Загрузка…

КӨШПЕЛІЛЕРДІҢ ШЕКАРАЛЫҚ СТРАТЕГИЯСЫ

Орталық Азия көшпелілер тарихы адамзат тарихының маңызды бөлігі болып табылады. Дегенмен де, әлі күнге дейін көшпелілер тарихына байланысты мәселелер кешені өз шешімін таба алмай отыр. Көптеген еңбектер Орта Азия тарихын логикалық тізбегі жоқ, кездейсоқ оқиғаларды баяндайтын сыртқы дереккөздер негізінде суреттейді. Көне дереккөздерге сүйенетін болсақ, Орталық Азия аймағын мекендеген көшпелі тайпалар бірін-бірі алма-кезек ауыстырып тарих сахнасына шығып отырған, бірақ олардың өзара ерекшеліктері, әр тайпаның дербес тағдыры болғаны жайлы мардымсыз мәлеметтер беріледі. Көшпелілер сыртқы әлемге таныла бастаған кезеңде, көршілес халықтар сюннулар мен ғұн тайпалар конфедерациясының шабуылын «табиғи тарихи құбылыс» деп танып, «Құдайдың адамзатқа жіберген жазасы» ретінде ғана қарады[1.14]. Кейінгі кезеңдерде, көшпелілердің жорықтарының алғышарттары мен себептерін және жалпы тарихын зерттеушілер көшпелілер ареалының аридизациясымен түсіндіруге талпынды. Осының барлығы көшпелілердің сыртқы әлеммен қарым-қатынас тарихына өз ізін қалдырғаны белгілі. Бұл қарым-қатынастар кездейсоқ түрде болды деген желеумен, тарихи үрдістің заңдылығы жойылып, соның салдарынан Орта Азия тарихының маңызды бетттерінің бірі болып саналатын көшпелілер мен отырықшы халықтар қарым-қатынас тарихына жалған таптаурындар (стереотиптер) жамылып, номадофилия мен номадофобияның кезекті жарысына бастау береді. Орталық Азияның жүйелі тарихын жасауда басты орталық мәселелерінің бірі тарихи оқиғаларды ой-електен өткізуге мүмкіндік беретін потенциалды сарамтамалық схема-модельдің болмауы болып табылады. Орталық Азияны соның ішінде көшпелілер тарихын (әдеттегідей тек Иран, Ресей немесе Қытай тарихын емес) зерттеген ғалымдардың өздері тек халықтардың даму тарихының іргелі мәселелермен ғана шектелген[1.14]. Зерттеушілердің басым бөлігі лингвистикалық мәселермен, өнертану сұрақтарымен, мәтіндерді аударумен айналысып, Орталық Азия тарихы қазіргі таңдағы қоғамдық және тарих ғылымдарыңың әдіснамасының айналымына толыққанды түсе алмай отыр. Орталық Азия тарихын кешенді түрде зерттеу тарихи және антропологиялық сұрақтардың жауабын табуға мүмкіндік береді. Ішкі Азия ауданы (Орталық Азия аймағының жүрегі) ғасырлар бойы өзара қарсыласушы, өздері және көршілері туралы тұрақты танымдары қалыптасқан екі қос мәдениеттің өзара қарым-қатынас ареалы болғаны белгілі. 2000 жыл уақыт ішінде көшпелі халықтар әлемдегі ең ірі аграрлық империяның біріне қарсы тұрып, оның құрамына кірмей табанды әскери-саяси қарсылық көрсетті әрі супермәдениетін де қабылдаған жоқ. Майданның бір жағында империялық Қытай тұрды, және Аспан асты елінің мемлекеттік дәстүрі бойынша қалған әлем Қытайға бағынуы, мойынсынуы тиіс болып саналды. Мемлекет атауының өзі (Чжунь го – Орталық мемлекет) Қытай өркениетінің әлем эпицентрі екеніне нұсқайды. Қытай мемлекеті күшейген сайын көршілес халықтарды бағындырып, өз мәдениетінің тұтқынына айналдырып отырды. Тіпті өз мәдениетін ерекше қызғыштай қорғай білетін Корея, Жапония сияқты мәдениеті қуатты елдер де Қытайдың саяси-мәдени