Көркем бейне құрылымының заңдылығы мен сюжеттік құрылымы

Көркем бейне құрылымының заңдылығы мен сюжеттік құрылым заңдылығының қарым­ қатынасы туралы. Мен өзімді поэтика тілі теориясында жаңалықтар аштым деп ойламаймын. Жасалғанның бәрін Лев Якубинский мен Юрий Тынянов тұжырымдады. Мен тек жұмыстың басында ғана әр сөздің ауыспалы мағынасы — троп еместігін және осының «бейненің тозғанынан» болмайтынын байқаған едім. Мен бейне — метафора болып көрінетін сөз қолданыстарының бар екендігін көрсетуге тырыстым; шындығында олар практикалық қажеттіліктен туындап, ешқашан да поэтикалық қызметтер қатарында тұрмаған. Басқа жағынан қарағанда, поэтикалық емес қолданыстардың поэтикалыққа айналуын байқауға болады: жалпы поэтикалық тілдің қатынасы сөйлеушінің нұсқауына тәуелді; әрине, бұл нұсқау оқырманға түсінікті болатын түрде көрініс табу керек. Жаңартылған жағдайда ең кәдімгі техникалық сөйлемшенің өзі поэтикалық болуы мүмкін. Мысалға, ескі вагондарда «40 адам, 8 жылқы» деп жазылатын, ол вагондар екі белдікті, шағын болды, оларға әлде 8 жылқы сыйғызуға немесе екі қатар сәкі­төсек жасап, 40 адамды тасымалдауға болатын еді. Маяковский «Соғыс және бейбітшілік» поэмасында былай деп жазады: «Шіріген поездағы 40 адамға 4 аяқтан ғана келеді». «Адам» ұғымына толық құнды, бөлшектенбеген, әрине, екі аяқты адам жатады. Аяқсыз адам — басқа сападағы адам, аяқсыз адамның өзі де бір анықтама, бірақ поэтикалық троп емес. Бірақ 40 адамға 4 аяқтан ғана келетін вагон адам санақ заты ретінде және адам белгілі бір тұтастық ретінде деген ұғымдарды қақтығыстырады. Соғысты суреттеуге қолданылған сөйлемше поэтикалыққа айналады. II Метонимия — ол бүтінді белгілеу үшін бөлшектің ажыратылуы болып табылады. Кәдімгі санақта метонимия техникалық амал: үйірдегі екі жүз басты малды айтқан кезде, сол жануарлардың бассыз болмайтыны өздігінен түсінікті болады. Бірақ ол тек техникалық оңайлату ғана емес, ол сұрыпталған үйірдегі жекелеген жануарлардың белгілі бір жуықтап алғандағы тең бағалылығын ұғыну да. Метонимияның өнерде басқа міндеті бар. Ол біздің әбден үйреніп қалған, байқамай да қолдана беретін конвенция. Бір сирек, тіпті ығыстырылған белгі бүтінді тек қана алмастырып қоймай, сондай­ақ бүтінді сезіну барысын өзгертіп, оны назар аумағына енгізу амалдарын жаңартады. «Евгений Онегин» шығармасының жетінші тарауының XV шумағы былай басталады: Был вечер. Небо меркло. Воды Струились тихо. Жук жужжал. Бұл екі жолдың құрылымы үздікті. Онда екі сөзден құралған үш сөйлем бар; үш сөзді сөйлем күрт тасымалдармен кесілген. Әрі қарай баяу сөйлем келеді: Уж расходились хороводы; Уж за рекой, дымясь, пылал Огонь рыбачий… Татьяна арманға беріліп келе жатқанда, қоршаған ортаның белгілерін байқап жатқандай болады. Ол алаңғасар ықыласты. От тұман қараңғылығындағы жарық секілді белгіленді. Пушкин сынға қарсы былай деп айтқан: «Северная Пчеладағы» 7­ші өлеңнің сынын мен қонақта отырғанымда және Онегинде түк шаруам болмаған уақытта қараған едім… Мен тек жақсы жазылған өлеңдер мен қоңыз туралы әлдеқайда күлкілі әзілді ғана байқаған едім. Менде былай деп айтылған: Кешқұрым еді. Аспан күңгірт Ақырын су ағып. Қоңыздар шырылдаған. Сыншы осы жаңа кейіпкердің пайда болуына қуанып, одан басқаларға қарағанда жақсырақ берілген мінезді күтеді». 