Көмірсулар мен липидтер. Олардың қасиеті мен қызметі

Көмірсулар фотосинтез үдерісінде жасыл өсімдік жасушаларында түзіледі. Ең кең таралған көмірсу — глюкоза С6Н12O6. Ол фотосинтез барысында түзіледі. Өсімдік жасушалары глюкозадан крахмал, қант, целлюлоза немесе басқа заттар түзуі мүмкін. Глюкоза өсімдік жасушасында да, жануар жасушасында да болады. Адам қанының құрамында шамамен 0,12% глюкоза бар.

Көмірсулардың қасиеті мен қызметі. Жай (қарапайым) көмірсулар (моносахара) суда жақсы ериді және дәмі тәтті. Олар да глюкоза сияқты негізгі энергия көзі болып табылады.

Кейбір көмірсулардың молекулалары моносахаридтердің екі молекуласынан түзілген. Оларды дисахаридтер деп атайды. Мысалы, сахароза — қызылша немесе қант қамысының қанты, не лактоза — сүт қанты. Сахароза молекуласы глюкоза мен фруктоза молекулаларынан түзіледі. Сахароза суда жақсы ериді, глюкозаға қарағанда құрамында атом саны көп. Сондықтан өсімдіктің сүзгілі түтікшелері арқылы жапырақтан тамырға және басқа мүшелеріне көбінесе сахароза ерітіндісі тасымалданады.

Күрделі полимерлік көмірсулар — полисахаридтер — глюкозаның бірдей молекулаларынан түзіледі. Оларға крахмал, целлюлоза, гликоген, хитин жатады. Олар суда ерімейді және қоректік қор немесе құрылыс қызметін атқарады.

Крахмал — өсімдіктердегі негізгі қоректік көмірсу (тұқым, картоп түйнегі).

Гликоген — адам және жануардың негізгі қордағы көмірсуы (бауыр, бүлшық ет).

Целлюлоза — өсімдіктердегі негізгі құрылымдық көмірсу (жасуша қабырғасы — сүрек).

Хитин — жануарлардың негізгі құрылымдық көмірсуы (буынаяқ-тылардың — шаян, өрмекші, жәндіктердің және саңырауқұлақтардың сыртқы қаңқасы (жасуша қабырғасы).

Муреин — бактерия жасушасының негізгі тірегін құрайтын полимер.

Майлар мен липидтердің қасиеттері және олардың қызметі

Жануар және өсімдік жасушаларында майлар болады. Олар үшатомды спирт — глицериннің бір молекуласынан және май қышқылдарының үш молекуласынан тұрады. Өсімдік жасушасында орташа құрғақ массасының 5-15% мөлшерін май құрайды. Адам және жануардың май ұлпасының жасушаларында майдың мөлшері 90% -ға жетуі мүмкін. Олар сұйық (өсімдіктерде) және қатты (жануарларда) болады.

Читайте также:  Орталық нерв жүйесі туралы реферат

Майлар — энергияның қордағы көзі. Олар ыдыраған кезде нәруыздар мен көмірсулар ыдырағанға қарағанда екі еседей көп энергия бөлінеді.

Майлар суда ерімейді және жылуды нашар өткізеді.

Жасушаларда майлардан басқа майтәрізді заттар — липидтер болады. Молекуласында май қышқылының бір молекуласын фосфор қышқылының қалдығы алмастыратын күрделі липидтер фосфолипидтер деп аталады. Олар жасуша мембранасының негізін құрайды.

Майлар мен липидтер басқа да көптеген қызмет атқарады. Кейбір жануарлардың (кит, морж, итбалық және т.б.) теріастындағы май жасұнығында жинақталып, жылу оқшаулау қызметін атқарады. Аю және т.б. жануарлар үшін теріастында жиналатын май қоры қысқы ұйқы кезінде су және энергия көзі болып табылады. Себебі майлар тотыққан кезде энергия ғана емес, су да түзіледі. Түйенің өркешіне жиналған май қоры шөл даладан өткен кезде аштық пен шөлге төзуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар май тәрізді заттарға дәрумендер, гормондар да жатады. Олар жүйке жасушаларын қаптап, жүйке импульсі көрші ұлпаларға таралуына жол бермейді. Бұдан басқа да көптеген қызмет атқарады.

Балауыз — су өткізбейтін ңасиетке ие май төрізді заттар тобы. Төмен температура кезінде балауыз қатаяды, ал температура жоғарылағанда едәуір иілімді (пластикалық) болады. Олар омыртқалы жануарларда және адамда бауырдың май ұлпасы мен ми жасушаларында түзілуі мүмкін. Баларасы және жабайы ара сияқты жәндіктердің арнайы балауыз бездерінде түзіледі. Оны ара ұясын (кәрез) салу және денесінің қорғаныш жабынын түзу үшін пайдаланады. Өсімдіктердің жапырағы мен жемісінің бетінде балауыз болады. Ол өсімдік мүшелерін кеуіп кетуден, ультракүлгін сәуледен, бактериялардан және т.б. қорғайды.

Оставить комментарий