Кәсіби театрдың даму жолдары

Бұл кезеңдегі сахна өнерінің шығармалық қалыптасу процесі ұлттық драматургияның дамуына тікелей байланысты. Театр тәжірибесінің нығайып, драматургтер шеберлігінің өсуі де театрдың көркем­идеялық мазмұнына ықпал ететіні ақиқат. Бұрын сахнаға қойылған шығармаларына қайта оралып, дәуір талабынан келудің өзі ізденіс. Солардың бірі ­ 1933 жылы М.Г.Насоновтың режиссурасымен қайта қойылған М.Әуезовтың «Еңлік­Кебек» трагедиясы. Спектакль айтарлықтай жаңалық әкелмегенімен, театр мәдениетінің көтерілгенін, кейіпкерлер бейнелерін жасауға жаңа бетбұрыс басталғанын айғақтады. Актерлер бұрын сөздерін дұрыс жаттамай сахнаға шыға беретін болса, енді кейіпкер болмысынан туындайтын саналы әрекетке, психологиялық толғанысқа бет бұрды. Бүл әрине ең алдымен автордың араласуынан, режиссураның ой­тұжырымынан туындаған құбылыс. Драматург пен режиссер қосылып жасаған талдау пьесаның сахнада дұрыс шығуына үлкен дәнекер болды. Десек те, пьесаның көркемдік сипаты мен кейіпкерлер характерлері үлкен өзгеріске түсе қойған жоқ. Мұнда бұрынғы тұрмыс­салттық шындық, этнографиялық суреттеу тәсілі сақталған. Өзгеріс сахналық көркемдеуде ғана. Суретші А.Зверевтың сол тұстағы декорациялық өнердегі орнықпаған конструктивизмді ұстануы қойылымның көркемдік ерекшелігіне қайшы келіп, үйлесімсіз шыққан. Спектакльдің сахналық діңгегі мен жетістігі ­ аса дарынды Күләш Бәйсейітова мен Қанабек Бәйсейітовтың Еңлік пен Кебек рольдерін ойнауында. Халық өнерінің кәусар мөлдірінен тамыр тартқан трагедияның бұл нұсқасындағы ән мен жыр үлгілері қос ғашықтың бейнесін жасаудағы психологиялық толғаныс пен лирикалық көңіл­күй сәттері бірін­бірі толықтырып, тамаша үйлесім тапқан. Көп ұзамай екі орындаушы музыка театрына ауысқанда бұл рольдер А.Абдуллина мен Ж.Өгізбаевтың еншілігіне тиеді. Бұл орындаушылар да Еңлік пен Кебектің нанымды да жинақты бейнелерін жасаған. Бұл жолы орындаушылардың бәрі де тәжірибелі режиссердің көмегімен бірін­бірі қалтқысыз сүйген екі жасты трагедияға душар еткен әлеуметтік қайшылықтың мазмұнын терең саралап, сахналық бейнелерін нанымды суреттеген. Өткен заманның етектен тартқан ескілігінің шырмауына оралып, оның қисынсыз дәстүрінің жөн­жосығын қызғыштай қорғайтын айлакер би Кеңгірбайдың бейнесін актер Е.Өмірзақов сомдаған. Көне заманның тағылық қаталдығын әшкерелеуге С.Қожамқұлов (Еспенбет), Қ.Қуанышбаев (Көбей), Ш.Айманов (Есен) сияқты әйгілі шеберлердің ойындары мол септігін тигізді. Бұрынғыға қарағанда сахналық мәдениеті жоғары бұл спектакльдегі рольдерді ойнаған аса талантты актерлер өнері өздерінің көркемдік даралықтарымен ерекшеленеді. Ұлттық театрмен бірге жасасып келе жатқан бұл пьеса Семей, Шымкент, Қарағанды, Жамбыл театрларының сахнасынан берік орын алды.

Әр театр бірін­бірі қайталамай өздерінің шығармалық даралықтарымен көрінген. Мәселен, семейліктер билер бейнелерін тереңнен, нақыштап суреттесе, шымкенттіктер қойылымның лирикалық жағына көңіл бөлген. «Еңлік ­ Кебекті» 1935 жылы Семейде О.Беков қойып, шиыршық атқан билер сахнасының әлеуметтік мазмұнына баса назар аударған. Ол қос ғашықтың басына үйірілген қара түнек трагедиясын лаулаған шарықтау шегіне жеткізумен айқындаған. Мұнан кейін 1939 жылғы Шымкент театрындағы қойылым семейліктердей жоғары деңгейге көтерілмегенімен өзіндік жетістіктері болғаны айқын. Ленинградтан бітіріп келген жас актерлер үшін бұл спектакльдің ұлттық дәстүрге ден қойып, драматургияны меңгеру жолындағы ықпалының мол болғанын айта кеткен жөн. Десек те, бұл Х.Шаженовтың тұңғыш режиссерлік жұмысы болғандықтан ол трагедияның әлеуметтік тартысы мен философиялық мазмұнын толық аша алмады. Жеке орындаушылардан Т.Мәдіқожаевтың Кебегі, А.Мұхамедияровтың Есені, екі құрамдағы Х.Бөкеева мен Ж.Серікбаеваның Еңлік рольдері актерлік ізденістің табысы болып қалды. Сонымен, М.Әуезовтың көркемдік шоқтығы аса биік бұл пьесасы Республикамыздағы барлық қазақ театрларының сахнасына қойылып, ұлттық актерлік өнер және режиссураның дамуы мен қалыптасуына, халық шығармалығының бай мұрасын меңгеруіне ерекше ықпал етті. 30­шы жылдардағы театр репертуарынан тарихи төңкерістік тақырыпқа арналған пьесалар көрнекті орын алды. 1916 жылғы халық көтерілісін суреттейтін әдебиеттің басқа жанрларымен бірге драматургияда да бірнеше пьесалар жарық көрді. Алғашқылардың бірі болып бұл тақырыпқа қалам тартқан Жүсіпбек Аймауытовтың «Қанапия ­ Шәрбану» пьесасы 20­шы жылдарда сахнаға қойылып, авторы репрессияға ұшырағанға дейін театр репертуарынан берік орын алды. Автор пьесаға қайта орала алмай кетті. Халық көтерілісіне арналған драматургиялық шығармалардың ішіндегі көркемдік шоқтығы биігі өзінің көркемдік сипатымен сахнада көп қойылып, ұзақ жүруімен ерекшеленетіні ­М.Әуезовтың «Түнгі сарыны». 1935 жылдың басында Ю.Л.Рутковскийдің режиссурасымен қазақ драма театрында, кейін Семей, Шымкент, Қарағанды, Жамбыл театрларында екі мәрте (1937,1960) және М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театрында қойылды. Бұлардың барлығына ортақ жәйт ­ әр ұжымның өздерінің шама­шарқына қарай М.Әуезов пьесасының көркемдік ерекшелігін сахналық тұрғыдан тануға деген ұмтылыс пен құлшыныс.

Осылардың ішінде астаналық (Алматы) екі театр ізденістерінің өзіндік тарихи тағдыры ерекше. Екі қойылымның да сауатты режиссурасы мен тамаша актерлік жетістіктеріне автордың тікелей қатынасы бар. Білімді де мәдениетті режиссер Ю.Л.Рутковскийдің М.Әуезовпен осы қойылым төңірегіндегі шығармалық ынтымақтастығының әдеттегі қоюшы мен автор қарым­қатынасынан асып түсіп, рухани достыққа айналып кеткенін үлкен ілтипатпен әңгімелеп бергені бар. Ол ұлы жазушымен қоян­қолтық жұмыс істеудің жеңілдігі мен қиындығы қатар жүргенін есіне түсірді. Жеңілдігі ­ аса білімді автордың пьесасымен жұмыс істеу кезінде қандай жайттарға ерекше көңіл аударуды кәдімгі ойлы режиссер сияқты театр тілімен жан­жақты қамтып жеткізуі. Мен ол кісінің әрбір сөзі мен ескертпелерін өзімнің режиссерлік ой­мақсаттарыммен байланыстырып, мейлінше жақындатуға ұмтылдым. Қойылым дайындығы кезіндегі осы бір шығармалық жылылық, өзара түсіністік, оған қатысушылардың шабытпен ізденуі, бірін­бірі қас пен қабақтан ұғынуы спектакльді театрдың кезеңдік табысына айналдырды. Пьесада суреттелген өмір болмысын тануда автормен бірге рольдерде ойнаған талантты сахна шеберлері де режиссер сенімін ақтап, көмектерін аяған жоқ. Шығармалық бірлік спектакльге қатысушылардың үмітін толық ақтап шықты. Режиссер сахнадан тартыс желісінің шиыршық атып дамуын ойластырып, патша үкіметі мен жергілікті билеп­төстеушілердің зорлық­зомбылығына қарсы күреске шыққан халықтың қанды айқасын, бостандық жолындағы қаһармандық күресін суреттеуді мақсат тұтқан. Қойылымның көркем идеялық мақсат­мұраты жүйелі ұйымдастырылған көпшілік сахналары мен жеке кейіпкерлердің жанды қимыл­әрекеттері арқылы жүзеге асқан. Осыған қарай спектакль халықтық драма үлгісінде шешім тапты. Қойылым ой­тұжырымын тап басқан Қалыбек Қуанышбаев көтеріліс басшыларының бірі ­ Тәнеке қарттың әлеуметтік санасының ояну үрдісін берген. Ол патша үкіметі мен жергілікті жуандардың арам пиғылдарын енді аңғарып, басында алданып қалғанын іштей сезеді. Ол ­ өмірдің небір «тар жол, тайғақ кешуінен» өтіп, оның азабы мен қорлығын басынан кешкен жан. Оның күн қаққан маңдайындағы әжімдер сол тірлік тауқыметінің белгісіндей көрінеді. Сондықтан Тәнекенің көтеріліске келуін, тығырықтан шығу жолын іздеген дананың әрбір қимыл­әрекеті актер ойынында өзінің үйлесімді көркемдік баламасын тапқан. Тарамыстай тартылған ұзын бойлы, сырт тұрпаты батыр кескінді Қ.Қуанышбаевтың ақылға салып салмақпен сөйлеуі, өз ісіне сенімділігі кейіпкер бейнесіне қонымды шыққан. Көтеріліс басшысы Жантас ролін Елубай Өмірзақовтың ойнауынан қойылым көп ұтқан.

Читайте также:  Коммунистік қоғамның жоғары фазасы

Бұл орындаушы да автор мен режиссер ойын терең түсініп, қарапайым жалшы Жантастың іштей пісіп жетілуін, әлеуметтік көзқарасының қалыптасуын нанымды суреттеген. Болыстың атақты сұлуы Жүзтайлақтың ықыласына бөленіп, жақын болуының өзі Жантастың «сегіз қырлы, бір сырлы» жұрт қызығатын қасиеттерін танытса керек. Бұл екеуінің арасындағы «жарасымдылықты» режиссер бірер мизансценадағы өзара сыйластық кейіппен берген көрінеді. Мөржанды арашалап алғаннан кейінгі Жүзтайлақ пен Жантастың арасындағы дәнекерліктен жұрнақ та қалмайды. Намысын қастерлеп, басынан сөз асырмайтын Жантастың ендігі сөздері актердің шебер орындауында астарлы да уытты шыққан, онда ащы мысқыл басым. Бұл жағдай Жүзтайлақты онан сайын тулатып, ашық дұшпандыққа біржолата бет бұрғызады. Мұнан кейінгі көріністерде орындаушы Жантас бойынан батылдықты ашатын, қолына қару алып, ашық айқасқа шыққан күрескерлік сипаттар қарастырған. Сөз өнеріне ерекше мән беретін Е.Өмірзақов кейіпкердің кейбір романтикалық монологтарының көркемдік мазмұнын характер ерекшеліктеріне қарай құлпыртып, сан қилы мағына беріп отырған. Психологиялық толғаныспен бірге Жантас бойындағы қаһармандық пафос, қанаушы тап өкілдеріне деген өшпенділік, халық ісіне деген табандылық пен сүйіспеншілік ­ актер ойынының өзекті желісі. Қойылымда кейіпкерлердің таптық­әлеуметтік келбетінің айқын суреттелуіне театр мол көңіл аударған. Осындай сахналық мақсатқа жету пьеса тартысының терең ашылуына бірден­ бір қажетті көркемдік шарт. Қ.Байсейітовтың бейнелеуіндегі халық көтерілісін қан­жоса етіп басып тастауға қолынан келген айла­шарғының бәрін ойластырған Майқан болыс ­ қулығына құрық бойламайтын, жымын білдірмейтін әккінің өзі. Жаны алқымға таянғанда жалт беріп, оз уәдесінен тайқып шыға келетін, қарақан басының қамынан аса алмайтын қоян жүрек қорқақтық қанына сіңген Майқанның мінез­құлқын актер нанымды ашқан.

Қ.Қармысовтың суреттеуіндегі ар­ұяттан безген, қолынан келсе кедейлерді құртып жіберуден тайынбайтын безбүйрек Нұрқан, табанының бұдыры жоқ Жүзтайлақтың ашса алақанындағы, жұмса жұдырығындағы ермегіне айналған. Ж.Өгізбаевтың жеріне жеткізе әшкерелейтін Жүнісі көтерілісшілердің қас жауы, билеуші таптың сойылын соғатын ояздың алдында құрдай жорғалайды. Ояз бастығы Казанцев ролінің әлеуметтік ауқымын кеңейтіп, оны қазақ жерінде патша үкіметінің отарлау саясатын жүргізуші дәрежесіне көтерген Шәкен Аймановтың ойыны қойылымның үлкен шығармалық жемісі болды. Ол бейнелеген Казанцев белгілі бір дәрежеде білім алған, жоғарғы қауым тыныс­тірлігімен таныс, зиялы ортаға бейімділігі де, дала билеушілерімен араласуы да сырттай сыпайылыққа, мәдениеттілікке құрылған. Мұның бәрі алдамшы, сырт көзге тәуір көрінудің, тереңге бүккен зұлымдық саясатын сездірмеудің айласы. Қарапайым халық өкілдерімен кездесетін сахналарда Казанцев өзгеріп сала береді. Олардың мұң­мұқтажы мен өтінішіне көңіл бөлуді ұлық қажет деп санамайды. Дала шонжарларымен кездескенде де маңғаздық қалпын сақтағанымен ақжарқын ақтарылып кетпейді. Өйткені, олардың қулық­сұмдығы бұған әбден таныс. Олардың алдында этика ұстап жатпауының да мәнісі осында. Казанцев қандай ортаға кез болса да патша саясатын жүргізетін өкіл, соның қызметкері екенін еш уақытта есінен шығармайды. Актердің астарлы ойыны отарлау дәуірін, ояз өмір кешкен әлеуметтік ортаны әшкерелеуге бағытталған. Орындаушылық өнерінде кейіпкердің әлеуметтік келбетіне баса көңіл аударуды С.Қожамқұлов ойнаған Қыдыш ролінен де аңғаруға болады. Қыдыш­қазақ даласында болып жатқан әлеуметтік қайшылықтардың басы­қасынан табылатын атқамінердің өзі. Оның өзіндік қоғамдық орны бар. Мұндайлар араласпайтын дау­дамай, «ақыл­кеңес» қоспайтын қоғамдық құбылыс кемде­кем. Қысқасы, Қыдыш­ұлттық драматургиямыздағы көркемдік сүйегі бөлек бейнелердің бірі. С.Қожамқұловтың Қыдышы­ел арасында абыройы бар, сөзі өтімді, қысылтаяң жерден шығып кетудің жолын қарастыруда жүйелі ақыл­кеңес қоса алатын өзіндік ойы мен пайымдауы, өмірлік тәжірибесі мол адам. Осы қасиеттерін елі мен халқы үшін емес, өзінің таптық мүддесі мен жеке басының қамына жұмсап үйренген әккінің өзі. Ол ауыл жуандарының алдында әлеуметтік тірліктің тетігін танитын, өз заманының қамқоршысы болып көрінеді. Көтерілісшілер ортасында солардың жанашыры, ақылшысы, тағдырына ортақ жан болып шыға келеді. Қыздырманың қызыл тіліне келгенде шешендерше көсіліп, майдалай жөнелгенде тыңдаушысын еріксіз баурап алатын Қыдыштың сөзге келгенде алдына жан салмайтын майталмандығын актер шебер суреттеген.

Читайте также:  Мәдениетті семиотикалық зерттеудің тезистері

Ұлық алдында құрдай жорғалап, жарамсақтықпен жағымпаздықтың сорлылық күйін кешкен Қыдыш әрекеті тіпті басқа. Кейіпкер характерінің осылай әр қырынан ашылуы ­ актер шеберлігінің құдіреті. Спектакльдің әлеуметтік мазмұнын тереңдете түсетін құбылыстың бірі ­ қазақ әйелінің саяси тартысқа араласуы. Болыстың сүйген жары, бүкіл ауылға әйгілі сұлу Жүзтайлақ­ мұндағы оқиғаның басынан аяғына дейін араласатын күрделі кейіпкер. Бұл рольді орындаған Мәлике Шамова мен режиссер кейіпкер әлемін терең барлап, жан­жақты ашылуын қарастырған. Оның дұшпандарына деген өшпенділігі және қанды айқасқа дейін бара алатын өжеттігімен бірге кісісіне қарай сөз саптайтын, ойын өзінше топшылайтын, өзіне көңілі түскен ер­азаматтарды тізгіндеп ұстап, кейде қылымсыған қылығымен арбап та кететін сиқырлы әйелдің сылқым мінез­құлқынан елес беріп өткен. Актрисаның суреттеуінде Жүзтайлақтың Жантаспен қарым­қатынасы актрисаның суреттеуінде ерке сұлудың ермегі емес, шын мағынасындағы махаббатқа тұла бойын өртеген сезім мен құмарлықтың тыным бермес жастық қызуына құрылған. Қалай болғанда да бойынан жасуы қайтпаған болаттың тегеурініндей Жантасты уысынан шығарғысы жоқ. Бұл мақсатына жете алмаған Жүзтайлақтың өшпенділікке баруы, кек алуға ұмтылуы ­ кейіпкер әрекетінің қисынды даму жолы. Мұны М.Шамова дұрыс түсінген. Драманың әлеуметтік астарын ашуда Қапан Бадыров жасаған мұғалім Сапа бейнесінің орны бөлек. Саяси бағыт­бағдарында қайшылығы мол мұғалім елдегі өтіп жатқан әлеуметтік құбылыстың сырын бірден ұға алмайды. Тізім жайында болыстың үйінде өтетін дау­дамайға ол араласпайды, екі жақтың сөзін тыңдаумен ғана шектеледі. Ол халық алдындағы парызын ауыл азаматтарының әрекеті арқылы ұғып барып, іске кіріседі. Қ.Бадыров кейіпкердің саяси ояну үрдісіне көңіл аударған. Бұл жолда дала алпауыттары мен кедейлер арасындағы тартыс оның көзін ашады. Соңғы сахналарда рухани жағынан өсіп жетілген Сапаның монологі актердің тамаша орындауында оптимистік үнге ұласып, бостандық үшін қан төгілген халық қозғалысының түптің түбінде жеңіп шығатынына сенімін білдіреді. Қойылымның осылай болашаққа қол артқан оптимистік идеямен аяқталуы автор ойымен сабақтас болып шыққан. Патша үкіметі көтерілісті қанша аяусыздықпен басқанымен халық бойындағы бостандыққа деген үлкен үмітін, оның рухы мен күрескерлік қайсарлығының жеңілмейтінін көрсетумен қойылым шымылдығының жабылуы ­ М.Әуезов аңсаған ұлы идеяның салтанат құруы. Екі жылдан кейін «Түнгі сарын» орысшаға аударылып, Ю.Л.Рутковский режиссурасында «Ночные раскаты» деген атпен республикалық орыс драма театрының сахнасына қойылды. Дарынды режиссер қазақ сахнасындағы қойылымды қайталамай, бұл жолғы ой­ тұжырымында труппа құрамының актерлік ерекшелігімен шыққан.

Ол ең алдымен автормен келісе отырып, спектакльдің композициялық құрылысын қайта қараған. Сахнада өтетін аласапыран оқиғаның атмосферасын күшейту мақсатымен режиссер пьеса актыларын біріктірумен екі­ақ үзіліс (антракт) жасап, көріністердің толассыз ауысып отыруына қол жеткізген. Жеке кейіпкерлерге берілген режиссерлік түсіндірменің айқындығы олардың сахналық характерлерінің толыққанды шығуына ықпал жасаған. Спектакль мәдени қауымның ыстық ықыласына бөленіп, баспасөзде жоғары бағаланды. Басқалармен бірге автордың өзі де: «Спектакль менің пьесамның ойы мен бейнелерін дұрыс ашқан. Мұндағы әлеуметтік қақтығыс актыдан актыға дамып отырады…» [20], ­деп жазды. Композитор Е.Брусиловскийдің: «Көп ғасырлық тұтас мәдениет жолында біздің көз алдымызда қазақ пьесасының қаһармандары тұңғыш рет орыс тілінде сөйледі. Және тамаша сөйледі. Тасқындаған күшті сезімдерімен, ашық бояуларымен, батыл өрнектерімен баурап алатын бар дауысымен сөйледі. …Келісті де өте әсерлі спектакль. Мұнан көңіл­күйің көтеріңкі шығасың. Көпке дейін осы тамаша пьесаның кейіпкерлері көз алдыңнан көлбеңдеп кетпей қояды, көпке дейін әсеріңді баса алмайсың. …Орыс драма театры осы қойылыммен Қазақстандық келбетін тапты», ­ деген пікірі «Түнгі сарынның» орыс тілінде кәсіби жоғары көркем дәрежеде қойылғанына толық дәлел. «Түнгі сарын» ­ ұлттық драматургия мен театрдың күрделі табысы. Осы екі театрдың қойылымынан кейін «Түнгі сарын» облыстық ұжымдардың репертуарынан да берік орын алады. 30­шы жылдардың орта шенінде облыстық қазақ театрлары режиссура өнерінің балаңдығынан бірден қалыптасып кете алмай, шығармалық қиындықтарды басынан кешіреді. Режиссураға икемі, өзіндік ой­толғамы бар труппаның жетекші актерлеріне режиссурамен айналысуға тура келді. Шымкент, Семей театрларындағы Ғ.Хайруллина, Б.Қалтаев қойылымдарында күрделі режиссерлік танымдарға қол жеткізбегенімен жекелеген актерлік жетістіктер болған. Жинақтап айтқанда, «Түнгі сарын» республика театрларының шығармалық ізденістерін тың белеске көтеріп, актер һәм режиссура өнерінің қалыптасуына мол ықпал жасаған кезеңдік қойылым болды. Қазақ жеріндегі тарихи оқиғаларды суреттейтін көптеген пьесалар театр сахнасына қойылды. Солардың ішінде тікелей «Түнгі сарынның» тақырыбын әрі қарай жалғастырған Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» драмасы 1937 жылы театрдың жаңадан тағайындалған бас режиссері И.Г.Боров режиссурасымен сахнаға шықты.

Пьеса әйгілі тарихи оқиғаның негізінде жазылған. Аманкелді Иманов ­ халық батыры, патша үкіметі мен жергілікті қанаушыларға қарсы 1916­жылғы ұлт­азаттық қозғалыстың атақты жетекшісі, азамат соғысының қаһарманы. Ол ­ кеңес үкіметін нығайтуға белсенді араласқан қазақтан шыққан тұңғыш комиссар. Дегенмен оқиғаның хронологиялық тәртібін сақтаудан, жеке тарихи құбылыстардың шашырап, басы бірікпеуінен көркемдік тұтастығы сақталған қойылым жасау қиынға түскені белгілі. Мұның жетістігі жекелеген актерлік табыстарда. Е.Өмірзақов мол ізденістің нәтижесінде қажырлы да қайратты, дұшпанынан тайынбайтын қайсар, ақыл­парасаты мол, төңірегіне халықты ұйымдастыра білетін, ерен ерлігімен еліктіріп әкететін қызуқанды қолбасшының бейнесін жасаған. Орындаушы Аманкелдінің сырт болмысына, қимыл­қозғалысына, сөйлеу ерекшеліктеріне баса көңіл аударған. Актер осы аттас кинофильмде Аманкелдінің бейнесін сомдап, шеберліктің биігінен көрінді. Қойылымда мұнан басқа да шынайы шыққан Жақас (Қ.Бадыров), Итбай (К.Қармысов), т.б. рольдер актерлік табыс деңгейіне көтерілген. Кеңес үкіметінің қалыптасуы мен азамат соғысының тақырыбын қозғайтын Б.Майлиннің «Біздің жігіттер», С.Мұқановтың «Күрес күндерінде», М.Әуезов пен Ә.Тәжібаевтың «Ақ қайың» пьесалары да осы сөз болып отырған кезеңде сахнаға қойылды. Бұлардың барлығында да бірлі­жарым актерлік ізденістер болмаса ұжымның нәтижелі табысына айналмады. Бүгінгі күннің тақырыбын қозғайтын М.Әуезовтің «Тас түлектер» (1935 ж., режиссер М.Насонов) және «Алма бағында» (1937 ж., режиссер И.Г.Боров) қойылымдарында жас зиялылар өмірі суреттелген. Осы драматургтың «Шекарада», Ә.Әбішевтың «Жолдастар» шығармалары ­ елімізде өндіріс пен ауылды ұжымдастыру тұсындағы кеңес адамының өзіндік болмысының қалыптасуын суреттейтін спектакльдер. Кезіндегі кезеңнің өткір мәселесін көтерген Ш.Хұсайыновтың «Марабай» пьесасы режиссер А.Тоқпановтың қойылымында театрдың елеулі көркемдік құбылысы болды. Мұнда ірі шаруашылық басшысы, партия мүшесінің жаламен айыпталу оқиғасы қойылымның желісі болып тартылған. Мұның орталық кейіпкерінің әділдік жолындағы күресі партия ұйымының қолдауымен сәтті аяқталып, шындық салтанат құрады. Осыған орай жас режиссер А.Тоқпанов драма тартысына байсалдылықпен келіп, қойылымның көркемдік сипатын психологиялық бағытта шешкен.

Читайте также:  Симфониялық музыканың пайда болуы

Кейіпкерлер арасындағы тартысты шиеленістіріп, бас кейіпкердің драмалық жүгінің ауырлығын оның психологиялық толғаныстары арқылы көрсетуге ұмтылған. Ш.Айманов орындаған Марабай ролі осындай тәсілге құрылған. Оның қаһарманы қандай қиындықтар болса да қарсы тұра алатын, өзінің адамгершілік ұстанымына, партиялық принципіне берік қажырлы қайраткердің жарқын бейнесі болып шыққан. Бұл ­ кезінде заман талабына қарай қазақ сахнасында толымды шыққан партия мен кеңес қызметкерінің қомақты бейнесі. Ш.Айманов бұл рольді асқан шабытпен ойнап, оның психологиялық әлемінің идеялық кенересін кеңейтетін жинақтылыққа барған. Ол мұндай құбылыс тек бір адамның басына ғана емес, тұтас республика зиялыларының тағдырына ортақ құбылыс деп таныған. Сол кезеңдегі зиялылар арасындағы қудалаудың үрей­қорқынышын актер іштей сезініп, соны Марабайдың бейнесін жасауда қолданған көрінеді. Актердің мұндай ойын дайындық тұсында режиссер қолдап, кейіпкер бейнесінің әлеуметтік сипатын айқындай түскен. Марабай ­ биік парасаттың, ізгі адамгершіліктің, адал азаматтықтың жинақты бейнесі. Марабайдың құлашының кеңдігіне, қоғам мен қызмет лауазымына қарай оған қарсы тұрған топ та пьеса мен спектакльде ірі болып суреттелген. Бұлардың бастылары ­Есіркеп, Сабатай, Үдері. Режиссер мен орындаушылар бұларды сырттай өздерінше сыпайы суреттеп, қоғамда өзіндік орны бар, жамандыққа бара қоймайтын жасанды қалқанын сыпырып әшкерелейді. Қырағылықпен қоғам мүддесін қорғағансыған бұл қаныпезерлердің күрес тәсілі­даурықпа ұран мен жала жабу. Есіркеп ­ Е.Өмірзақов өзінен бұрынғы басшының қызметін, әсіресе тың жерлерді игеру үрдісіне арнаған жоспарын жоққа шығарып, Марабайды орнынан тайдырудың амалын қарастырған өзімшіл, өсек­аяңның адамы болып шыққан. Ол­өзінен ойы терең, шаруашылық келешегін болжайтын, сөзі мен ісі ажырамайтын, барынша таза, ақиқаттан айнымайтын жандарды көре алмайтын, көргісі де келмейтін қызғаншақ. Өндірістік маңызы зор Марабай жоспары оның мазасын қашырып, ішкі үрейін үдете түседі. Актер Марабаймен жүзбе­жүз кездесетін көріністерде оның бүгежектеп, жақтырмаған кескінін келісті келтірген. Ол сылдыр сөзбен, жалған белсенділікпен, өзінше жігерлі қимыл­қозғалыспен өзінің моральдық мардымсыздығын, ой­парасатының таяздығын, әділетпен бетпе­бет келе алмайтын әлсіздігін көрсетеді.

Сол кездегі қоғам ағымынан туындаған бұл күрделі характер мен төңірегінен өрбитін әлеуметтік қайшылықтың сахнадан ойлы да көркем шешім табуы мол жетістік. Есіркеп бейнесінің кейбір қырлары оның сыбайластары Сабатай мен Үдері әрекеттерінен де айқындала түседі. Марабайдың орынбасары Сабатай­пьесада ерекше қызық суреттелген әрі драматургия мен сахнадағы тың бейне. Бұл­өмірі жалбарынумен, өзінен дәрежесі жоғарының алдында құрдай жорғалап жалынумен күн кешкен жан. Өмірде өзіне жетерлік түйсік­түсінігі бар, ақыл­айладан да құр алақан емес. Бірақ Есіркептің трестке уақытша директор болып келуінен Сабатай әлемі өзгеріп сала береді. Ол Марабайды іштей қолдайды, азаматтық адалдығы мен парасаттылығын іштей ұнатады. Бірақ бастығынан шыға алмайды, оның айтқаны бұған заң. Сабатай бойындағы өзгерістің құпиясы осында. Осыған орай сахнадағы оның әрекеті күлкі тудыратын комедиялық, тіпті сатиралық бағытта суреттелуі табиғи құбылыс. Бұл рольді орындаған С.Қожамқұлов пен Р.Сәлменов ойындары кейіпкер бойындағы осы бір өзгерістердің сатиралық бояуын қалыңдатып, оның құбылмалы мінез­ қылығын, жағымпаздық психологиясын әшкерелеуге бағытталған. Орындаушылардың екеуі де актерлік ерекшеліктеріне қарай бейнелеу құралдарын саралап, кейіпкер бойындағы жағымпаздықтың сан қилы қырларын қарастырған. Сабатайдың кейде сөзуарлыққа салынуына, қимыл­қозғалысына, мүләйімсіп таңдануына, бет­әлпетіндегі өзгерістеріне, екі жаққа бірдей болысып, нақты ойын сездірмеу тәсіліне, т.б. актерлер мол көңіл аударған. Бұлардың киім киісі де характер ерекшелігіне үйлесімді шыққан. Екеуінің де Сабатайдың әйелі Марияшқа деген қарым­қатынасы біріне­бірі ұқсамайды. С.Қожамқұловтың Сабатайы жұбайының сөзін жүре тыңдап, көп мән бере қоймаса, ал екінші Сабатай Марияштан сескенетінін жасырмағанмен оның сөзінің жаны бар және түптің түбінде адал жан екенін, тіпті қамқоршы екенін іштей сезеді.

Оставить комментарий