КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ МИФТІК – СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Көркем прозадағы мифтік мотивтер, аңыздық желілер суреткер стилінің көркемдік қуатын, өзіндік даралығын айқындайтын көркемдік фактор. Әрбір өмірге келген көркем шығарма жазушының өзіндік қолтаңбасын, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін айқындайды. Стиль-эстетикалық категория десек те, оның аясында аңыздық желілер стильдік элементтер тоғысып, көркем прозаның өзіне тән ерекшелігін қалыптастырады. Біз осы салада айтылған ғалымдар мен зерттеушілердің соны пікірлеріне сүйене отырып,алдымен стильдің эстетикалық категория екендігін, оның өзіндік табиғатын анықтап алуымыз керек. Әрине бір мақала көлемінде стильдің табиғатын толық танып, шығу мүмкін емес, дегенменде оның көркем шығармаға әсерін қарастыру бүгінгі күн талабының қажеттілігі деп қарастырғанымыз жөн. Ғалым, академик З.Қабдолов «Әдебиет теориясының негіздері» деген еңбегінде бір жазушының барлық шығармаларында болатын идеялық бірлікпен қатар, тақырып, мінез, тіл бірлігіне де байланысты ерекшеліктерді былайша түйіндеп өтеді:” Сонымен, біз әрбір жазушының күллі творчествосының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің (идея-тақырып тіл) тек сол жазушыға ғана ерекшелігін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы творчествосының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайлардан да іздеп таба беруге болады. Міне, стиль-әр суреткерге тән осындай творчестволық ерекшелік /1, 355/. Бірақ та өз халқының дәстүрі бәрібір ерекше орынға ие. Стильдің теориялық негізіне жататын үлкен мәселенің бірі-дәстүр мен жаңашылдық мәселесі. Әрбір халықтың сонау көне ғасырлардан ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнерінен үлгі алуға болатынын жоққа шығара алмаймыз. Дәстүр пайдалану тек туған халқыңның әдебиетімен шектелу деген ұғым тудырмасы анық. Туған әдебиетке басқа халықтың озат дәстүрі де әсер етеді. Біздің қазақ әдебиеттану ғылымында стильдің эстетикалық категория ретінде аз қарастырылуы, көркем шығарманың поэтикалық құрылымын анықтауда, оның эстетикалық қуатын саралауда көп кемшіліктерге соқтырғаны жасырын емес. Бұл жөнінде ғалым Р. Нұрғалиевтің мына тұжырымы оны қуаттай түседі:”…. қазақ әдебиеттану ғылымының осал буыны, жете сөз болмаған объектісі- стиль. Әсіресе стильді эстетикалық категория тұрғысынан қарастыру принципі сирек ұшырасады. Көркем шығармадағы барлық компоненттерді тұтастықта алып, идеиялық-эстетикалық талдауда, мазмұн мен түрді бірлікте қарағанда ғана творчество табиғатын терең зерттеп, нәзік ұғуға болады /2, 4/. Мұнда ғалым стиль категориясын эстетикалық тұрғыдан тану үшін көркемдік компоненттердің барлығын тұтастықта, бірлікте қарастыру керектілігін айтады. Аңыздық желілер, мифтік мотивтер суреткердің стильдік әлемін түзудегі көркемдік функциясы да осы компоненттер ішіне кірігіп кеткенде ғана өз шешімін табады. Өйткені жазушының әрбір қолданған аңыздық желілерінің өзіндік қалыптасқан ауызша айтылу стилі бар. Оның көркем шығармадағы көрінісі қаламгердің сөз қолдану тәсілі мен тарихи материалды қорытуы, қажетке жаратуы, яғни оны қайта өңдеп, синтездеп, бүгінгі күн проблемасының өзектілігімен шебер қиюластыра қолданылуы жазушының – шеберлік қырына байланысты. Стиль – бір ғылымның еншісіндегі термин емес. Ол қазіргі ғылымның барлық салаларында қолданысқа түсіп, ғылымның барлық салаларында қолданысқа түсіп, көп қырлылығымен танылып отырған тарихи категория болып табылады. Тіл білімі, әдебиеттану, өнер, эстетика т.