Қазақстанда діни мекемелерді мемлекеттен бөлу саясатының жүзеге асырылуы. Тарихта Кеңес билігінің исламға қатысты саясатының мәнін ашып көрсетуге жәрдемдесетін құжаттар белгілі. Бұл құжаттарды талдау негізінде олардың мазмұнының шын мәніндегі саясатқа қаншалықты сәйкес болғанын анықтауға болады. 1917 ж. 20 қарашада ХКК «Ресей және шығыстың барлық мұсылмандарына үндеуін» жариялады. Біз үшін құжаттың төмендегі үзіндісі қызығушылық тудырады: «…Ресей мұсылмандары, Еділ бойы және Қырым татарлары, Сібір және Түркістан қырғыздары мен сарттары, Кавказдың арғы беті түріктері мен татарлары, Кавказ шешендері мен таулықтары, Ресей патшалары мен қанаушылары тарапынан мешіт пен ғибадатханаларына қол сұғылған баршаларыңыз! Бұдан былай сіздердің наным-сенімдеріңіз бен әдет- ғұрыптарыңызға, ұлттық және мәдени мекемелеріңізге бостандық беріліп, қол сұғылмайтын болып жарияланады…Біз сіздерден мейірімділік пен қолдау күтеміз» [105,с. 17-18]. Құжат мазмұнына сәйкес большевиктік үкімет бұған дейін айдауда болған мұсылмандарға дін бостандығын уәде етті. Егер патшалық билік кезінде ислам дініне қысым жасалса, енді мұсылмандар еркін дем ала алатын болады. Шын мәнінде солай болды ма деген заңды сұрақ туады. Большевиктердің мұсылмандарға қатысты аталғаш шараны жүзеге асырудағы негізгі мақсаты – мұсылман халықтарын өз жағына тартып, қолдауларына ие болу еді. Бұның себебі, біріншіден , 1897 ж. халық санағы бойынша 15 конфессиялық топтың ішінде мұсылмандар правослатықтардан кейін екінші орында болды (православтықтар 69,4 % болса, мұсылмандар – 11,1 %) [220].
Екіншіден, мұсылман аудандарының өркениеттік негіздері православиеден ерекшеленді. Ғасырлар бойы мұсылман діні мен мәдениеті православтықтың ықпалына ұшырамады. Осыған байланысты Ресей империясы аумағындағы мұсылмандармен есептесуге тура келді, яғни кез-келген жаңа билік халықтың бұл бөлігін өзіне бағындыру жолдарын қарастырды. Билікке келген большевиктер де мұсылмандарды өз жағына тартуға тырысты. 1917 ж. 17 қаңтарда Мұсылман істері жөніндегі комиссариат (бұдан былай МІК – автор) жариялаған декретке сәйкес ҰІХК қарамағында Ішкі Ресей мұсылмандарының істері жөніндегі комиссариат құрылып, Мулланур Вахитов комиссар болып тағайындалды [88,с. 367]. Жаңа орган мұсылмандардың діни өмірін реттеумен айналысуы тиіс болды. Іс жүзінде ол бақылау қызметін атқарды. Большевиктер дәстүрлі ислам тараған аудан халықтарының қоғамдық санасына өз ықпалын кеңейту тетіктері мен арнайы мамандардың жоқтығын түсінді. Олар Қазақстан және Орта Азия мұсылмандарының 1918 жылы Уфадан Омбыға Колчакқа көшкен ОМДБ-ның қолдауына жүгінуіне жол бермеуге тырысты. МІК мұсылмандар арасында социалистік идеяны таратумен 97 айналысты. Большевиктер кеңес үкіметіне оң көзқарас танытушы беделді ислам дін тұлғаларын пайдалануға тарысты. 1918 ж. мауысымда ХКК жергілікті жерлерде «Мұсылман комиссариаттарын ұймдастыру туралы» қаулы жариялады. Қазақстанда олар Семей және Верный қалаларында құрылды. 1917 ж. 4 желтоқсанда ХКК-не Петроград ұлттық округі өлкелік мұсылман съезінің мұсылмандарға Осман Құранын қайтару туралы өтініш жіберілді. 1917 ж. 6 желтоқсанда ХКК-нің көпшілікке арналған мемлекеттік кітапханада сақталып тұрған Құранды қайтару туралы қаулысы шықты.
