Мен бұл жерде иезуиттер орденінің құрылысын олардың атаққұмарлық жоспарларының жүзеге асырылуы тұрғысынан ғана қарастырамын. Иезуиттер ықпалға, билікке, құрметке ұмтылды және буған католиктік сарайларда қол жеткізді.
Осы мақсаттарына жету үшін олар қандай амалдарға жүгінді? Қорқыту мен азғыруға. Тақсырлар үшін олар несімен қаһарлы еді? Олардың ырқының өз генералдарының ырқымен бірлігінде. Мұндай бірліктің күші, бәлкім, әлі де жеткілікті мәлім болмас. Ежелгі дүние бізге иезуиттердің басқару пошымымен салыстыратындай үлгі қалдырған жоқ. Айталық, ежелгі адамдардан төмендегідей саяси проблеманы шешіп беру талап етіліпті. Сұрақ мынау: «Монастырь түкпірінде отырған адам әртүрлі елдерде тұратын және әртүрлі заңдар мен әртүрлі тақсырларға бағынатын өзге қисапсыз адамдарды қалайша басқара алады? Сол адам – көбіне сұмдық алыс жерлердегі өзінің бодандарына жеткілікті билігін, оларды өз әмірімен жол жүруге, қарекет жасауға, ойлауға және өзінің құлқын атаққұмарлық жоспарларына сәйкестендіруге мәжбүр ету үшін қалайша сақтай алады?» Монахтар ордендері пайда болғанға дейін мұндай тапсырма есуастық болып көрінер еді. Оны шешуді платондық құбыжықтар қатарына жатқызар еді. Сөйтсе дағы сол құбыжық жүзеге асты. Орден генералының оз әмірін орден мүшелеріне қалайша жүргізе алғаны, ол үшін қандай амалдар қолданғаны мәлім, сондықтан оларды егжейтегжейлі тізіп жатпаймын. Бірақ бағыныштылары соншалық аз оныңыз тақсырларды қалайша қалтырата алатын? Саясат шыңы – осында. Осынау ғажапқа қол жеткізу үшін иезуиттер ұйымы монархиялық та, республикалық та құрылыстың барлық артықшылықтарын: бір жағынан – орындаудың жылдамдығы мен құпиялылығын, екінші жағынан – орденнің ұлылығына күшті де тұрақты сүйіспеншілікті өз бойында біріктіруге тиіс болатын. Бұл үшін иезуиттер ұйымының басында деспот, бірақ білімді, сондықтан да сайланып қойылған деспот тұруға тиіс болатын.
Осынау басшыны сайлау мыналарды көздеді: бодандардың белгілі бір санынан іріктеп алу; сол бодандардың рухын, құлқын, мінезін және бейімдерін зерттепбілуге қажетті уақыт пен амалдар. Бұл үшін мыналар қажет болатын: ең атаққұмар, білімді ұстаздар өз үйлерінде тәрбиеленіп жатқан шәкірттерін жанжақты, мұқият зерттейді; жаңа генерал орден мүдделерімен тығыз байланысты болуы және онда басқа мүдде болмауы керек; сондықтан ол, барлық иезуиттер сияқты, орденнің басты ережелеріне бағынуы керек; барлық иезуиттер секілді үйлену құқығына ие болмауға, солар секілді сырттан жасалатын барлық құрмет атаулыдан, барлық туыстық дәнекерлерден, достық пен махаббаттан бас тартуға ант беруі керек; өзін түгелімен иезуиттер ісіне арнап, өзіне көрсетілетін құрмет үшін орденнің ұлылығына қарыздар болуы керек; сондықтан оның орден қуатын арттырудан басқа армантілегі болмауы керек; оның бағыныштыларының тіл алғыштығы бұл үшін қажетті қаражат жеткізуге бағытталуы керек. Ең ақырында, өз ұйымына барынша пайдалы болу үшін генерал өзінің батыл жоспарлары ешқандай қауіп қыспағында қалмауын ойлап, толығымен өзінің кемеңгерлігін ғана басшылыққа алуы керек.
