ІV­ — VІ ғғ. Оңтүстік және Солтүстік Қытай мемлекеттер

Қытайға көшпелілердің шабуылы бастаып, олардың астаналарды бірінен кейін бірін басып алуы, екі бірдей императорды тұтқынға түсіруі қытайлық ауқатты топтардың, әскери қолбасшылардың үрейін кетіріп, әскерлер мен қарапайым қала тұрғындары жаппай оңтүстікке қаша бастайды. Буырқанған саяси оқиғалар елдің экономикалық өміріне де өз әсерін тигізеді. Көшпелілердің шабуылына ұшырап, жерінен, күн көріс тұрмыс­тіршілігінен айрылған жерсіз, жұмыссыз халық жаппай оңтүстікке жан сауғалап қоныс аударады. Ал бұл кезде, оңтүстікте ­ табиғаты жұмсақ, қойнауы байлыққа толы, тұрмысқа өте қолайлы өлкеде жергілікті әртүрлі тайпалар және аздаған ханьдықтар өмір сүретін еді. Солтүстіктен қашып келушілер бұл жерлерге қоныстанып, жергілікті тұрғын халықтарды ығыстыра бастап, олардың егістік жерлеріне ауыз сала бастайды. Солтүстіктен келушілер егістік жерлерді ұлғайтып, күріш егуді кеңінен игереді, суару жүйелерін құрады, егістік жерлерді өңдеудегі және ирригациялық жүйелерді салудағы өздерінің көп ғасырлық бай тәжірибелерін іске асыра бастайды. Солтүстіктен қашқан билік өкілдері оңтүстікке аяқ тіреген соң, мемлекеттік аппаратты және Цзинь әулетінің императорлық билігін қалпына келтіруге әрекеттенеді. 317 жылдан бастап бұл қалпына келтірілген оңтүстіктегі мемлекет – Шығыс Цзинь деп аталады. Билік етуші әулет, әрине, бірінші кезекте ірі жер иеліктерін қолына алуды көздейді. Солтүстіктен келген ауқатты топтар да оңтүстіктегі бос жатқан, игерілмеген жерлерін басып алып, өз жер иеліктерін ұлғайту жолына түседі. Сөйтіп, оңтүстікте жерге ие болу үшін күрес басталады. Мемлекеттік ұйымдардың күші әлсіз болғандықтан, Қытайдың оңтүстігінде бұл кезде жерге мемлекеттік меншік ету үрдісі өте әлсіз жүрді, себебі бұл жақта күшті императорлық билік пен бюрократтық құрылым қалыптаса алмады. Мемлекеттік жер иелігі өте аз мөлшерде ғана болды. Жер ірі жер иелерінің қолына шоғырлана түсті. Күшті әулеттің өкілдері өз иеліктеріне босқындарды жұмысқа ала отырып, шаруашылықтарын күшейтуге кірісті. Ірі жер иелерінің егістік жерлерін дянькэ деп аталатын арендаторлар өңдейтін болды. V ғ. ортасында оңтүстік үкіметің қазыналық жер иеліктерін ұлғайту әрекеті нәтижесіз болады. Оңтүстіктегі императорлық билік өте дәрменсіз болғандықтан Яньцзы өзені аңғарындағы және теңіз жағалауындағы жерлер қоныс аударып келген және жергілікті ірі жер иелерінің қолында болды. Жерге иелік етудің осындай жағдайы ұзақ әрі қажырлы күресті талап етті. ІV ғ. жергілікті ірі жер иелері мен қоныс аударып келушілер арасындағы кескілескен қарулы шайқастар кезеңіне ұласты. Шығыс Цзинь сарайында астыртын төңкерістік әрекеттер күшейе түсті.

