КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ДІН САЛАСЫНДАҒЫ САЯСАТЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Опубликовано Сентябрь 9, 2016 by Damir

Рубрика История

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Уақытша үкіметтің дін және діни мекемелерге қатынасы

Кеңестік тарихнамада ұзақ уақытқа дейін орныққан тұжырымға сәйкес Уақытша үкіметтің діни саясаты мән-мағынасы мен бағыттылығы жағынан «буржуазиялық» сипатта болды және қоғамда ар-ұждан бостандығы қағидаларының толығымен орындалуына мүдделі болмай, діни ұйымдарға тиісті деңгейде бостандық бермеді. Ал, шын мәнінде, солай болды ма? 1917 жылы 2 наурызда Уақытша үкіметтің алғашқы құрамы жасақталып [47,с. 12], Министрлер кеңесінің төрағасы мен Ішкі істер министрі болып князь Г.Е. Львов, Шет істері министрі П.Н. Милюков, Әскер және флот министрі А.И. Гучков, Қатынас жолдары министрі Н.В. Некрасов, Сауда және өнеркәсіп министрі М.И. Терещенко, Ағарту министрі А.А. Мануйлов, Жер шаруашылығы министрі А.И. Шингарев, Әділет министрі А.Ф. Керенский болып тағайындалды. Синодтың обер-прокуроры В.Н. Львов болды. Уақытша үкіметтің 3 наурызда қабылданған Декларациясында үкіметтің саяси бағыты мен тез арада шешілуге тиісті міндеттері белгіленді. Дін және мелекет арасындағы қатынастар мәселесіне қатысты Декларацияда төмендегідей міндеттер белгіленді: «1) Барлық саяси және діни істер бойынша амнистия…; 3) Сословие, діни және ұлттық барлық шектеулер жойылсын…». Яғни, үкімет дін мен мелекет арасындағы қатынастар саласын қайта қарауға, дін бостандығын беруге уәде етіп, жоғарыда аталған реформалар мен шаралардың жүзеге асырылуына ешбір соғыс жағдайлары кедергі бола алмайтынын айтты [133, с. 15; 134,с. 7]. Соған байланысты болуы керек, бірнеше күннен кейін Синодтың алғашқы үндеуі жолданып, ол «Құдайдың әмірі орындалды. Ресей жаңа мемлекеттік өмір жолына түсті» деген сөздермен басталды. Яғни дінбасылар патшаның тақтан құлауы мен биліктің Уақытша үкіметке ауысуын Құдай әмірі деп сенушілерді сендіруге тырысты. Зерттеуші, Ю. Бабинов атап өткендей жаңа тарихи жағдайда дінбасылар мен буржуазия одағы пайда бола бастады [47,с. 12]. Бұл тұжырымға сүйенетін болсақ, Ресейдің діни қауымы үкіметті бір ауыздан қолдағандай болды. Бірақ, соңғы зерттеулерде кездесетін фактілер бұны теріске шығарады [135,с. 62; 134,с. 7-19]. Синод пен діни ұйымдарды бақылаудан шығарғысы келмеген үкімет арасында жақсы қатынас қалыптасты деу қиын. 3 наурызда жаңа «революциялық» обер-прокурор болып тағайындалған Владимир Николаевич Львов распутиншілдікті белсенді түрде сынаған Мемлекеттік Дума өкілі, бұрыннан шіркеу реформаларының жақтаушысы болып саналған. В.Н. Львов 4 наурызда шіркеуге басқару бостандығын беретінін және өзінің қажетті жағдайда Синод шешімін тоқтату құқығына ие болатынын жариялады. 7 наурызда өзін «шіркеу істеріне қатысты бұрынғы патша билігі кезінде болған өкілеттікке» ие екенін хабарлады. Үкімет атынан обер-прокурорға тапсырылған шіркеуді қайтар құру жобасы мен Собор шақыру мәселесіне Синод өкілдері қарсы шықты. Обер-прокурор толық биліктің сайланбалы болып табылмайтын қазіргі Синодқа беріле алмайтынын, оның «тек бүкілресейлік шіркеу дін басыларының жиналысына» ғана тапсырылатынын айтты. Жаңа обер-прокурор үкімет құрамына кіріп, бұрыннан бекітілген құқықтар мен міндетерге ие болды. Тіпті, бұл қызметке арналған нұсқаулық та өзгермеген [135,с. 