Көне түркі дәуірі (V­X ғғ.)

Елдің елдігі, мәдениетінің биіктігі мен өнер көкжиегінің кеңдігі жазу мәдениетімен тығыз байланысты. Түркі халықтарының мәдениетінің тарихында елеулі орын алатын ескерткіштер – көне түркі руникалық яғни тасқа және басқа заттарға қашалып, жазылып сақталған «жұмбақ» жазулар. Бұл жазулар тобына Орхон, Енесей, Талас өзендері жағалауында табылған көне түркі жазба ескерткіштері жатады. Жазу белгілі бір халықтың немесе этникалық топтың атымен аталғанымен оны барша халық бірлесе ойлап шығармайды. Халық ішіндегі белгілі бір данасы, дарын иесі жасайды да, содан көпшілікке тарайды. Әлемде өмір сүрген халықтар мен этникалық топтар барлығы дерлік жазу мәдениетіне ие бола алмайды. Өздеріне дейін этникалық топ өкілдері жасаған, қолданған дайын жазуды өз тіліне сәйкестендіріп қолдана алады. Ғалымдар пікірінше, қоғам дамуының көне дәуіріндегі жазулардың түрлері бір­бірімен байланыссыз, тәуелсіз пайда болған. Азия материгіндегі Месопотамия, Египетте қалыптасқан, қолданысқа түскен жазулар – сына жазулары мен иеролифтер. Бұлар – тыңнан, жоқтан пайда болған алғашқы туындылар. Кейініректе пайда болған жазуларға осы алғашқы жазу туындылары бастама – негіз – үлгі болды деп пайымдауға болады. Белгілі ағылшын түркологы Дж. Клоусон Түркі руникалық жазуының шығуы атты мақаласында бұл жазу VІ ғасырда өмір сүрген Естеміс қағанның бұйрығы бойынша Соғды – Иран жазулары үлгісінде қалыптасқан болу керек деген жорамал айтады. Түркі халықтарының тарихы тым әріден жатқанымен, олардан біздің заманға жеткен жазба нұсқа дәуіріміздің VІІ ғасырынан басталады, соның өзінде де қағазға жазылған мол материал түрінде емес, құлпы тастарға қашалып жазылған жазба түрінде жетті. Мұндай нұсқа ғылымда эпитафия деп аталады. Эпитафиялық жазбаның осы түрі ХVІІ ғасырда қазіргі Тува автономиялық республикасы, Хақас автономиялық облысындағы Енисей өзені бойынан табылған. Оны алғаш байқап, ғылым әлеміне паш еткен Швед армиясының капитаны Филипп Юхан фон Страленберг. Бұл жазба табылған жерінің атымеи Енесей ескерткіші деп те аталада. Бұдан кейінгі жылдарда да Енесей өлкесі аймағынан бірсыпыра эпитафиялық ұсақ жазбалар табылды. Олардың жалпы саны 80 шақты. Солардаң барлығына Енесей ескерткіші дейтін ортақ атау қойылған. Енесей ескерткішінің қай ғасырда жазылғаны белгісіз. Петербург университетінің профессоры П.М. Мелиоранский Енисей ескерткішін түркі тілі жазба ескерткіштерінің ең көнесі деп есептеп, оның жазылған уақыты VІ­VІІ ғасырлар болу керек десе, Л.Р. Кызласов, И.В. Кормушин, И.А. Батманов, А.Н. Кононов және біраз ғалымдар ІХ­Х ғасырларда жазылған болар дейді. Бұдан кейін 1889 жылы Сібір өлкесін зерттеуші Николай Михайлович Ядринцев (1842­1894) Моңғолиядағы Орхон өзені бойынан белгісіз жазуы бар екі үлкен құлпы тас табады. Кейінде айқындалғанындай, Орхон жазуы деп аталып кеткен бұл нұсқаның бірі – түркі ханы Могилянға (Білге хан) екіншісі оның туысы Күл­ Тегінге арналған тарихи­биографиялық ескерткіштер болған. Бірақ бұл мәлімет бірден белгілі бола қалмайды. Құлпы тастардағы жұмбақ жазулардың фото көшірмелері әр елде жарияланғаннан кейін ғалымдар олардың қай халықтың жазуы екендігін, онда не айтылғанын білуге тырысады. Біраз ғалымдар көшпенді азиялықтарда көне жазу болды деуге күмән келтіріп, гот, грек, фин, славян халықтарынан қалған жазу болу керек деп жорамалдайды. Түркі тілінің руникалық жазуын 1893 жылы алғаш танып оқыған Дания ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Людвиг Петер Томсен (1842­ 1927 жж.). Алдымен В.