Тұтас бір аймақтарды жекелеген бай топтар өздері жеке билеп төстеді, олар мемлекеттік қызметкерлер мен императордың өзімен де санасқысы келмеді. Императордан да мықты бола отырып, мыңдаған әскери күштері бар ірі феодалдар үкіметке қарсы талай рет көтеріліс жасап отырған. Бұндай феодалдық ірі әскери қолбасшылар елдің оңтүстіктегі астанасы Цзянье қаласын басып алып, бір императорды құлатып, екіншісін таққа отырғыза беретін болды. ІV ғ. аяғы – V ғ. басында «Бес доу күріш» деп аталатын даостық секта ұйымына кіретін шаруалардың ұйымдастырған көтерілісі мен билеуші топтардың арасындағы өзара бақталастық күрестер оңтүстіктегі Шығыс Цзинь әулетінің билігін құлатуға әкеп соқтырған еді. 420 жылы Оңтүстік Қытайда Цзинь империясының патшасы өлтіріліп, мемлекеттік өкімет әртүрлі әулеттердің қолына кезек­кезек өтіп отырды. Осыдан кейін, бұл жерде тағы да Сұң (420­479 ж), Ци (479­502ж.), Ляң (502­557 ж.) және Чэнь (557­589 ж.) дейтін төрт әулеттің билігі орнайды. Олардың әрқайсысының билігі, әдетте, астанадан әрі аспайтын. Бұл алма­кезек билік еткен патшалықтардың арасындағы өзара қырқысу соғыстары ұзақ жылдарға созылды. Яньцзы өзенін көшпелілердің атты әскерінен қорғай алатын күшті қамал санаған оңтүстіктегілер одан арғы жердегі, яғни солтүстіктегі көшпелілер иеленіп отырған қытай жерін қайтарып алуды ойламады. Кейбір жекелеген әскери қолбасшылар ғана, анда­санда жерді қайтарып алу мақсатында солтүстікке жорық жасап қоятын, бірақ олардың бұл мақсатты әрекетін аристократтар мен билік өкілдері қолдай қоймады. Мысалы әскери қолбасшы Хуань Вэнь солтүстікке күшті шабуыл жасап, 356 жылы тіпті Лоянды да басып алғанымен, оған ешкім көмек қолын соза қоймады. Осындай көтерілістер бірнеше рет қайталанғанымен, оларды қолдаушылар табылмады. Солтүстікті қайта жаулап алу әрекеті соңғы рет V ғ. басына сәйкес келеді. Бірақ оңтүстіктің әскері Солтүстік Қытайды билеп отырған табғаштардың өте мықты атты әскерінің күшті қарсылығына тап болады. V ғасырдың аяғы мен VІ ғасырда солтүстік пен оңтүстік арасындағы шайқастар тек шекаралық шеңберден әрі аса алмай тоқтап тұрды. Оңтүстік Қытайдың билеуші бай топтары буддизмді өз мақсаттарына пайдалануға тырысты. Олар буддалық монастырлардың орасан зор көлемдегі жер иеліктерін, шаруаларды және құлдарды иемденіп алуына рұқсат беріп қойды. Елдің астанасы Цзяньеде 700­ге жуық будда ғибадатханалары болды. Өзара қырқысу соғыстары кезінде императорлар монастырлардың көмегіне сүйеніп, кейде тіпті өздерінің сарайларын да монастырға айналдырып жіберген сәттері болған. Сондықтан да императорлар буддалық монастырлардың халық алдындағы беделін мойындай отырып, оларға тиесілі барлық жеңілдіктерді сақтап отырды. Оңтүстік Қытай бұл кезеңде қытай мәдениетінің негізгі орталығы болып қалды.

