КӨРКЕМ СӨЗ ЖӘНЕ ПРАГМАТИКА

Прагматика – бүгінде қазақ тіл білімінде өрісі кеңейіп келе жатқан салалардың бірі. Қазіргі таңда қолданыс тіліндегі стиль мәселесін стилистиканың прагмастилистика саласы зерттесе, коммуникация бағытында тілдің субстанциялық-функционалдық қасиеттерін зерттеумен прагмалингвистика саласы шұғылданады. «Реалды ақиқатқа құралған өмір ситуацияларында адам қандай жағдайда таңбалар арқылы өзінің ой-пікірін тыңдаушыларына немесе оқырманына жеткізе алатындығын үйретуді мақсат етеді. Прагмалингвистиканың зерттеу нысанын толық тану үшін сөйлеу тіліндегі дискурс пен мәтіннің мазмұндық-ақпараттық мәнін ашу керек» [1,12 б]. Халық тілінің байлығын және көркем құралдарды пайдалалану арқылы кез-келген жазушы дүниеге көркем туынды әкелуімен қатар, ол өзінің суреткерлік шеберлігі әрі шығармада қолданған көркем сөздің эмоциялық бояуының басымдығы арқылы кез-келген оқырманға түрліше әсер ете алады. «Адресант адресатқа мәтіннің мағыналық-ақпараттық мазмұнын толық жеткізіп, мәнін ашып беруде оның жан-дүниесіне әсер етіп, сезімін ояту үшін белгілі прагматикалық мақсатын қанағаттандыру үшін стилистика ғылымның «еншісіне» тиесілі тілдік стилистикалық амал-тәсілдерді пайдаланады» [1,13 б]. Қазақ халқының тұла бойы табиғатына тән қасиет –адамға сөз арқылы ықпал ету. Сол себепті де қазақ тіл білімінде прагматикалық бағыттың пайда болуы кездейсоқ құбылыс емес. Көркем сөздің табиғатын саралау негізінде жасалған прагматика саласының кейбір тұстарын қазақ тіл білімінің көрнекті зерттеушісі М.Серғалиевтің ғылыми еңбектерінен көре аламыз. Ғалым өзінің еңбектерінде қазақ тілінің дамуына үлес қосқан, оның икемді әрі бейнелі болуына себепші болған көркем сөз шеберлерінің сөз қолдану шеберлігіне, тілдік ерекшелігіне, стилі мен тіліне ерекше тоқталған. «Көркем әдебиет тіліне қойылған талап, түптеп келгенде, жазушыға тікелей қойылар талап. Сондықтан да мына бір ойдың қисынымен айтылғаны көрініп тұр: «Қазақ жазушылары» қазақ тілінің бір заңын өзіміз кесіп-пішеміз». «қайдан құлақ шығарсақ, соған ерік алған қазынашымыз» дей алмайды. Бірақ, жазушы өз дәуіріндегі әдебиет тілін өсіруге, саралауға, шеберлендіруге міндетті. Демек, кез-келген сөзді өз қалауынша өзгерте беруге ерік берілмеген» [2,5 б],-дейді. Прагматикада сөйлеу актісіне тән сипат болмағанымен, онда тілдің жалпы коммуникативтілік қызметі бар. Себебі мұнда коммуникация белгілі WWW.ENU.KZ бір тілдік таңбалар арқылы жүзеге асады. Ғалым бұл жайында: «Көркем әдебиет үшін әрбір сөздің, әрбір сөз тіркесінің, әрбір сөйлемнің былайғы оқырмандар байқай бермейтін мағынасын аша білу, сөйтіп, сөз мағынасының «күнгейі мен көлеңкесін»(Ғ.Мүсірепов) айыра білу ерекше роль атқарады»[4,142 б] деген пікір айтады. «Прагматикалық шарттарға коммуникативтік мақсат, рөл, адресатқа әсер ету тактикасы мен стратегисяы, көркем мәтінде суреттелген іс-әркет, оқиғадағы кейіпкерлердің эмоционалдық жағдай мен қатысы жатады».[5,156 б]. Кез-келген шығарма прагматикалық шарттарға сай келе бермейді, ол үшін оның көркемдік деңгейі жоғары болуы қажет әрі оның прагматикалық әлеуетін көріктеуіш құралдар арттырып отыру қажет. Бұл тұрғыдан келгенде ғалым М.