60,62]. Шіркеу істерін басқару тәртібі бұрынғыдай қала берді: православтық шіркеу Синод обер-прокуроры арқылы басқарылды; басқа діндер Ішкі істер министрлігі қарамағындағы Шет ел дін істері жөніндегі департамент арқылы басқарылды. Обер-прокурор үкімет құрамына еніп, оның құқықтары, міндеттері мен өкілеттігі, бұрынғыдай, I Петр кезеңінде бекітілген Регламентке және оған енгізілген қосымшаларға сәйкес белгіленді. Билікке келген Уақытша үкімет өз тәжірибесінде өзіне дейінгі «зайырлы мемлекет» концепциясын негіздеген дінге қатысты реформаларға сүйенуге тырысты. Бұл Ресейде дін мен мелекет арасындағы қатынастарды дамытудағы маңызды қадам болды. Соған байланысты үкіметтің билікке келген алғашқы күндерінен бастап діни ұйымдар оның жалпы саяси бағыты мен діни реформалар бағдарламасына қолдау танытты. Уақытша үкімет ішінде обер-прокурор лауазымын сақтап қалуға қатысты көзқарастар әр түрлі болды. Мысалы сол кездегі обер-прокурор В.Н. Львовтың жолдасы А.В. Карташев бұны шіркеу және мемлекет арасындағы шиеленіс пен түсінбеушілікке апаратын «толыққанды революциялық емес, бір қалыпты және компромистік комбинация» деп санады. Ол ескі Синод пен обер- прокуратураны таратып, олардың орнына дін министрін тағайындауды ұсынды. Бірақ обер-прокурор В.Н. Львов, премьер-министр Г.Е. Львов пен оның Ішкі істер министрлігіндегі көмекшілері Д.М. Щепкин мен А.Г. Алексеев бұл ұсынысты қабылдамады [134,с. 7-8]. ІІМ дін істері жөніндегі Департаменттің үкіметке жіберілген бір жазбасында «ескі мемлекетік құрылыстың күйреуі Ресейдегі діни қатынастарды қайта қарау қажеттілігін тудырды. Ескі құрылыс ұждан және дін бостандығын толығымен мойындамады. Ол бір діннен екінші дінге өтуге, діни насихатқа рұқсат бермей, заң алдында барлық діндердің тең болуын қаламады». Үкімет Ресейдің енді «христиандық» емес, «конфессиялық емес» мемлекет екенін ескеріп, обер-прокурор арқылы келесі шараларды іске асыруды көздеді: «дін істері» бойынша айыпталғандарды босату; діни, әлеуметтік және ұлттық шектеулерді алып тастау; дін теңдігі және дінге қатысты көзқарасына қарамастан азаматтардың теңдігін қамтамасыз ету; мемлекеттік оқу мекемелерінде діни ілімді міндетті оқытуды жою; халыққа білім беру министрлігі құзырына шіркеу-приходтық мектептерді беру; ескі дәстүрлік, католик, протестант және басқа діни бірлестіктердің қызметіне рұқсат ету. Осыған байланысты бұрын «төзімді» және «қудаланған» болып саналған діни бірлестіктер үкіметтің ішкі-сыртқы саясаты мен діни мәселе бойынша бағдарламасына қолдау танытты. Мұсылман, ескі дәстүрді ұстанушы, иудей, армяндық-григориандық, униат, баптист, евангелие және басқа қауымдардан келіп түскен телеграммалар мен үндеулерде дін саясатының өзгеруі мен қоғамда ұждан бостандығының салтанат құратындығына деген үміт болды. 1917 ж. сәуірде өткен ескі дәстүрді ұстанушылар съезінде қабылданған Резолюцияда «шіркеу мемлекетке қызмет ете алмайды, шіркеу үстемдіқ құру ниетінен, мемлекеттің қаражат жағынан қолдауынан бас тарту керек. Шіркеудің мемлекеттен толығымен бөлінуі және Ресейдегі діни топтардың бостандығы ерікті Ресейдің игілігі мен көркеюіне септігін тигізбек», – деп жазылған [134,с. 8-9]. Тез арада шіркеу реформаларын іске асыруды көздеген обер-прокурор В.