Индуистік храмның генезисі

Отырықшы халықтар арасындағы сакральді өнер — көбіне, Ғарышта көзге түспей өмір сүретін Тәңір Рухы «тұратын», соның тікелей «өзі» қоныстанатын қасиетті үй салу Діни наным бойынша киелі орын дүниенің қақ ортасында орналасқан, содан да ол киелі, sacratum: бұл жерде адам кеңістік пен уақыттың беймәлімдігінен қорғаулы, өйткені, құдай адамға «қазір»және «осы жерде» келеді. Бұл храмның жоспарында да байқалады; негізгі бағыттардың ерекше бөлінуі кеңістіктің орталыққа қатысын реттейді. Мұндай жоспар дүниенің синтезі іспеттес: Ғарышта, үздіксіз қозғалыста жүргеннің бәрін сакральды архитектура киелік сәулет өнері тұрақты пішінге айналдырған. Ғарышта кеңістіктен уақыт басым түседі; храм құрылысында уақыт кеңістікке айналған сияқты болып шытады; болмыстың негізгі, қалыптасу барысында бөлініп және шашылып кеткен аспектілерін — айшықтайтын, көзге көрініп тұрған ғарыштың ұлы ырғақтары қайта жиналып, ғимараттың геометриясында бекіп қалады. Осылайша, тәртіпке келтірілген және өзгермейтін пішіні арқылы храм дүниенің түгелдігін, оның уақыттан тыс аспектісін немесе түпкілікті жағдайын көрсетеді: мұнда барлық заттар осының алдындағы Болмыстың бөлінбейтін бірлігінің құшағында жойылып кеткен жағдайынан айығып, тепе­теңдік құшағында тұрады. Киелі үй дүниенің ақырғы өзгерістің — христиан дінінде символдық тұрғыда Аспан Иерусалимі делінетін өзгерістің прообразы болып есептеледі, сондықтан да, ол Тәңірлік тыныштыққа толы (иврит тілінде — шехина, санскритше — шанти). Тәңірлік Тыныштық жанға да осылайша орнайды, оның барлық қасиеттері немесе барлық мазмұны — дүниедегі заттардың қасиетіне ұқсас — қарапайым және терең, өзінің сапалық бірлігі жағынан киелі үйдің үйлесімге толы пішініне салыстыруға боларлық тепе­теңдікте тұрады. Киелі үйдің ғимараты, жанның жаратылуы сияқты, құрбандық аспектісіне де ие. Егер жан Ізгіліктің ұясына айналғысы келсе, оның күштері дүниеден алыстауға тиіс, сол сияқты храм салуға арналған материалдардың барлығы дүнияуи пайдаланудан алынып, Құдайға садақа ретінде берілуге тиіс. Біз бұл құрбандықтың бастапқы «тәңірлік құрбандықтың» орнын толтыру екенін аңғарамыз. Күллі құрбандық шалу рәсімдерінде құрбандыққа берілген субстанция сапалық жағынан өзгеріске түседі, оның тіршілігі тәңірлік үлгіге ұқсайтын болады. Бұл киелі орынды жасауда да аз байқалмайды; бұған белгілі мысал да бар — Соломонның Давидке аян етілген жобаға сәйкес храм салдыруы. Дүниенің жаралып бітуінің образы храмның тік бұрышты пішінімен символданады, бұл — космостық қозғалыс құзырындағы дүниенің дөңгелек пішініне қарсы қойылған рәміз. Көктің күмбезділігі айқын емес және ешқандай өлшемге симайтын болса, киелі ғимараттың тік бұрышты немесе текше пішіні нақты және өзгермейтін заңды бейнелейді. Қандай дәстүрге қатысты болса да, сакральді архитектураны шеңбердің шаршыға айналуының негізгі тақырыбының дамытылуы деп қарауға болатыны сондықтан. Индуистік храмның пайда болуына осы тақырыптың дамуы (оның метафизикалық және рухани мазмұнының күллі байлығымен бірге) ерекше айқын байқалады. Бұл мәселені қарастырмас бұрын осы екі негізгі рәміздің — шеңбер мен шаршының немесе күмбез бен текшенің арасындағы байланыс, санау деңгейіне сәйкес, әртүрлі қызметтер атқаруы мүмкін екенін анықтап алу керек. Егер шеңбер біртұтас және бөлінбейтін Ұстанымның (принцип) рәмізі, яки, символы болса, шаршы оның әдепкі және өзгермейтін айқындығын, әмбебап Заңды немесе Норманы білдіретін болады; бұл жағдайда шеңбер шаршы бейнелейтін шынайылықтан жоғарырақ шындықты бейнелейді. Егер шеңбер оның қозғалысын қайталауы арқылы көкке қарасты болса, ал шаршы — жерге қатысты болып, оның қатты және инертті күйін білдірсе, онда шеңбер шаршыға активтінің пассивтіге қатысындай қатынаста немесе өмірдің тәнге қатысындай қатынаста болады, өйткені, аспан активті түрде қоздырады, ал жер мұны пассивті түрде қабылдайды және туады. Алайда, кері иерархияны да елестетіп көруге болады. Егер шаршы өзінің метафизикалық мағынасында өз бойына ғарыштық парадокстарды сиғызып және шешіп тұратын, түпкі өзгермейтіндіктің символы болса, ал шеңбер соған сәйкес, өзінің ғарыштық прообразымен — шексіз қозғалыспен байланыстырыла қарастырылады, онда шаршы шеңбер бейнелейтін шынайылылықтан жоғарырақ шынайылықты айшықтайды, өйткені Принциптің (ұстанымның) тұрақты және бұлжымайтын табиғаты Принциптің өзіне жат аспани немесе ғарыштық қызметтен басым түседі 3 . Шеңбер мен төртбұрыш арасындағы мұндай рәміздік байланыс Үндістанның киелі сәулеткерлігінде басым. Оның басым болатын себебі — орнықтылық — сәулеткерлікке тән сапа, дәл осы орнықтылықтың арқасында архитектура, яғни сәулеткерлік Тәңірлік Кемелдікті мейілінше шүбәсіз бейнелейді, сол себепті де мұндай көзқарас индуистік рухқа тән болады. Индуизм әрдайым жердің немесе ғарыштың өз болмысы бойынша өзгешеленетін шынайысын Тәңірлік Нәттің бөлінбейтін және қозғалмайтын толықтығына қосуға бейім болып келді. Киелік сәулеткерлікте рухани өзгеріске кері рәміз ере жүреді, соның нәтижесінде уақыттың ұлы «өлшемдері», әртүрлі циклдер негізінен храм шаршысына келіп «кристалданады» 4 . Бұдан әрі біз осы төртбұрыштың аспани динамиканы «фиксациялау» жолымен пайда болатынын көреміз. Қалай болғанда да, шаршының шеңберге қожалық жүргізуі, ол Үндінің сакральді архитектурасында болсын, өзге жерлерде болсын, екі символ арасындағы байланыстың мүлде керісінше болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмайды. Әртүрлі құрылыс элементтері мен Ғарыштың соған сәйкес элементтері арасындағы параллельді есепке алатын болсақ, мұндай инверсия барлық жерде орынды болады. Мәңгіліктің төңкерілген бейнесіне ұқсайтын барлық ғарыштық шындықтарды геометриялық символдарға «кристалдандыру» индуисттік дәстүрде ведалық алтарьдің құрылғысынан көрінеді. Бұл бірнеше бағытта қаланған кірпіштерден тұрғызылған, күллі ғарыштық болмыстың — Праджапатидің «тәнін»бейнелейтін текше (куб). Дүниенің бас кезінде диюлар (дева) 5 осы мәңгілік Болмысты құрбандыққа шалады; оның шашылып кеткен, ғарыштың көп санды аспектілерін 6 немесе бөліктерін құрайтын бөліктері символдық тұрғыдан топтануға тиіс еді. Праджапати өзінің көрінген аспектісіндегі Принциптің өзі болып табылады; бұл өз бойына күллі дүниені тұтасымен сиғызады және дүниенің әртектілігі мен тұрақсыздығының кесірінен фрагментарлы болып көрінеді. Осындай жолмен түйсінілген Праджапати бейнебір уақыт кесірінен бөлшектеніп кететін сияқты; ол күн циклімен шендестіріледі, ай цикліне, бір айға теңестіріледі, бірақ бәрінен бұрын — әмбебап циклмен немесе барлық ғарыштық циклдердің жиынтығымен шендестіріледі. Өз нәті бойынша, ол Пурушадан — адам мен Ғарыштың өзгермейтін және бөлінбейтін Нәтінен