Серғалиев өзінің зерттеу еңбектерінде өз өмір сүрген кезеңнің ең үздік әрі осы прагматикалық шартқа жауап беретін туындаларын іріктеп, сұрыптап оның прагматикалық тұрғыда бізге талдап берген. Ғалым М.Серғалиевтің М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Әлімқұлов, М.Қаратаев, Қ.Найманбаев сияқты сөз шеберлері туралы жазғандары көркем сөздің шырайын танытқан аса маңызды дүниелер болып табылады. Ғалым Ғ.Мұстафин жайлы: «Көркем сөздің хас шебері, тегінде, өзінен кейінгі, қатарлас немесе өзіне дейінгі суреткелер туралы, жалпы әдебиет теориясы мен сынына қатысты қандай толғамды ойларын ортаға салғанда да, өз басының тәжірбиесіне сүйенбей тұрмайды. Үлгілі жайды сөз еткенде де, кемшін тұстарды тілге тиек еткенде де пікір төркіні осындайдан шығады деп қабылдауға хақылымыз. Көп қаламгерге тікелей қатысы бар осы жайды» алыптар шоғырының» (Ғ.Мүсірепов) құрамындағы Ғабиден Мұстафиннің көркем сөздің құдіреті туралы ойларымен байланыстыра айтуға әбден болар еді»,- дейді. Ал ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің тілі туралы былай дейді: «Табиғат көрінісі мен жансыз деп есептелетін кейбір заттарға «жан бітіріп», адам әрекетімен астастыра бейнелеуі жазушының тағы бір үлгілі жағын көрсетеді. Әдетте күн шығып жатады, көтеріліп жатады, мұның бәрі адам санасынан тысқары құбылыс делік. Бірақ жазушы оны «қинала» немесе қысыла, яғни адамша әрекет жасағандай суреттейді: Таң атқанда жел басылып, жауа бораған боран айығыпты. Алыстағы ақ белден көрінген күн қып-қызыл екен. Қысылып, қиналып шыққандай. (Абай,1)» [2,31 б]. Мұнда ғалым М.Әуезовтей ұлы жазушының сөз қолдану шеберлігі кез-келген адамды бей-жай қалдырмаса керек, оны оқыған оқырман сөз құдіретінің сиқырына таңғалып, өзінше әсер алатындығын айтқысы келеді. Ғалымның әр сөз зергерінің шығармашылығындағы сөздің терең сырына аса талғампаздықпен қарауы арқылы оның көркем сөздің прагматикалық әлеуметіне бойлағанын бірден байқаймыз. Халықтың сөздік қорындағы көркем сөзі тілдің түрлі бейнелеу-мәнерлеу құралдарын (троптар мен стилистикалық айшықтауларды) жазушының орынды әрі тиісінше көркем қолдауына байланысты байып отырады. Бірақ бұдан бір ғана жазушы халық тілін жасайды деген ой тумауы қажет. WWW.ENU.KZ Асылында, белгілі деңгейде оның көркеюіне себепші болары анық. Бұл жайында ғалым: «Сонымен, жазушының қайсысына да қойылатын ең басты міндеттердің бірі – сөз саптау тұрғысынан өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы. Әрине, жазушы қандай ірі тұлға болғанымен, бір автордың тілі халық тілін жасай алмақ емес. Солай бола тұра халық тілін байытуға классиктер ғана емес, жазушылықты мұрат еткен адамның қайсысы болса да үлес қосуға міндетті. Оның аты – сөз қолдануда, жекелеген сөз жасауда, сөз мағынасын жіті аңғаруда, сол қажетті мағыналық қырды орайымен кірістіруде өзіндік қолтаңбасы болуы керек деген сөз» [3,145 б] дей келе «Сөз қолдануда өзіндік даралығы жоқ жазушының шығармасы көркем деп бағаланбайды», — дейді. Ғалым өзінің еңбектерінде көркем сөз иесіне қоятын талабын осылайша айқындайды. Ал, осы көркем сөздің көркеюіне, дамуына, жетілуіне себепші болған сөз зергері оқырманына түрліше жолдар арқылы әсер ету мүмкін, соның негізінде олардың арасында прагматикалық байланыс орнайды. Мұны біз ғалымның М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін талдау барысында аңғарғандығын көреміз: «Жас М.