Читайте также:  БЕЙІНДІ ОҚЫТУДАҒЫ ПƏНДЕРДІ МОДУЛЬДІК ЖОБАЛАУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Егер солтүстікте көшпелілердің шабуылы кезінде көптеген кітапханалар қирап, мәдениет ошақтары күйреп кетсе, басқыншылыққа ұшырамаған оңтүстікте өткен ғасырлардағы ұлы ғұламалардың құнды еңбектері сақталып қалды. Бұл жердің талантты тарихшылары өз көздерімен көрген тарихи оқиғаларды кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында тамаша тарихи еңбектер жазды. Көрнекті жазушылар мен өнер адамдары өздерінің ғажайып туындыларын дүниеге келтірді. Оңтүстіктегі патшалықтар Үндіқытай және Үндістан елдерімен байланыс жасап отырған. Үндістаннан буддистік діни миссиямен Қытайға келген және Қытайдан Үндістанға сапар шеккен саяхатшылар әртүрлі бағалы тауарлар әкеліп, бірқатар маңызды мәдени байланыстар орнатқан. Ал ІV ғ. бастап көшпелілердің билігі орнаған солтүстік Қытайда жергілікті қытайлықтар тәуелділік жағдайда өмір сүруге мәжбүр болады. Табғаштардың шабуылы басталардың алдында Солтүстік Қытай құлдырау алдында тұрған еді. Егістік жерлер, ирригациялық жүйелер қирап, тұт ағаштары қурап, егістіктерде еңбек ететін халық босып кетті, ауылдар тұрғындарсыз қаңырап бос қалды. Қалалар қирап, халқы босып оңтүстікке қашып кетті. Қолөнер кәсібі аздап ауылдарда сақталды. Айырбас жүйесі тек заттай түрде, яғни ақшаның орнына жібек мата мен жылқы жүрді. Басқыншылық тоқтап, көшпелілер билігі орнап болған соң, тұрғын халықтың біраз бөлігі өз ошақтарына қайта орала бастады. Күшті де ауқатты әулеттің өкілдері бос жерлерге ие болып, шаруаларды жалдауды ұлғайтты. Салық жинау өте қиын мәселеге айналып, қазына сарқыла бастайды. Осындай ауыр жағдайда бұрынғы көшпелілер енді отырықшы халыққа билік жүргізу үшін қытайлық билік ету тәсілін меңгеруді қолға алады. Солтүстік Вэй мемлекетінде билікті ұйымдастыруда қытай мәдениеті шешуші роль атқарды және қытайлықтар басқа көшпелілердің басқыншылығынан сақтану үшін тобаларға қызмет етуге белсене ат салысты. Мемлекеттік қызметтегі қытайлықтардың саны үнемі өсіп отырды. Дегенмен билік тізгіні өкіметті ұстап отырған тобалықтардың (табғаштардың) қолында болды, бірақ биліктің сипаты біртіндеп қытайлана бастады. Көшпенді табғаштардың қытай мәдениетін игеруінің келесі сатысы елдің астанасын алыстағы солтүстіктің қиыр шетіндегі Пинчэннен Лоянға көшірумен байланысты болды. Дәл осы жерде көне сяньбилік дәстүрдің бәрінен бас тартып, қытайлану процесін бастаған реформалар өмірге келеді. Егер сяньбилік адам осы жерде қайтыс болса, оны өз ата­мекеніне апарып жерлеуге тиым салып, оны осындағы Хэнаньда жерлеуді талап етті. Сонымен қатар Тоба руы бұдан былай Юань деп аталатын болды, барлық 109 сяньбилік екі бөлік атаудан тұратын ата­тегінің атауы бір атаумен ғана аталатын қытайлық дәстүрге көшті. Сөйтіп, тоба­ шамандықтар өз дінінен, тілінен, салт­дәстүрінен, киім киісінен, еркектерінің шаштарын бұрым етіп өріп қою әдетінен бас тартып, ата­тектерін қытайша атауға көшеді. Кімде кім өз ана тілінде сөйлесе, ол қызметтік шенінен айрылатын болды.