Н. Львов шіркеуге қатысты қайта құруларды қаламаған Синод мүшелері тарапынан да, епархия архиерейлері тарапынан да қарсылыққа тап болды. Үкіметтің дін саласына қатысты шараларын Синод мемлекет пен қоғамда шіркеудің «үстем етуші» жағдайына нұқсан келтіреді деп санады. Осыған байланысты әскер мен флот протопресвитері Г. Шавельский өз естеліктерінде: «Революция қарсаңында біздің епископат негізінен бүлінген, жұмысы шамалы, іске зиянды адамдардың жиыны болып табылады. Оның ішінде шытырман жолды ұнатушылар мен содырлар, атаққұмарлар мен ләззатқұмарлар, момындар мен «тақуалар», төзімсіз бен тентек, ішіп-жеу, ойын-күлкіні сүйетін тоғышарлар, ұсқынсыз шалағай жобалаушылар мен саудагерлер, алды-артын байқауды білмейтін есерсоқтар мен рақымсыздар, оларға ықпал етуші құр сандал алаяқтар да болды. Кейбір билеушілер бірнеше адам тұрпатының қасиеттерін ұштастыра білді. Ең алғашқы шіркеу реформасы епископатқа тиетін болды», – деп жазған [134,с. 13-14]. 1917 ж. 14 сәірде Уақытша үкімет В.Н. Львов өтініші бойынша Синодтың архиепископ Сергийден (Старогородский) басқа барлық бұрынғы мүшелерін қызметтен босату туралы жарлық шығарды. Олардың орнына жоғарғы шіркеу билігі органының жаңа, негізінен, либералдық көзқарастағы мүшелері тағайындалды [135,с. 62]. 29 сәуірде жаңа құрамдағы Синод қабылдаған жолдауда өзгерген мемлекеттік құрылыс жағдайында орыс православтық шіркеуі өміршеңдігін жойған ескі тәртіп бойынша өмір сүре алмайтыны және шіркеу басқару құрылымының барлық түрлеріне сайлану тәртібі енгізіліп, шіркеудің барлық мүшелері шіркеу істеріне кеңінен қатысуы шіркеу құрылымының негізі болуы тиіс деп атап өтілді [136]. 26 сәуірде Синодтың жаңа құрамы алғашқы отырыста қабылдаған жолдауда Жергілікті Соборға дайындық мәселесі басты міндет болып белгіленді. Сонымен бірге шіркеу басқару құрылымын барлық салаларына «сайланбалылық қағидасын» енгізу көзделді. Приход, епархиялық басқару, дінбасылар мен епископтарды сайлау туралы «Уақытша ережелер» жарияланды. Наурыз-маусым аралығында қабылданған синодтық қаулылар дінбасылар мен сенуші қарапайым адамдардың жағдайы мен құқықтарын өзгертті. Мысалы, 1917 ж. 25 наурызда қабылданған Синод қаулысына сәйкес өз еріктерінен тыс себептерге байланысты приходта діни қызметтен кетуге мәжбүр болған діни қызметкерлерге діни атағына байланысты мемлекеттік, қоғамдық лауазымдарды атқаруға рұқсат етілді. Дін қызметкерлері мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыруға мүмкіндік алды. Діни академияларда ректор сайланатын болып, оны Академия кеңесі сайлайтын болды. Оқытушылар сайыстық негізде қызметке алынды. Студенттерге саяси партияларға қатысып, жеке пәтерде тұруға рұқсат етілді. Синод 1 маусымда Мәскеуде дінбасылар мен сенушілер қатысатын бүкілресейлік съезд шақырып, тез арада Петроград және Мәскеу митрополияларына сайлау өткізу шешімін қабылдады. Сонымен қатар барлық бос орыны бар епископ кафедраларында сайлау тәртібін енгізуді көздеді. Петроград кафедрасы митрополитін сайлау «шіркеу демократиясы» сипаттайтын алғашқы тәжірибе іспетті болды. Газеттерде «Шіркеу азаматтары! Ғибадатханаға барып, сайлауға қатысыңыздар, жаңа шіркеу өміріне кәу болыңыздар!» деп жазылған [134,с. 14-15]. Бүкілресейлік съезд алдында Воронеж, Тверь, Орлов губернияларында өткен дінбасылар съездерінде шіркеудің мемлекеттен бөлінуі мүмкіндігі мәселесі талқыланды. Бірақ, көптеген епархияларда дінбасылар Шіркеу мен мемлекет арасындағы қатынастардың қалыптасқан жүйесін өзгертуге қарсылық білдірді. Олардың пікірінше «православтық шіркеу мемлекеттен бөліне алмайды, ол азаматтық басқару ықпалынан босатылып, тек шіркеу заңдары бойынша басқарылуы тиіс. Мемлекет православиелік сенімнің үстем дәрежесін мойындап, православие дінбасыларына еңбекақы мен зейнетақы тағайындап, шіркеу пастырларын дайындайтын оқу орындары үшін қаражат бөлуі керек. Сонымен бірге барлық оқу орындарында құдай ілімі басқа пәндермен қатар оқытылып, оқытушыларға еңбекақы төленуі тиіс» [134,с. 21-22]. Санкт-Петербург діни академиясының профессоры Б.