Сөйтіп, 1917 ж. 9 желтоқсанда Қасиетті Осман Құраны Өлкелік мұсылман съезіне қайтарылды [88,с. 195-196]. Башқұрттарға Орынбордағы «Караван-Сарай» мешіті, татарларға халықтың ежелгі ұлттық-діни ескерткіші саналған Қазан қаласындағы Сююмбеки мұнарасы берілді. Патшалық билік тарапынан кәмпескеленген осы сынды діни- тарихи ескерткіштер Орта Азия, Қазақстан, Кавказ бен Қырым мұсылмандарына қайтарылды [221,с. 83]. Кеңестен кейінгі кезең зерттеушілері бұл құжатты (Осман Құранын қайтару туралы қаулы) кеңес үкіметінің мұсылмандарға қатысты ерекше қатынастың дәлелі деп есептейді. Бірақ, үкіметтің бұл қадамының «Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы» декретінің мазмұнымен сәйкестігін көруге болады. Себебі, декретте «Құдайға құлшылық етуге арналған ғимараттар мен мүлік, жергілікті және орталық биліктің қаулылары бойынша, тиісті діни қоғамдардың тегін қолданылуына беріледі» делінген [88,с. 371-374]. Яғни, Осман Құранының қайтарылуы және сол сияқты басқа да шараларды үкіметтің ережеден тыс әрекеті ретінде қарастыруға негіз жоқ. Модернизация теориясы тұрғысынан кеңес өкіметінің дін саласындағы саясаты «Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы» декретімен шектелуі тиіс еді. Бірақ, өкімет бұнымен тоқтамай, діни мекемелер мен дін басыларға қарсы саясатты жүзеге асырып, жазалау шараларын кеңінен пайдаланды. БОАК төрағасының 1918-1933 жж. аралығында діни бірлестіктер мен ғибадатханаларға қатысты баянжазбасына сәйкес Қазақ АКСР аумағында 1918-1931 жж. өлкеде 1630 ғибадатхана, олардың ішінде 782 мешіт жабылды. 1931-1933 жж. 8 діни ғимарат жабылды. Комиссия есептеуі бойынша 879, олардың ішінде 499 мешіт әрекет етуді жалғастырды (Кесте 1) [222,л. 69-72]. 1917-1933 жж. Қазақстанның Алматы облысының бір ғана ауданында шіркеу саны 18-ден 3-ке дейін қысқарды [77,с. 17]. Бір мәлімет бойынша 1929- 1933 жж. Қазақстанда 198 шіркеу және мешіт жабылды.
Шілік ауданында 1913 ж. әрекет еткен мұсылман діни ғимараттан 1929 ж. қарай бірде біреуі қалмаған, ал дінге сенушілердің саны 26 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарды. Діни ғимараттарды жабу ісімен қатар араб тілді және араб графикасымен жазылған кітаптарды, оның ішінде Құран жаппай құртылды. Жер-жерде орын алған қарсылықтар күшпен жаншылды [223]. Мешіт, шіркеу, ғибадатханалардың жабылуы кейінгі жылдары да жалғасты. 1941 ж. қарай Қазақстанда ресми түрде әрекет ететін діни ғимарат қалмады [224,л. 54-72]. 98 Кесте 1 – БОАК төрағасының 1918- 1933 жж. аралығында Қазақ АКСР бойынша діни бірлестіктер мен ғибадатханалар туралы баянжазба Қазақ АКСР бойынша діни бірлестіктер мен ғибадатханалардың жабылуы үдерісінің кеңес өкіметінің алғашқы билік жылдарынан басталып, 20-30 жж. жалғасқанын байқауға болады. Осыған байланысты билік пен мемлекет арасындағы өзара қатынастарды ымыраластыққа негіздеуге болмас па еді деген сұрақ туады. Яғни, кеңес өкіметі зайырлану саясатын Батыста сияқты белгілі шеңбер ауқымында жүзеге асырса болмас па еді? Бұл жағдайда діни бірлестіктер мен дін басыларға қарсы жазалау шараларын қолдану қажеттігі туындамас еді. Сонымен бірге мұсылман халқы арасында социалистік идеяны таратуда жәрдемдесуге мүдделі болған дін басы өкілдері де болды. Кеңестен кейінгі кезеі тарихнамасында ар-ождан бостандығы туралы декрет демократиялық сипатта болды, бірақ орыс православтық шіркеуінің қарсылығы оның қатал түрде іске асырылуына ықпал етті деген пікір қалыптасты. 1918 ж. 19 қаңтарда Мәскеу және Ресей патриархы Тихон үндеуінде «Орыс жерінде қасиетті православтық шіркеу қазір қиын күндерді бастан өткеруде.