Басқыншылардың ассимиляциялану процесі және олардың өздерінікінен әлдеқайда жоғары дамыған қытай мәдениетіне ден қоюы біртіндеп тоба немесе табғаштардың тілі мен мәдениетінің жойылуына әкеп соғып, қытай тілі мемлекеттік тілге айналды. Тобалық билеушілер саналы түрде өз мәдениетінен бас тартып, қытай өркениетін ерікті түрде қабылдап алды. Олар өздерін ресми түрде ежелгі қытайлық билеуші Хуан­дидің ізін жалғастырушылармыз деп жариялады. Әкімшілік билікпен қатар мемлекеттің құрылымы да таза қытайлық үлгіде құрылды. Әкімдік дәрежелерді 9 сатыға бөліп, оның алдыңғы 4 сатысына сяньби тектілер, қалған бес сатыға қытайлық ақсүйектер ие бола алатындай етіп бөлді. Сонымен қатар сяньбийлер мен қытайлықтар арасындағы некелік байланыстарды құптап отырды. Солтүстік Қытайда ұзаққа созылған күрестен кейін ғана, жерге мемлекеттің меншік ету құқы беки бастады. Бұл өлкенің қаңырап босаған жерлері мен көптеген ірі жер иелерінің жойылып кетуі, жерге мемлекеттік меншіктің орнауына мүмкіндік туғызады. Оған мысал ретінде 477 және 485 жылдардағы жарияланған император жарлықтарын айтуға болады. Вэй сарайы қытайлық мәдениетті құрметтеуші Тоба Хун император тұсында мемлекеттің жерге билік ету құқын бекіту шараларын мықтап қолға алады. 485 жылы ірі жер иелерінің өсуін біршама тежейтін императорлық жарлықтың шығуы аграрлық қайта өзгерістерге жол ашып, ІІІ ғ. Цзинь мемлекеті тұсындағы үлестік жүйесін еске салатын бірқатар шараларды жүзеге асыра бастайды. Бұл заң тәртіптері бойынша «цзюнь тянь фа» немесе «тең егістік жерлер» деп аталған жер иеленудің үлестік жүйесінің енгізілуі жерге мемлекеттік меншікті күшейту мақсатынан туындаған еді. 485 жылғы заң бойынша шаруаның қазыналық үлеске құқығы белгіленіп, оның көлемі мен жалға алушының міндеттері айқындалды. 15 жастан 70 жасқа дейінгі шаруалар егістік жерлерден үлес алуға құқылы болды. Жер үлесін алуға құқылы еркек шаруа – дин деп аталды. Әйелдер еркектерге қарағанда екі есе аз мөлшерде жер үлесін ала алатын еді. Мемлекеттік үлестік жер үшке бөлінді: жыртылатын егістік жер, өндірістік мақсаттағы жер және үй төңірегіндегі бау­бақша жері. Жыртылатын егістік жерлерде дәнді дақылдар егуге, әсіресе бидай егу міндеттелді. Бұндай жер үлесіне ие болған адам кәртайған кезде немесе қайтыс болған жағдайда, оның үлесі еңбекке жарамды басқа біреуге берілетін. Егістік жерлер тек уақытша пайдалануға берілетін және бұндай жерлерді сатуға, сатып алуға тиым салынды, бірақ оны көп жағдайда сақтамаушылық орын алып отырды. Ал үй маңындағы қосалқы шаруашылықтағы бау­бақша жерінде тұт ағаштары, кендір және жеміс­жидек өсіруге арналды. Бау­бақшалық жерлерді сатуға, сатып алуға рұқсат етіліп, ол мұрагерлік құқыққа ие болды. Мұрагерлік құқы бар жер иелігіне тұрғын үйлер мен үй маңындағы қоралар мен қамбалар тұрған жерлер жатты. Үлестік жерді иемденуші шаруа мемлекет алдында үш таған міндеткерлік атқаруы тиіс болды. Үлескер шаруа егістік жерінен алынған өнімнің бір мөлшерін мемлекетке өнім түрінде, яғни астық өнімі – цзу, үй шаруашылығынан алынатын салық ­ тяо және еңбекпен өтеу салығы ­ юн деп аталатын міндеткерліктерді өтеуі тиіс болды. Мемлекеттік жерден басқа феодалдық жеке иеліктегі жер де болды. Олардың жер иеліктерінде тәуелді шаруалар еңбек етті.