Әуезовтің тапқырлығы мен аңғарғыштығы осы орайда көзге анық түседі. Шындығында келгенде, Арқалық атырабында алты ай қыста аз күн болса да, май тоңғысыз болмағанымен, жалтырап күннің көзі көрінер де кездесер, боранның сейілтер шағы да ұшырасар, бірақ сондай ызғарлы, қорқынышты, аянышты ортаны табиғат құбылысының да сұрапыл сәтін барынша көрнекті суреттеу сұмдық оқиғаның алдындағы увертюрдай әсер береді. Алғашқы сөйлемдерден-ақ оқырмандарын баурап алып, сезімге бөлеп, дәлірек айтқанда, таң қалдырып, тіпті еріксіз жетелеп отырады» [2, 46 б], — дейді. Қазақ тілінде прагматикалық бағыт кешеуілдеп пайда болғанымен, осы уақытқа дейін бұл бағытты «прагматика» деп нақты атамағанмен қазақ тіл білімінде бұл туралы пікірлер оған дейін айтылмады деп үзілді-кесілді қорытындыға келуге болмайды. Бұл туралы алғашқы пікірді қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық негізін қалаушы А.Байтұрсынов: «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білу тиіс. Яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыс сөйлемді тізе білу тиіс» [3,178 б].-дейді. Ғалым А.Байтұрсыновтың бүгінде осы пікірі қаншалықты құнды болса, ғалым М.Серғалиевтің де жоғары да осы тұрғыда айтылған пікірі сол пікірдің жалғасы іспеттес. «Мәселен, академик М.Серғалиев Мұхтар Әуезовтің тіл туралы пікірлерін талдағанда қазақ әдеби тілі, оған Абай шығармаларының әсері туралы ұлы жазушының айтқандарын Сәбит Мұқановқа, жалпы шығармашылық ізденістер табысын басқа да, ақындар поэзиясының тіліне қатысты сүйсіне талдағанын дәйектей келе, М.Әуезов айтқан ой ұшқынын сәулелендіріп жібереді. Сыншы ретінде ол М.Әуезов пікіріне жаңа мысалдарды тізбектеп, ойға ой қосады, дамытады, дәлелдейді. Мұнысы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтың «бір сөз бір сөзге жарығын түсіріп тұрады» WWW.ENU.KZ дейтін әйгілі афоризмін еске түсіреді» [5,8 б] деп айтпақшы, ой ұшқынын сәулелендіру, «бір сөз бір сөзге жарығын түсіру» арқылы сөздің көркемдік қуаты артады, сол арқылы оның оқырман қауымына деген әсері де күшейеді. М.Серғалиевтің көркем сөздің сыр-сымбатын тереңнен бойлап зерттеуі, көркем сөзге талап қоюы, кешегі зертеушілер пікірімен сабақтастыра отыруының өзі ғалымның көркем мәтінді талдаудағы сөзсіз шеберлігі деп білеміз. Ғалым өзінің еңбегінде сөздің көркемдік қуатын арттыратын құралдарға тілдің бейнелеу құралдары жатады деп көрсетеді. Бұл бейнелеу құралдарын қолдану көркем әдебиет стилінің ерекшелігі деп таниды. «Жазушы шығармаларынан тілдік құралдарды қолданудың тамаша үлгілері көзге түседі. Қайсыбір суреткерлердің сөз қолданудың саналу түрлерімен шектелетіні бар. Айталық, біреулері метафораны үйіп-төгіп пайдаланады да, троптың басқа түрлеріне соншалықты мән бере бермейді; екіншілері сөзжасамға қабілетті келеді де, көркемдік құралдардың өзге түрлері бәсеңдеу таныла береді. Енді біреулері «өз ауылының тіліне» көбірек көңіл бөліп, суреткерге қойылатын шарттарды тең ұстамайды. Ал Мұқаңның ұлылығы сөз қолданудың әр тараптылығынан, әр сөйлемнен байқалып отырады. Демек, М.