Белгілі және белгісіз жаулар Иса Мәсіхтің ісінне нұқсан келтіріп, бар жерде зұлымдық, өшпенділік және өлім әкеліп, Иса Мәсіхтің ақиқат ілімін қудалауға көшті … Ақылсыздар, естеріңді жиып, қанды қырғынды қойыңдар. Сіздердің жасағандарыңыз зұлымдық қана емес, бұл – шайтанның ісі, ол үшін бақи дүниеде тозақ отына күйіп, фәни дүниеде ұрпақ қарғысына ұшырайтын боласыңдар. Бізге құдайдан берілген билік негізінде сіздерге Иса Мәсіхтің іліміне нұқсан келтіруге тиым саламыз, егер христиандық деген аттарың болып, православтық шіркеуіне бағынсаңыздар сіздерді анафемствуем. Иса Мәсіх православтық шіркеуінің адал құлдары, сіздерді, бұл зұлымдармен қандай да бір қарым-қатынас орнатудан бас тартуларыңызды сұраймыз… Шіркеу 99 сенушілері мен адал құлдары, баршаңызды, бүгінде тіл тигізіліп, қудалауға түскен уәлие анамызды (Шіркеуді – автор) қорғауға шақырамыз….», – деп атап өтіп, кеңес өкіметіне ашық қарсылық танытты [133,с. 98-101]. Кеңес өкіметінің Қазақстанда жүзеге асырған дін саясатын зерттеу негізінде мұсылман дін басыларының кеңес өкіметінің дін саясатына қатынасы православтық дін басылармен ұқсас сипатта болды ма әлде ерешеленді ме деген сұрақ туады. Тарихи деректерде мұсылман дін басыларының кеңес өкіметімен ынтымақтасуды көздегені туралы мәліметтер бар. Мысалы, 1920 ж. 20 қаңтарда мұсылман дін өкілі Фахретдин Камалетдиновтың ынтымақтастық жасау ұсынысымен Жетісу облыстық атқару комитетіне хат жолдағаны белгілі. Хаттың мазмұны төмендегідей: «Билік басында отырғандарға мұсылман жолдастардан. ӨТІНІШ. Бостандық, Бауырмалдық, Теңдік! Шариғат пен большевизмнің мақсаты бір. Түркілердің идеялары: 1.Құдай заңын орындау; 2. билік басында отырғандар тарапынан әділеттілік; 3. барша халық бірлігі. Жоғарыда аталған үш ережені орындау нітижесінде халық өз мақсатына жетпек. Бұны билік басында отырғандар қалай түсінеді? Мен білмеймін, бірақ ойым осы: жоғарыда айтылған большевизм мен шариғаттың мақсаты да, ұраны да бір. Неге билік басында отырған жолдастар большевизмді жоғары қойып, қасиетті жазбаны (Калам Шариф) ескермейді? Менің ойымша екеуі қатар алынып жүрсе еш күдік пен қорқыныш болмас еді, мұсылмандар, ұлтын қолдап, жүздеп және мыңдап бір жұдырыққа жұмылар еді. Бұны өз жаупкершілігіме аламын.
Егер де сіздер жақтан қолдау көрсетілсе мен бар күш-жігерімді осы іске жұмсауға дайынмын» [105,с. 32]. Бұл хат барлық мұсылман дін өкілдерінің және дінге сенуші халықтың кеңес өкіметіне оң қатынас танытты деген тұжырым қалыптаспауы керек. Қазақ саяси қайраткерлерінің кеңес өкіметінің дінге қатысты саясатына қатынасын төмендегі мәліметтерден байқауға болады. Мысалы, көрнекті қазақ саяси қайраткері Мұстафа Шоқай мақаласынан қызықты мысал кездестіреміз: бір мұсылман дін қызметкерінің ҰІХК комиссарының орынбасары Бройдоға «Большевик жолдастар, сіздерде де «К.М.» (Маркс капиталы), біздерде де «К.М.» (Мұхаммед Құраны); одағымыз да «К.М.», яғни «коммунистік- мұсылмандық» деп жазғаны бар [225]. Мұсылмандық интеллигенция өкілдері марксизмнің утопиялық сипатын ұғынып, жауыққан атеизм идеологиясын қабылдамады. Парижде орыс тілінде шығатын «Мұсылман» атты журналы «утопиялық идеяларды қабылдамау – бұл мұсылмандарға туа біткен ерекшелік. Социализм теориясы және мұсылмандар – бұл асау ат пен емшектегі бала іспетті» деп 1917 жылғы Ресейдегі жағдайды түсіндіруге тырысты [62,с. 101]. Ташкентте құрылған «Улема Джамияти» партиясының жетекшісі Серали Лапиннің исламды қорғап 1917 ж. «Мен әрдайым мұсылмандардың мұсылмандық қағидалары мен шариатқа негізделген ұлттық еркіндікке қатысты заңды құқықтарын қорғап келдім және бұдан кейін 100 де қорғамақпын. Және саяси қарсыластарымның менің бұл ұстанымыма қандай баға беретіндерінің мен үшін маңызы жоқ», – деп жазғаны бар. Ол мұсылмандардың еркіндік алу құқығы үшін күресіп, түркі халықтарының негіздерін «мұсылмандық қағидалармен шариғатпен» байланысты қарады [226]. А. Байтұрсынұлы және Т. Рысқұлов әлеуметтік құндылықтарды сақтау қажет деп санады. Т. Рысқұловтың пікіріне сәйкес дінге қарсы науқан «дін басылар арасында неғұрлым консервативті элементтерге қарсы күреспен және ғасырлар өте демократиялық исламның бастапқы тазалыңын бұзған тозығы жеткен әдет-ғұрыптарды әшкерелеумен» шектелуі тиіс [126,с. 195]. Ұлттық коммунистер (алғашқы жылдары олардың арасында моллалар да болған) мұсылмандық мәдениет пен өмір салты және марксизм қарама-қайшы идеологиялар емес екендігін дәлелдеуге тырысты.
Кейбіреулері кеңес өкіметінің мұсылман халықтарының оянуына мүмкіндік беретініне кәміл сенді. Ә. Тасмағамбетов 20-шы жж. республикада исламаға қарсы насихат жұмысының әлсіздік танытуы себептерінің бірі ретінде қазақ интеллигенциясының ықпалын атап өтіп, сол кездегі қазақ интеллигенциясының негізгі бөлігінің исламға қатысты қатынастың ушығуын қалаған жоқ деп тұжырымдайды [63,с. 105]. Мұсылман аудандарында ықпалдың әлсіздігін және басқару мүмкіндігінің жоқтығын ескере отырып, В.И. Ленин большевиктерден сақ болып, жұмсақтық танытуды талап етті. Өлкенің орталықтан шалғайда орналасуы партия- мемлекеттік бақылаудың мүмкіндігін шектеді. Сонымен бірге БМСБ мен ІІХК жағрафиялық тұрғыдан шалғай орналасуына байланысты толық бақылау орнатып үлгермеген еді. 1918-1919 жж. В.И.Ленин мен И.В.Сталин мұсылман коммунистерінің I және II съездерін ұйымдастырып шақырды. Съездерде РК(б)П ОК Шығыстағы мұсылман бұқарасы арасындағы жұмысты жүргізу туралы нұсқаулар қабылдап, Кеңес өкіметінің бұл саясатын бүкіл дүние жүзі болып қолдауға шақырды [174,б. 56]. Кеңес өкіметінің ислам діні мен мұсылмандарға қатысты саясаты жалпы дінмен күрес саясаты негізінде жүзеге асырылды. Большевиктердің үкімет басына келуінен бастап атеистік мемлекет құру идеясы жүзеге асырыла бастады. 1918 ж. бірінші РКФСР Конституциясында діннің мемлекеттен бөлінуі жарияланып, азаматтардың дін тұту еркіндігімен қатар дінге қарсы үгіт- насихат жүргізу құқығы бекітілген. Сонымен бірге дін басылар қанаушы тапқа жатқызылып, сайлау құқығынан айырылды. Кеңес өкіметі мұсылмандар арасында таптық шиеленісті пайдаланып, оларды «таптық белгі бойынша» ыдыратуға және білімді әрі ауқатты санатқа жататын мұсылмандардың ықпалын әлсіретуге тырысты. Сонымен бірге мұсылман қауымдарына қарасты мешіт-медреселерді жауып, білімді мұсылман дін басыларының көзін құртып, мұсылман қауымына соққы беруді мақсат етті. Ал кеңес өкіметіне ниеттестік танытқан мұсылмандардың бір тобын мемлекетте ар-ождан және дінтұту бостандығынанан көрініс беру үшін қалдыру көзделді. Орталық мұсылман комиссаритатының қызметі осы бағытта басқарылып, реттелді. Бірақ кеңес өкіметінің алғашқы жылдары мұсылмандарға қатысты саясат қарсы ашық 101 күрестен гөрі сақтық, жанама сипатта болды. 1919 ж. наурызда партияның VIII cъезінде қабылданған бағдарламасында партияның қанаушы таптар мен діни үгіт-насихатты ұйымдастыру арасындағы байланысты толығымен жоюды көздеп, ғылыми-ағартушылық және дінге қарсы үгіт-насихат жұмысы арқылы еңбекші халықтың діни соқыр сезімнен арылуына жәрдемдесетіні атап өтілді.
Осыған байланысты діни фанатизмге апаруы мүмкін болғандықтан дінге сенушілердің діни сезімдеріне нұқсан келтіруден аулақ болу қажеттігі ескертілді [64,с. 161-162]. Мұсылман мектептері алғашқы жылдары жабылмады. Кей жерлерде медреселер ашылды. 1918 ж. Түркістан АКСР 1дінің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы декретін қабылдады. Декрет 1918 ж. қаңтарда РКФСР ХКК қабылдаған декрет мазмұнын қайталады, бірақ ол жергілікті халықтың тіліне аударылмай, орыс тілді ұлт өкілдеріне қатысты жүзеге асырылды. Орта Азияның Бұхар, Хорезм ресупбликаларында декрет мүлдем қабылданбады.1920 ж. ақпанда РК(б)П ОК-нің партиялық комитеттерге жіберген қызметтік хатында Шығыс халықтары арасында жұмыс істеу барысында мұсылмандарға ерекше қатынас танытып, діни және ұлттық факторды ескеруді талап етті. Өйткені мұсылмандар арасында діни сарқыншақтар орыс және еуропалық еңбекші шаруалармен салыстырғанда терең сақталуы, күнделікті тұрмыстық өмірдің діни дәстүрмен біте қанасуы шығыс халықтарының экономикалық дамуының артта қалушылығымен түсіндірілді. Осыған байланысты исламға қатысты саясаттың дінді терістеу арқылы емес, сауаттылық деңгейін көтеру, мектеп ашу, жер және адам туралы танымдарын кеңейтіп, ең бастысы мұсылман дін басыларының таптық сипатын ашып көрсетіп, кедей шаруаларға қарсы олардың қанаушы пиғылдарын әшкерелеу көзделді [101,с. 163-164]. 1919 ж.
Қазақ ОАК Қазақстанда Құрбан айт мейрамын тойлауға рұқсат берді. 1920 ж. 12 тамызда Қырғыз (қазақ – автор) облыстық бюро қаулысына сәйкес Құрбан айт мейрамында 25 тамыз күні мұсылман қызметкерлері сабақтан босатылса, әскери мұсылмандар 25-28 тамыз аралығында қызметтерінен босатылды. Кейбір партиялық және кеңестік іс-шаралар барысында намаз оқу мақсатында үзілістер жарияланды (мысалы, Түркістан Кеңестерінің III съезінде). Қазақ мұсылмандары үшін Ораза-айты, Құрбан-айты және Наурыз діни мейрамдар болып жарияланды. Алайда 1921 ж. діни қызметкерлердің құқықтары шектеліп, мұсылман дін өкілдері (1936 ж. дейін) сайлау құқықтарынан айырылды. 1920 ж. үкіметтің арнайы декреттерімен қалың мал, құн төлеу сияқты халықтық салт-дәстүрлердің күші жойылды. Дін басыларға салық салу арқылы да қысым жасалды. 1923 ж. Қазақ АКСР ІІХК- ның нұсқауында мемлекеттік жіне жергілікті салықтардың төленбеуі себепті жергілікті атқару комитеттері дал болып, ғибадатханаларды жабу туралы шешім қабылдап жатқаны туралы ақпар берілді. Сөйтіп 1924 ж. Бөкей губерниясының Жамбейті уезінде тоғыз мешіт жабылып, молдалар сот жазасына тартылды [64,с. 165]. Кеңес өкіметінің жазалау шаралары, мешіттердің жабылуы, дінге қарсы 102 насихат мұсылман діни ұйымдары мен мешіттердің бұзылуына алып келді. Бұған Ішкі Ресей және Сібір мұсылмандарының діни басқармасының төрағасы – мүфтий Ризаитдин Фахретдиновтың РКФСР мұсылмандарының жағдайы және оны жақсарту шаралары туралы БОАК Төралқасына жолдаған өтініш- баяндамасы дәлел. Оның мазмұны төмендегідей: «Кеңестік басқару тәртібі орнағаннан бастап және шығу тегі мен діни ұстанымдарына қарамастан барлық азаматтардың теңдігі жарияланған күннен бастап мұсылман дін қызметкерлері, мұсылмандық діни ұйымдар кеңес өкіметіне толық лояльность танытып келді және танытып келуде.