В. Титлиновтың «Бүкілресейлік шіркеу-қоғамдық хабаршысында» жарияланған «Шіркеудің мемлекеттен бөлінуі» атты мақаласында шіркеудің мемлекеттен бірте-бірте бөлінуі идеясын қолдады. Бірақ дінбасылар көпшілігі шіркеу мен мемлекет арасындағы одақтық қатынастарды қолдап, шіркеудің мемлекеттен бөлінуінің қандай да бір түрін мойындамады. Бұл ұстаным 1917 ж. маусым басында Мәскеуде өткізілген дінбасылап мен қарапайым сенуші адамдардың бүкілресейлік съезінде де анық байқалды. Съезде қаралған негізгі екі мәселенің бірі мемлекет пен шіркеу арасындағы қатынастар еді. Съезд барысында обер- прокурор В.Н.Львов жасаған баяндамасында үкіметтің православтық шіркеуді мемлекеттен «бөлуді» мақсат ететінін жеткізіп, ол үшін «ұзақ мерзімді дайындық қажет» екенін атап айтты. «Алдымен: 1) Шіркеуге бостандық берілуі тиіс; 2) шіркеу мен мемлекеттік салалар бір-бірінен бөлінуі тиіс және 3) ұзақ уақыттан кейін шіркеудің мемлекеттен толық бөлінуі». Бірақ съезд бұл ұсынысты қабылдамады. Осыған байланысты Е.Н. Трубецкой «Шіркеудің мемлекеттен бөлу ұранын оған жау әрі немқұрайды адамдар қолдауда. Біздің арамызда да, епархиалық съездерде де бұл мәселе байқаусыздан көтерілуі мүмкін. Шіркеудің мемлекеттен бөлінуі шіркеудің толығымен таратылуы болып табылады, сол себепті біз оған жол бермеуіміз керек» деп айтқан [134,с. 23-24]. Съезд резолюциясы мемлекет пен шіркеу арасындағы қатынастардың төмендегі қағидаларын бекітті: «1. Шіркеудің мемлекеттен бөлінуіне, дін бостандығының жарияланып, жүзеге асырылуына жол беруге болмайды. 2. Православие Ресейде басқа діндердің арасында үстем дін деп танылсын. 3. Осыған байланысты православие артықшылықтарға ие болып, бұл дінге қатысты мемлекеттік барлық құжаттарда, көпшілік діни шараларда көрініс тауып, православие-богослужебный күнтізбе өз күшін жоймауы тиіс. Православтық дін қоғамда, баспасөз бетінде де қорланбауы тиіс. 4. Мемлекет басшысы және дін министрі көпшілік құқыққа ие, және соңғысына мемлекет заң ісінде қамқорлық көрсетіп, материалдық тұрғыдан қолдауы тиіс». 5- тармақта төмендегідей ескерту болды: «Көпшілік-құқықтық сипаттағы институттардың маңызы және материалдық қолдау басқа да діндерге берілуі мүмкін» [134,с. 24]. Съезд шешімі иерархия және көпшілік дінбасылар православиемен тығыз байланысты «христиандық мемлекет» идеясын қолдады. Бұл «корпоративті мүдде» ұстанымы шіркеуді революция нәтижесінде оянған ресейлік қоғамға қарсы қойды. Біріншіден, православтық емес діни ұйымдардың басым бөлігі шіркеудің мемлекеттен бөлінуі, діндер мен діни ұйымдардың тең құқықтығы қағидаларына негізделген жаңа қатынастарды қолдады. Екіншіден, Ресей саяси партиялардың басым бөлігі өз бағдарламаларында зайырлы мемлекет идеясын қолдап, Ресей империясының бұрынғы дін саласындағы саясатын сынады. Олар шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуін, шіркеу-монастыр меншігін мемлекеттендірілуін; дінге қатынасына қарамастан азаматтардың және