б ғылымдармен терең ұштасып, көркем ойдың эволюциялық даму процессін көрсетеін эстетикалық категория. Стильдің бөлшектенуге келмейтін бүтіндік қасиеті повесть, роман жанрларында өзіндік болмысымен айқын көрінеді. Әсіресе, роман жанрының стильді қалыптастыру жағынан табиғи мүмкіншілігі орасан зор. Сондықтан да көркем шығарманың тілдік жүйесі мен стильдік бірлігі тек гормониялық тұрғыдан үндесе білгенде ғана оның табиғатын толық тануға мүмкіншілік туады. Стильді эстетикалық категория тұрғысынан қарастырғанда ғана оның өмір сүрер қалыбы жекелеген көріністерден тұрмайтыны белгілі. Оны тану үшін суреткер қаламынан туындаған көркем шығармасын бірлікте, тұтастықта қарастыру қажет, сонда ғана оның бүтін көркемдік жүйе екенін бағамдаймыз. Ендеше стильдің динамикалық даму қозғалысы, алдыменен адамзаттың рухани қайнар көзі әдебиет пен өнер саласындағы ұлы суреткерлердің көркемдік таным деңгейінің ұлылығын танытатын шығармаларымен ғана ұштасып жатады. Стильді үлкен талант, дарын иесінің шығармаларынан ғана әдеп, оның поэтикалық ерекшелігін тани аламыз. Қазіргі қазақ прозасындағы аңыздар мен мифтердің көркемдік поэтикасы қаламгерлердің өзіндік стильдік реңкін, бояу нақышын тануда даралық , сапалық қасиеттерге жеткізіп, мол мүмкіншіліктер беруде. Біз осы мақаламызда жазушылардың даралық стиль мәселесіне де тоқталып өтеміз. Өйткені аңыздар мен мифтерді көркем шығармада қолдануына байланысты әрбір суреткердің сюжет өрбітуі, композициялық шешімі, уақыт пен кеңістік шекарасының бейнеленуі, материалды қорытуы өзіндік ерекше көркемдік табиғаты әртүрлі деңгейде көрінеді. Стиль – суреткердің өмірге деген өзгеше өзіндік философиялық көзқарасы. Оны диалектикалық тұрғыдан танып – біліп зерделей зерттеуі. Өз ойындағы субъективті өмір құбылыстарын көрікті әсем тілмен халыққа жеткізіп беру шеберлігі. Стиль –бөлшектенуге келмейтін, тұтастықта тізбектеліп шығарма түйінін шешетін бүтін бір дүние. “Стиль- дегеніміз жалпы көркемдік компонеттердің қосындысы ғана емес, суреткердің дүниені поэтикалық тұрғыдан қабылдауы мен бейнелеп ойлауының жүйелі көрінісі” /3, 117/,- дейді көрнекті ғалым Р. Бердібаев. Сондықтан да көркем шығарманың поэтикасы мен стилі бір – бірімен тығыз қарым – қатынаста дамып , бірінен бірі туып отырады. Стильдің айқын бір жемісі – поэтика. Поэтика – көркем шығарманың архитектоникасы жайлы ғылым. Яғни шығармадағы көркемдік компонеттердің композиция, сюжет, синтез, характердің ұлттық танымын, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі жүріп жатқан тартысын зерттейді. Жазушылар халық ауыз әдебиетінің үлгілері аңыздық желілер, тарихи жырлар, қызықты хикаялардың бүгінгі өмірімізге сай көркем туындыларын жаңа формасын, соны бір әдеби әдістерін көркемдікпен игерудің өзгеше бір мүмкіндіктерін танытты, Стильдің қаламгерлер шығармасында көрінуі – өте күрделі құбылыс. Суреткердің кез – келген шығармасынан стиль ерекшелігін іздеу тапқырлық та, жаңалық та емес. Жазушының аңыз бен мифтік сюжеттерді барынша еркін пайдалануы оның шығармашылық процесінде ерекше стильдік айшықтар түзеді дей аламыз. Академик З.