Күндік жоспар дегеніміз не?

«Жұмыс жоспары» мен програмның мәз айырмасы жоқ. Тек жоспарда програмдағы томаға­тұйық нәрселер толығырақ, анығырақ көрсетіледі. Жоспар деген жергілікті тұрмысқа үйлестірілген программ деп жоғарыда айтқамыз. Осы жалған жоспармен жұмыс тамам бола ма, осы жоспармен сабақ бере беруге келе ме? – Жоқ. Жұмыс мұнымен бітпейді. Сабақ беруге жеткенше, алдымыздағы әлі де бір­екі күдір бар. Ол күдірлерді, 1) «Күндік жұмыс жоспары» (календарь планы), 2) «Сабақ желісі» (конспект), 3) «Сабақ кестесі» (расписание) деп атайды. Ойбу­у­у! Әлі «үшеуі» жатыр десеңші! – деп шошып қалуыңызға мүмкін. Шошысаңыз да бұларды қапқа тығып қоюға болмайды. Орынсыз еліктегіштіктен де емес, аузымыз қышып бара жатқандықтан да емес, сіздерге жанымыз ашығандықтан да емес, амалсыздың күнінен, оларды бүркеп қоям деген мен, оларға соқпай кетуге әддіміз жоқтықтан айтқалы отырмыз. «Шүнісиде бір гәп бар» дегендейін, мұнда бір кеп бар. Апталық, екі апталық сабақтың жоспарын долбарлап жазып алдыңыз ғой, енді не істемекшісің. Сол жоспарды қолыңызға ұстап барып, соған қарап отырып, шетінен сөйлей бермексіз бе? Әуелі «Мазмұнын» біліп алып, сонсоң «жаттығуға кіріспексіз бе? Жоқ, екеуін араластырып, «бопаламдап» будыратпақсыз ба? Немесе, Павлодар уезіндегі кейбір мұғалімдерге жоспардың «қарасын» балаларға оқытып, жаттатпақсыз ба? Міне бұл әлі тұйық жатқан әңгіме. Мұны шешпей болмайды, мұны шешпесек жұмыстың үстінен кеткен боламыз. Апталық, екі апталық сабақты жоспарлап алдық. Аптаның әр күніне нені оқытатынымызды шамалау, білу керек не, жоқ па? Күніне нені оқытатынымызды білмесек, күн бұрын мөлшерлеп алмасақ, бір аптаға арнаған сабақты жарты аптада тауысып алып, «дәт» деп қарап отырамыз. Әйтпесе, езмалталап, екі аптаға апарамыз. Бұл бола ма, болмай ма? «Олдау ағлам» болуы аз. «Аузың жаман» демеңіз. Олай болса, әр күнде не оқытатынын білу керек. Кімге? Өте­мөте, комплекспен сабақ беріп төселмеген, жанынан суырын сала беруге білімі жетпейтін, кәдімгі өзіміздің мұғалімдерге керек. Тақырыбы мәлім болса, ар жағын өзі­ақ «көңілімен», тәжірибесімен тауып әкететін білімді, ысылған мұғалімдерге ондай күндік жоспардың артық керектігі де жоқ. Кейбіреулер күндік жоспарларды керек емес дейтін сықылды. Дәлелі толып жатқан жолмен мұғалімнің басы қатады, қолынан келмейді, уақыты жетпейді дейді. Бұлай деушілер комплекспен оқытудың негізіне түсіне де, комплекспен өзі сабақ беріп те көрмегендер. Өмірмен, іспен қоян­қолтық таныс еместер­ау деп шамалаймыз. Неге десеңіз? Бұрын, төңкерістен бұрын оқу, сабақ дегеніңіз кітапта жазулы тұрушы еді де, мұғалім класқа кіріп, кітапты шетінен оқыта беруші еді. Оған пәлен план да керек болмаушы еді. Әйтеуір жыл аяғында програмдағы материалды можалмен етсе болғаны еді. Енді олай емес, тұрмысты кітапқа емес, кітапты тұрмысқа жанастыру керек. Тұрмыс керек қылған мәселені, зерттеуге, шешуге кітап көмекші болу керек. Ондай мәселелер бір түрлі емес әртүрлі. Бір кезде емес, әр кезде алмасып кеп отырады. Сондықтан комплекс те әртүрлі болмақшы. Бұрын салып қойған даяр соқпақ жоқ. Мұғалім қалай жол тауып саулаға бере алады? Бұл болмайтын әңгіме. Жаңа «ана план, мына план, сансыз план» деп, пәлені жаудырып сасатын дәнеме жоқ. Бұрынғыдан артылып, қара үзіп кеткен есепсіз түк план жоқ. Төңкерістен бұрын программ болушы ма еді? – Болатын. Програмда тоқсанға, айға, аптаға, күнге бөлетін оқу планы деген болушы ма еді? – Болатын. Алғашқы кезде сабақ планы, сабақ желісі деген болушы ма еді? – Болатын. Сабақ кестесі ше? – Болатын. Ендеше, бұрынғы програмына – программ, немесе жоспар, күндік сабақ жоспарына – жоспар, желіне – желі, кестеңе – кесте. Енді қай жері артық? Жалғыз программ болмаса өзгенің бәрін бұрын да мұғалім өзі жасайтын, не оқытушылар кеңесі жасайтын. Күнде беретін сабағы не екенін білмей, дайындалмай барған мұғалім баяғыда да оңбаған мұғалім болса, әлі де оңбаған. Бүгін нені, ертең нені, арғы күні нені оқытатыныңды білмесең де, сабаққа кіре бер, «құдай аузыңа салғанын» бара көрерсің деген қай ақыл екенін біле алмадық. Бұрын күндік сабақ планын жазып алмаса да (құнтақты мұғалім түртіп те алатын), қай мәселелерді шешкізетінін, қай әңгімені, өлеңді оқытатынын, не жаздыратынын мұғалім жадына сақтап баратын, өйткені бәрі кітапта рет­ретімен даяр тұр ғой. Енді комплексте жат, материалы да, жұмысы да жат. Қиқымнан құрап көрпе тіккендей, анадан да, мынадан да (оқудан да, жазудан да, суреттен де, еңбектен де, есептен де, қол өнерінен де) құрап, қиюын келтіріп, үйлестіріп, жымдастырын комплекс қып шығару керек. Өлшемей, пішпей мұның бәрін қалай істей қоймақсың? Болмайды. Мүмкін әрбір мектептің, комплекстері орын теуіп, нығайып, материалдары, әдістері көңілге жат болған кезде, керекті жұмысты балалар өзі пландап, өзі орындайтын болған кезде күндік жоспар да болмас, мүмкін комплекс те қартаяр, Әмірханның «проект» әдісі, тағы бірдеңеге көшерміз. Әзір, комплексті қолданатын болсақ, күндік жұмысты жоспарламай болмайды.

Читайте также:  Халел Досмухамедулы биография

Оставить комментарий