәңірі қабылдамады деп түсінді. Реформа басталғаннан кейінгі үш жыл өткен соң, өзінің Көк Тәңірі алдында кінәсін мойындағандай болған Уаң Ман, амалсыз ірі жер иелерінің көңілінен шығуға мәжбүр болады. Сөйтіп ол жерді және құлды алып­сатуға қайтадан рұқсат берді. Бірақ мұның бәрі оның жағдайын нығайта алмады. Уаң Манға қарсы халықтың басым көпшілігі қарсы шықты. Олар әкімдердің жүгенсіздігі мен елдегі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына ызаланғандар еді. 18­ші жылы Фань Чун деген адам басқарған Шаньдундегі Тайшань округінде аш шаруалар тобы ұйымдасты, кейін бұл көтерілісшілер көлемі он мыңдаған армияға ұласып, қастарын қызылға бояп алып, күреске шыққандықтан, олар «қызыл қастылар» деген атқа ие болды. Фань Чун көтерілісшілер арасында қатаң тәртіп орнатты: өздігімен адам өлтірген адамға өлім жазасы берілді, егер жараласа оны ақымен өтейтін болды. Біртіндеп Фань Чун армиясы елдің шығысындағы бірнеше округті өз биліктеріне алды. 22­ші жылы Уаң Ман «қызылқастылар» көтерілісін басу үшін, оларға қарсы жүз мыңдық әскер аттандыруға мәжбүр болды. Бірақ шешуші шайқаста үкімет әскері талқандалды. Осыдан кейін «қызылқастылар» өздерінің әрекет ететін территорияларын елеулі түрде кеңейтіп, олар Хуанхэнің орта ағысындағы бірқатар аудандарын басып алды. Осы кезде елдің оңтүстігінде халық көтерілісінің жаңа бір ошағы пайда болды. Көтерілісшілер Хубей провинциясындағы Люйлиньшань тауларында бекінеді, сондықтан оларды «Люйлинь армиясы», дәлірек айтқанда, «жасыл орман әскері» деген атпен атайды. 23­ші жылы Куньяндегі шайқаста көтерілісшілер Уаң Манның әскерін жеңіп, батысқа жылжиды. Көп ұзамай, 23­ші жылы елдің астанасы Чанъань алынып, көтерілісшілер Уаң Манды өлтіреді. 24­ші жылы «жасыл орман» көтерілісшілерінің бірі Лю Сюань өзін император деп жариялап, Чаньаньға бекінеді. «Қызылқастылар» армиясы да осы кезде астанаға жылжыған еді. 25­ші жылы «қызылқастылар» Чаньань қаласын алады да, Лю Сюань өзін­өзі өлтіреді. Осы кезде астанаға Хань әулетінің бір өкілі Лю Сю өзінің «жасыл орман» әскерімен жақындайды. «Қызылқастылар» астананы тастауға мәжбүр болады да, Шаньдунге қайтады. Жолда оларды Лю Сюдің адамдары қоршап, көп шығынға ұшыратады. Фань Чун және оның сыбайластары осы соғыста апатқа ұшырайды. Сол 25­ші жылы Лю Сю өзін император деп жариялап, астананы Лоянға көшіреді. Осылайша Кейінгі немесе Шығыс Хань әулеті (25­ 220ж.) пайда болады. Хань империясының қайтадан қалпына келтірілуі, оның әлеуметтік және саяси құрылысындағы елеулі өзгерістермен қатар жүрді.

Читайте также:  Бүгінгі заман мифтері

Оставить комментарий