Қабдоллов стиль – әр суреткерге тән творчестволық ерекшелік пен таланттан туатын дарындылық екендігіне де тоқталады. Сондықтан әр жазушының шығармашылық шеберлігі тақырапты игерудегі азаматтық көзқарасының айқын бір белгісі, кейіпкерлер образын көркем тілмен жеткізуі. Автор аңыздық желілерді халық өмірінің тарихынан маңызды орын алған тарихи белгілерден, тарихи аңыздардан көркем әдебиеттің талап – тұрғысынан шегіне жеткізе қорытып, синтездеп, одан бүгінгі өмірге сай келетін көркемдік шындық жасап шығару үшін пайдаланады. Жазушының әрбір әдеби шығармасынан оның өзіндік ерекшелігін тануға болады. Оны біз шығарма тілінен, образ жасау тәсілінен, тақырып және идея мұратынан айқын көруімізге болады. Шын жазушыда басты роль атқаратын – тіл. Халықтың фольклорлық бай қазыналарын неғұрлым терең меңгерген қаламгерлердің стилі барынша бай, байыпты, көркем болып келеді. Ұлттық мінез (характер) бірлігін жасауда аңыздық желілердің мұнда (аңыздың толық контексі) емес тек кейбір ерекше қызмет атқаратын элементтері, шығарманың бояулық нақышын қоюландыра түсетін детальдарын бөлекше жатқызуымызға болады. Әсіресе тарихи, романдардың ортақ белгілері мен идеяларынан, ұқсас сыр мен сипаттарынан бәріне тән өзгешелікпен қоса, тақырыптық мазмұндық бірлікті байқауға болады. І. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған “Көшпенділер” трилогиясы мен Ә.Кекілбаевтың “Үркер” мен “Елең – алаң” дилогиясының тақырыптық желілері ортақ болғанымен, әр жазушының тарихи шындықты көркем тілмен жеткізуде өзіндік дара стильдік ерекшеліктерін айқын көреміз. Профессор Ш.Елеукенов- тың: “Тарихи тақырып үлкен әзірлікті, білімділікті, дәуір тереңіне жіті үңіле білушілікті талап етеді” /4, 80/, – деген ғылыми пікірі осыған дәлел бола алады. І.Есенберлиннің “ Көшпенділер” тарихи романының тілі негізінен тарихи документтік сипатта, романтикалық леп арқылы шежірелік нұсқада келеді. Жазушы аңыздың сюжеттік желісін көп өзгертпей, сол дәуір шындығын көрсету үшін психологиялық, әлеуметтік мотивін даяр күйінде қолданады. Жазушының осындай өзіндік стиль ерекшелігін ғалым Ж.Дәдебаевтың: “Трилогияның жанырлық сипатына жазушының ерекшелігіне тән сапалық белгілер мен көркемдік өлшемдер аңыздық оқиға мазмұнын тек осылай ғана баяндауды талап еткен” /5.76/,– деуі соны меңзейді. “Көшпенділер” тарихи трилогиясында баяндалатын тарихи деректердің көптігі, кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалардың молдығы, авторды шығарма тілін баяндау мен ауыз әдебиетінің айтылу дәстүріне салады. Бірақ, қаламгер қазіргі әдебиеттің көркемдік әдістерін жинақтау, даярлау, мінездеу, тағы басқа тәсілдерін сонымен қоса, адам образдарын реалистік тұрғыда бейнелі суреттеуде әдеби тілдің сөздік қорын, сөз саптау мүмкіндігін барынша толық меңгерген. “Жанталас” романының алғашқы бетінен – ақ қазақ даласының төрт жағынан талап, бөлшек – бөлшек етіп талап алуға даяр тұрған сыртқы жаудың зымиян әрекетін, қазақ халқының басына түскелі тұрған зобалаң тағдырын бір – ақ сөзбен береді. “Қазақ бұл кезде көкпарға тартуға дайындаған серке тәрізді еді” – деп, сол дәуірдің саяси әлеуметтік билік күштерінің ұйымдасқан түрде қазақ даласына сұғын қадап, сұқтануы, өз ішіндегі хан – сұлтандардың басы бірікпес алауыздығы көкпарда тартылуға түскен “серке” арқылы бейнеленуі бұған дәлел. Жазушы І.