Бірақ бұған қарамастан, олардың еркіне тәуелсіз жағдайларға байланысты мұсылмандардың барлық діни ұйымдары жер бетінен толығымен жойылуға жақын». Р. Фахретдинов пікірі бойынша бұған мешіттердің жабылуы, мұсылман дін қызметкерлеріне шамадан тыс салықтың салынуы, жер аудартып, мүлікті кәмпескелеумен сипатталған «кулактарды» құрту, Қасиетті Құран мен діни кітаптарды тартып алып жою, жұма күні құдайға құлшылық ету мен рамазан айында ораза тұтуға тиым салу сияқты шаралар себеп болған. Сонымен бірге 12 мың приход пен мешіттердің ішінен 10 мыңы жабылып, молдалар мен мүәзиндердің 90-97% діни жоралғыларды орындау мүмкіндігінен айырылғанын атап өтеді [227]. Діни қауымдарға қарасты діни ғимараттарды жою немесе жабу туралы кеңестік билік органдарының ұстанымдарымен шешімдері тұтас мұрағат істері мен жеке құжаттарда көрініс табады. Мысалы, 1932 ж. 20 қазанындағы БОАК Төралқасының № 60 хаттамасына сәйкес Тополевка селосында шіркеуді жою мәселесі қаралды [228,л. 23]. ҚазАКСР Көкшетау қалалық кеңесіне жергілікті Дін істері жөнідегі комиссия хатшысы Агеевтің 1934 ж. 5 мауысымда жолдаған қызметтік хатында қаладағы мұсылман қауымының мешіт жанындағы күзетші үйінің тартып алынуына байланысты шағымданғандарын айта келе, заңсыз тартып алынған мешіт күзетшісінің үйін діни сенушілерге қайтаруды сұраған [229,л. 17]. Осыған ұқсас жағдайлар республиканың басқа жерлерінде де кездесті. Мысалы, Қызыл-Октябрь ауданының Чембелей ауылында екі мешіттің жабылғанына қарамастан үшінші мешіттің жабылуы туралы мәселе орын алды [230,л. 1-16].
Алматы қаласында ұйғыр мешітін жабу және оның ғимаратын мәдени-ағартушылық мақсатта пайдалану мәселесі қаралды [231,л. 1-53]. Бөкей губерниясының Жамбейті уезінде 1924 жылдың бірінші кварталында тоғыз мешіт жабылып, молдалар сот жазасына тартылды [64,с. 165]. 1930 ж. ІІХК қорытындысы негізінде ҚОАК хатшылығының шешімімен Сыр-Дария округының Высокое ауылында Покров шіркеуі жауып, оның ғимараты клубқа берілді. Бірақ, сонымен бірге ІІХК-на аталған шіркеу мүлкін діни сенушілерге беріп, оларға діни ғұраптарды басқа ғимаратта жүзеге асыру мүмкіндігін беру ұсынылды [232,л. 7]. БОАК төрағасының Қазақ КСР бойынша діни бірлестіктер мен ғибадатханалар туралы баянжазбасына сәйкес елде 1918-1931 жж. арлығында 1630 діни ғимарат, олардың ішінде 782 мешіт жабылса, 1931-1933 жж. 8 ғимарат жабылды [222,л .69-72]. Р. Фахретдиновтың хатына жауап болмаған соң ол БОАК мүшесі, БОАК Төралқасы қарамағындағы Діни салттар жөніндегі комиссияның төрағасы П.Г. 103 Смидовичпен кездеседі. Р. Фахретдинов мұсылман діни мекемелерінің бұзылуы туралы кең баяндама ұсынып, мешіттердің жабылуы, мұсылман діни қызметкерлерінің қамау орындарынан босатылуы мен айдаудан қайтарылуы туралы мәселені объективті қарастыру туралы өтініш жасайды. Бұл кездесуден кейін П.Г. Смидович 1930 жылы 9 мамырда БОАК төрағасы М.И.Калининге мүфтий Р. Фахретдинов ұсынысын қолдау өтінішімен төмендегі мазмұны бар баянжазба жібереді: «…Жіберіліп отырған құжатқа асқан ыждахатпен көңіл бөлу қажет деп санаймын. Баяндамада «мұсылмандардың барлық діни ұйымдары жер бетінен толығымен жойылуға жақын…» деп көрсетілген. Басақ діндерге қарағанда мұсылман дінінің жағдайы нашар, бірақ, жалпы алғанда, барлық діндерге тән жағдайды сипаттайды…Дін майданында асыра сілтеу жалғасуда…ОК тарапынан жер-жерлерге партиялық бағыт бойынша тиісті нұсқаулар жіберілмей жағдайды түзеу қиын.