Л. Томсен жазудың оңнан солға қарай жазылғанын айқындайды. Содан соң жазбада барлығы 38 әріп, яғни таңба, барлығын анықтайды. Үшінші кезекте дыбыстардың дауыстысы мен дауыссыз түрлерін, олардаң қалай орналасатынын ашуды көздейді. Орхон жазуын танып оқуда жазу жазылған құлпы тастың бір бетіне жазылған қытай тіліндегі аудармасы көп жеңілдік береді. Өйткені қытай жазуы бұрыннан белгілі. 1894 жылы В.В. Радлов В.Л. Томсен пікіріне сүйене отырып, мәтінді латын әліппесімен жазып бастырады, орыс тіліне аударады. Кейініректе Орхон ескерткіштерін проза үлгісінде орыс тіліне аудару ісімен П.М. Мелиоранский, С.Е. Маловтар да айналысты. Бұл ескерткішті поэзиялық туынды деп тауып, оны алғаш рет орыс тіліне өлеңмен аударған адам Мәскеудегі Азия, Африка институтының ғылыми қызметкері И.В. Стеблева. Оның аудармасы Поэзия тюрков VІ­VІІІ веков деген атпен 1965 жылы Мәскеуде шықты. Зерттеулер нәтижесінде құлпы тастардағы жырдың авторы және оны жаздарушы Иоллығ­тегін екендігі айқындалды. Иоллығ­тегін Білге ханның (Могилян) баласы, Білге хан мен Күлтегін – Елтеріс ханның балалары. Білге хан болғанда, Күлтегін оның әскер басы батыры болған. Білге 734 жылы, Иоллығ хан 739 жылы дүние салған. Орхон ескерткіштерінде Білге қаған мен Күлтегіннің және Тоныкөктің ерлік, білгірлік істері, олардың түркі халықтарын бір хандық туы астына жинап, біріктірулерін, жаугершілік жорықтарын эпикалық, көркемдік тәсілмен баяндайды. Зерттеушілер бұл ескерткішті VІ­VІІІ ғасырдағы түркілердің поэзиясы, олардың әдеби үлгілерінің бізге жеткен бастамасы деп есептейді. Бұдан кейін руникалық жазуларды жинау, бастырып жариялау, әр түрлі тілдерге аудару, филологиялық талдаулар жасау жұмыстары қарқынды жүргізіледі және күні бүгінге дейін жүргізіліп те келеді. Бұл мәселе бойынша қазақстандық ғалымдар С.А. Аманжолов, Ғ.Ғ. Мұсабаев, Ғ. Айдаров және олардың бағыттарын жалғастырушы шәкірттері – Е. Саурықов, Қ. Малғаждаров, О. Сапашев сияқты қазақ тілі мамандары да өз үлестерін қосуда. Құлпы тастар беттерінде сақталған руникалық нұсқалар VІІ ғасырда жазылғанына қарап, бұл жазу тек сол уақытта ғана болған деген қорытынды шықпайды. Руникалық ескерткіштердің лексикасы да, морфологиясы да, синтаксисі де қалыптасқан жүйелі, стандартталғандығына қарап, ғалымдар бұл жазуды түркілер өте ерте замандардың өзінде де қолданған болу керек дегенді айтады. Бірақ ондай замандардан сақталған нұсқа біздің заманға жеткен жоқ. Сондықтан эпитафиялық нұсқалар тілін түркі жазба тілінің бастапқы үлгісі, оның көне замандағы тілінің көрсеткіші деп қараған мақұл. Орхон­Енисей жазбалары деген жалпы атаумен топталған эпитафиялық нұсқалар құрамына түркі этностары қоныстанған әр түрлі аймақтардан табылған бірсыпыра ескерткіштер енеді. Мысалы, Енисей өзені бойындағы, Тува АССР­і мен Хакас автономиялық облысы және Краснояр аймақтарынан табылған Талас, Турфан, Лена, Байқал т.б. деп аталатын ескерткіштер де осы топқа жатады. Орхон ескерткіші деп аталатын нұсқалар да Онгин, Күлтегін, Могилян (Білге қаған), Тоныкөк, Құтлұғ қаған, Күлі­Шор, Мойын­Шор, Суджи, Иха­ Асхед, Хойто­Тамир ескерткіштері сияқты бірнеше жазулардан құралады. Руникалық жазудың шыққан төркінін айқындауда да әр түрлі пікірлер болды. Қазірде ғалымдар оның шыққан төркіні­арамей жазуы негізінде қалыптасқан Соғд­Иран жазулары үлгісінде жасалған дыбыстық жазу десіп жүр. Бұл ескерткіштерге филологиялық талдаулар жасаумен көптеген ғалымдар айналысты. Солардың ішінде зерттеулерінің ғылыми мәні, кейінгі зерттеушілерге тигізген игілікті әсерінің күші жағынан өзгелерден оқшауланатындар – В.Л. Томсен, А. Вамбери, В. Банг, В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский, С.Е. Малов. С.Е. Малов өзінің жарты ғасырлық зерттеулерінің қорытындыларын 1951 және 1959 жылдары Памятники древнетюркской письменности деген ортақ атпен екі кітап етіп шығарды. Бұл зерттеулерінде С.Е. Малов жазба ескерткіштердің мәтінін берген, оны орыс тіліне аударған, олар туралы тарихнамалық мәліметтер берген, сөздігін және грамматикалық очеркін жазған. Бұл еңбектің жариялануы көптеген түркі тілдес мемлекеттерде ұлттық мамандардың көне жазбалар тілін өз тілдерімен салыстыра зерттеулеріне кең жол ашты. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі туралы айтылан біраз пікірлер бар. Әйгілі түрколог, академик В.В. Радлов көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін үш түрлі диалектіге бөледі: оның бірі – көне солтүстік диалектісі, екіншісі – оңтүстік диалектісі (мұны автор ұйғыр тілі деп те атайды), үшіншісі – аралас диалект. Бұлардың біріншісіне Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Онгин т.б. ескерткіштердің тілдерін жатқызған. Екіншісіне – ұйғыр тілінде жазылған ескерткіштер тілі, үшіншіге солтүстік пен оңтүстік диалектісінің араласуынан туған Манихей ескерткіші, Алтын жарық т.б. ескерткіштер тілдері жатады. Автор әр диалектіге тән ескерткіштердің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерін талдайды. В.В. Радлов жіктеуі жазудың сипатына, дыбыстық, морфологиялық белгілеріне негізделген. Көне түркі ескерткіштерінің грамматикалық құрылысын зерттеумен белгілі түркітанушы А.Н. Кононов та айналысты. Ол өзінің 1980 жылы жарық көрген Грамматика языка тюркских рунических памятников VІ­ІХ вв. атты еңбегінде көне түркі жазба ескерткіштерінің табылу, оқылу тарихына шолу жасай келіп, шығу төркінін, оның тілінің фонетика­грамматикалық құрылысының зерттелу тарихына тоқталады және өз тарапынан ескерткіштің дыбыстық, грамматикалық сипаттарына жан­жақты талдау жасайды. Ғалымдар көне түркі жазба ескерткіштері тіліне қазіргі түркі тілдеріне тән көптеген ұқсастықтар, бірліктер болуымен қатар, өзіндік ерекшеліктері де мол кездесетінін атап өтеді. Ондай ерекшеліктер ескерткіштердің фонетикасы мен морфологиясынан да, лексикалық қорынан да