Көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдардағы тарих айту дәстүрі

Өткен тарихында басым түрде көшпелі немесе жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында өмір сүрген халықтардың ғылыми тарихын жазуда тарих айту дәстүрі материалдарының деректік сипаты туралы мәселенің маңызы үлкен. Бұл жағдай жадта сақтап ауызша айту мәдениетінің көшпелі қоғамдардың өмірінде, әсіресе оның рухани мәдениетінде алатын орнынан туындайды. Міне осыған байланысты қазақ және басқа онымен тағдырлас халықтардың тарих айту дәстүрін теориялық тұрғыдан ғылыми талдауға алу қажет­ақ. Өкінішке орай бұл тақырып ғылыми еңбектерде арнайы зерттеу тақырыбына соңғы жылдары ғана айнала бастады. Ал өз кезегінде бұл мәселеге жаңа тұрғыдан келіп, оның табиғатына сай зерттеу әдістерін қалыптастырмайынша іргелі мәселе – көшпелі және отырықшы мәдениеттердің даму барысындағы ортақ қасиеттерімен бірге өзара ерекшеліктерін белгілі бір ғылыми деңгейде түсіндіріп беру қиынға түседі. ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ *Бұл материалдың өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазылғанын ескертеміз. Ал егер, мәселені нақты қазақ тарихымен байланыста қарасақ, онда соңғы жылдарға дейін тарихшы мамандардың фольклорлық ескерткіштердің деректік сипатын мойындаудан әрі аса алмағандығын айтуға тура келеді. Қазақ халқының тарих айту дәстүрі материалдарының тарихи реконструкцияда алатын орны, ғылыми тарихқа байланысты жанрлық ерекшеліктері мен оларды пайдалану әдісі монографиялық зерттеулер көлемінде арнайы сөз болуға лайық. Біз бұл тарауда қазақ халқының тарих айту дәстүрінің жанр ретінде мазмұнына, функциялық ерекшеліктеріне, оның деректік материалдарының зерттеу еңбектерінде айналымға түсу тарихына, сондай­ақ тарихи жыр, жыраулар мұрасын негізге ала отырып кейбір методологиялық мәселелерге тоқталмақпыз.

Сонымен, ауызша тарих айту дәстүрі дегеніміз не? Бұл сұраққа жауапты, біздің түсінігімізше, жалпы жадта сақтап айту дәстүрі немесе ауызша айту мәдениеті сияқты ұғымдарды талдаудан бастаған жөн. Өйткені жадта сақтап тарих айту жалпы ауызша айту дәстүрінің құрамды бөлігі, сол мәдениет жүйесінде ғана қалыптасып өркендей алатын құбылыс. Тарихи тұрғыдан алғанда ауызша айту дәстүрі, басқаша айтқанда қоғамның өз рухани өндірісін негізінен немесе бүтіндей осы жолмен өрбітіп, кейінгі ұрпақтарға да осы арнада жеткізіп отыруы жазба мәдениеті біржола орныққанға дейінгі тарихи кезеңді қамтиды. Ал ол кезеңнің әрбір қоғам тарихындағы уақыттық шеңбері сол қоғамның нақты экономикалық, әлеуметтік және мәдени өсу қарқынына, ерекшеліктеріне тікелей тәуелді. К.Маркс грек өнері мен эпосының қоғамдық дамудың белгілі бір тарихи түрлерімен байланысын айта келіп «Ахиллестің оқ­дәрі мен қорғасын дәуірінде болуы мүмкін бе? Немесе «Иллиаданың» баспа станогы, тіптен типографиялық машинамен бір мезгілде болуы? Баспа сөздің шығуымен бірге жыраулық өнер, батырлар жыры мен Муза, сондай­ақ эпикалық поэзияға сұраныс тудыратын шарттар да ғайып болмайды ма?»1 – деп жазды. Сонымен бірге жадта сақтап айту дәстүрінің қоғамдық дамудың ерте кезеңіне тиесілі екендігін мойындаумен шектелу жетімсіз болар еді.