қамауында қалып қойды. Алайда Шығыс Азия халықтарының үлгі-өнегесін солтүстік аудандардағы жаугершіл дала көшпелілері қабылдамай, Қытайға қарсы тотальды қарсылық көрсете алды. Олар Қытай мәдениеті мен идеологиясын қабылдамағанының үстіне олардан қандай да бір құндылық көруден де бас тартты. Айрықша көңіл тек материалды тауарларға бөлінді. Міне, осы тұста көшпелілердің отырықшыларға деген көзқарасы мен танымы байқалады. Ал одан өз кезегінде бізге көшпелілердің идеологиясы, сыртқы саясат бағыттары т.б. айқын көрінеді. Сюннулардың саясаты империялық сананы ұлықтап, өздерінің статусын әрқашанда қытайлықтармен тең дәрежеде ұстауға ұмтылып отырды. Бұл саясат көшпелілердің өмір салтынан шықты десе де болады. Егер сюннулар державасының халық санын, қытайлық Хань империясымен салыстыратын болсақ, онда көшпелілер айтарлықтай қаһарлы жауынгер халық болып көрінбейді. Сол уақытта көшпелілер шамамен 1,5 млн адам болса, қытайлықтар 60 млн еді[2.104]. Ендеше, осыншама ұсақ мемлекет, үш ғасыр бойы алып ірі мемлекетті қалай үрейде ұстап отырды деген заңды сұрақ туындайды. Сюннулар державасының қуаттылығы көп жағдайда өзінің Қытайға қатысты тиімді әрі материалдық жағынан өнімді сыртқы шекаралық саясатымен байланысты болды. Бұл саясат, конфуцийлік интеллектуалдар ойлап шығарған көптеген қытайлық сыртқы саясат доктриналарынан артық әрі күнделікті өмірде пайдалы болып шықты. Сюннулардың шекаралық саясаты, мейлінше зерттелген тақырып. Осы арада Американдық ғалым Томас Дж. Барфилдтін концепциясы ерекше қызығушылық танытады. Оның пікірінше сюннулардың сыртқы саяси доктринасы үш басты компоненттерден құралған: 1) ірі тонауға ұшыраған қытайлық жериеленуші территорияларынан саналы түрден бас тарту (ірі жеңістерге де қарамастан); 2) Қытай үкіметін қорқытып үрейлендіру мақсатында тонаушылық жорықтарды жасау; 3) Қытайдан түсетін «сыйлықтардың» (салықтардың) мөлшерін ұлғайту мақсатында соғыс пен бейбітшілік күндерді алма-кезек ауыстыру[2.105]. Сюннулардың басты шекаралық саясаты Қытай территориясына күтпеген жерден соққы бере алатын, керек кезде шегіне алатын шапшаң өмір салтының артықшылығын ұғынудан, саналы түрде түсінуден тұрды. Көшпелілер саны аз болғандықтан, оларға өз қарсыластарына алыс қашықтықтан ықпал етіп, «дистанциялық» үстемдік жүргізу әлдеқайда тиімді болды. Тонаушылық жорықтарынан соң, Шаньюй қытайлықтарға «бейбітшілік және туысқандық» жайлы келісімшарт ұсынысымен елші жіберіп отырған. Ұсыныс қабылданбаған кезде, олар қытайлардың өздері «бейбітшілік пен туысқандықты» сұрағанша тонаушылық жорықтарын жалғастыра берген [3.59-61]. Кавалериялық шабуыл жасай отыра көшпелілер бір бағытта атты әскердің едәуір санын бір бағытта жұмылдырып отырды. Бұл өз кезегінде номадтарға мобильділік қозғалыс сапасы төмендеу қытайлық жаяу әскер алдында айтарлықтай басымдық беріп отырды. Ханьдықтардың негізгі күші таяп қалған кезде, сюннулар бұл кезде алыста, іздері ғайып болып отыратын. Сюннуларда қалалар мен берік фортификациондық құрылыстар болмағанының өзінде де, қытайлықтар үшін олар өз Отанында да қолға түспейтін өте ыңғайсыз саяси-әскери қарсылас бола білді. Меншіктерімен және малдарымен қоса олар әдетте қытайдың жаяу әскерінен жеңіл сытылып қашып отыратын. 