КӨНЕРГЕН СӨЗДЕРДІҢ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛДАРЫ

Опубликовано Июль 19, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Тіл – «жанды» құбылыс. Сан ғасырдан бері қазақтың ұлттық тілі дәл бүгінгідей қалпында болмады. Сөздердің актив қабаттары пассив қабатқа ауысып, көршілес жатқан халықтардың тілінен кірме сөздер тілімізге енді, кейбір сөздердің мағыналары кеңейіп жатса, кейбір сөздердің қолданыс аясы тарылып жатады. Бұл жөнінде ғалым Р. Сыздықова: «Сөз мағынасының эволюциясы тек дамудан, яғни жақсара түсу сипатында ілгері жылжудан тұрмайды, сонымен қатар сөз мағынасының күңгірттенуі не мүлде ұмтылуы ауысуы, кеңеюі, тарылуы т.т құбылыстар да сөз табиғатының қозғалысын танытады» деп көрсетеді [1;165]. Әсіресе ғылым мен техниканың дамуына орай, сөздердің мағыналары мен қолданыс аясында көптеген өзгерістер болуда, яғни көнерген сөздер терминденіп, жаңа қолданысқа ие болады. Қазіргі кезеңде жаңа сөздердің жасалу жолдарының бірі – көне сөздің жаңа мағынаға ие болуы. Бұл амал көбінесе нақты бір терминдік мән беруде пайдаланылады. Мысалы, сапар сөзі қазіргі публицистикада жай жол жүрудегенді емес, мемлекет, ұйым, т.б басшыларының өзге елдерге ресми түрде қызмет бабымен немесе арнайы шақырумен баруы (визит) деген ұғымдағы саяси-қоғамдық терминді білдіреді. Сонымен бірге жариялылық, салауаттылық, апталық, төрешілдік, ілгерішіл, қоғамдастық, теңгермешілдік сөздері де жаңа терминдік мағынаға ие болған байырғы элементтер. Олардың «жаңа қолданыс» ретінде танылуы мағыналарының сонылығына байланысты. Бүгінгі күн тұрғысынан неологизм болып көрінген бір топ сөздердің ішінде жасуша, ұлпа, ағза, қылтамыр, іскек дегендер ХХ ғасырдың 20- жылдарында жазылған Х.Досмұхаммедұлының, Ж.Күдериннің «Жануарлар», «Өсімдіктану» сияқты оқулықтарында терминдер ретінде кездеседі. Қазақ мектебіне, оның ішінде бастауыш сыныптарына арналып, 20-жылдарда жазылған оқулықтардан жоғарыда көрсетілген сөздерден басқа да сүтқоректілер, қосмекенділер сияқты біраз терминдердің барлық кезде қолданылып, нормаға енгендер екені аян. Осы сөздер жөнінде Р.Сыздықованың «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» атты еңбегінде төмендегідей пікірді кездестіруге болады: «ұлпа, ағза, жасуша, уыт, дара сынды тұлғаларды бұл күнде жаңа сөздер (неологизмдер) деп емес, «қайта тірілген байырғы сөздер», яғни аэлогизмдер, немесе соңғы 60-70 жыл бойы ескерілмей, тізімге (сөздіктерге) енбей келген неолексизмдер деп тану керек болар» [2; 221]. Бұл құбылыстарды медициналық және заңтану ғылымдарына тән терминдерде жиі кездестіруге болады. Мысалы, «жендет жасуша» деген термин екі сөзден құралады, осы жердегі «жендет» деген сөздің байырғы мағынасы өлім жазасын орындаушы, баскесер [ҚТТС, 294] деген болса, медицина ғылымында бұл ұғым адам организміндегі жасушаға берілген сиппаттама ретінде қолданылады [МТС, 306]. Ал «дәнекер жасуша» деген термин қазіргі күні мектеп оқушыларының биология пәнінен жиі кездестіретін сөзі, осындағы дәнекер сөзінің түпкі мағынасы екі заттың арасын қосып біріктіруші дегенді білдіреді, бүгінгі күнде бұл сөздің мағынасы кеңейіп медициналық терминге айналды. Медицина терминдерінің сөздігін зерттей отырып, қазақша балама табылған медициналық құралдардың көптеп кездесетіруге болады. Мысалы, қашау – долото[МТС, 262], сауыт – коронка [МТС, 268], шыбыртқы – жгутик, айыр ұш ине- игла- вилка [МТС, 290], сына – клин [МТС, 337], найзашық – копье[МТС, 350], клитор [МТС, 357] – шүртекей, шүрті, сүңгі – зонт [МТС, 285], қалып – кювета [МТС, 362], егеу – напильник [МТС, 362], шатыр – палатка [МТС, 471], көбе [МТС, 281]. Бұл жердегі қашау, сауыт, найза, шатыр секілді сөздер қазақ халқында жаугершілік заманда жиі қолданылатын, бүгінгі күні сөз мағыналарының кеңеюінің нәтижесінде медициналық термин ретінде қолданысқа түсуде. Ал, қашау алғашқы адамдардың тұрмысында жиі кездесетін балғамен ұрып ағаш, тас тесетін құрал [ҚТТС, 498], қазіргі кезде медицинада қолданылатын, қызметі жағынан ұқсастығы болған соң адам сүйектеріне ота жасалғанда пайдаланылатын құрал атауы ретіндемедициналық терминдер сөздігінен орын тапты; ал осы күнгі найзашық батырлар найзасынан әрине, өзгеше, дегенмен,құрылысы мен қызметінде сәйкестік болған соң аэлогизмдер қатарына жатқызуға болады деп ойлаймыз. Бұл жөнінде Ш.Құрманбайұлы «терминденудің бұл түрі жалпы қолданыстағы сөздің бастапқы мағынасының метафоралануы, өзге тілдегі сөздің калькалануы(семантикалық конверсия) және сөз мағынасының нақтылануы сияқты жолдар арқылы жүзеге асырылады» [3;148] деген түсініктеме берді. Сондай-ақ ауру аттары және дене мүшелерін атауда да «қайта тірілген» байырғы сөздердің қолданысқа қайта еніп жатқанын зерттеу барысында байқауға болады. Мәселен, қолқа – аорта [МТС, 279], құмсағат тәрізді асқазан [МТС,271], қалқанша без [МТС, 403], желкен-шымылдық [МТС, 481], қағанақ [МТС, 431], күмбез [МТС, 437], сауыт жүрек, тіс кіреукеcі, мес жасуша [МТС, 435], ми орағы [МТС, 574], дабыл [МТС, 68], тәж [МТС, 135], ұршықбас [МТС, 138]. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы дабыл сөзінің негізгі түпкі мағынасы – жорықта сарбаздарды, жұртты бір жерге жию үшін, саяткерлікте аңды үркіту үшін пайдаланылатын дүңгіршек аспап, ал қазіргі кезде оны медицинада есту мүшесінің бір бөлігі ретінде танимыз, сонымен қатар әскери салада «тревога» мағынасын білдіретін термин ретінде қалыптасты. «Тәж» термині артериялық қан тамырларының бір бөлігінің атауы ретінде медицинада белгілі, байырғы мағынасы патша мен хандардың басына киетін әшекейленген арнаулы баскиімі [ҚТТС, 790]. Осыған орай Ш.Құрманбайұлы «Жалпы қазақ терминологиясы бұрынғыдай орыс терминологиясының көшірмесі болып қала беруін қаламайтын болсақ, тіліміздің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалану қағидатын басшылыққа ала отырып, барлық лексикалық қабаттарды, оның ішінде көнерген сөздерді де көзін тауып, орнымен іске жарата білу арқылы да төл терминологиямызды байытып, оның ұлттық сипатын арттыра түсуге болады» деген пікірін білдірді [3;55]. Сонымен бірге тілімізде қайта оралып қолданыста жүрген көне сөздерді заңтану саласында да көптеп кездестіруге болады. Қазақ халқының ежелден заңдар жүйесі болған, осыған орай тілімізде заңтану терминдері біршама жетілген, орнығып қалыптасқан. Мысалы айып деген терминің өзі – қазақ қоғамында кінәліге қолданылатын материалдық жазаның бір түрі, үш тоғыздан бастап, ат-тон айыпқа дейін болды, және ол әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін салынады, бүгінгі заңтану ғылымында айып –жеке адамның өзінің құқыққа қарсы мінез-құлқына (әрекетіне немесе әрекетсіздігіне) және олардың салдарына психикалық қатысын білдіреді [ЗТТС,3]. Әсіресе қылмыстық құқықта жиі кездесетін айғақ, қаулы, кепілпұл, кепіл, тінту, сұрқия (мошеник), тіміскі (сыск) сөздерін күнделікті тұрмыста халық қолдана бермегенімен, «Заңтану» термині ретінде қайта жаңғырған. Құрылтай, құрылтайшы, бітімгер, еншілес, лауазым, ұран, алқа сөздерін естігенімізде есімізге Хандық дәуір кезеңі түсуі ықтимал, бірақ аталған сөздер бүгінгі күні заңгерлердің қолданысында. Осылайша қазіргі таңда қазақ тіліндегі көнерген сөздер «қайта тіріліп», жаңғырып, төл терминдеріміздің қалыптасуында көрініс табуда. Өзге тілдердегі терминдердің барлығын сол қалпында көшіріп алмай, мағынасы түсінікті және қазақша баламалары құлаққа жағымды, айтуға әлдеқайда ыңғайлы екендігі мәлім. Ойымызды Ахмет Байтұрсынұлының осы жөнінде айтқан пікірімен аяқтағым келеді: «Мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады» [4;350]. Пайдаланылған әдебиет 1.Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. 2-басылуы. – Алматы, «Санат», 1994. 2.Сыздық Р. Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. Ғылыми танымдық зерттеу. – Алматы: «Арыс», 2009. 3.Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. – Алматы, 2005. 4.Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы, 1993. Пайдаланылған сөздіктер: ҚТТС –Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі /Т.Жанұзақов. – Алматы: «Дайк- Пресс», 2008. МТТС –М.А.Ахметов. Сөздік-Словарь. Медициналық терминдер сөздігі. – Алматы, 2005. ЗТТС –Заңтану терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2002.

Оставить комментарий

Загрузка...