Егер христиан дініне қатысты асыра сілтеулер батыс мемлекеттерінде тек қоғамдық жоғарғы тап өкілдері қозғалысын тудырса, мұсылман дініне қатысты бұндай жағдай шығыс мемлекеттерінде бұқаралық қозғалысты тудыратыны сөзсіз. Бұл алғашқыдан да қауіпті…» [233,л. 65-65 об.]. Нәтижесінде біраз уақыт мұсылман діни ұйымдарына қысым азаяды. Бірақ КСРО-да жаппай жазалау шараларының басталуымен байланысты дінге қатысты саясаттың жұмсаруы аяқталады. Бұны статистикалық мәліметтер дәлелдейді. Кеңес өкіметінің жазалау шаралары салдарынан КСРО халқы құрамында сенушілердің үлес салмағы азайды (Кесте 2). 1937 ж. халық санағы 16 жастан асқан азаматтар қатысты. Ресей аумағын мекендеген православтық, мұсылмандық, иудейлік, армян- григориандық, буддистік дін өкілдерінің үлес салмағының кеңес өкіметінің дінге қарсы жазалау шараларынан кейін азайғанын байқауға болады. 1923 ж. көктемде өткен РК(б)П 12-ші съезінің мәліметтеріне сәйкес Одақ республикаларындағы мұсылман халқының саны 30 млн. адам болды [105,с. 62]. Дінге әкімшілік-тиым салу шараларымен бірге үгіт-насихат шаралары жүзеге асырылды. Үкімет исламға қатысты саясатты жүзеге асыру барысында шығысхалықтарының тілін, әдет-ғұрпын жақсы білетін мұсылман дін өкілдерін тартуға тырысты. Қазақ тілінде дінге қарсы үгіт-насихат мазмұнында әдебиеттерді басып шығару ісіне көп көңіл бөлінді. Бірақ соған қарамастан Қазақстанда дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеді. 1923 ж. 8 мауысымда РК(б)П Қырғыз (қазақ – автор) облыстық комитетінің дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстарына қатысты жиналыста С. Сейфуллин қазақтар арсында дінге қарсы үгіт-насихат материалының жоқтығын, қазақтардың артта қалушылығы мен сауаттылық деңгейінің төмендігін, қазақтан коммунист-дәріскерлердің жоқтығын атап өтіп, дінге қарсы үгіт- насихат жұмысын «эволюциялық» түрде, ең алдымен, баспасөз арқылы жүзеге асырып, жал жергілікті жерлерде тоқтата тұруды ұсынды. Жиналыста С. Сейфуллин ұсынысы қолдау тауып, арнайы резолюция қабылданды. Қазақ ауылдарында дінге қарсы үгіт-насихат жұмысы төмен деңгейде жүргізілді. Оған партияның губерниялық комитеттері мен РК(б)П Қазақ облыстық комитеттерінің есептері дәлел. Көп жағдайда дінге қарсы үгіт-насихат бағытындағы шаралар діни мейрамдардың қарсаңында ұйымдастырылып, «ораза айлығы», «комсомолдық Құрбан-айты» өткізіліп, сахналық қойылымдар қойылып, дәрістер оқылды.
