iRef.kz

КӨНЕ ТҮРКІ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ

Қазақ тілінің шығу тегін, қалыптасуын зерттеуде көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі ерекшеліктерді, оларды қазіргі тіліміздегі қолданыстарымен, даму сипатымен тарихи-салыстыра зерттеудің маңызы зор. Еліміз егемендік алғанға дейінгі кезеңде ежелгі әдеби жәдігерлер жүйелі түрде зерттелген емес. Тек жекелеген түркітанушы және шығыстанушы ғалымдар ғана ежелгі әдеби жәдігерлерді іздестіру, көне қолжазбалардың мәтінін сараптау, басқа тілдерге тәржіма жасау, жариялау істерімен айналысты. Географиялық, тілдік және графикалық ерекшеліктеріне қарай көне түркі ескерткіштері Енисей, Талас, Орхон ескерткіштері болып үш топқа бөлінеді. Орхон-енисей ескерткіштерінің зерттелу тарихы XVII ғасырдың екінші жартысынан басталады. Ең алғаш рет (1662 ж.) орхон-енисей жазуын Амстердам қаласының бургомистрі Н. Витзен анықтаған болатын. Ал белгісіз жазуларды оқып, талдау Дания елінің ғұлама ғалымы В. Томсеннің үлесіне тиді. Орхон ескерткіштері ішіндегі мазмұны мен көлемі жағынан ерекше саналатын көне түркі жазбаларының бірі – Күлтегін ескерткіші. Ол — түркі халықтарының ұзақ ғасырлық мәдени тарихының жемісі. Біз мақаламызда түркі жазба ескерткіштер тіліндегі көптік мәнді білдіретін қосымшалардың ерекшеліктерін, сондай-ақ қазіргі қазақ тіліндегі қолданылуын зерделеуге тырысамыз. Орхон-енисей жазба ескерткіштеріндегі зат есімнің көптік жалғауы заттардың біреу емес, көп екендігін білдіреді. Көптік ұғымды білдіретін жайттар ерте заманның өзінде-ақ қалыптасқан. Қазіргі замандағы түркі тілдері сияқты көне түркі ескерткіштері тілінде де зат есімнің көптік жалғауы үш түрлі жолмен жасалады: морфологиялық, лексикалық және синтаксистік [1; 69]. Морфологиялық тәсіл арқылыкөптік мағынабілдіру үшін негізгі және туынды түбірлерге – лар, — лер қосымшалары жалғанады. Дыбыс үндестігі бойынша түбірдегі соңғы буыны жуан болса –лар, жіңішке болса –лер қосымшалары жалғанады. Мысалы: Аңар көрү білің, түрк емті бүдун беглер! Бұған қарап білің, түркінің еңдігі халқының бектері! (Кк, 11). Өгім қатун, улайу өглерім, екелерім, келіңүнім, қунчайларым. Шешем-қатын, онан соңғы аналар, жеңгелерім, келіндерім, ханымдар (Кү, 49). Ескерткіш тілінде –лар, -лер қосымшасының бір ғана фонетикалық варианты кездесетін болса, қазіргі қазақ тілінде сонымен қатар –дар, -дер, — тар, -тер варианттары да қолданылады. Мысалы: Білгіш адамдардың пікірін кейде өз пікірі қылып сөйлеп жіберетін де жерлері болушы еді (Ж. Аймауытов). Алайда соңғы күндерінде Қасеннің сол сөзін демеу көріп, бұрынғысынан көрі көтеріліңкіреп жүретін болды (С. Торайғыров). Аттарын тежеп, қорқып шаппады ғой (Ж. Аймауытов). Жиналған жігіттер Біркенің ыңғайындағы бірсыпыра кедейлер еді (С. Көбеев). Көптік мағына беретін қосымшалардың бірі – т. Ол көне монғол тіліндегі д көрсеткішімен сәйкес келеді. Бұл қосымша көне түркі жазба ескерткіштеріндегі атақ-дәрежені қөрсететін аздаған сөздердің құрамында кездеседі. Мысалы: берійе — шад-апыт беглер, иырайа – тарқат буйрук беглер, отыз.