Читайте также:  ДИЗАЙНДА ЭТНОСТИЛЬДІК ТҮСТІК ШЕШІМДІ ҚОЛДАНУ

Жадта сақтап айту мәдениетінің қоғамдық қатынастар жүйесінде алатын орны, оның ішкі өсу, өзгеру динамикасы барлық қоғамдарда бірдей емес. Егер де шаруашылығы егіншілікке негізделген отырықшы елдерде қала, қолөнер және саудамен бірге жазба мәдениетінің де өркен жаюы біртіндеп ауызша айту дәстүрінің рухани өндіріске ықпалын тарылта түссе, керісінше қоғамдық өмірі көшпелі немесе жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделген қоғамдарда ауызша айту мәдениетінің жан­жақты дамуына қажет қолайлы шарттардың түзілгендігін байқаймыз. Мәселен, орта ғасырларда, әсіресе оның бастапқы кезеңінде сауаттылық кең тарай қоймаған орыс қоғамында фольклор әлеуметтік топтардың дерлік барлығын қамтиды. Ерте феодалдық эпос «Игорь полкі туралы сөз» (ХІІ ғ.) ауызша айту дәстүрі мен жазба мәдениетінің аралығында тұрған ескерткіш1. Одан бергі кезеңдерде қоғамда сауаттылықтың билеуші топтардың, қала тұрғындарының арасында тарай бастауына байланысты ауызша айту дәстүрі негізінен бұқара халықтың, төменгі әлеуметтік топтардың өнеріне айналды. Сонымен бірге ол кітап басу мәдениеті жетілген сайын қоғамдық тәжірбиені сақтап кейінгі ұрпаққа жеткізуші, қоғамдық таным мен пікірді білдіруші жалғыз құрал болудан қалады.

Тура осындай ұқсастықты басқа да отырықшы мәдениеттерден байқаймыз. Неміс ғалымы Г. Штробах сауаттылықтың тарауына байланысты кейінірек ХҮІғ. Германияда қала бюргерлерінің орта, кейінірек төменгі топтарының, ал ХІХғ. бастап село тұрғындарының рухани мәдениеті жүйесінде халықтың поэтикалық шығармашылығының дәстүрлі жанрларының үлесі бұрынғыдан да азая түскендігін, оларды түрлі кітаптарды оқу мәдениеті ауыстырғандығын айтады2. Объективті себептерге байланысты көшпелі немесе жартылай көшпелі шаруашылыққа, соған сай өмір салтына негізделген қоғамдарда жазба мәдениетінің кең таралуына қолайлы шарттардың түзіле қоймауы ауызша айту дәстүрінің өзге ауқымда және деңгейде көрінуіне негіз болды. Басқаша айтқанда, оның қоғамдық­мәдени құбылыс ретінде қалыптасу, даму және гүлдеу сатыларынан толық өткендігін көреміз. Сонымен бірге ол соңғы тарихи кезеңдерге дейін қоғамның барлық әлеуметтік топтарын қамтыды. Біз бұл арада, әрине ауызша айту дәстүрінің даму барысындағы мұндай ерекшеліктерді көшпелі қоғамның артықшылығына жатқызғалы отырған жоқпыз. Адамзаттың прогрессивті даму жолындағы қоғамдық еңбек бөлінісі, соның нәтижесі ретінде рухани өндіріс саласындағы аса маңызды жетістіктер, баспа мәдениетінің өркен жаюы өмірде сапалы жаңа кезеңді бастап бергендігі даусыз факті. Бұл арада біздің айтпағымыз жазба мәдениетінің кең тарауына қолайлы өмірлік шарттардың болмауы ауызша айту дәстүрінің осындай бағытта және ауқымда дамуына негіз болғандығы еді. Еуразия кеңістігінде мекендеген түркі халықтарында ауызша айту дәстүрінің түрлі жанрларының (эпос және оның түрлері, халық прозасы, шежіре ж.б) және оларды орындау өнерінің даму жолы бұл пікірге толық дәлел бола алады.

Читайте также:  Досан Тәжиев өмірбаяны

Ауызша айту дәстүрінің көшпелі немесе жартылай көшпелі қоғамдарда даму ерекшелігін алдымен оның әлеуметтік­мәдени функциясынан анық көруге болады. Отырықшы қоғамдарда жазба мәдениетінің түрлі әлуметтік топтардың арасына енуі қоғамдық, әлеуметтік сұраныстарға сәйкес рухани өндіріс саласындағы еңбек бөлінісіне ұласатындығы мәлім. Соның нәтижесінде қоғамдық шындықты әрқайсысы өз тұрғысынан түсіндіруді мақсат тұтқан әдебиет, тарихтану, философия сияқты және басқа да қоғамдық ғылым, өнер салалары қалыптасып, өркен жаяды. Жазба мәдениеті негізінде ғана жүретін мұндай қоғамдық сана саласындағы жіктелудің көшпелі өмірге бейімделген өмір салты үстемдік құрған қоғамдарда болмауы ауызша айту дәстүрінің көптеген жанрларының синкреттік сипатының сақталып қалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қайта оның бұл қасиетінің одан ары жетіле түсуіне итермеледі. Мәселен, эпостың ауызша айту дәстүрінің негізгі жанрларының бірі ретінде қоғамның үдемелі дамуына сай барған сайын кемелдене түсіп, қоғамдық шындықты мифтік дәрежеде қорытудан оны жан­жақты бейнелеудің және танып білудің құралына, тарихи оқиғалардың бірден­бір жетілген тарихи жылнамасы, куәлігіне (тарихи жыр) айналатындығы соның айғағы. Дамыған федолдық қатынастар жағдайында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісе түсуіне байланысты қоғамдық күштер арасындағы күрес құралы ретінде ауызша айту дәстүрінің әлеуметтік рөлі арта түсетіндігі де талас тудырмаса керек. Сондай­ақ, оның бұл функциясы көркем әдебиет және қоғамтану ғылымдары дербес даму алған отырықшы мәдениеттермен салыстырғанда көшпелі өмір салты үстемдік құрған қоғамдарда айқын және кең көлемде көрінді.

Өйткені ол бұл қоғамдарда қоғамдық ойдың, әлеуметтік сын мен әшкерелеудің, идеологиялық күрестің пәрменді құралы міндетін атқаруға тиісті еді. Міне осыған байланысты көшпелі елдердің фольклорлық туындыларынан қайсы бір зерттеу еңбектерінде бой көрсетіп қалатынындай, халықтың тек эстетикалық талғамы мен этикалық көзқарасын, тұрмыстық дәстүр ерекшеліктерін ғана көру жалпы жадта сақтап айту дәстүрінің бұл қоғамдардың қоғамдық қатынастар жүйесінде шын мәнінде атқаратын табиғи функциялық рөлін тар шеңбермен шектеу болып табылады. Бұл кезекте жадта сақтап айту дәстүрі мен ауыз әдебиетінің ара қатынасы туралы мәселенің маңызы үлкен. Біздің түсінігімізше, халықтың жадта сақтап айту шығармашылығы (әсіресе оның кемел шағында) халық ауыз әдебиетінің баламасы емес. Әдебиет (оның фольклорлық және жазба әдебиеті сатыларында да) қоғамдық шындықты қорытудың және түсіндірудің бірден­бір түрі ғана. Сол сияқты, жанрлық ерекшеліктерін саралап алмайынша, жадта сақтап айту дәстүрін бүтіндей тарих айтудың, тарихи оқиғаларды түсіндірудің бастапқы түрі ретінде қарау да қисынсыз болар еді. Осы тұрғыдан келгенде халық ауыз шығармашылығын зерттеуге арналған еңбектерде оның синкреттік сипатын негізге алу өзін­өзі ақтайтын әдіс. Бірақ бұл арада, біздің ойымызша, сол синкреттілік қасиеттің өзінің ішкі даму кезеңдерін есепке алудың мәні үлкен. Өйткені әлеуметтік­экономикалық жағдайлардың өзгеруі барысында қоғамдық сананың, оның көрінісі болған жадта сақтап айту дәстүрінің де өмірлік шындықты бейнелеуде жаңа сапаға көтерілуі заңды құбылыс. Олай болса негізінен қоғамдық қатынастардан бастау алатын мифологиялық танымның тарихи шектеулігі мен дамыған феодалдық қатынастар шындығынан туындаған қоғамдық сананың өзара ерекшеліктерін елеместен, оларды талдауға бір өлшеммен келу методологиялық қателік болар еді.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯСЫ

Демек, архаикалық синкреттілік пен дамыған жадта сақтап айту дәстүрі синкреттілігі, белгілі дәрежеде, әртүрлі сападағы көріністер. Басқаша айтқанда, бұлар бір сападағы құбылыстың түрлі даму сатылары, соңғысы алғашқысының, салыстырмалы тұрғыдан айтқанда, кемел түрі. Тура осы сипаттағы мәселелерді қарауға байланысты ғылым методологиясы бойынша белгілі маман Э.В. Ильенков: «Ғылым қалай болғанда да түрлі тарихи кемелдік сатысындағы бір ғана құбылысты зерттейді»¹ – деп көрсетуі орынды айтылған пікір. Дамыған жадта сақтап айту дәстүрінің тарихи шындықты бейнелеудегі мүмкіндіктері оның фактілік материалдарын тарихи дерек, ал дәстүрдің қайсыбір салаларын жазба тарихқа дейінгі тарих айтудың түрі ретінде қарауға негіз болды. Оған бұл мәселені тарихнамалық түрғыдан қарау арқылы көз жеткізуге болады. Ал өз кезегінде объективті тарихнамалық талдаудың алғышарты – бет бағдарын кемел тарих айту дәстүрі айқындаған көшпелілер мәдениеті өз мүмкіндіктеріне сай жазба дәстүрін де қатар дамытып отырғандығын есепке алу болып табылады.

Оставить комментарий