112 жылы Қытай тарихнамасында айтарлықтай гротеск пен трагикомедия жанрына сай оқиға орын алды. Қытай елшісі шарасыздықтан бар ашуымен Шанью Увейге: «Егерде, сіз, Шаньюй шаманыз келсе, Ханьға қарсы шығып, соғысыныз. Аспанның сүйікті Ұлының өзі сізді шекарада қалың қолдың басын бастап күтіп тұр. Ал, егерде, сіздің оған шамаңыз келмесе, оңтүстікке бетіңізді қаратып, өзіңізді Хань вассалы екеңізді мойындаңыз. Шөлді аймаққа, солтүстікке қарай суы мен шөбі жоқ, өмір сүруге ыңғайсыз суық әрі қатал жерге қашудың қандай қажеті бар?!» деп күйінішті нотадағы ұсыныс-талап қояды[4.47]. Көшпелілердің Қытайға қысым жасаудың басты құралы ретінде қорқыту, үрейлендіру тактикасы, немесе аталмыш осы жорықтардың жасалу қаупі болып табылады. Жорықтар әдеттегідей, күзгі кезеңде жылқылар күйленіп семірген кезде және қытайлықтар егіндерін орып жинай бастаған уақытта жүргізілді. «Қазір күз, сюннуларда жылқылар семірген, сондықтанда олармен соғысудың қажеті жоқ», — деп Лу Бодэ Қытай императорына баяндама жасаған болатын [3.17]. Сюннулардың әскери жорықтары саналы түрде күйрету-қиратушылықпен жүргізіліп отырды. Көшпелілер егіндерді ерекше қатыгездікпен басқылап, қоймалар мен шаруалардың қоныстарын өрттеп, өздерінің болашақ кіріс көздерін өздері жойып жатқанына көңіл бөлмеді. Олар ханьдық әкімшіліктің шекаралық аймақтардың тұрақтылығына мүдделі екенін және қытай билеуші аппаратының ауыртпашылықтарға қарамастан бәрібір қираған қоныстарды қайтадан орнына келтіріп, бос жатқан иесіз қалған жерлерді қайтадан қолға алатынын білді. Сондықтан шекаралық «террор» сыйлықтарды, саудалық басымдықтарға ие болуда шаньюйлердің сүйікті қаруына айналды. Қытайлық иммигрант Чжунхан, Лаошань-шаньюй кезінде кеңесші болған ресми тұлға қытай императорының елшісіне: «Хань елшісі артық сөзді айтқанша, ханьдықтардың сюннуларға жіберетін жібек маталары мен күріштердің саны мен сапасын ойла! Құр босқа сөйлеудің қандай қажеті бар?! Егер тасымалданатын заттардың мөлшері мен сапасы жоғары деңгейде болатын болса, барлығы (даулар мен кикілжіңдер) осы тұста өз аяғын табады, ал егерде заттардың саны аз немесе сапасы төмен болса, егін піскен кезде біздің атты әскер егіндеріңді басып-шаншитын болады»[5.46-47] деп сес көрсетеді. «Империялық конфедерация» мүшелерінің қажеттілігін өтеу үшін және ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатында шаньюй қарапайым көшпелілер жұртының экономикалық мүдделерін қорғауға мәжбүр болды. Ол оны екі әдіс арқылы Қытайға жорық шабуылдары немесе шекаралық сауда қатынасымен жүргізе алатын еді. Алайда, Қытай дереккөздерінен соғыс сюннулар үшін сауда- саттық қатынастардан едәуір тиімді болғанын аңғарамыз [4.262]. Бұл, өз кезегінде сюннулардың Қытайға қатысты саясатының сипаты мен мәнін анықтады. Соғыстар мен бейбітшілік жылдардың алма-кезек ауысуының себептерін сюннулардың экстенсивті экономикасымен түсіндіруге болады. Экстенсивті экономикаға негізделген көшпелі мал шаруашылығы тұрақсыздығымен ерекшеленетіні белгілі. О. Латтимордың «таза көшпелі — әрқашанда кедей көшпелі» («чистый кочевник — бедный кочевник») қағидасына сай, сюннулардың өмір салты қауіп-қатерге, тосын «сыйларға» толы болатыны мәлім [6.124] Жұт, эпидемия, аштық көшпелі қоғамдарға тән нәрсе, сондықтан Шаньюй билігі көбіне «беделді» экономика жүйесіне тәуелді болды[6.132.]