Оңымда шад, апа, бектер, солымда – тархан, бұйрық бектер, отыз (Кк, 1). М.Томанов: «П. М. Мелиоранский Күлтегін ескерткішінде кейбір сөздер құрамында кездесетін –т қосымшасын түбірден бөліп алап қарауға болмайды дейтін пікір айтады. Бірсыпыра зерттеушілер сүт, алпауыт сөздерінің құрамындағы –т-ны да көптік жалғау деп қарайды. Осы ізбен кете берсек, қазақ тіліндегі сәлем-сауқат дегендегі –т да осы жалғау деп қаралу қажет. Өйткені, қазақ тілінде оның сауға дейтін –т-сыз айтылатын да варианты бар» деп көрсетеді [2;138]. Көптік мағына беретін көне қосымшалардың бірі бі-з, сі-з есімдіктерінің құрамында келетін – з көрсеткіші. Н. К. Дмитриев «…- ыз, -із является архаичным показателеммножественности»деп жазды [1;70]. Мысалы: бегіміз –бегіміз, марымыз – оқытушымыз, қаныңыз –қаныңыз, ачыңыз –апаңыз дегендегі –ыз, -із тәуелдік жалғау қосымшалары бір кездерде, тіпті орхон- енисей түркі ескерткіштері тілі қалыптасқанға дейінгі көптік жалғаудың ескі түрі болар деп көрсетеді Ғ. Айдаров [1;70]. Қағанын анта өлүртіміз, ілін анта алтымыз. Қағанын сонда өлтірдік, елін сонда алдық (Кү, 38). Шаңтүң йазықа тегі сүледіміз. Шаңтұң жазығына дейін аттандық (Кү, 17). Келтіміз, сүңүсдіміз. Келдік, соғыстық (Кү, 20). Қырғыз қағанын өлүртіміз, елін алтымыз. Қырғыз қағанын өлтірдік, елін алдық (Кү, 36). Мына берілген сөйлемдерден жіктік жалғауының көптік нұсқасының етістік баяндауыштардан кейін (өлүртіміз, сүледіміз, келтіміз, алтымыз) жалғанып келгеніне куә боламыз. Бұл құбылыс қазіргі біздің тілдік қолданысымызда мүлдем кездеспейді, яғни ежелгі дәуірдің қалдығы екенін анықтауға болады. М. Томанов: «Түркі тілдерін зерттеушілердің кейбірі –з қосымшасын ескі дәуірдегі екілік категориясының қосымшасының көрінісі деп те қарайды. Айталық, ауыз, көз, егіз сөздері жұп немесе екі бөліктен тұратын заттардың атаулары, сол себептен бұл сөздер з дыбысына, екілік категориясының қосымшасына бітеді деп қаралады. Алайда, түркі тілдерінің бірі қазақ тілінде екі бөліктен тұратын атаулардың бәрі з-ға аяқталмайды. Мысалы, құлақ, аяқ, қол, бет т.б. Мұндағы з-ға аяқталатын атауыш сөздер санаулы: көз, егіз т.б. ғана. Екінші жағынан қазақ тілінде з-ға аяқталатын кей сөздердің р-ға бітетін етістік варианттары бар. Мысалы, көз – көр, семіз – семір т.б. сол сияқты көне түркі тіліндегі бедіз сөзінің қазақ тіліндегі бедер вариантын салыстырайық. Бұған қарағанда, з қазақ тілінде есім сөздің көрсеткіші тәрізді де, р етістік сөздің көрсеткіші. Ал, з-ға аяқталатын әлгі сөздердің ешбір екілік, не көптік мән бермейтіні айқын. Бұған қоса ескертетін бір жайт: түркі тілдері арасында (чуваш тілі мен басқа тілдер арасында)қалыптасқан р// з сәйкестігі. Соның кейбір қалдықтары қазақ тілінде де кездеседі» дейді [2;139]. Қазіргі қазақ тілінде –мыз, -ымыз, -міз, -іміз қосымшалары тәуелдік жалғауы II жағының жекеше және көпше түрі ретінде жұмсалады, әрі заттың біреуге немесе бір нәрсеге тәуелді екенін білдіреді. Ескерткіштер тілінде көптік категория қазіргі қазақ тіліндегі қолданысындай екі түрде жүзеге асады: алдымен көптік мағына жеке сөздердің семантикасына