көрініс табады. Дыбысталуы және олардың таңбалануы жағынан алғанда алдымен айтылатын жайт – ескерткіштер алфавитінің фонологиялық принципте жасалмай, морфологиялық негізде жасалғандығы. Соның нәтижесінде ол жеке фонеманы білдіру емес, фонемалардың бір сөзді екінші сөзден ажыратып таныту, яғни сигнификативтік жүйесін білдіруге негізделген. Жазба ескерткіште барлығы 38 таңба бар, оның 8­і дауысты. Дауысты дыбыстар қазірдегі тілдердегі сияқты жуан/жіңішке, еріндік/ езулік, келте/созыңқы, ашық/қысаң дауыстылар болып бөлінеді. Дауысты дыбыс жүйесінің қазірдегіден ерекшелігі – сөзде көбінесе таңбаланбайды, оның барлығы дауыссыз дыбыстар тіркесінен сезіледі. Бұл – Орхон­Енисей жазуының консонантты жазу болғандығын байқатады. Дауыссыз дыбыстарда түркі тілдерінің, солардың ішінде, қазақ тілінің де қазіргі дыбыстық жүйесінде кездеспейтін біраз өзгешеліктер бар: қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде сөздерді бір­ бірінен ажыратып танытуда, олардың жуан/жіңішке айтылуында, әр түрлі үндестік құбылыстарда дауысты дыбыстар шешуші болса, Орхон­Енесей жазуында, керісінше, аталған міндеттерді дауыссыз дыбыстар атқарған. Сондай­ақ дауыссыз дыбыстардың қосарлы болуы, яғни белгілі бір дауыссыз дыбыстың жуаны бір түрлі, жіңішкесі екінші таңбамен таңбалануы түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне тән емес. Солай бола тұрса да, қазақ тілінің қазіргі дыбыстық жүйесіндегі [қ~к], [ғ~г] қосарлы дауыссыздардан сақталған қалдық болмас па?­деген ой келеді. Азды­көпті ерекшеліктер көне түркі жазба ескерткіштерінің морфологиялық жүйесінде де жоқ емес. Көне түркі дәуіріне қатысты жазба нұсқалардың екінші түрі көне ұйғыр жазуы деп аталады. Бұл жазуды ғалымдар екі түрге бөліп қарайды. Оның алғашқысы Селенг және Суджи ескерткіштері деп аталатын көне үйлер қабырғасына, тасқа жазылған эпитафиялық жазбалар, екіншісі – алдыңғыдан қомақтырақ, қағазға жазылған Манихей ескерткіші мен Будда, христиан діндерін уағыздайтын діни және құқықтық мазмұнды жазба нұсқалар. Бұлар кейбір еңбектерде табылған жердің атымен Турфан, немесе Шығыс Түркістан жазбалары деп те аталады. Көне ұйғыр жазуы да, негізінде, соғды әліппесіне негізделеді. Оның ұйғыр атымен аталуының төмендегідей себебі бар: көне түркі жазбасында айтылатын Білге қаған өлгеннен кейін оның мемлекеті ыдырап, біраз уақыт билік ұйғыр тайпасы қолына көшеді. Өз дәуірінде ұйғырлар сан жағынан көп, күшті тайпалардың бірі болады да, сол дәуірде қолданылған жазу солардың, яғни ұйғырлардың атымен аталады. Кейбір тарихшылар көне ұйғыр жазуын Шыңғысхан да пайдаланғанын дәлелдейтін фактілер келтіреді. Соғдылардың жаңа әліппесіне негізделіп жасалған ұйғыр жазуында 28 таңба болғанда, олар 28 дыбысты таңбалайды. Ұйғыр жазуы жоғарыдан төмен қарай жазылада, бұл жазуды монғолдар 1940 жылдарға дейін қолданды. Ұйғыр жазуында әріптер сөздегі орнына қарай әр түрлі таңбаланатын болған. Мұндағы дыбыстар да қазіргі тілдердегі сияқты дауысты, дауыссыз болып бөлінген. Дауысты дыбыстар саны 8 болған.

Читайте также:  ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ

Оставить комментарий