13 Сыншы шумақтың құрылымын әдейі үзіп, қоңызды әрекет етуші кейіпкерлер тізіміне бөліп шығарады. Қоңыз тыныштықты, алаңғасарлықты білдіреді, коп нәрсенің орнын алмастырады, бірақ өздігінше тақырып, тұтастық сипат болып табылмайды. Қоңыз — ол жаздың әдейі бөліп көрсетілген дыбысы. Көркем шығарма — ол бөлшектерін бағалау тек құрылымда түсінікті болатын белгілі бір жүйе. Өнерде жайлы метонимиялық құрылымдар болады. Гоголь «Кіші ресейлік өлеңдер туралы» мақаласында казактардың да, әйелдердің де өлеңдерін жалпылап, келесідей жазады: «Олардың әндері ешқашан сипаттаушы әндерге айналмайды және табиғатты ұзақ суреттеумен айналыспайды. Табиғат оларда шумақта тек сәл шолып өтіледі; дегенмен де оның белгілері бүкіл затты білдіретіндей соншалықты жаңа, нәзік әрі өкпек болады… Көбінесе сыртқы бүтіннің орнына оның тек бір бөлігі, айқын белгісі кездеседі. Осындай өлеңдердің еш бір жерінде … күн батқан кез (…был вечер) секілді сөйлемшені табуға болмайды: бірақ соның орнына кеште болатын нәрселер айтылады, мысалы: Шли коровы из дубровы, а овечки с поля. Выплакала кари очи, край милого стоя. Сол себепті көптеген адамдар түсінбегендіктен, мұндай сөйлемдерді мәнсіз деп есептеген». Гогольдің пікірінше, бүл өлеңдер ретсіз болып көрінеді және оларда «…әдетте көзге алғаш түсетін нәрселердің бәрі өлеңдерге де бірінші боп түседі». Бірақ бұның қасындағы сөйлемде «… осы ала үймеден поэзияның өзіндік ғажайыбымен, байыпсыздығымен таң қалдыратын шумақтардың айдап шығарылатыны» 14 туралы айтылады. Бұл «айдап шығару» сөзі «алыну» сөзінің баламасы болып табылады; ол бүтіннен бір белгіні шығару қозғалысын беретін сияқты. Бөліп көрсетілген үйреншікті, ұқсас таң қаларлық «айдап шығаратынға» айналады. Бұл шағын кітапта мен әр түрлі дәуірлер мен әр түрлі жанрларды, оларды біріктіретін белгілерді көрсете отырып, салыстыруға әрекет жасап отырмын. Суретші құбылысты бүтіндей бермейді және бере де алмайды. «Бір­екі­үш­төрт» деген қарапайым санаудың өзі белгілі бір үздіктілікті береді. Бұл үздіктілік шынайы және ол бізге заттардың, олардың сапасына қарамастан, белгілерінің жалпылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Өнер әрдайым заттарды бөледі және бүтіннің орнына бөлшекті береді, бүтіннің орнына сызықты береді, ал ол қаншалықты тиянақты болса да, ол бәрібір сызықты бейнелейтін пунктирді көрсетеді. Өнер әрдайым ұқсастарды бөліп, әр түрлілерді қосады. Ол сатылы және монтажды. Бірақ бұл сөз тіркестерінің вагонынан құралған поезд емес. Байланыстар үзілістерге ерекше көңіл аударады. Біз жалпыны беруіміз үшін бөлшек белгілерді таңдаймыз. Егер біздер қайсыбір жекелікті егжей­тегжейлі дамытсақ, онда осы жекелік тағы да сол жалпыны ауыстырады, ол өз күйі туралы емес, өз күйінің маңызы туралы мағлұмат береді. Біздер хикаяны бөлек тарауларға немесе бөлек жолдарға бөлеміз, жолдардың ырғағы мен ұйқасының бөлек екенін атап көрсетеміз. Сонымен қатар біздер ұйқастардың көмегімен адамдардың алдыңғы сөздерді қайтарып, өткен жолға оралуына мәжбүр етеміз. Өлең өзінің мөлшерінің қайтарылуымен сипатталады. Қайтып оралу — өлең ұйқастыру өнерінің негізі; ырғақтық құрылым қайтарылады. Әлемді тұтас адамзаттық қабылдау — бұл қайта оралушы, салыстырушы, қозғалысты қайталаушы, бейтаныстан танысты айқындап көрсетуші қабылдау. Мұнда алдымен алғашқы бағалау жүзеге асады, ал сосын бұл сөзді біздің білімге өлшеу, дәлдеу жүзеге асады. Егер қазір ескі еңбектерімдегі жаңалық туралы айтатын болсақ, онда туындының оқиғалары туралы және сюжеті туралы түсінік бөлінген болатын. Сюжет — бұл әңгімеде немесе романда орын алатын оқиға емес. Сюжет — оқиғаларды, адамдарды, пейзаждарды қолдана отырып, уақытты қысқарта немесе ұзарта отырып, осылардың нәтижесінде автордың қалауынша сезілетін және әсіреленетін кейбір құбылыстар жасалатын құрылым. Автор әлемнің жаңа моделін жасайды. Әрине, өздігінше қарапайымданған