ИСАТАЙ ТАЙМАНҰЛЫ ТУРАЛЫ

Отан тарихында орын алып отырған теориялық және методологиялық өзгерістерден Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалыс тарихының (1836­ 1837) сырт қалуы, әрине, мүмкін емес. Мәселеге жаңа көзқарас қозғалыстың жалпы мазмұнын ғана емес, сондай­ақ оған түрлі бағыт­бағдарда қатысы болған тарихи тұлғалардың, тіптен әлеуметтік топтардың қызметін қамтуы әбден ықтимал және бұған аса таңданудың қажеті бола қоймас. Соңғы он жылдан астам мезгілде бұл тарихи оқиғаны құрсауына алған сең де бұзыла бастады. Халел Досмұхамедұлының Исатай­Махамбет қозғалысына арналған зерттеуі61. Ж.Қасымбаев, М.Құлкенов, Р.Отарбаев, Т.Боранғалиұлының Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтан сияқты тарихи тұлғалардың қызметін арнайы талдауға алған еңбектері жарық көрді62. «История Букеевского ханства. 1801­1852 гг.» атты көлемді құжаттар жинағы баспадан шықты, жаңа фактілік материалдар айналымға тартылды63. Өзімізге жақсы таныс кеңестік тарихнама Исатай мен Махамбет бастаған қозғалыстың тарихтағы орнын Сырым Датұлы бастаған халық азаттық қозғалысының табиғи жалғасы ретінде қарап, ал оның мазмұнын «хандық, феодалдық жүйелерге және отарлық үстемдікке қарсы бағытталған күрес» тұрғысынан бағалады64. Бұл берілген баға жалпы алғанда тарихи шындықтан алыс емес­тін. Исатай Тайманұлы қозғалысының шынымен де Сырым Датұлы бастаған күрестің логикалық жалғасы, сондай­ақ оның Ресей әкімшілігіне сүйеніп Жәңгір хан орнатқан әділетсіз тәртіпке қарсы бағытталған қарапайым халықтың жан айқайы екендігі айға таңба басқандай ақиқат, нақты фактілік материалдарға негізделген ғылыми тұжырым. Сонымен бірге бұл мәселенің әлі де болса жете зерттелуге мұқтаж қырлары да бар. Бізге мәселенің сол жете талданбаған жақтары кейінгі жылдары жарық көрген жарияланымдарда тым біржақты тұжырымдарға негіз болып отырғандай көрінеді. Сөз, нақтырақ айтқанда, Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанның қызметін баяндайтын Мереке Құлкенов пен Рахымжан Отарбаевтың және жоғарыда аталған Тілеуқабыл Боранғалиұлының «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақалалар сериясы жөнінде болып отыр. Әрине, бұл еңбектерде авторлардың жаңа мұрағаттық құжаттарды ғылыми айналымға тартумен қатар, тың да батыл тұжырымдарға бара алғандықтарын, Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанның қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдауға жол ашатын нәтижелерге қол жеткізгендіктерін жоққа шығару әділетсіздік болар еді. Авторлардың да алдына қойған мақсаты мәселеге жаңа көзқарас қалыптастыру екендігі даусыз. Сонымен бірге, біздің түсінігімізше, бұл еңбектерде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы сияқты аса биік тарихи тұлғалардың қызметін, жалпы олар бастаған қозғалысты мүмкін болғанша тура түсінуге апармайтын методологиялық жаңсақтық та бар. Мәселен, М.Құлкенов пен Р.