Читайте также:  МОНАРХИЯ ТУРАЛЫ

Заң бойынша ірі жер иелерінің осындай тәуелді шаруалар мен құлдарды ұстауына және олармен қоса қосымша мал және үлестік жер алуына рұқсат етілді. Ірі жер иеліктері мен тәуелді шаруаларды иемденушілер әртүрлі атаулы дәрежеге ие болатын. Сонымен қатар дін иелері мен діни орындарға берілген жерлер де болды. Мысалы ­ монастырь жері. Бұндай жерлерге мемлекет салық салмайтын. Мемлекеттік қазынаға үлестік жер иеленушілерден алынатын салықты толық бақылауда ұстап отыру үшін өкімет ауылдық жерлерде басқарудың реттелген жүйесі енгізілді. Бес шаруа үйі ең төменгі бірлік – линь, ал бұндай бес линь бірігіп ли, ал бес ли немесе 125 шаруа үйі бірігіп ауылдық ұйым – данды құрады. Бұл бірлестіктерді ауыл бастықтары басқарды. Ауыл бастықтарын жұмысқа ынталандыру мақсатында оларды кейде салықтар мен еңбек міндеткерліктерінен босатып отырған. Бір шаруа ауласын негізгі бірлік деп есептеу арқылы салық жүйесін дұрыс есепке алу мүмкіндігі туды. Мемлекеттік қызметкерлерге қызмет атқарған уақытына сәйкес үлестік жерлер берілді, одан түсетін табысты оның өз тұрмыстық қажетін өтеуге ақы ретінде қалдырды. Үлестік жерінде шаруашылықпен айналыспайтын бұл қызметкерлер жерден алынатын табыспен күн көруді ғана көздейтін. Осындай мемлекеттік қызметкерлерге берілген үлестік жер иеліктерінде тоба ақсүйектеріннің иеліктеріндегідей жалдамалы шаруалар – буцуйлар, сондай­ақ келімсектер (кэху) және басқа да шаруалар еңбек етті. Жерге мемлекеттік меншіктің орнатылуы орталықтанған империяның күшеюіне әкелді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өркендеп, егістік жерлер көбейді, астық өндіру ұлғайды. Елдің тұрмыс жағдайы түзеліп, қалалар салына бастайды, онда сауда мен қолөнер өркендеп дамиды. Қалалар экономикалық даму мен мәдениеттің орталығына айнала бастайды. Ш­VІ ғғ. Қытай өзінің этникалық дамуында саяси өзгерістермен тікелей байланысты болған, болашақ салдары терең де күрделі дамуды бастан кешірді. Соғыстар мен көшпелілердің шабуылдары халықтардың ары­бері жаппай қоныс аударуына әкеліп, этникалық топтар мен мәдениеттің өзара қақтығысына және олардың бір­бірімен араласуына әкеліп соқты. Бұл қоныс аударулар мен мәдени алмасулар сол кездегі ұлы қоныс аударулармен тең келетін оқиға болды. Көшпелілер Қытайдың солтүстігіне, ІV­ғасырдағы жаппай жаулаушылық жасаған кезден әлдеқайда бұрын, ене бастаған болатын. Нәтижесінде, бұл жерде, яғни бұрынғы империяның шет жақтарында ғана емес, Орталық ойпатта да аралас, әрқилы этностардан құралған тұрғын халық қалыптасты. Бұл жерде қытайлықтармен қатар сюннулар, сяньбийлер, цяндар, цзе, ди, динлиң және басқа тайпалар мен халықтар келіп қоныстанды. Тұтастай алғанда, орта есеппен 1 млн.