Кәсіби сурет өнерінің пайда болуы

Ресейдің оңтүстік­шығысы үнемі ғалымдар мен суретшілердің, саяхатшылардың көңілін аударды. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін бұл мәселе мемлекеттік деңгейге көтерілді. Қазақстанның байырғы өнертанушыларының бірі Н.С.Мухиннің деректері бойынша революцияға дейін және кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанға ғылыми, барлау экспедицияларымен, жеке мақсаттармен 1664 суретші келген. Олардың көбі Ресей, Еуропа арнаулы оқу орындарынан білім алғандар болатын. Қазақ жерлерін, табиғи байлықтарын, дәстүрлі мәдениетін зерттеуде Қазақстанның түрлі аймақтарына бірқатар ғылыми­зерттеу экспедицияларын жасақтаған орыс географиялық қоғамы үлкен роль атқарды. Осындай әрбір экспедицияда суретші географтар болып, көргендерін түсіріп алып отырды. Суретшілер далаға әртүрлі жолдармен, әртүрлі мақсаттармен келді. Ағылшын суретшісі Джон Кестль немесе академиялық сурет салушы Петр Григорьев ғылыми экспедициялармен келді, ал Андрей Горонович мемлекеттік қызметке, Василий Штернберг қонаққа келді, Тарас Шевченко мен Бронислав Залесский айдауда болды, Василий Верещагин әскери жорыққа қатысты, В.Белослюдов пен Г.Гуркиндер қазақ өңіріне қатынасты қызықты этнографиялық материалдар жинады, Павел Кузнецов сияқтылар үйлесім мен тазалық іздеп табиғатпен кірігіп кету мақсатында келді. Орыс, Еуропа өнеріндегі қазақ тақырыбының бірінші кезеңіне суретші­топографтар мен саяхатшылардың суреттері мен гравюралары жатады. Бұлар Т.Аткинсонның, И.Клапроттың, Е.Корнеевтің, В.Штернберг, А.Чернышев, А.Гороновичтің жұмыстары. Олардың сюжеттері еуропалықтардың көзқарастары бойынша ерекше көзге түсетін бие сауу, бүркітпен аң аулау, киіз үй интерьері мен ондағы тұрғындар, ұлттық салттар мен әдет­ғұрыптар сияқты қазақтардың күнделікті тұрмысының көріністері болатын. Бұл шығармалар реалистік сипатымен, материалдарды дәл, анық беруге ұмтылысымен ерекшеленеді. Суретшілердің профессионалдық деңгейіне орай олардың жұмыстары әртүрлі көркемдік деңгейде болғанмен, олардың бәрінде қазақтардың этникалық бейнесінің ерекшеліктеріне, Қазақстан табиғатының сұлулығына, көшпелі өмірдің сипатына қызығу байқалады. Бұл суретшілердің шығармашылығында еуропалық реалистік дәстүрдің ағымында алғаш рет қазақтардың, олардың тұрмысының, тұрғын жайларының, құрал­саймандарының, қолданбалы өнерінің, музыкалық аспаптарының шынайы көріністері беріліп, портреттік суреттері жасалды. Орыс ориентализміндегі бұл кезеңді сырттай тану, көргенді дәл түсіріп алудағы алғашқы тәжірибелер кезеңі деп атауға болады. Бұл суреттер мен гравюралар еуропалықтарға экзотикалық сипатта көрінген дала әлеміне таңғалу мен қызығушылықты бұл күнге дейін жеткізді. Бізге жеткен алғашқы суреттердің қатарына мемлекеттік кеңесші И.К.Кирилловтың 1734 жылғы Орынбор экспедициясына қатысқан ағылшын суретшісі Джон Кестльдің жұмыстары жатады. Оның өз суреттері бойынша жасаған өте қызғылықты гравюралары далалықтардың өзіндік типтерін, киімдерінің ерекшеліктерін, әскери қару­жарақтарын, дала табиғатын бүгінгі күнге дейін жеткізді.

Бұлардың ішінде құмалақ ашу, қонақ күту сахналары, көш көріністері, көлден өту эпизодтары бар. Оның суреттерінде әртүрлі бейтаныс көріністерді дәл беру мақсатымен қатар жанды, шыншыл бақылаулар бары байқалатыны да қызық. Жергілікті ерекшеліктерге таңдана қарау суреттері салынған кейіпкерлердің жан дүниесіне үңіле қарауды басып кетпеген. Бұл ерекшелік, әсіресе, Әбілқайыр хан мен оның ұлы Ералының портреттерінен көрінеді [1]. Саяхатшының жан дүниесінде мазаң күйден ада, бейтаныс, бір көргенде ғана көңілсіз Орталық Азия табиғатын тану сезімі пайда болады. Кестль үнемді штрихтармен түпсіз аспан тереңдігі мен даланың шексіз жазықтығын сезінуге мүмкіндік береді. Сараң, аз сөзді құралдармен композицияны антуражбен ауырлатпай Жер мен Көктің тікелей, жақын байланысы көрінісін береді. Нәзік көңіл күйлі, терең мағыналы суреттерді ағылшын суретшісі Томас Аткинсон 1847­ 1854 жылдары Қазақстан мен Сібірге жасаған саяхаты кезінде салған [2]. Архаикалық статиканы сезіну мен фигуралардың шартты стаффаждығы, этнографиялық элементтердің молдығы XVIII ғасырдағы ғылыми­барлау экспедицияларына қатысқан суретшілер жұмыстарының негізгі ерекшелігі. Бұл ерекшеліктер 1770­1774 жылдары Орынбордан Байкалдың арғы бетіне дейін барған профессор И.Фальк экспедициясына қатысқан академиялық суретші П.Григорьев жұмыстарына, И.Фалькке көмекшілікке тағайындалған И.Г.Георги жұмыстарына, саяхатшы және ориенталист И.Клапрот суреттеріне, суретші­профессор Г.Ф.Миллер жұмыстарына, 1770 жылғы П.С.Паллас экспедициясының сызба жұмыстарына тән. Бұл суреттер ғылыми еңбек басылымдарымен, саяхат жазбаларымен қатар жүре отырып қалың томдарға тың, таңдана қараған көздің әсерлерін, суретшінің көш пен даланың бейтаныс әлемін көргендегі таңданысын, еуропалық үшін жат әдет­ғұрыптарды, этникалық типтерді, тұрмыс ерекшелігін әкелді. Қатаңдау статикалық позада болса да конус тәрізді үшкір төбелі елтірі бөрікті немесе киіз қалпақты, ақ жаулықты [3], тон, әртүрлі бешпент шапанды, кейде киіз үйлерінің жанында, кейде атты, кейде жаяу, әудем жерде жайылып жүрген сансыз көп жылқылы, қойлы, түйелі, кең дала жиегіне дейін кеткен көшпелілер әлемі оқушыны таң қалдырады. Бұл Петрден кейінгі Ресейдің даламен іс жүзінде алғашқы танысуы болатын. Көршімен арадағы моңғолдарға дейінгі жақындық пен қан араласқан туыстық кезеңі алыста қалған. Ресей даланы қайта тану үстінде оған бөтенсіне қарап, жаңа деректер мен пайдалы көздер іздеді. Ресей Орталық Азияның қисапсыз байлықтарына рухани тұрғыда салқын есеппен, прагматикалық мақсатпен қарады. Далаға жасалған барлау экспедициялары Россияның императорлық тағының, Екінші Екатеринаның даңқын асыру үшін, ағарту ғасыры мен державалық тәкаппарлықты көтермелеп, орыс мемлекетін нығайтып кеңейту үшін жасалды. Россияның Орталық Азия кеңістіктеріне ерекше қызығуы Г.Державиннің II Екатеринаны «богоподобная царица киргиз­кайсацкой орды» деген атақты одасы «Фелицада» императрицаның немересіне арнап жазған орыс патшазадасы Хлор мен қырғыз (қазақ) ханының қызы Фелице жайлы аллегориялық ертегісінен де көрінеді. Орыс бейнелеу өнері үшін бұл шығармалар алдымен өмірдің сыртқы белгілеріне, табиғат ерекшеліктеріне көңіл бөлген орыс ориентализмінің алғашқы тәжірибелері болатын. Бұл қызықты жолда орыс өнерінің көптеген табыстары болды.

Читайте также:  Қазақстанның құқық жүйесінің ерекшеліктері жайлы

Экзотикалық тақырыптардың ерекшеліктеріне, тұрмыстың өзіндік колоритіне, қазақтар мен өзбектердің, түрікмендер мен қырғыздардың мәдениетіне қызығу, шығыстың дүниетаным құндылықтарын тануға ұмтылу болады. Абстрактылы түркілік ойлаудың XX ғасыр басындағы орыс өнеріндегі бірқатар авангардтық, абстракционистік ағымдардың пайда болуына жанама әсері болды, шығыстың дүниетаным гармониясының XX ғасырдың бірінші жартысындағы орыс бейнелеу өнері шеберлері шығармаларының рухани және формалық құрылымына әсері болады. Орыс өнерінің Қазақстан мен Орталық Азия өнері қазыналарын танудағы ұзақ жолының бастауы XVIII ғасырдағы орыс суретшілерінің ыстық ықыласпен мұқият, шынайы жасаған жұмыстары. Шығармаларында дала мен оның тұрғындары берілетін XIX ғасыр суретшілері туралы әңгіменің эпиграфына олардың ұлы замандасы А.С.Пушкиннің «Қалмақ қызы» өлеңін алуға болады. Орынбор даласының батыс жиегімен жүріп өткен сапары мен сонда кездескен жас қызды еске ала отырып ақын: «Мне ум и сердце занимали твой ум и дикая краса», ­ деп жазды [4, 100]. Суретшілердің ақыл­ойы мен жүрегін, қиялы мен қызығушылығын дала оятты. Олардың жұмыстарында нәзік талғамды артистизм пайда болды. Бұл өзгерістер дала көріністерін тек қана топографтар емес, шығармашылық өзіндік дарыны бар маман суретшілер де сала бастағаннан болар. Олардың бірі Санкт­Петербург көркемсурет академиясының түлегі, оқудың 15 жылдық толық курсынан түгел өткен суретші­саяхатшы Емельян Корнеев (1780­1839) болатын. Корнеев екі жыл (1802­1803) Қазақстанда болып, көптеген суреттер мен акварельдер жасады. Корнеевтің шығыс тақырыбына жасаған барлық жұмыстары «Народы, обитающие в Россиской империи и на Ближнем Востоке» атты альбомына кірді. 1909 жылы патшаға сыйлық ретінде жалғыз экземпляр етіп жасалған бұл жұмыс 1912­13 жж. Парижде бавар емшісі граф К.Рехберг шығарған «Народы России» атты этнографиялық альбомға негіз болды. Е.Корнеев жұмыстарында экзотикаға қызығушылық бар. Көбінде олардың сюжеттерінде қазақ феодалдық қоғамы үстем табы өкілдері өмірінің эффектілі қырлары алынған көп адамды аңшылық сахналары, халықтың той­томалақтары мен спорттық жарыстар, көш көріністері мен олардың тыныстауы, т.б. Е.Корнеев композициялары экспрессивті романтикалық мәнерде жасалған. Суретшілердің қазақтар жайлы ең сүйікті сюжеті ­ «Қазақтардың бүркітпен аң аулауы» костюмдердің алуан түрлілігі, шынайы қызығушылық пен экзотиканың қилы­қилы қиылысуынан жасалған. Аздаған театрлық сипатта берілген аңшылық сахнасына табиғаттың сезімді етенелігін жарық пен көлеңкенің өткір контрастылығымен берген. Қара, кейде үлпілдеген ақ бұлттар арасынан өткен сәуле жарқылдары табиғатқа құпиялы, мазасыз сипат береді. Табиғат пен адамның экспрессивті идиллиясы Е.Корнеев салған жанрлық суреттер мен гравюралардағы дала сипатынан көрінеді. Бұл өлкеде ұзақ уақыт жұмыс істеген суретшілер дала тақырыбын әрқайсысы өзінше ашты. Ұлттық әдет­ғұрыптар мен ойындар, бейтаныс табиғаттың сүйкімділігі, сауданың дамуы ­ дала өмірінің көптеген қырлары орыс өнерінде бейнелене бастады. Әскери басшылықтың шақыруы бойынша [5] Қазақстанда талантты суретші В.И.Штеренберг (1818­1845) жұмыс істеді.

Штеренберг қазақ даласында алты айға жуық болып, күнделікті тіршілік, үлкен той­томалақ кездеріндегі халық өмірін бақылады. Суретшінің далаға, Баймұхамбет сұлтанға барған сапарында алған жаңа әсерлерінің қызықтылығы оның көркемөнерді қолдау қоғамының хатшысы В.И.Вороновичке жазған хатынан көрінеді. «Это была самая приятная, самая интересная поездка в моей жизни, ­ деп жазады Штеренберг, ­ …Все время погода была чудесная. С зарождением солнца начинает оживляться. Киргизы садятся на коней и толпами разъезжают по степи без всякой цели. Потом начинаются скачки, борьба, или другие игры и забавы… Вечер обыкновенно кончается в кибитке у Бая Мухамета, где киргизские девушки импровизировали песни. Нас удивило богатое убранство кибитки султана, бархаты и атласы на его жене и детях» [6, 114]. Штеренбергті оның өзі жылы ықыласпен мұқият бақылаған тұрмыс көріністері, көшпелі өмір салтының ерекшеліктерін қамтыған жанрлық сипаттағы күнделікті өмір сахналары жиі қызықтырды. Оның «Стойбище киргизов» (Қазақтардың ауылы) (1839) акварелі қазақтың жазғы жайлауын байыппен баяндайды. Киіз үйлерді арбалар қоршаған, есік алдында үй шаруасымен айналысқан әйелдер, айналада бытырай жайылған шағын мал отары. Жатаған төбелер сахнаны толықтырып, өздерінің жайлы нобайымен адам өмірін айнала табиғатпен үйлестіргендей. Бұл сахнаны жақын жерден көрінген ала­құла әр жастағы ауыл тұрғындарымен толтырып, жанр ерекшелігіне сай баяндай келіп Штеренберг шағын пейзажға даладан алған барлық әсерлерін сыйғызуға тырысып, жинақты бейнелеуге мойын бұрады. Қазақ даласында ұзақ жылдар бойы атақты суретші К.П.Брюлловтың шәкірті А.Н.Горонович (1818­1889 жылдан кейін өлген) жұмыс істеді. Горонович Петербург Көркемөнер академиясын бітіргеннен кейін Орынборда мемлекеттік қызметте болды. Даламен, оның тұрғындарымен жақын танысу Гороновичтің қазақ тақырыбын кеңейтуіне, әртүрлі әлеуметтік топтарының өмірі мен психологиясын терең білуіне әсер етті. Гороновичтің сепиялары, акварельдері, суреттері күнделікті далалық өмір, керуен жолдары, ұлттық ойындарды классикалық мәнерде бейнеледі. Гороновичтің далада болуы, оны жергілікті халықтың қабылдау ерекшеліктері жайлы деректер сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде бар. Қазақтар «Удивлялись его живописному таланту, высоко ценили в нем и другое немаловажное достоинство ­ в глазах кочевого племени он почитается лучшим стрелком во всем Оренбургском крае, это киргизский батыр» [7, 42]. Горонович Қазақстанда 1851— 1860 жылдары жұмыс істеді, Қоқан қамалын Ақмешітті алуға қатысты. Оның қазақ тақырыбындағы ең жақсы жұмыстарының бірі ­ «Сцены из жизни казахов» (Қазақ өмірінің сахналары) сепиясы. Еуропалыққа таныс емес тұрмысты түгелімен қамтып, қарапайым түрде баяндап беруге тырысу Гороновичтің бұл суретінде анық байқалады. Мұндағы әртүрлі сахналардың: әйелдердің бие саууы, шалдардың баяу әңгімесі, ас дайындау сияқты ауыл өмірінен алынған әрекеттердің ажырамас бірлігін байқаған суретші оларды бір бетте біріктіріп, композицияда әр ұрпақ өкілдерін орналастырады. Суретші осылайша, біршама фотографиялық түрде болса да, көшпелілер өмірінің уақыт ағымына сәйкестігі, күнделікті еңбегі, ұрпақтар арақатынасындағы үйлесімділік жайындағы әсерлері мен түсініктерін беруге тырысып, оны біле түскеннен кейінгі табиғат пен онымен үйлесімді өмір, ұрпақтар жақындығы, халық өмірінің барлық қырларының бірлігі әсерінің соншалықты зор болғандығы мұндай композициялардың ұлттық көркемсурет өнері қалыптаспай тұрып­ақ орыс суретшілерінің жұмыстарында пайда болып, тіпті Қазақстанның XX ғасырдағы ұлттық көркемөнеріндегі дәстүрлі қазақ өмірін бейнелеген суреттер үшін де типті сюжет болды. Гороновичтің жетістігі «Орынбордағы айырбас сарайы» (Меновой двор в Оренбурге) (1860) атты күрделі, көп фигуралы композиция болып табылады. Горонович мұнда өз мәнерінің барлық қырларын байқатып, үлкен сауда алаңының өзіндік атмосферасын берді, ұлттық, әлеуметтік психологиялық топтардың әралуандығын көрсетті. Сонымен қатар бұл суреттен тек қана тұрмыстық жанр сезілмейді. Суретші өзін тағдыр соқпақтары алып келген өлкені бақылау, тану кезінде жасаған қорытындыларын салған суретіне бере алды. Аласа, күңгірт аспанның тереңдігі, көкжиектің түзу сызығы суретке кеңістіктің терең шексіздік сезімін, Орынбордан ары қарай жатқан кең даланың ұшы қиырсыздығын береді. Ұлы табиғаттың байсалды араласуы саудагерлердің, демалушылардың, айтысушылардың шұбар тобырын әдеттегі базар дуылынан ажыратып, күнделікті адамдар үшін маңызды сияқты жұмыстарды алып, шексіз табиғат аясындағы өткінші, жеңіл әрекеттерге айналдырғандай. «Орынбордағы айырбас сарайы» туындысында Гороновичтің дала образдары мен сахналарын берудегі, Орынбор тұрғындарының тұрмысын, табиғатты, даланың түрі мен түсін бақылап зерттеудегі ұзақ жылдық еңбегінің жемісі болды. Суреттің орыс ориенталистикасы үшін документальды дәлдікпен салынған сурет ретінде, суретшінің Шығысқа қатысты ойлары мен әсерлерін жинақтаған полотно ретінде, табиғатпен үзілмес жанды байланыстағы далалықтардың өмірін сырттай ғана танып қоймай халықтың ішкі жан­дүниесін ашқан жұмыс ретінде маңызы жоғары.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ

Өнердегі қазақ тақырыбының дамуындағы келесі кезең Украин ақыны мен суретшісі Т.Г.Шевченко шығармашылығымен байланысты. Қазақстанда он жыл саяси айдауда болып, сурет салуына тыйым салынған суретші Арал мен Маңғыстау қазақтарының тұрмысын бейнелеген көптеген жұмыстар жасады. Оның шығармаларын бірнеше бағытта қарастыруға болады: Қазақстан табиғаты (поэзиямен суарылған Арал мен Маңғыстау жағалауларының керемет пейзаждары), дәстүрлі тұрмыс көріністері күнделікті еңбек сахналары, ертеден қалған әдет­ғұрыптар, Шевченко ерекше сүйіспеншілікпен салған қазақ балаларының суреттері, қазақ жерінде салынған орыс бекіністерінің сызбалары, солдаттар өмірінің сахналары. Шевченко суреттерінің негізінде оның досы, осында саяси айдауда болған поляк суретшісі Бронислав Залесский айдаудан қайтқаннан кейін Парижде «Қазақ даласының өмірі» атымен офорттар альбомын шығарды. Шевченконың қазақ тақырыбының ерекшелігі ­ шығармаларындағы әлеуметтік контекстің күшеюі, суретшінің әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікті айыптауы, қазақ халқының кедей тобының ауыр тағдырына жаны ашуы болды. Шевченко жасаған қазақ даласы мен оның тұрғындарының бейнелері жоғары көркемдік шеберлігімен ерекшеленеді, бұларда оның ұстазы К.Брюлловтың классикалық қолтаңбасының әсері анық байқалады. Классикалық орыс дәстүрі ағымында көне ғұрыпты атқарушы «Казашка Катя» бейнесі, басқа да әйелдер образдары жұмсақ идеализацияға түскен. Классицизмнің барлық белгілері бар ­ идеалистік бастау, форма мен пропорцияның үйлесімі, дәл, дұрыс сурет, форманың жарық­көлеңке тұрғысынан модельденуі. Шевченконың Қазақстанға арналған шығармашылығының басты ерекшелігі осы ұзақ та маңызды кезеңінде оның қазақ халқының жан­дүниесі мен мінез­құлқын эмоционалдық деңгейде түсінуге тырысуы болды. Терең, шынайы сезімге толы азаттық аңсаған табиғатымен күшейтілген камералық шығармалары қазақ табиғатының қайталанбас сұлулығын, қазақтардың еркіндік сүйгіш мінезін поэтикалық көтеріңкі сезіммен береді. Тақырыпқа эмоционалды, терең сезімді бойлау Шевченко шығармашылығының күшті жағы. Шевченко шығармашылығына орыс ориентализмінің бір бөлігі ретінде проблематиканың әлеуметтік өткірлігі, классикалық шешім, эмоционалдық тереңдік факторлары тән. Орыс ориентализмінде белгілі орыс суретшісі В.Верещагиннің (1842­1904) Түркістан сериясындағы жұмыстары елеулі орын алады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс демократтық реализмінің өкілі орыстың батальдық (соғыс) көркемсуретінің мазмұнын өзгертуші ретінде белгілі. Алдыңғы қатарда әскер басшысы бейнеленіп, жауынгер жалпы жобада берілген соғыс тақырыбындағы салтанатты суреттердің орнына Верещагин соғысты күнделікті ауыр бейнет ретінде беріп, ондағы орыс солдатының тағдырын баса бейнелеген суреттер салды. Оның бұл көзқарастары сол кезеңдегі орыс өнерінің жалпы демократиялық ағымына сәйкес келді. Верещагиннің Түркістан әскери округі қолбасшысы К.П.Кауфманның қарамағына шақырылғаны белгілі, бұл оның шығармашылығының басты бағытын белгіледі. Верещагин шығармаларының негізгі циклдері бірінші, екінші Түркістан саяхатымен, бірінші, екінші Үнді саяхаттарымен, орыс­түрік соғысымен байланысты. 1860 жылдардың соңына қарай ол Қаттақорғанда, Қоқанда, Ходжентте, қырғыз, қазақ далаларында болды. Оның «Түркістан сериясы» сол кездің бейнелі құжаты болды деуге келеді. Суретші Орта Азиялық архитектураның салтанатты сұлулығы, қазақ киіз үйі бұйымдарының жинақы әдемілігі жайында өте дәл айтып берді.

Читайте также:  Осы заманғы рухани дағдарыс және психоанализдің рөлі

Ол көштердің, қазақ жері табиғаты көріністерінің, жергілікті тұрғындар өмірі сахналарының көптеген суреттерін, акварельдерін жасады. Верещагин іс жүзінде бірінші болып қазақтардың бейнелерін көркемсурет полотноларына түсірді. Бұлар белгілі суреттер ­ «Бай қазақ саятшысы сұңқармен», «Киіз үйде». Оның «Мешіт есігі алдында» (1873, МРМ) атты жұмысы натурадан салынғандықтан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің есігін дәл береді. Верещагин шығыс тақырыбына көптеген суреттер салды, бірақ Шығысты бөтен өркениет, жабайы қатыгез құбылыс ретінде қабылдауға бейім болды. «Сығалап тұр» (1873), «Кенеттен тап берді» (1871), «Қоршап алды ­ ізіне түсу» (1872), «Соғыс апофеозы» (1871­72), «Салтанаттауда» (1872). Верещагин Шығыстың қатыгездігі мен жабайылығына Батыстың ағартушылығын қарсы қояды. Сонымен қатар суретші «Соғыс апофеозы» («Апофеоз войны») жұмысында жаулап алушылық соғыстардың зардаптары жайлы бақылаулар мен ойларды қорытатын образдар жасауға бой ұрады. Бұл бір жағынан тарихи сурет болғанмен, ащы кекесін, сатира да бар. Негізінде Верещагин куәсі болған барлық соғыстар жаулап алушылық, отаршылық соғыстар болып, бір халықты бір халықтың отарлауына әкелген, жеңілген халықтың жанқиярлық қарсылығын туғызған, бөтендер мен өздерінің, келімсектер мен жергіліктілердің қарсылығына әкелген. Верещагиннің тағдыры үшін оның орыс­жапон соғысы кезінде өлуі заңды. Ол батып кеткен «Петропавловск» броненосецінде болған. Не дегенмен оның қазақ тақырыбына қатысты жұмыстарында Шығысты негативті қабылдау үрдісі азаяды. Оның қазақтарды бейнелеген шығармаларында қазақ тұрмысының байлығына, қолданбалы өнер туындыларының сұлулығына терең қызығу сезімі бар. Верещагинге шығармашылық әдіске саналы түрде қарау тән. Ол идеяны алдыға шығарды. Оқиғаның мекені мен уақытын дәл көрсетуге үлкен мән беруі одан ұзақ уақыттар бойы саяхаттарда болуын талап етті. Верещагин натуршиктерге қарап сурет салуға қарсы болып, жергілікті халық типтерін салуды қолдады. Ауада өтетін оқиғаларды сәйкес келетін ауа райы мен жарықта салуға шақырды. Суретші бұл принциптерді үнемі ұстанып, кейде өзінің қабілетін тұсайтын жұмыс әдісін қалыптастырды. Верещагинде плэнер шеберханада сызғыш пен циркульдің көмегімен сызылған детальдарды өте мұқият, дәл беру әдісімен ұштастырылды. Репин мен Крамской Верещагинді психологиялық талдауға жеткіліксіз көңіл бөледі деп кінәлады. Бірақ сыншылардың қарсылығын туғызған (оның суреттерін боялған диапозитивтермен салыстырған Эфростың сөздерін еске түсірейік) оның шығармашылығына тән мұқият реалистік жазу, әрбір бөлшекті дәл беру әдісі қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің тірі материалдары жоғалып бара жатқан қазіргі кезде ерекше құндылыққа ие болуда. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Верещагиннің «Лепсинс алқабын қоршаған таулар» («Горы, окружающие Лепсинскую долину» атты шағын этюды сақтаулы. Ашық көк аспан астындағы қызыл таулар, ыстық ауа сағымына сіңіп бара жатқан түйелер керуені ­ бұл мотив суретшіні экзотикалық сипатымен, өзіндік ерекшелігімен тартты. Шоқан Уәлихановтың (1835­1865) көркемдік мұрасы оның ғылыми жұмыстарымен қатар қазақ мәдениетінде ерекше орын алады. Абылай ханнан бастау алатын белгілі әулеттің өкілі Ш.Уәлиханов орыс әскерінің офицері, тарихшы этнограф болады. Оның суреттері жылдам, жеңіл сызықтармен салынған. Олардың бейнелілігі өткір мінездемелердің дәлдігі мен поэтикалық көңіл­күйінен туындайды. Шоқанның алғашқы жұмыстарынан 1850 жылы салынған екі сурет сақталған. Олардың бірі ­ «Шақырымдық бағаналы пейзаж» қарындашпен, тушпен салынған.

Үнемді, қатыңқы сурет. Кең жайылған дала мен биік аспан күмбезінің үйлесімі дәл берілген. Суретші көзінің өткірлігі, байқағыштығы бұл суреттен айқын көрінеді, жылдам сызбада дала пейзажы нәзік дәлдікпен берілген. Бұталы тау етегінде орналасқан ауыл, алысқа ұзаған жазық дала бейнеленген. Жалпы көрініс қарындаштың ұшпа сызықтарымен берілген, ауыл құрылыстары: ағаш үйлер, мешіт, киіз үйлер мұқият салынған. Пейзажды адамдар мен жануарлар суреттері жандандырып тұр. Сурет үнемді, ұшпа сипатты болғанмен, Ш.Уәлихановтың туған ауылы мен сол жер табиғатынан айқын көріністер береді. Уәлихановтың кейінгі жұмыстарына «Террассалы үйшік» «Домик с террасой» акварелі жатады. Сол кездегі Верный қаласына тән жайдақ шатырлы, шөп өскен аулаға шығатын террасалы үй бейнеленген. Үйдің маңында мол бұтақтары жайылған кәрі ағаш. Ыстық талтүс, айнала түгел мүлгіп тұр. Сарғыш қағазға ақ, қара бояулармен салынған сурет Уәлихановтың пейзаждық жұмыстарының үздік үлгілерінің қатарына жатады. XIX ғасырдың ортасында Орталық Азияда орыстың көптеген маман суретшілері жұмыс істеді. Бұлар П.Бабиков, Чередеев, Б.Залесский, О.Бутаков, кейінірек Л.Буре, С.Юдин, В.Плотников, тағы басқалар. Олардың жұмыстары дала өмірінің қырларын өзінше ашады.

Оставить комментарий