Отарбаев 1992 жылы жарық көрген еңбектерінің соңында бақилық болуға бет бұрған ханның аузына «Әй, қос тентек, бірің ағам, бірің інім, бірің батыр, бірің ер, кімге қарсы қол жинағаныңды білмей өттің­ау. Ақыры, балақтағы өкпеге аспандағы мені саттың…» Қара албасты басқырсың» деу маған емес, үйдегі қатындарыңа айтар қарғыстарың еді ғой»65,— деген сөзді сала отырып, көтеріліс басшыларын бір сәтке болса да ханның биік парасатын түсіне алмаған парықсыздар дәрежесіне түсіру байқалады. Әрине, бұл берілген пікірді жазушылық әдіске жатқыза салуға да болар еді. Олай болған күнде кітап атына қосымша берілген «жаңаша көзқарас» деген анықтау тіркесті қайда қоямыз? Тура осы мазмұндағы пікірді Т.Боранғалиұлының «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Мәңгілік Махамбет» аталатын тартымды мақаласынан да оқимыз. Онда автор «Әттең, қазақтың Исатай, Махамбет, Қарауыл секілді белелді адамдары ел мен жер тұтастығы үшін бірауызды болу орнына өзара аттандасып, алысып­жұлысып шыға келді. Бақ­дәулетке ұмтылған жерде тойымсыздық, есе кеткен жерде ашу­ыза қай заманда қатар жүрмеген?66 ­ деген тұжырымға келеді. Көріп отырғанымыздай, жалпы бұл аталған еңбектерге ортақ бір сарын бар. Ол ­ бүгінгі күн биігінен кезінде ел іші өзара бітіспес жаулыққа ұрынған екі топтың ұстанған позицияларын өзара табыстыру, жарастыру. Тіптен бұл аз болғандай, осы текетірес барысында Исатай жағын бәтуаға келмеген «тентек», ал Махамбеттің жеке басын «қайда барса да кезенген жауға кез келіп, соңында «еркіндікті найза ұшымен жеңіп алу мүмкін еместігін» кеш ұғып, қалған өмірін құсалықта өткізген қайғылы тұлға ретінде көрсету байқалады. Ал осы позиция қаншалықты негізді? Жалпы тарих белгілі бір тарихи тұлғаны дәріптеу, мадақтау, ал екінші біреуін даттау, табалау үшін жазылмайды. Егерде ол осы міндетті атқару тұрғыдан жазылса, онда ғылым болудан қалмақ. Тарих үшін ең биік нысана ­ ол өмір ақиқаты. Ал бұл нысанадан шығу, әрине, жеңіл­желпі нәрсе емес. Олай болса, қазақ қоғамында біз қарастырып отырған мезгілде өзара қарсы тұрған екі әлеуметтік топқа да ортақ заманның ерекшелігі мен айшықты белгілері қандай еді? Бұл ретте мынадай бір жағдайды еске алуға тура келеді. ХІХ ғасыр әлем тарихында, әсіресе осы тұста оның даму бағыт­бағдарын айқындаған Еуропада әлеуметтік, таптық қайшылықтардың шиелінісе түсуімен сипатталады. Бұл ­ тек марксизм ғана емес, басқа да методологиялық бағытта тұрған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар мойындаған тарихи құбылыс. Әрине, капиталистік батыста түрлі теориялық және саяси ағымдардың ықпалымен өнеркәсіптік жұмысшы және шаруалар қозғалысының нақты саяси күшке айналғандығы мәлім. Бұл ретте Қазақстандағы жағдай сөзсіз өзгеше. Дегенмен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында­ақ батыс Қазақстан жерінде, оның ішінде Бөкей ордасында қалыптасқан экономикалық, саяси­әлеуметтік жағдай Қазақстанның басқа аймақтарынан ерекше болатын. Қазақстан тарихында бір емес, бірнеше мәрте «өтпелі кезеңдер» болған. Міне, сол «өтпелі кезеңдердің» ең алғашқысын ХІХ ғасырдың 20­40 жылдары Бөкейлік қазақтар өз бастарынан кешіруге мәжбүр болды. Ал осы «өтпелі дәуір» бөкейліктер өміріне қандай өзгерістер әкелді? Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтейік. Бұл ретте, әрине, ең алдымен жерге жеке меншіктің енгізілуі және қоғам өмірінен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі басқару жүйесінің ығыстырылып, оның орнына жаңа отарлық үстемдікке бейімделген басқару жүйесінің енгізілуі еді. Әуелде, қысқа болса да жерді иемденуге қатысты өзгерістер жөнінде. ХІХ ғасырдың 20­30 жылдарына шейін барлық Қазақстан сияқты Кіші жүз жерінде де жер игілігін қазақ қоғамы қауымдық (басымдық жағдайда рулық) негізде игеріп келді. Қазақ қоғамында сандық үлес салмағы әрқашанда жоғары болмаған байлар тобы да қоғамда қабылданған бұл тәртіпті белгілі дәрежеде мойындауға мәжбүр болды. Белгілі зерттеуші Ж.Қасымбаев Ішкі ордада жер қорын рулық негізде игеру Бөкей хан және Шығай сұлтан тұсында да қатаң сақталды деген тұжырымға келеді. Әрине, бұл тәртіп идиллия емес­тін. Дегенмен оның негізінде жалпы жұрт қабылдаған ұлттың ғасырлар бойы қорланған тәжірибесі жатты. Бұл жер игеру жүйесі қоғамның басым бөлігін құраған орташаларды да, сондай­ақ оның қалған бөлігі ­ кедей­кепшіктерді де белгілі дәрежеде қанағаттандырып келді. Патшалық биліктің сеніміне кіріп алған Жәңгір хан қазақ қоғамында қалыптасқан жер игеру дәстүрін келмеске жіберді. 1823 жылы Бөкей ордасындағы хан тағына отырған ол Ордадағы жайылымға жарамды деген 6 500 000 десятина жердің 400 000 десятинасын иемденіп, империяның ірі помешиктері қатарына қосылды. Подполковник Матвеевтің ревизия (1847) материалдарының көрсетуіне қарағанда, бұл «Ордадағы ең құнарлы деген жайылымдар» еді. Хан өзін бүкіл Орда жерінің жоғарғы билеушісі ролінде сезінді. 1830 және 1845 жылдар аралығында ол жеке тұлғаларға жерді меншіктеу құқын беретін 1517 грамота үлестірген болатын67. Біз қарастырып отырған тақырыпқа зерттеушілік ғұмырын арнаған ғалым И.Кенжалиев Жәңгір хан өзінен артылған «жерді ең алдымен сұлтандарға, одан кейін қожалар мен молдаларға, билерге, сосын жағынған байларға берді. Мысалы, сұлтан Меңдікерей Бөкеевтің 400 мың десятина, Балқы би Құдайбергеновтың 300 мың десятина жерлері болды. Ал Шыңғали мен Мүшеғали Ормановтарға Байбақты руының 700 мың десятина жерін тартып әперді», ­ дейді68. Осындай талан­таражға Исатай мен Махамбет ауылдары қауымдық негізде иемденіп келген жерлер де түсті. Мәселен, Исатай елінің 25 жылға жуық жайлап келген Қиғаш, Күйген атты өзендер өңіріндегі құтты мекендері Жәңгір хан «реформасы» нәтижесінде хан адамдарының иелігіне өтті69. Бұл келтірген фактілер Жәңгір хан жүргізген реформалық шаралардың ең негізгі көріністерінің бірі, міне, осы жерге жеке меншік тәртібін енгізу болғандығын аңғартса керек. Зерттеуші Ж.Қасымбаев ханның мұндай әрекетке бару себебін орыс помещиктері мен орыс­казактардың Орда жеріне тереңдеп еніп, оның жарамды бөлігін қомағайлықпен игере бастауымен байланыстырады. Яғни осындай жағдайда хан Ішкі Орда жерін ықпалды отандастарына меншікке бөліп беру арқылы ел игілігінде сақтауға тырысқандай еді70. Ғалымның бұл келтірген тұжырымымен келісуге болады. Дегенмен Жәңгір хан бұл ел өмірі үшін негізгі мәселеде өзін М.П.Вяткин дәл байқағандай, «орыстың помещик­крепостнигі» дәрежесінде көрсетті. Патшадан бастап алыс­ жақындағы орыс ақсүйектерімен тығыз қатынаста болып, жасында губернатор үйінде тәрбие алған хан таққа отырған соң тіптен Орынбор губерниясынан 500 жанға жуық крепостник шаруалар сатып алудан да үміттенген көрінеді71. Міне, осы хан жүргізген жер реформасы (егер ол реформа деуге келсе. ­ М.