діни ұйымдардың теңдігін; конфессиялардың мемлекеттік қаржыландырудан бас тартуды; азаматтардың ешбір дінді ұстанбау құқығын талап етті. Осыған байланысты шіркеу қызметкерлері аталған мәселенің шешілуі мемлекеттің саяси бағытына байланысты екенін мойындады. «Бүкілресейлік шіркеу-қоғамдық хабаршысында» жарияланған мақалада «Мемлекеттің шіркеуге қатынасы саяси мәселе болғандықтан ол саяси тұрғыдан шешілуі тиіс. Шіркеу дін басыларының жиналысы айтқанымен, мемлекет шешеді. Сол себепті Шіркеу дін басыларының жиналысы өзінің құзырындағы мәселелерді көтеріп, саясатқа араласпай, шіркеуге қатысты, діни бағытты айқындап алуға тиіс. Шіркеуге қатысты саяси мәселелерді Құрылтай жиналысында саяси күштер тарапынан шешіледі. Саяси шешімге ықпал ету үшін шіркеудің Құрылтай жиналысында қолдаушылары неғұрлым көп болуы тиіс. Ең дұрыс әдіс осы» деп атап өтілді [134,с. 24-25]. Шіркеу дін басыларының жиналысын шақыруға қатысты дайындық жұмыстарын іске асыру үшін Шіркеу дін басыларының жиналысына дайындық кеңесі құрылды. Оған синодтық мекемелер, басқарушы иерархтар, діни мектептер мен монастырлардан делегаттар кірді. Оның отырыстары Петроградта өтті. Кеңес жұмысын Синодтың бас мүшесі міндетін атқарған архиепископ Финляндский Сергий басқарды. Шіркеу дін басыларының жиналысына дайындық кеңесінде патриаршылдықты қалпына келтіру мәселесі қызу талқыланды. Митрополит Волынский Евлогий (Георгиевский) отыз жылдан соң өз естеліктерінде Шіркеу дін басыларының жиналысына дайындық кеңесінің жұмысын төмендегідей сипаттаған: «Либералдық көзқарастағы профессорлар синодтық, коллегиалдықты жақтап, патриаршылдыққа қарсы шықты. Олардың пікірінше патриаршылдық биліктің бір адамның қолында шоғырлануы қағидасына негізделгендіктен тарихи уақыт қажеттіліктерін қанағаттандырмайды.Осы көзқарасты қолдағандар басым болып түсті [127,с. 268]. 1917 ж. шілде айын мемлекеттің дін саясатын жүзеге асырудағы меже деп санауға болады. Бұл уақытқа дейін үкімет мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы қатынастар мәселесі тек Құрылтай жиналысында шешіле алатынын айтты. Сондықтан ол діни бірлестіктердің күнделікті тұрмыс мәселелеріне көңіл аударып, аталған салада патшалық кезеңнен сақталып келе жатқан жүйені жаңа жағдайға икемдеп барынша пайдалануға тырысты. Жұмыстың көп бөлігі ІІД мен Шетел дін істері жөніндегі департаментке міндеттелді. Мемлекет пен бұрын «қудаланған» және «төзімді» болып саналған діни ұйымдармен арасындағы жаңа қатынастарды қайта қарау соған жүктелді. Сонымен қатар діни ұйымдар съездерін өткізу, олардың сайланбалы басқару органдарын бекіту, діни бірлестіктердің қызметі туралы жаңа ереже мен нұсқаулықтарды бекіту, діни ұйымдар меншігіне қатысты мәселелерді шешу де соның қарауында еді. ІІД құрамында конфессия өкілдері тарапынан келіп түсетін ұсыныстарды қарап, дінге қатысты заң жобаларын дайындау мақсатында жалпы дін істері жөнінде Ерекше кеңес құрылды. Қажет жағдайда конфессиялардың өмір сүру әрекетіне қатысты мәселелер үкімет қарамағындағы Заң кеңесінде талқыланатын. Дінге қатысты заң жобаларын дайындауға діни ұйым, ғылыми мекеме, қоғамдық сала өкілдері қатыстырылып, арнайы комиссиялар мен кеңестер ұйымдастырылатын [134,с. 8]. 