Есенберлин халықтық аңыздардың фабуласынан тарихи тұлғалардың реалистік образдарын нанымды етіп бейнелеп шыққан. Қазақ халқының сыртқы жауларына қарсы табанды күресін үлкен понорамалық масштабта, хронологиялық шежірелік сипатта көрсете білген. Жазушының тарихи дәуірді бейнелеудегі қолданған тіл кестелері, айшықты образдар жүйесі, сөз сөйлеу кестесі романның жанрлық ерекшелігімен қабыса байланысып кеткен. Қазақ жазушыларының аңыздық, мифтік сюжеттерді игерудегі алғырларының бірегейі — Әбіш Кекілбаев. Проза жанрына өзіндік қолтаңбасымен келген қаламгер, қазақ әдебиетіне тарихи тақырыптарды игеруде өзгеше бір жаңа қырынан келді. “Үркердегі” Әбілқайырдың үш жүзге Ұлы хан болу арманы, қазақтың үш жүзінің билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің шешендік сөздері романның поэтикалық бейнелеу тілінің көркемдік ерекшеліктерін арттыра түскен. Автор ел билеген хан мен сұлтандардың, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешкен шешен билердің, адуынды, айбынды батырлардың, қазақ даласына қоныстана бастаған орыс переселендерінің де бейнелеріне тән ұтымды сөздер таба білген. Жазушы кейіпкерлерінің ой – арманын, түйсік – танымын, ішкі жан дүниесіндегі сезім ирімдерін алуан түрлі психологиялық дәлдікпен ашуға шеберлік танытады. Романның басты қазығы Әбілқайыр образын ашуда автор халық аңыздарының ең мәнді негіздерінен аршып алып, кемел ойлы кейіпкердің интеллектуалды бейнесін жасайды. Әбіштің тілі туралы: “Қазіргі қазақ прозасының ішінде бейнелі тілдің бесігі сынды бөлекше бітім, халық тілінің шұрайын зергерлікпен пайдалана отырып, сол тілді образдылықпен байыту жолында тыным таппай келе жатқан еңбеккер” /6,78/, – деп, жазушының халық тілін игерудегі өзгеше феномендік құбылысын атап көрсетеді Нұрдәулет Ақшев. Немесе ғалым С.Досжанова жазушының стилі жөнінде былай деп ой қорытады: “Қаламгердің сөздік қоры мол, мол екен деп оны ысырап қылмайды, үнемдеп орынымен пайдаланады. Сондықтан стилімейілінше дәл,нық қаланған кірпіштей берік. Бәрі ойға, сезімге құрылған, образ жасау, сыр ашу мақсатын көздеген ұтымды сөз кестесі болып келеді” /7, 96/. Ә Кекілбаевтың шығармала- рындағы кейіпкерлердің типтік даралығын, характерлік мінезін сомдаудағы тіл шеберлігі мол таланты мен ізденімпаздығын танытады. Жазушы көркем тілдің кестелі ою – өрнегінің көрінісін “Аңыздың ақыры” атты романында жаңа мазмұндық, терең танымдық байыптылығымен сипаттайды. Кейіпкерлерінің ішкі өміріне жол салу, санасындағы жүріп жатқан сансыз толғаныстарын үдемелеп,үңги суреттеу Әбіш тілінің шырайлы шуағын көтере түскен. Әсіресе, Ұлы Әмірші бейнесін жан – жақты толыққанды ашып береді. Өз буына өзі мас болған билеушінің өмір мен өлім, пәни мен бақи, махаббат пен зұлымдық туралы ішкі ойларына көп көңіл бөлушілік романның психологиялық тереңдігін арттырып, философиялық парасаттылығын зерделей көтеруде үлкен роль атқарып тұр. Сондай – ақ жазушыларының ішінен Т.