Қ.) нәтижесінде ханның қарашаларының үлесіне ақсүйектерден артылған құнарсыз деген Орда жерінің үштен бір бөлігі ғана тиді. Басқаша айтқанда, Жәңгір хан жер мәселесінде өзін прогресшіл пиғылдағы реформатор ретінде емес, бүкіл демократиялық Ресейді өзіне қарсы қойған крепостниктік тәртіптің өкілі ретінде танытты. Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың 20­40 жылдары Бөкей Ордасында жер мәселесіне байланысты қалыптасқан жағдайдан мынадай бір бұрын­соңды байқалмаған қайшылықты байқаймыз. Бір жағынан, жерге жеке меншікті қалыптастыруға бағытталған Жәңгір хан реформасы қазақ қоғамында жаңа таптық, яғни қазіргі терминмен айтқанда нарықтық қатынасқа бет түзеген жер иеленушілер табының түзілуіне қажет алғышарттарға жол ашқан еді. Екінші жағынан, бұл ашық та және зорлау арқылы жүргізілген шара бұрын жерге жеке меншік тәртібінің не екендігінен хабарсыз еркін рулық қауым мүшелерінің мүддесіне пушкамен атылған снарядпен тең еді. Өздеріне мәлім замандардан бері қалыптасып қалған негізгі құқықтарына қауіп төнгендігін анық байқаған еркін қауым мүшелері «қара қазан, сары бала» қамы үшін атқа қонуға мәжбүр болған­ды. Қозғалысқа қатысты келесі маңызды мәселе — мемлекеттік мәселесі, анығырақ айтқанда, Исатай мен Жәңгір ханның қоғамды басқару әдісіне қатысты ұстанған позициялары жөнінде. Басқару жүйесінде Жәңгір хан жүргізген реформалық шаралар сырттай қарағанда, біріншіден, Бөкей Ордасы шеңберінде қазақ қоғамының ішкі автономиялық дербестігін сақтауға бағытталғандай көрініп, сондай­ақ, екіншіден, қоғамдық дамуда нарықтық қатынастарға иек артқан және ағартушылық принциптеріне сүйенген монархиялық билік сипатында ой салуы әбден ықтимал. Яғни Жәңгір хан басқарған Бөкей Ордасы заман сұраныстарына бет бұрған қоғам. Шын мәнінде солай ма? Жалпы бұл үстірт, қайшылықты түсінік. Мәселеге нақты, жақын келейік. Бұл мәселеде де Жәңгір хандығы «өтпелі кезеңнің» төлі. Ал өтпелі кезеңдерде қоғамның құрылымы өткен мен жаңаның аралас элементтерінен тұрады. Билік басында хан, жанында ағымдағы істі жүргізетін кеңсесі, ханның қалауымен шақырылатын билер кеңесі, ханның тағайындауымен жергілікті билікті жүргізетін старшындар мен билер. Яғни уақыт талабына бейімделген хандық басқару жүйесі. Ал, енді осы басқару жүйесіне нақтырақ көз жүгіртер болсақ, мынаны байқаймыз. Ханның өзі ­ орыс әскерінің билігіндегі лауазымды шенеунік. Оның орыс және қазақ бөлімдерінен тұрған кеңсесі қазақ, татар және орыс қызметкерлерден құралды, сондай­ақ негізгі мәселелер бойынша губернатор кеңсесі алдында есепті болды. Құны 30 күміс рубльден асқан даулы істі хан кеңсесінің жүргізу құқы болған жоқ. Сонымен бірге хан Орданың ішкі істерін жүргізуде патша шенеуніктеріне тән емес еркіндіктерді иемденді. Мәселен, ол халыққа салық салу ісінде тым еркін қимыл танытты. Өз қазынасының пайдасына зекет, соғым және басқа түрлі алымдар жинатқызу ісінде ол патша әкімшілігін он орап алды. Ханның бұл бағыттағы