­дай адам осында келіп орын тепкен. Ал солтүстікке келіп қоныстанған көшпелі халықтардың санын анықтау мүмкін емес еді, өйткені олар шашырап орналасқандықтан қытайлықтардың арасынан айыру өте қиынға соғатын еді. Дегенмен, солтүстіктегі қытайлық территорияға келіп қоныстанғандардың санын мөлшермен 5 млн. аспайды деуге болады. Қытай субстраты сан жағынан артық болса да, бұл жерлердегі этникалық қайшылықтардың тууын тежей алмады. Шиеленістің қаншама өткір болғанына қарамастан, жат жерліктердің қытайлану процесі, ассимиляциялануы біртіндеп жүріп отырды. Бұл құбылыс кейде өте баяу және түзу жолмен жүрмеді, бірақ ол жүйелі түрде іске асып отырды. Оған мысал бола алатын оқиға ­ табғаштардың Солтүстік Вэй империясының қытайлану процесі. Алайда ассимиляциялық құбылыс біржақты жүрмеді. Қытай халқы осы құбылыстың кезінде өзінің бұрынғы этникалық сапасынан өзгеше, көшпелілер әкелген дәстүр­салттар мен мәдениетті бойына сіңірді. Солтүстіктегілердей емес, Оңтүстікте қытайлықтар жергілікті қытай емес тұрғын халықтарға – юэ, мяо, ли, и, мань, яо және басқаларға үстемдік жасайтындай басымдық жағдайда болды. Бұл жердегі ассимиляция процесі жылдам, әрі Солтүстіктегіге қарағанда, аз зардаппен жүрді. Бірақ, бұл жерде де этникалық қақтығыстар, этностарды жазалау жорықтары мен оларды күшпен қоныс аудару сияқты әрекеттер де болып тұрды. Дегенмен, Ш­VІ ғғ. қазіргі оңтүстік Қытайдың кең байтақ жерінің елеулі бөлігі – Гуйчжоу, Гуанси, Фуцзянь жерлері әлі де қытайлықтардың толық отарламаған немесе, аздап қана отарлық иелікке айналдырған аймағы болатын. Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы ұзаққа созылған соғыстар мен саяси шектеулер, сол аймақтардың халықтарының өміріндегі айырмашылықтардың қалыптасуы мен оның одан әрі ұлғая түсуіне әкеліп, олардың табиғи­шаруашылық жағдайларының өзгешеліктерін барынша тереңдете түсті. Солтүстікте қауымдық ұйымдардың, соның ішінде патриархальдық отбасылардың ролі басым болды, әйелдерге көп бостандық берілді. Бұл жердегі Ш­VІ ғғ. ауыл тұрғындарының сипатты түрі, қабырғалармен қоршалған және бір ауқатты отбасына қарайтын – цунь – ауыл болды. Ал Оңтүстікке тән сипат кіші отбасы болған, олар отбасылық патриархтың көзінің тірі кезінде­ақ мүліктерін бөліскен, ло деп аталатын ауылдық мекендерге шашырап қоныстанған тұрғындардан құралды. Осы айтылып отырған кезеңде, қытай тілінің солтүстік және оңтүстік деп аталатын екі диалектісі қалыптасты. Адамдардың ішетін тамақтарында да айырмашылық болды. Бұның барлығы екі жақтың адамдарының санасында бір­бірінен айырмашылықтарының бар екенін сезіну тереңдей түсті. Солтүстіктегілер өздерін ғана Жер кіндігі мемлекетінің тұрғындарымыз санады, олар оңтүстіктегілерді «У патшалығының адамдары» деп, яғни «Үш патшалық» кезеңінен бері келе жатқан дәстүрмен атады. Аталып отырған кезеңде бұрынғы қытай этносының ішкі құрылымы сапалы өзгеріске ұшырады деуге болады. Ол өзгерістер тілдегі өзгерістермен қатар жүріп отырды. Ежелгі көне қытай тілінің дәурені өтіп, ортағасырлық қытай тілінің қалыптасу кезеңі басталады

Читайте также:  ИСЛАМИ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Оставить комментарий