өзге ештеңе де емес; Ригведа бойынша (10.90), бұл о баста диюлар Ғарыштың әртүрлі бөліктері мен тіршілік иелерінің әрқилы түрлерін жасау үшін құрбандыққа шалған Пуруша. Мұны пантеизм деп ұғуға болмайды, өйткені, Пуруша іштей бөлшектенбейді және эфемерлі тіршіліктерде тұйықталып қалмайды (локализацияланбайды); бұл оның көріністері, көзге көрінетін пішіні, құрбандыққа шалынған да сол пішін, ал оның мәңгі табиғасы баяғы күйінде, қай кезде де болған күйінде қалады — ол бір мезгілде құрбандықтың өзі де, садақа беру де және құрбандық бағышталған объекті де болып табылады. Ал диюларға келсек, олар тәңір аспектілері немесе, дәлірек айтсақ, мүмкіндіктері, Тәңірлік Істің немесе Ақылдың (Логосқа сәйкес келетін Буддхи) қызметтері болып табылады. Әрқилылық Құдайдың емес, дүниенің табиғатына тән; әйтсе де, осы әрқилылық алдын ала, Құдайдың әртүрлі атрибуттарының немесе функцияларының арасындағы айырмашылықтарға орай белгіленіп қойылған; Құдайды «құрбандыққа шалып», оны бөлек­бөлек бейнеде көрсететін де осы аспектілер мен функциялар. 7 Сол кезден бастап көрінген құрбандық диюдың жасаған құрбандығын қайталайды және белгілі бір дәрежеде соның есесін толтырады; жалпыға бірдей тіршіліктің бірлігі символдық және рухани тұрғыдан құрбандық арқылы қалпына қайтадан келтіріледі. Сопы өзін өзі Ғарыштың бейнесіндей етіп, өз денесіне шақтап істеген альтармен шендестіреді; ол өзін белгілі бір сапаларға ие болып, өзін алмастырған құрбандық малына да теңестіреді, ақырында, оның рухы бастапқы Шектеусіздікке құрбандықты қайта табыстыратын отпен шендеседі. Адам, алтарь, жағылып жіберілетін құрбандық және от Тәңірлік Болмысты білдіретін Праджапатиге ұқсайды. Құрбандық алтарі мен Ғарыштың ұқсастығы алтарьді жасауға қолданылған кірпіштердің саны мен орналасуы арқылы көрінеді. Алтарь мен адамның ұқсастығы адам денесінің өлшемдері көлемінде ойластырылған алтарьдің пропорциялары арқылы бейнеленеді. Тұғырдың тұрқы адам бойымен бірдей, кірпіштер адам табанының ұзындығындай, ал алтарьдің ортасы (набхи) — төртбұрышты қуыс. Бұған қоса, «алтын адам» — алтарьға, басын Шығысқа қаратып қалап жіберетін адамның схемалық сұлбасы — түгел өртелетін құрбандық үнемі осы қалыпта болады — адам мен құрбандыққа шалынатын малдың ұқсастығына мегзейді. Кейінірек біз осы символдық ерекшеліктер храм құрылысында да міндетті түрде сақталатынын аңғарамыз. II Алтарь храмнан бұрын болған. Басқаша айтсақ, алтарь тұрғызу сакральді архитектурадан көнерек және әмбебаптау құбылыс, себебі, алтарьларды көшпелілер де, отырықшы халықтар да пайдаланған, ал храмдар тек отырықшы халықтарда ғана бар. Бәкене ғана киелі орын — алтарьды қоршап тұрған сакральды кеңістік қана; осы кеңістікті киелеу және шектеуге қолданылған ғұрыптар кейін храм жасауға көшірілген (templum латын тілінде, әуелде, оқшау және ғарышты сезінуге арналған сакральді территория деген мағынаны білдірген). Осы ғұрыптардың отырықшы және көшпенді халықтардың екі ұлы ағынын — бір­бірінен барлық тұрғыдағы өмір сүру стилімен ерекшеленетін екі жұртты жалғаған бастапқы мұра екенін дәлелдейтін фактілер аз емес 8 . Осы мұра туралы көшпелі сиу үндістерінің бақсысы, данышпаны Эхак Сапаның (Қара Бұлан) әңгімелерінен алынған үзінді мейлінше айқын мәлімет береді. Ол құрбандық отын киелеуді былай баяндайды: «Қолына балтаны алған ол (бақсы) оларға алты бағытты нұсқады да, өзі батысқа қарап тұрып, жерді шапты. Сол қимылын қайталаған ол жерді солтүстікке қарап тұрып,. одан соң шығыс және оңтүстікке қарап тұрып шапты; сосын ол балтаны көкке көтеріп жерді екі рет жер үшін, екі рет Ұлы Рух үшін соқты. Соның бәрін жасап болған соң, бақсы жерді қопсытты да, өзі тазару ғұрпын жасап, алты бағытқа құрбан шалған таяқшамен батыстан орталыққа қарай, кейін шығыстан ортаға қарай, солтүстіктен және оңтүстіктен ортаға қарай сызық жүргізді, одан кейін таяқты көкке құрбандыққа берді де, ортаға барып тұрды. Сөйтіп, алтарь жасалды; біз ғұрып бойынша, осы жерден жердің кіндігін белгіледік, ал осы орта — шын мәнінде барлық жерде бар орта — өзге емес Ұлы Рухтың тұрақ­ баспанасы» 9 . Мысалдың көрсетіп тұрғанындай, алтарьді киелеу Ғарыштың негізгі аспектілерін оның орталығымен байланыстырған бастапқы қатынастарды қайталау болып табылады. Бұл аспектілер: өзінің өнім бергіш белсенділігімен жерге — пассивті аналық принципке қарсы қойылған Аспан және тәуліктің циклділігін және маусымдық өзгерістерді белгілеуге ықпал ететін төрт бағыт немесе төрт жел. Олар Әлемдік Рухтың көптеген аспектілері мен қасиеттеріне ұқсас 10 . Әдетте, храмның пішіні тік бұрышты болса, көшпенділердің алтарінің сұлбасы, аспан күмбезіне еліктеуден туса да, төртбұрышты емес. Бұл көшпелі өмірдің бітім­болмысына байланысты. Пішіні бойынша тікбұрышты құрылыстар көшпелілерде өлімнің келуінің символы 11 . Көшпенділердің шатыр немесе үйшікке ұқсас киелі орындары дөңгелек, олардың түпкі бейнесі — аспан күмбезі 12 . Көшпенділердің қосыны да шеңбер бойына орналасады, мұндай схеманы парфяндар сияқты отырықшыға айналған көшпелілердің қалаларынан да байқауға болады. Шеңбер мен шаршының ғарыштық қарсы тұруы көшпелі және отырықшы халықтардың контрастынан осылай көрініс береді: біріншілері өз идеалын шеңбердің динамикалы және шексіз табиғасынан табады, ал екіншілері — шаршының статикалылығы мен тәртіптілігінен көреді 13 . Бірақ осы айырмашылықтарды қоспағанда, киелі орын концепциясы сол күйінде қалады; отырықшы халықтар храмы сияқты қатты материалдан жасалғанына немесе көшпелілердің уақытша sacratum­ы екеніне қарамастан, ол әрдайым дүниенің ортасына орналасады. Эхака Сапа осы орталықтың Ұлы Рух тұрағы екенін және шын мәнісінде оның барлық жерде болатынын айтады, оны жүзеге асыру үшін символдық санау нүктесінің өзі­ақ жеткілікті. Рухани орталықтың барлық жерде болатындығы шынайы дүниеде де көрінеді: кеңістіктің жұлдызды аспанның қозғалмайтын кіндігіне (осі) сәйкес тұс­тұсқа бағытталғандығын жердің кезкелген нүктесінен байқауға болады, жерде тұрған екі бақылаушының бір ғана жұлдызға қарағандағы көру осьтері (сызығы) олардың арасындағы географиялық қашықтықтың қандай екеніне қарамастан, шын мәнісінде параллель болады. Басқаша айтсақ, жұлдызды аспан тұрғысынан қарағанда, ешқандай перспектива жоқ, оның орталығы барлық жерде, өйткені оның күмбезі — аспан храмы — шет­шексіз. Дәл осыған ұқсас мысал: су үстінде батып немесе шығып келе жатқан күнді бақылаған адам суға түскен сәуленің онымен шағылысып, одан шыққан алтын тіннің өзіне бағытталғанын аңғарады. Адам қозғалғанда әлгі сәуле онымен ілесе жүреді; алайда, кезкелген бақылаушы дәл солай, тек өзіне ғана, бағытталған сәулені көреді ғой. Мұның терең мәні бар.

Читайте также:  Белдеулік уақыт

Оставить комментарий