байланысты болады және көптік мағына сөз тіркестері арқылы да беріледі [1;70]. Орхон-енисей жазба ескерткіштері тілінде төмендегідей сөздер көптік жалғауы жалғанбай-ақ, көптік ұғымды білдіреді. Жазба тілінде ру, тайпа, халық аттарын білдіретін кейбір жинақтық ұғымды білдіретін сөздер кездеседі. Мысалы, Бу йірде олурып, табғач будун бірле түзелтім. Бұ жерде отырып, табғаш халқымен дұрысталдым (Кк, 4). Ол йіргерү барсар, түрк будун, өлтечісісен. Ол жерге барсаң, түркі халқы, өлмешісің (Кк, 8). Даралап санауға келмейтін кейбір зат есімдер кездеседі. Алтун, күмүш, кутай буңсыз анча бірүр табғач будун сабы сүчіг, ағысы йымшақ ерміс(Кк, 5). Алтын, күміс, өнімді, жібекті сонша шексіз беріп жатқан табғаш халқы. Ескерткіш тілінде –лығ, -ліг (-лық, -лік) жұрнақтары арқылы жасалған кейбір дерексіз зат есімдер жеке ұғымда да, көптік ұғымда да кездесе береді. Мысалы:Иарақлығды қағанқа анчулады. Қаруларды қағанға еншіледі (Кү, 32). Қағанлығығ қансыратдымыз. Қағандығын қансыраттық (Кү, 18). Орхон-енисей ескерткіштері тілінде көптік мағына сөз тіркестері арқылы,әрі олардың берілу,қолданылу жолдары да алуан түрлі болып келетініне тілдік деректер келтіруге болады. Ондай сөз тіркестері сан есімдердің зат есімдермен тіркесі арқылы келеді. Салыстыр, біріншіден, зат есімнің алдында оның қанша екендігін көрсететін сан есімдер болса, оларға көптік жалғауы жалғанбайды. Қамұғы йеті йүз ер болмыс. Барлығы жеті жүз ер болыпты (Кү, 13). Йырайы Баз қаған, тоқуз оғузбудун йағы ерміс. Солында – Баз қаған, тоғыз оғыз халқы жау еді (Кү, 14). Тіріліп йетміс ер болмас. Жиылып жетпіс ер бопты (Кү, 12). Екіншіден, зат есімдердің алдында анықтауыштық,сандық мәндегі сөздер айтылса, оларға көптік жалғауы жалғанбайды: Төрт булундақы будунығ қоп баз қылтым, йағысыз қоп қылтым, қоп, маңа көрті. Төрт бұрыштағы халықты бәрін бейбіт қылдым, тату қылдым, бәрі маған бағынды (Кү, 30). Аз будуныг үкіш қылтым, азу бу сабымда ігің барғу? Аз халықты көп қылдым. Осы сөзімде өтірік бар ма? (Кк, 10). Қорыта келгенде, көне түркі жазба ескерткіштері тілінде көптік мағынаны білдіретін –лар, -лер, -т, -з (-ыз, -із), -лығ, -ліг(-лық, -лік) қосымшалары кездеседі. Бұлардың ішінен ескерткіштер тілінде жиі ұшырасатыны –лар, -лер қосымшалары. Қазіргі қазақ тілінде жоғарыда аталған қосымшалар арасында –лар, -лер жалғаулары ескерткіштегідей жиі қолданылатын болса, ал з (-ыз, -із) көрсеткіштерінің көптік мәнде тек жіктік, тәуелдіктің I, II жақтарында күрделі қосымша құрамында сақталып қалғанын анықтаймыз. Ал -т, -лығ, -ліг (-лық, -лік) қосымшалары көптік көрсеткіші ретінде мүлдем қолданылмайды. Пайдаланылған әдебиет 1. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы, 1986. 2. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы.– Алматы, 1981. 3. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. – Алматы, 1995. 4. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы, 1991. 5. Қайдаров Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. – Алматы, 1992. 6. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алматы, 1995.

Пікір қалдыру