Осы мақсатпен оның тұратын орны Папа тағына жақын маңға орналастырылды. Осынау ағзаммен белгілі бір жағдайларда ортақ дәнекерлермен байланысты және оның бірінші дінбасы беделін жасырын бөлісетін генерал оның сарайында тұруы және сонда тұрғандықтан корольдер кегінен қаймықпауы керек деп ұйғарылды. Шынында да ол хұжырасының төрінде отырып алып, өз торының ортасындағы өрмекші секілді, өзінің тіндерін бүкіл Еуропаға жайып жіберіп, сол тіндер арқылы бүкіл континентте не болып жатқаны жайында мәліметтер алып отырды. Тәубаға келтіру көмегімен тақсырлардың, шонжарлардың және әртүрлі мансап иелерінің міндерін, таланттарын, жақсылықтарын, олқы тұстарын жақсы білетін орден генералы қандай айлашарғымен біреулердің атаққұмарлығына жәрдемдесу, кімдердің атаққұмарлығына қарсылық жасау керектігін, кімге жағынып, өз жағына тарту немесе кімді қорқытып ұстау керек екендігін жақсы біледі.
Ол осы маңызды мәселелер жөнінде ойға батады, ал оның қасында өте құпия әрі қорқынышты кітап жатады, ол кітапта тақсырлардың жақсыжаман қасиеттері, олардың орденге қолайлықолайсыз құлықтары жазылған, орденнің қаһарына ұшырап, тірілер санатынан өшірілуге тиіс корольдердің атыжөні қан қызыл бояумен белгіленіп қойылған. Егер зәреқұты қашқан дәрменсіз тақсырлар генералдың өкімі оларға ажал мен құлдық ұрудың бірін ғана қалдырды деп білсе, онда бүл үрей тектентек тумайтын. Иезуиттер ұйымы белгілі бір деңгейге дейін ол қауіптің текке тумағандығын дәлелдеп отырды. Мүшелері қарияның қолындағы таяқ секілді қоғамды қандай адам билептөстеп отырғанын ескермей көріңіз? Ол солардың аузымен сөйлейді, солардың қолымен сеспей қатырады; орасан зор байлықты уысында ұстап отырған ол, орденнің мүшелерін өз қалауы бойынша орден мүддесі қажет еткен жердің бәріне емінеркін жібере алады. […] Оның бұйрығы бойынша қандай қатерге де бас тігуге, қандай қиын тапсырмасын да мүлтіксіз орындауға дайын. Мұндай адам, әрине, өте қауіпті.
Иезуиттер мұны түсінді де, өздерінің басшысы туғызатын үрейді мақтан тұтып, осынау қаһарлы адамның өздеріне адалдығын қамтамасыз етудің жайын да ұмыт қалдырмады. Бұл үшін олар былай ұйғарды: егер генерал өзінің жалқаулығынан немесе басқа бір себеппен қоғам мүддесін сатып кетер болса, онда ол қоғамның жиіркенішіне ұшырап, оның кегінен қорқуға тиіс. Басшы мен бодандардың мүдделері осынша астасып, біте қайнасқан қандай да бір үкіметті атай қойыңызшы. Сондықтан да сырттай қарағанда құралдары соншалық жадау қоғам аз уақыттың ішінде соншалық құдіретке ие болды. Оның құдіреті оның ұйымдастырылу пошымының нәтижесі болатын. Иезуиттердің инсаният принциптері қаншалық қауіпті болса да, Папалар мойындаған олар католиктер шіркеуінің принциптерімен бірдей дерлік еді. Дүнияуи адамдар қолында осынау қауіпті инсаният соншалық тажалды болмайтын, және оған таңдануға да болмайды. Патшаны өлтірушілер Бузенбау яки ла Круа дегендердің шығармаларын оқығаннан пайда болмайды; осынау құбыжықтар монастырьлардың надандығы мен оңашалығында туып, олар сол жерден тақсырларға қастандық жасайды. Монах олардың қолына қанжар ұстатып, оны кім бергенін жасыруға бекер тыраштанады. Дінбасылар атаққұмарлығының ықпалымен жасалған қылмыстарды ажыратудан оңай ештеңе жоқ.