пысықай әрекетін байқаған лауазымды орыс шенеунігі мұндай алым­салықтан метрополияны былай қойғанда, тіптен «Орданың ішкі қажетіне пайдалы ештеңе» жоқ деп көрсетті. Ал губернатор Эссен болса ханды тым жиілеп бара жатқан және қазақтардың зығырданын қайнататын зорлықтардан сақтандырды72. ХІХ ғасырдың 20­40 жылдары тұрғысынан алғанда Жәңгір хан тұлғасына байланысты мынадай бір жағдайды да аңғармауға болмас. Егер біз ауқымы ресейлік ортаң қол уез дәрежесіндегі Бөкей Ордасына империялық әкімшілік единицасы ретінде қарасақ, онда, әрине, бұл мезгілде Жәңгір деңгейіне көтерілген ұлты қазақ шенеуніктің болмағандығын мойындауымызға тура келеді. Осы тұрғыдан алғанда Жәңгір ханның өз басы атасы Әбілқайыр хан заманынан бері жоғарғы орыс әкімшілігінің тәрбие­тепкісі мен қатаң сұрыптауынан өткен атқарушы аппараттың сұңғыла шенеунігі. Басқа ешкім де емес. Бәлкім, басқа «қамырдан» жаратылған болса Жәңгірдің замандасы Кенесары Қасымұлы да орыс тәрбие­тепкісіне көніп генерал дәрежесінде қазақ жерінің басқа бір сүбелі аймағында билік құрып, өмірден озуы әбден мүмкін еді. Кенесары хан өмірден өткенде орыс патшасы Николай I өз қолымен «Весьма жаль, он был человек весьма преданный» деген мағынадағы өкінішті сезімін білдірген жоқ, қайта қанағаттанушылық күйде болды. Ресей билеушісі мұндай сезімін қазаққа хан көрінгенімен, өзі үшін бар болғаны қарауындағы қарашасы ғана Жәңгір Бөкейұлына арнады. Анығырақ айтқанда, Жәңгір хан Ресей империясы жағдайында енді ғана қалыптаса бастаған «жаңа тұрпаттағы», яғни ел басқару ісінде отарлаушы мемлекеттік аппаратпен біте қайнасуға ықыласты және оның құйтырқы ойын тәртібін қабылдай отырып, өз ұпайын түгендеуге келгенде пысықай ұлттық басқарушы элитаның ең алғашқы жинақы көріністерінің бірі. Ол ­ арғы атасы Әбілқайырдан бастап бергі аталары Нұралы, Бөкей, тіптен қала берді аталас туыстары Қаратай, Арынғазы сұлтандардың орыс патшалығына қатысты түрлі бағыттағы ұстанымдары мен күрделі өмір тәжірибесінен жақсы хабардар тұлға. Сол негізде өзі үшін белгілеген позициясы да айқын. Сыртқа, яғни орыс әкімшілігіне сыпайы, мәдениетті, ұлттық, қала берді жалпыимпериялық мүддені қадір тұтқан, ал өз ішінде, қазақ арасында зорлықшыл, кекшіл билік иесі. Жәңгір ханның сондай әрекеттерінің бір көрінісі ел арасында сол уақытқа шейін түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар арасындағы тепе­теңдікті сақтауда аса маңызды міндет атқарып келген дәстүрлі билер институтын жойып, оның орнына әкімшілік тарапынан тағайындалған билік тәртібін енгізуі болатын. Ал осы дәстүрлі билер институтының жойылуымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық демократиялық жөн­ жоралғылар да құрдымға кетті. Х.Досмұхамедұлының «билерді хан тағайындай бастаған соң, қара бұқараның күйі тіпті нашарланды», ­ деген тұжырымы дәл берілген баға еді73. Ендігі уақытта би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды, бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды, бұрынғы бидің әділ билігі мен салмақты сөзінің орнын пара мен парықсыздық басты.

Читайте также:  СТУДЕНТ ЖАСТАРҒА РУХАНИ ТƏРБИЕ БЕРУ МƏСЕЛЕЛЕРІ

Оставить комментарий