. Нәтиежесінде шаньюй, қаған халықтың мүддесіне сай қимылдап, халық не қалады, соны бұйыратын. Ал халық экономикалық дағдарыс орнаған кезде, кезекті жорық кампаниясын жасауға тілек білдіретін. Беделді экономика қағидасы жорықтардан түскен олжаларды шаньюй, қаған, кейін хан, сұлтандар қоғам мүшелеріне бөліп таратып, халық арасында өз беделін өсірумен ерекшеленеді. Демек, билеуші өз билігін (ішкі саясатты) нығайту мақсатында сыртқы саясатта белсенділік танытып, жорықтарды ұйымдастыруға тәуелді болды. Сыртқы саясат көшпелілер мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты анықтады. Екі мәдениет арасында қауіпті шекара орнап, екі әлем сан ғасырлық саяси-әскери әрі мәдени жарысқа түсті. Осы жерде екі мәдениет арасында коммуникациялық қатынастар мәселесі туындайды. Қандай ортақ негізде осыншама қарама-қайшы мәдениеттердің кездесуі мүмкін болды және олар қандай деңгейде қарсыластарының мықты әрі әлсіз жерлерін ұғынды деген сұрақтар бізге орынды болып көрінеді. Көшпелілер мен қытайлықтардың дүниетанымға байланысты әр түрлі ұстанымда болуы олардың қарым-қатынасына, мәдени сұхбатына айтарлықтай кедергі жасап отырды. Рулық қоғамның билік туралы концепциясы қытайлық Аспан асты императорының билік концепциясына тура қарама-қарсы мағынада болды. Көшпелілердің билік концепциясының кемелді көсемі Тәңірден құт (бақыт, жеңіс) пен харизма дарыған және үзеңгілестерінің қолдауына ие болған жауынгер-батыр болса, Қытай императоры өз сарайында жалғыз сырт көзден жасырынып, шенеуніктерден келіп түсетін баяндамаларды талдап, күрделі бюрократиялық жүйені басқаратын әкімшілік тұлға болды. Мұндай айырмашылықтар қоғамды тұтас билеп, көшпелілердің мемлекеттік идеологиясына ксенократиялық ұстанымдарды орнатты. Қорытындылай келе, сюннулардың сыртқы саяси доктриналарын тереңірек қарастырған сайын, Орталық Азия тарихында мемлекеттердің (көршілес мәдениеттердің) тағдырына шекара саясаты қаншалықты рөл атқарғанын түсіне аламыз. Демек, бұл өзекті тақырып болашақ өз зерттеушілерін әлі де асыға күтуде. Әдебиеттер тізімі 1.Барфилд. Т.Дж. Опасная граница. Кочевые империи и Китай (221 г. до н.э. – 1757 г. н.э.). Санкт- Петербург, 2009. 248 б. 2.Крадин Н.Н. Империя Хунну. М, Логос. 2001. 312 б. 3.Таскин B.C. 1973. Предисловие // Материалы по истории сюнну (по китайским источникам) / Введ., пер. и коммент. B.C. Таскина. Вып. 2. М.: 3-17. 4.Лидай 1958: Лидай гэцзу чжуаньизи хуйбянь [Собрание сведений о народах различных исторических эпох] / Сост. Цзянь Боцзань и др. Т. 1. Пекин (на кит. яз.). 5.Бичурин Н.Я. (перев.) 1950аб [1851]. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. М.; Л.: Изд-во АН СССР. Т. I–П 6.Крадин Н.Н. Кочевники Евразии. Алматы, Дайк-Пресс. 2007. 416 б.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar