Күй жанрының дамуы мен ерекшеліктері

XIX ғасырдың басындағы халықтың қоғами және рухани өмірінде дәстүрлі музыка өнері одан әрі жалғасын тауып, жан­жақты даму процестеріне түсті. Бұған ықпал болған қазақ даласындағы күрделі саяси, әлеуметтік және тарихи өзгерістер еді ­патриархалды­феодалдық қоғам алғашқы капиталистік жолдары мен жаңа қарым­қатынастарға ауыса бастады. Халықтың мәдени болмысында ән мен күй жанрлары кеңінен қарқындауымен қатар, жеке әншілік пен жеке аспапты орындаушылық (күйшілік) концерттік түрде, биік көркемдік және шеберлік деңгейіне жоғарылады. Эстетикалық және музыканы қабылдау қабілеттер мен көзқарастар жаңашыл жолдармен қалыптасып, өнер саңлақтарының статусы көтеріледі: бақсы, жыраулардың рухани мұрасын ақын, әнші, өлеңші, күйші, сал, серілер кәсіби (авторлық) институт сатысына жеткізді. Сонымен, өнер иелері ­ оны шығарушылар, орындаушылар және насихаттаушылар ­ қазақ өмірінде биік әлеуметтік мағынада танылып, ерекше сый­құрметке, ұлт сүйіспеншілігіне бөленді. Халық тұрмысында ән мен күйдің алған орны, мән­маңызы туралы жоғарыда келтірілген ұлы Абай өлеңінде ән мен күйдің адамның рухани дүниесіндегі орнын асқан шеберлікпен көрсетсе, Алаштың біртуар азаматы Әлихан Бөкейханұлы өзінің «Ән, өлең һәм оның құралдары» атты мақаласында адам өміріндегі ән жанры туралы мынандай даналы пікір айтқан екен: «Жаңа туған бала жылау әні, солқылдау әнімен дүнияға амандасады. Адам жан шығар алдында арпалысып «а­а­а» деп ән салып дүниемен қоштасады. Осы екі бас ән, ақтық әннің арасында адам бірін көтеріп, бірін созып өлең қосып, бір өлеңді бір өлеңге қосарлап, іштен шерін шығарып күйін тарқатады» [1, 330].

Ұлт мәдениетінің тарихында XIX ғасыр ренессанстық мағынаға ие болып, «алтын ғасыр» аталғаны мәлім. Бұл дәуірде қазақ жерінде музыка дәстүрлі ауызекі түрде қалыптасып, дамыған. Мысалы, эпикалық өнермен қатар, қажырлы, жігерлі және отты батыс ән, күйлері, кең тынысты, асқақтаған, әуезді­ философиялық арқа ән, күйлері, жүрекке жылы, жанға жайлы Жетісу ән, күйлері осы стильдік бағыттарда кеңінен орын алды. Батыс, Арқа, Шығыс, Жетісу ән мен күй мектептері өздерінің аймақтық сипаттарымен қазақ музыкасын одан әрі байытты. Аталмыш творчестволық және орындаушылық ерекшеліктер біртұтас ұлт музыкасының өзегін құрап, көрнекті өкілдерімен танытылды. Олар ­ Орал, Маңғыстау, Атыраудан атақты Мұхит, Аухат, Өскенбай, Арқадан ­ Абай, Біржан сал, Ақан сері, Шәкәрім, Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Жетісудан ­ Дәурен сал Құдабайұлы, Иса Тергеусізұлы, Пішән Жәлмендеұлы 18 және т.б. Ал аспаптық музыка жанрында ­ Құрманғазы, Дәулеткерей, Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бөлтірік, Есбай, Есір, Құлшар, Мәмен, Өскенбай, Тәттімбет, Тоқа, Ықылас және т.б. «Алтын ғасыр» кезеңінде кәсіби халық композиторларының шығармашылықтары ерекше көркейіп, эстетикалық, көркемдік әсерлік дәрежеге (биіктіктеріне) ие болды. Бұл ­ ақын, сал, сері, күйші дәуірінде қазақтың әні мен күйі өзінің тақырыптық жағынан кең ауқымды, құрылымы жағынан күрделі, жетілдірілген, қамтыған образдары жағынан сантүрлі болып келеді. Авторлық музыканың стильдік, өзіндік ерекшеліктерінің ішінде айта кететініміз ­ олардың музыкалық тілі. Мұнда жаңашыл интонациялар (кең интервалдар), жаңарған сарын, күрделі лад жүйесі, тың ырғақтық, ауыспалы өлшемдік өзгерістер басыңқы жүйеленеді. Речитативтік мақамдар кең көлемді (диапазонды) әуендермен табиғи түрде болмысын тауып, қатар келтіріліп, нәзік ызғарлы және әуезді әндер өмірдің көпсырлы, көпқырлы көріністерін мәнерлі бейнеледі. Сонымен қатар, музыка сазы ән мәтіндерімен біртұтас болып, адамның ішкі дүниесін, эмоциялық жағдайын тереңінен суреттеді. Бұл кезеңдегі музыка өнеріне тән құбылыс ­ ол кәсіби авторлардың өзі шығарған туындыларды өзі ел арасында асқан шеберлікпен орындап, ол әніне үлкен талғамдылықпен өз мәтіндерін шығарып, өнердің ең бір керемет туындыларын танытқан. Аталмыш кезеңдегі музыка өнерінде тақырыптық жағы кең ракурстарды қамтиды: махаббат, сағыныш пен арман, мұң мен шердің тұңғиығы, табиғат құбылысы, туған жерге деген сүйіспеншілік асқан шеберлікпен ашылды. Сонымен қатар, халық композиторларының шығармашылығында қоғамның көкейтесті проблемасы ­ ұлт мәселелері ­ үлкен саяси­әлеуметтік деңгейде үнделді (халық тағдыры, бас бостандығы, өмір қайшылықтары, теңсіздік, жалғыздық пен жоқтық және т.б. мотивтер).

Читайте также:  Саяси трактат

Академик А.Жұбановтың айтуынша (1906­1968), «XIX ғасырдың композиторлары <…> өз заманының түбегейлі мәселелеріне, ең басты қоғамдық құбылыстарға <…> көбірек көңіл аударады» [2, 21]. Ұлттық өнеріміздің ең бір іргелі және күрделі саласы ­ аспапты музыка. Бұл көпғасырлы көшпенді мәдениетіміздің өзі мен көзі, қайнар бұлағына айналған мәдени мұрамыздың түрі қазақ даласының қайталанбас табиғат көріністерін, бостандық сүйгіш үнін, азаттық аңсаған арманын, халық тағдыры мен тарихын, аңыз бен шындығын, жануарлар образдарын және басқа да көптеген тақырыптар мен сюжеттерде асқан көркемділікпен, нәзік те қажырлы музыка тіл­әдістермен паш етеді. Қазақтың аспапты музыкасы (бұған домбыра, қобыз, сырнай және т.б. кіреді) формасы мен композициясы жағынан өте көлемді дамыған. Мақамы ұлттық колоритке бай, нақтылы және тартымды, суреттілігі жағынан айқын болып келеді, мұнда кәсіби симфония жанрының өзегі де мол. Қазақ күйінің ұшан теңіз ішкі дүниесі ұлт тарихының әр кезеңінде халықтың рухани сұранысына тереңінен жауап беріп, оның өзінше найза­ұранына айналған (мысалы, Құрманғазы, Махамбет шығармаларын немесе желтоқсан трагедиясына арналған С.Жүнісовтың күйі және т.б.). Жүздеген жылдар бойы қазақ даласында әртүрлі қоғами­саяси өзгерістер, дана бабалар, ер жүрек аналар, абыз­нысандар, атақты хандар, ақылды билер өтсе де, халықтың жан серігі ­ әні мен күйі оның күш жігері, наным­сенімі, рухтық тірегі болды. Күй мен ән туралы керемет поэтикалық туындыларды жазған Абай, Жамбыл, Ілияс, Сәкен және т.б. кемеңгерлердің есімдері көпшілікке белгілі. Күй ­ адамның ішкі дүниесінің сыры. Қазақ бір бірімен кездесе қалғанда «Күйің қалай?» деп жүздеседі. Күйдің құдіретті тілі туралы ұлы Абай: Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің әсері бар, ­ десе, ал дарынды ақын Иса Байзақов: Күйлердің сөзін ішіп, сорғалатқан, Бармақтап бал тамызып, жорғалатқан, Тәтті күй жанның тілі, жігер, қайрат, Қазағым, мақтана бер, соны тапқан, — деп шаттанған екен. Күй жанрына тұңғыш назар аударған, оған лингвистік және музыкатанушылық көзқараспен нақтылы және құнды пікір жазған профессор Құдайберген Жұбановтың (1899­ 1937) мынандай деректерін келтірейік: «Күйлер халық музыкасында сирек ұшырайтын нәрсе. Бұл ­ осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек.

Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек…» 19 . Бұл ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған дәстүрлі музыка өзінің синкреттік түрімен сараланады. Әдетте күй шығармаларында проза пен поэзия, оған қоса музыка табиғи біртұтастықта келістіріліп, өте күрделі циклдық композицияны құрайды. Күй программасында белгіленген тақырып, сюжет тек музыка арқылы бейнеленіп қоймай, арасында әңгіме, өлең қосылып, бай және жан­жақты тәсілдермен ашылып отырады. Заман өзгерген сайын аспапты музыка бұл дәстүрлі болмысынан жіктелініп, концерттік (жеке орындаушылық), ансамбльдік және оркестрлік музыкаға ауысты. Біздің көшпенді өркениетіміздің тарихында домбыраның орны мен маңызы ерекше. Домбыра қазақтың жаны мен тәні, сырын шертетін айырылмас досы. Академик Ахмет Жұбанов айтқандай, «ат жалында, түйе қомында» домбыраның үні арқылы сан­сиқырлы ойлар мен толғаныстар күмбірлеп, сөйлегендей… Халқымыздың рухани тарихында көптеген дарынды домбырашы, атақты күйшілердің есімдері үлкен сый­құрметпен айтылып, зеректікпен сақталған. Олар ­ Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бапыш, Түркеш, Есбай, Есір, Дәулеткерей, Құлшар, Тоқа, Тәттімбет, Қыздарбек, Мәмен, Салауаткерей және т.б. Әр өнер өкілдері өздерінің жалғасын талантты шәкірттерінен тапқан («ұстаз ­ шәкірт»), ал жас домбырашы күйші ұстаздан алған тәлім­тәрбиесін өсиет ретінде ұқыптылықпен одан әрі дамытқан. Соның нәтижесінде үздік күйшілік өнер атадан балаға мирас болып, халықтың асыл қазынасына айналған. Домбыра музыкасы өзінің тұрақты (стабильді) музыкалық өзектерін сақтап, жаңа тәсілдермен көркемделініп, орындаушылық және стильдік түрінен «төкпе» және «шертпе» деп жүйеленеді. Оларда негізгі музыкалық тақырып канонды (өзгертілмейтін) әдістермен өзектеліп, күй мақамы әндік және речитативтік интонациялармен безендіріледі. Төкпе күйдің тұрақты элементтері негізгі ой­образдарды екпінді, қажырлы, жігерлі, динамикалық желіске толы музыкамен сомдайтын болса, шертпе күйлер ­ жүрек тербететін сарындармен, сүйкімді және мәнерлі әуен ырғақпен, философиялық терең толғаныспен ажарланады. Құрылымдық, жанрлық, өзіндік ерекшеліктерімен сипатталатын домбыралық күйлер Батыс, Маңғыстау, Шығыс, Арқа және Жетісу аймақтық аспапты музыканың мектептерін құрған.

Читайте также:  ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЛОГИКАЛЫҚ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ

Күй мәдениетінің тарихи түрде даму жолдарында, мысалға, айтыс күйлерін айта кетуге болады. Маңғыстау өңірінде кең тараған өнердің бұл түрі фольклорист­ғалым Қ.Сыдиықұлының ойынша, қолма­қол тұтқиылдан күй шығарып, өнер сайысына түсу, жарысудан тұрады. Нақтылы дерек ретінде ол күйші Өскенбайдың түрікмен дутаршысы Құлбаймен күй тартысына шыққанын келтіреді. Ғалым «күй айтысы, күймен өнер жарыстыру ­ халық композиторларының ерте кезден келе жатқан импровизаторлық дәстүрінің бір үрдісі» [3, 303], ­ деп тұжырымдайды. Аталған стильдік бағыттарда көптеген классикалық деңгейде шығарылған күйлердің саны бірталай. Сонымен, күйде халықтың дүниетанымы, руханияттық байлығы сақталып, ұлт менталитетінің айнасы ретінде жаңа заманда өзінің жалғасын тапты 20 . Халқымыздың рухани қазынасынан жарқырап мәңгілік орын алған ұлы тұлғалардың бірі ­ Махамбет Өтемісұлы (1804­1846). Жалынды ақын, намысшыл ержүрек жауынгер өзінің қысқа да жарқын отты өмірін жан­тәнімен халқына арнап еркіндік идеясы мен әділеттілікті ұран етіп, найза ұшын, қалам құдіретін шебер ұштастырды. Бөкей ордасында жүрген кезден­ақ ақынның қалыптасқан қоғами­әлеуметтік көзқарасының өзінен байқалатын ұлт­азаттығы, халқына деген махаббаты, қазақ жеріне құт­береке, еркіндік орнату оның түрткілікті арманына айналған. Өр мінезді Махамбеттің тарихи бейнесі, бай көркемдік әлемі, азаматтық бағыты жалпы ақын феномені әр уақытта да еліміздің мәдениет және ғылым қайраткерлерін толғандырды, олардың творчестволық ізденістері мен зерттеулерінің өзегіне айналды. Атап айтқанда тарихшы ғалымдар ­ Х.Досмұхамедов, В.Шахметов, Е.Бекмаханов, З.Алдамжар; ақын­ жазушылар ­ І.Жансүгіров, Ғ.Сланов, Қ.Әбдіқадыров, А.Әлімжанов, М.Шаханов; әдебиеттанушы ғалымдар ­ Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, Х.Сыдықов, З.Қабдолов, Ж.Тілепов; композитор­музыканттар ­ А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, Қ.Ахмедияров, Т.Мұхамеджанов, С.Әбдінұров; суретшілер, мүсіншілер ­ М.Хисамединов, А.Исмамбетов, Т.Мұқатов, М.Құлмұхамбет, т.б. Олардың ғылыми еңбектері мен көркемдік сомдамаларында Махамбет сегіз қырлы, бір сырлы жарқын жалынды шайыр, суырып­салма ақын­музыкант, қажымас тасқынды қайрат, аса қабілетті терең ұшқыр ой иесі ретінде суреттеледі. Жауынгер ақын халқымыздың бостандық пен мақтаныш символына айналды.

Орыстың белгілі жазушы, ғалымы Е.П.Ковалевский (1811­1868) қазақ даласына саяхат жасаған кезінде танысқан Махамбет Өтемісұлының ержүрек мінезін, әділдігін, тура сөзділігін, шешендігін, жоғары адамгершілік қасиетін, орысша сауаттылығы туралы жазып көрсеткен. Орыс мәдениетінің прогресшіл өкілі ол: «Мен оның батырлық образынан нағыз патриот және айналасына жанының үлкен әсерлігі мен ізденпаздығын байқап түсіндім», ­ дейді. Махамбет көптеген әндердің, толғау­термелердің авторы, жүрген ортасына талантты күйші­сазгер әрі шебер орындаушы ретінде танытқан. Оның күйлері отты поэзиясы сияқты терең, әрі қайсар рухтың жалынды лебін, батырлық екпінін баяндайды. Оның домбыралық күйлері өзінің өмірімен және поэзиясымен біртұтас болып келеді. Олар ­«Шілтерлі терезе», «Жұмыр ­ Қылыш», «Қайран Нарын», «Өкініш», «Исатайдың ақтабаны­ай», «Жайық асу», «Қиыл қырғыны», «Жорық күйі». Заманымыздың көрнекті жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев былай деп жазған екен: «Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереулі ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі» [4, 5]. Жауынгер ақынның өзінен кейін қалдырған рухани мұрасын сақтауда, насихаттауда және күйші­маман ретінде зерттеуде ерекше үлес қосқан халқымыздың белгілі мәдениет қайраткері, атақты күйші әрі ұстаз Қаршыға Ахмедьярұлының мына құнды пікірін ұсынамыз: «Өйткені, бұл күйлердің құрылысы ерекше, музыкалық тілге бай, мазмұны терең, әуендік дамуы, дыбыс бояулық желісі жан­жақты, көлемді философиялық шығармалар… Махамбет күйлерінен «аһ» деген зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді» [5, 21].

Читайте также:  Таңбаның кездейсоқ болуы

«Жебелі ақынның жеті күйі» атты мақаласында Нәумет Көшекбаев әр күйді Махамбеттің өлеңдерімен байланыстыра келе, оларға образдық сипаттама берді. Мысалы, «Жорық күйі» туралы «Оны тыңдаған сәтте арып­ашыған, жаяу­жалпылап алыс сапар шеккен адамдардың мүшкіл халі көз алдыңызға елестер еді. Күй теңдік, әділет іздеген ел тірлігін, тынысын күйзеле, күңірене толғайды» [6, 13]. Махамбет бейнесіне риза халқы ғасырлар бойы сүйікті ұлына ән мен күй, поэма, дастан және жырлар арнады. Жауынгер ақынның өлең­жырлары атадан балаға, буыннан буынға мұра болып жатқа айтылып, оларды жігерлендіріп рухтандырды. Махамбет бейнесі мен поэзиясының құдіретін халқымыздың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының «Кішкентай», «Жалын», «Көбік шашқан» күйлері арқылы суреттейді. Көрсетілген аспаптық шығармалар халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының қайсар өр­ мінездері мен батырлық іс­әрекет, қимылдарының ән­ұраны деп қабылдауға болады. Күйлер интонациялық, ырғақтық жағынан психологиялық кернеу мен ішкі энергияға толы. Ал мелосы сезім дәлдіктерімен айқындалған, күрес­тартысты музыкалық тілмен суреттейтін әрі қайғылы қарама­қарсы қайшылықтарға негізделген шығармалар. Академик Ахмет Жұбановтың айтуынша «Құрманғазы күйлері ер­жүрек ақынның өлеңдерімен үндес» [7]. Заманымыздың дүлдүл композиторы ұлы Н.Тілендиевтің (1925­1998) «Махамбет» атты драматизмге толы миниатюралық симфониясында өршіл ақынның текті бейнесі, қайрат жігері, отты поэзиясы асқан шеберлікпен көрсетілген. Сан қырлы музыкалық бейнелер халық көтерілісінің күш­қуат қарқынын, ауыздықпен алысқан тұлпарлар дүбірін, от шашып кескілескен семсерлердің шықырлауын қайсарлы интонациялық шиеленушіліктерге толы ұлт аспаптарының үндері арқылы суреттейді. Музыканың палитрасы өзінің әсерлі күшімен бірте­ бірте тыңдаушының жүрегін қобалжыта түседі. Н.Тілендиев туындысынан асқақ ақынның қаһарлы дауысы «Соғыс» атты өлеңі үндесіп тұратындай [8, 52]: Толғай­толғай оқ атқан, Он екі тұтам жай тартқан, Қабырғасын қақыратқан, Тебінгісін тесе атқан. Тізгінінен кесе атқан, Біздің қайсар батырдың Жүрегін сөйтіп оятқан 21 . КСРО­ның халық артисі Ғ.Жұбанова (1927­1993) Исатай мен Махамбет бейнелерін көркемдік түрде сомдаудың жаңа бір шешімін көрсетті. Автор «Құрманғазы» операсының бірінші бөлімінде музыкалық сахна көріністерін өрістете келе, нәзік мәнерлі дауыс нюанстары арқылы халықтың поэтикалық түрі толғауды жанрлық болмыс ретінде пайдаланады. Қасиет пен қасіреттің, хан мен халықтың арасында өмір кешкен, өткен тағдырдың қаһарлы күндері «Исатай мен Махамбет» атты баллада да көз алдыңызға елестегендей.

Оставить комментарий