Әлімқұловтың өзгеше сонылығымен келген қаламгерлік шеберлігіне тоқталып өткен жөн болар. Тәкен Әлімқұлов – проза жанрының шағын түрі, бірақ үлкен ықшамдылық пен көркемдікті талап ететін әңгіме жанрына өзіндік стиль даралығымен қолтаңбасын айқындаған қаламгер. Жазушы – адам образын сомдауда аңыздық күй тілінің өрнегін өзгеше өткір әуенмен сипаттап, қазіргі қазақ әңгімесінде қайталанбас бедерлі “Қара қобыз” әңгімесіндегі Ықылас, “Ақырғы уаныштағы” Ақан сері, “Қара ойдағы” Махамбет бейнелерін тудырған суреткер. Көркем әдебиетте жазушы қандай тақырыпқа қалам тербесе де адам образы арқылы көрініс таппақ. Т.Әлімқұловтың өзіндік стильдік ерекшелігін танытып тұрған шеберлігі – шығармасының тілі. Оның өнер тақырыбына жазылған көркем шығармасынан аңыздық сарындардың ерекше нәр беретін детальдары психологиялық тереңдікпен нанымды бейнеленеді. Шығармадағы кейіпкерлер өз заманының перзенті боп ой бөлістіреді.Жазушы аңыздық, мифтік сюжеттерді пайдаланып қана қоймай, өз көркем шығармашылығымен ұлттық тілді бейнелі сөзбен дамытушы боп та саналады. Жазушының стильдік шеберлігі жөнінде сыншы Т.Тоқбергенов: “Тәкеннің стильдік шеберлігінің бір қыры – оның юморында. Роман, повесть – әңгімелерінің бәріне де ұтымды уәж, кекті кекесін, ойып түсер ойнақы сөз мол кезігеді” /8, 91/, – деп ой бөліседі. Өнер дегеніміз оңайлықпен біте қоятын дүние емес. Қоршаған әлеммен байланысқа түсу үшін де оның ақиқат болмысын терең тани білу керек. “Сейтек сарыны” повесіндегі бір – ақ сөзбен Сәруар күйші Дәрменге мінездеме береді. “Ішіңді арыстанның баласы тырнап жатқан баласың ғой” /9, 57/, – дейді. Қара шалдың аузынан шыққан осы сөз халықтың терең философиясымен астасып жатыр. Сізді теңіздей терең ой түбіне жетектейді. Асылы, Тәкен Әлімқұлов күй, күйші, өнер тақырыбын зерделеп зерттеп, жергілікті жердегі аңыздың шығу тарихын күйдің дүниеге келу себебімен ұтымды байланыстыра суреттейді. Табиғат, пейзаж көріністері нәзік бір үнмен тіл қатып тұрады. “Қара қобыз” әңгімесінде Ықыластың баласына деген сағынышы Есілдің ақжал толқынымен тербеліп, ақ селеулер апалы – сіңілілердей бір – бірімен әлдейлеген әуенмен ұласып жатады. Даралық стиль көркем әдеби тілмен тығыз қарым – қатынаста дамып, тұтастай бірлікте келеді. Жазушылар әдебиеттің сөздік қорын молайтып қана қоймай, өзіндік даралық шығармашылық мүмкіндіктерін байыта түседі. Жазушының тіл шеберлігінің дәрежесін белгілейтін даралық стиль қазақ лингвистикасында әлі толық зерттеу обьектісіне түсе қойған жоқ. Көркем шығарманың тілі қаламгер стилінің бір қыры болып ерекшеленеді. Сондықтан да жазушының даралық стиліне: тіл, композиция, жанр, поэтикалық ырғақ, интонация, қаламгер өмір сүрген табиғи орта, ертеден қалыптасқан жазу машығы, жаңа айшықта өрілген стильдік жаңалығы деп танимыз. Таланттың дарынның тілдік сөз қорын, баяндау тәсілдеріндегі субьективтілік, стильдік нақыш пен бояу және т.б. алуан түрлі көркемдік элементтердің бірлігінен жасалады.

Читайте также:  Кіші жүз туралы мәлімет

Оставить комментарий