Бірақ аталған шараларға қарамастан 20-шы жж. бірінші жартысында діни қозғалыстың жандануы байқалды. Жер-жерде діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы декрет ережелері орындалмай, мектептерде заңсыз түрде діни ілімді оқыту орын алды. Мысалы, Қостанай облысында жеке меншік екі мұсылман мектебі анықталып, жабылды, ал оқытушылар сот жазасынат артылды. Орал губерниясында екі діни мектептің қызмет етіп, 190 мешіттің тіркелгені туралы мәліметтер кездеседі. Сонымен бірге мұсылмандар арасында мұсылман баспасөз құралдары, олардың ішінде ОДБ шығаратын «Ислам» журналы, Башқұрт діни басқармасы шығаратын «Дианат» журналы таралды. Мәскеу, Петроград, Уфа, Ташкент, Қазан, Орынбор қалаларының жеке меншік баспаларынан діни әдебиет тапсырылып алынды [64,с. 167-170]. 1923 жылы БМСБ қарамағында арнайы ақпарат бөлімі – «Шығыс бөлімі» құрылды. Бөлім материалдарына қарағанда исламға қатысты саясатта, большевиктер жария еткен, ымыраластық мүмкіндігін қарастыратын шыдамдылық байқалмады. Шығыс бөлімі қызметкерлері мұсылман республикаларындағы жағдайды зерттеп білумен айналысты, сонымен бірге көптеген мәселелер қатарында діни ұйымдарға ерекше көңіл бөлді. Олар 105 бақылау жүргізіп, аңду нәтижесінде үкіметке ай сайын мұсылман аудандарындағы жағдай туралы ағымдағы ақпарат пен жалпы шолу түрінде ақпарат беріп отырды [103,с. 12]. Революцияға дейін Қазақстан жеке Діни басқарма құруға қол жеткізе алмай келді. Казақ дін басылары дербес басқарма құруды көздегенімен, бұл ұсыныс қанағаттандырылмады. Қазақстанда мұсылман дін басыларының ықпалын әлсірету мақсатында кеңес өкіметі Мұсылмандардың орталық діни басқармасын Қазақстаннан оқшаулатуды көздеді. 1923 ж. Уфада өткен мұсылман дін басыларының бүкілресейлік II съезінде Қазақстан мұсылмандары Ішкі Ресей және Сібір мұсылмандарының діни басқармасының құрамына берілді.
Батыс зерттеушілері кеңес өкіметінің исламға қатысты 20-шы жж. ортасына дейін орын алған саясатты Азия елдерін әлемдік революцияға тарту мақсатында жасалған жарнама ретінде қарастырады [234,с. 277]. Осыған байланысты 1926 ж. РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Дінге қарсы үгіт- насихат жұмысы туралы» резолюциясында діннің таптық мәні ашып көрсетіліп, мұсылман дін қозғалысының әлеуметтік мәні жағынан кеңес өкіметіне қарсы сипаты атап өтілді. Резолюцияға сәйкес Қазақстанда мұхтасибат институттарын жауып, қайта құрылуына жол бермеу ұсынылды. Билік органдары діни қызметкерлердің қызметін қатаң бақылауға алып, діни жиналыс, съезд, мешіттердің салынуы билік органдарының арнайы рұқсатымен жүзеге асырылды. Жергілікті органдар орталық мемлекеттік мекемелерге діни өмірге қатысты ақпарат беріп отырды [64,с. 173]. Қорыта айтқанда, кеңес өкіметінің исламға және мұсылмандарға қатысты саясаты «социалистік», «дінсіз қоғам құру» жолында жалпы дінмен күрес аясында жүзеге асырылды. Большевиктік биліктің алғашқы жылдары исламға қатысты саясаты ашық қарсыласу түрінде емес, сақтық, жанама сипатта жүзеге асырылғанымен, көп ұзамай исламға қарсы шабуылға ұласты. Қазақ жерінде діннің мемлекеттен жіне мектептің діннен бөлінуі туралы декрет ережелерінің жүзеге асырылуына қатысты заңсыздықтар жазаланап отырды. Діни қозғалыстың күшеіне байланысты дінге қарсы күштеу шаралары да белсендіріліп, діни мектептер, мешіт-медреселер жаппай жабылды. 20-шы жж. екінші жартысынан бастап мұсылман дін басыларының реакциялық қызметі әшкереленіп, «мұсылмандардың кеңес өкіметіне қарсы сипаты» туралы тұжырым жасалды. Кеңес өкіметінің исламға қарсы шабуылы мұсылман оқу орындарына қатысты саясатынан да көрініс тапты.