модель, өйткені, бұл тек құбылыстардың қарым­қатынастары көрінетін және аяқталғандай болатын әлемнің бір бөлшегі. Көркем шығармаға алынатын құбылыстар бақыттан бақытсыздыққа, тыныштықтан мазасыздыққа, жалғыздық сезімінен ұжымдық сезіміне өтуде болатын қандай да бір даму барысынан алынады. Осының барлығы әрбір затта өздігінше өзгеруі мүмкін. Чеховтың «Тоска» («Сағыныш») әңгімесінде ұлы өлген арбакештің жалғыздық сезімін бастан өткеруі жазылады. Жалғыздық қараңғы түнге орнаған қала жағдайында көрсетілген. Арбакеш ат­арбалы жолаушылармен сөйлескісі келеді. Бірақ та ол жалғыз, өзінің артында отырған адамдар үшін ол адам емес, ол — арбакеш. Ақырында қарт өзінің қайғысы туралы жылқымен егжей­тегжейлі әңгімелеседі: бұл адамгершіліксіз қоғамдағы жалғыздықтың соңғы шегі. IІІ Көбінесе біздер салыстыруды түсінікке соғұрлым айқындық беру, соғұрлым анықтық беру үшін жасалады деп санаймыз. Бірақ бұл бекер. Өз алдына ұқсастықтың өзі әрдайым толық емес болып саналады. Толстой ұнатқан ертегіде соқырларға ақ түстің қандай екенін түсіндіргісі келгені туралы айтылады. Оларға ақ түстің сүт сияқты екенін айтқан. Сонда олар «демек, сүт сияқты құйылады ғой?», — деп сұраған. Оларға ақ түс қар сияқты десе, «демек, қар сияқты суық қой?», — деп сұрайды. Ал оларға ақ түс деген қағаз сияқты деп түсіндірсе, олар «ақ түс сыбдырлайды ма?», — деп сұрайды. Салыстыру әрқашан тек бір бөлшегімен ғана сәйкес келеді. Соның ішінде, көркем салыстыруда және метафорада ұқсаспайтын, яғни, салыстырылуы күтпеген жағдай болып саналатын нәрселер салыстырылады. Шекспирден мысал келтірейін. Джульетта Ромеоны күтіп тұрған сәтте оны аспанмен және жұлдыздармен салыстырады. Салыстыру әлемді жақындатып қояды, ал әлем бүтінге ұқсамайды. Осы ұқсамаушылық эмоциялық жақындасуда салыстырылушы нәрселерді ажыратады. Ноздрев өзінің қызметшілерімен шашка ойнау барысындағы қулығы әшкереленген Чичиковты ұрғысы келетін көріністегі қақтығысты Гоголь үлкен бекініске жасалған шабуылмен салыстырады. Жасақшы топ шағын, ал бекініс алып және жақсы қаруланған: «Оны ұрыңдар!» деп айқайлағаны есалаң ерлігі атақты болғаны соншалық, қысылтаяң кезеңде қолынан ұстап тұруға әдейі бұйрық берілетін, ұлы қақтығыс кезінде взводына «Жігіттер, алға!» деп айғайлайтын қайсыбір поручиктің дауысынан айнымайды. Бірақ қан майдан жалынын сезініп алған поручиктің көз алдынан бәрі дөңгеленіп өте бастады; оның алдында Суворов жүгіріп келеді, ал ол ұлы істерге кірісуде. Ол өңмеңдеп ұмтылып, баса көктеп шабуылдаудың алдын­ала ойланып келісілген ортақ жоспарына кедергі келтіріп жатқанын ойламай­ақ, миллиондаған қарудың ұңғысы адам аяғы баспайтын, бұлттың ар жағынан орын тепкен шаруалардың дуалына қарсы қойылғанын, оның дәрменсіз взводының күлі көкке ұшатынын және оның айғай салатын кеңірдегін тығындауға дайындалып, түбіне жететін оқтың дыбыс шығарғанын ойланбастан «Жігіттер, алға!» деп айғайлайды. Егер Ноздрев өзін бекініске таяп қалған, өжет, адасқан поручикті көрсетсе де, ол жақындап қалған бекініс тіптен де берік қамалға ұқсамайтын еді. Керісінше, бекіністің үрейленгені соншалық, оның жаны өкшесіне тығылды». Мұндағы ұқсастық Ноздревтің өзі қаншалықты істеуге құмар болса да, істей алмайтын нәрсеге бел буған шектен шыққан асқақтығында еді. Ол өзінің қонағын ұра алмайды, бірақ өмірде мұндай жағдайлар болған еді; оған қазір де полицейлер — «Сіз (Ноздрев. — В. Ш.) қайсыбір адамды дүре соғу арқылы қорлағаныңыз үшін сот алдында жауап беруге шақырыласыз», — деген қағазбен келеді.

Читайте также:  Экологиялық-мелиоративтiк шараларды қолдану

Оставить комментарий