Әуезов туындыларындағ мағынасы көмескі сөздерді жаңарту да бар, жалпы қолданыстағы сөздердің былайғыларына біліне бермейтін сырын ашу да бар, синоним, антоним, омонимдердің ішкі мазмұнын дәл тану да бар, тосын сөз тіркесі мен дағдыдан тысқары жалғау да бар, әр кейіпкердің аузынан айтылатын аңғал сөз де, ұлағатты ой да бар және осылардың бәрі өз орнында өте бір қисынмен жарасымын тауып отырады»[2, 29 б] деп суреткерлердің сөз қолдану шеберлігі түрліше болуы мүмкін, көркем сөздің өрнегін кестелеп беру бұл суретшінің қылқаламен салған ғажап туындысы тәрізді болуы керектігін де айтып өтеді. Көркем сөздің табиғатына мұншалықты мән беріп, өзі өмір сүрген уақыттың үздік туындыларын сұрыптап алып, оған сын тұрғысынан қарап, кем-кетігін толықтырып көркем шығарманы қай қырынан алып талдап-таразылауда ғалым алдына жан салмады. Ғалым сонымен қатар көркем сөздің әсерін ғана емес, ана тіліміздің сиқыры мен құдіретін түсінуде жас та, жасамыс данышпан да Абайдан тәлім алу керектігін айтады. «….ұлы ойшыл қандай елеусіздеу көрінетін адами мәселенің төңіргінде сөз қозғалса да, жүрекжарды сырын санаға жеткізсе, талдап, санамалап айтады, демек философ-ақынның ойының сыртқа шыққан мазмұнында ойдың, оны түсінікті етіп тұрған сөздің байлығы да, тазалығы да, қисындылығы да, тіпті әуені мен интонациясы да барынша айқын сезіледі. Соның арқасында оқырман өзін бейжай ұстай алмайды, әлде бір жақсы әркетке ұмытылады, яғни данышпанның ойы сөздері орнымен, әсерлі қолдануы нәтижесінде логикалық қуатымен, психологиялық ықпалымен еріксіз баурап алады» [2,184 б] дей келе көркем сөздің құдіреттілігі WWW.ENU.KZ соншалық, ол тек оқырманына әсер етіп қана қоймайды, жақсыға ұмытылуға тәрбиелейтінін айтады. Сөзімізді қорыта келе, күллі ғұмырын ғылымға арнаған ғалым М.Серғалиевтің қазақ тілінің қай саласында болмасын атқарған еңбегі өлшеусіз. Ғалымның еңбектерін оқып отырсақ, әрі тілші, әрі сыншы, әрі әдебиетші, әрі аудармашы ретінде танимыз. Бүгінде ғалымның «Сөз сарасы», «Көркем әдебиет тілі» «Кең өріс», «Ой өрнегі» деген сияқты еңбектерін филология мамандығынын студенттері мен магистранттары үшін оқыту аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, ғалымның ғылым мен білімге, адебиет пен мәдениетке қосқан еңбегі еш уақытта маңызын жоймас. Пайдаланылған әдебиет 1)Алкебаева.Д.А. Қазақ тілі стилистикасының прагматиасы. Алматы, 2005 2)Серғалиев.М Көркем әдебиет тілі. — Астана, 2006. 3) Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003.- 208 б 4)Серғалиев.М Стилистика негіздері.- Астана, 2006. 5) Тіл білімі ҚР ҰҒА академигі М.С.Серғалиевтің 70 жасқа толуына орай өткізілген қазақ тілінің стилистикасы және тіл мәдениеті атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Астана, 2008.

Читайте также:  ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА БИРЕСМИ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Оставить комментарий