1917 ж. маусым аяғы мен шілде басында үкімет патшалық кездегі діни заңнама нормаларынан бас тартып қана қоймай, дінге қатысты жеке заңнама жобаларын дайындау қажет деген тұжырымға келді. Осыған байланысты жаңа саясаттың теориялық негіздері жөнінде мәселе өзекті болды. Үкіметтің 1917 ж. ақпан-маусым айларында бағдарланған және барлық діни ұйымдардың теңдігі мен бұрынғы тарихи байланыстар сипатына қарамастан мемлекеттің олардан бірдей алшақтығы қағидаларына негізделген «конфессиялық емес мемлекет» идеясы іс жүзіне аспады. Мемлекеттік дін саясатын жүзеге асырған мемлекеттік органдарды да реформалау қажеттігі туды [134,с. 28-29]. В.Н. Львов орнына келген жаңа обер-прокурор А.В. Карташев ұсынған «дін саясатының» теориялық негіздеріне сәйкес шіркеу мен мемлекет бір-біріне жаулық пиғылда болмай, керісінше,өзара келісімде болып, бір-біріне жәрдемдесуі тиіс. Бірақ әрқайсысының іс-әрекеті өз алдына жеке, автономды болуы керек. Ресми терминологияда бұл симфония делінеді. Құдайы істер шіркеу құзырында болса, адами істер мемлекет құзырында. Сонымен бірге мемлекет шіркеу догматтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Ал, шіркеу мемлекетпен бірге қоғам өмірін Құдай жолына салады. Ортақ христиандық мақсат үшін бірігетін мемлекет пен шіркеу бір ағзаның екі түрлі қызметін атқарады [137]. 1917 ж. 5 тамызда православтық ортадан С.Г. Рункевич, П.В. Гурьев, кадет партиясынан заңгер мамандар В.Д. Набоков пен барон Б.Э. Нольде қатысқан Заң кеңесі Дін министрлігі жөнінде заң жобасын бекітіп, А.В. Карташев алғашқы (және соңғы) дін министрі болып тағайындалды [134,с. 29]. Уақытша 34 үкімет басшысы А.Ф. Керенский А.В. Карташевты ерекше ілтипатты әрі мәдениетті, сонымен бірге шіркеу тарихы бойынша терең танымы бар және «мемлекет пен шіркеу ынтымақтастығы» идеясын уағыздайтын адам ретінде қабылдады [134,с. 27-28]. В.А. Карташевтың жақын көмекшілерінің бірі С.А. Котляровский «Русские ведомости» газетіне берген сұхбатында Дін министрлігі міндетіне төмендегідей сипаттама берді: «Ұждан бостандығының негіздерін жүзеге асыру, жеке шіркеу одақтарының діни автономиясы. Православтық бұрынғыдай үстем дін болмауы тиіс, бірақ мемлекеттің ерекше қамқорлығын иеленуі керек. Мемлекет шіркеуге қатысты полицейлік қатынастан бас тартуы тиіс. Ол тек шіркеу одақтарының қызметінің заңдылығын бақылаумен шектеліп, ішкі өміріне араласпауы қажет» [134,с. 30]. Уақытша үкіметтің 1917 жылдың шілде айынан қазан айына дейін саясаты Котляровский айтқан «мәдени ынтымақтастық» идеясымен сипаттады. Үкіметтің дін саясаты жөнінде жаңа көзқарасы қоғамда әр түрлі пікірлер тудырды. Үкіметтің Дін министрлігін құру әрекеті шіркеудің мемлекетке бағынуын сипаттаған обер-прокурор лауазымын тарату мақсатында жасалған символикалық қадам деп бағаланды. Сырт көзге аса көрінбегенімен православтық шіркеуінің үстемдігі бұрынғыша сақталды, министр де, оның екі орынбасары да православие дінінен болуы тиіс еді. Шіркеу дін басыларының жиналысы шақырылғанға дейін «мемлекеттік билік мөрімен бекітілген орыс шіркеуінің бұрынғы барлық басқару ережелері» еш өзгеріссіз қалды. Православтық шіркеуі артықшылықтарды иемденді. «Жаңа саясат» Ресей шіркеуінің мүддесіне сәйкес болып, соған лайықталды. Солшыл партиялар бұл әрекетті зайырлық конфессиялық емес мемлекет қағидаларынан бас тарту деп қабылдады. Жаңа бағытты мемлекет және шіркеу арасында «ерекше артықшылығы бар» қатынастар кезеңіне оралу деп бағалаған православиелік емес бірлестіктер бұның басқа барлық діни ұйымдар жағдайына теріс ықпалын тигізеді деп қапаланды. Көп ұзамай Уақытша үкіметке ұлттық және діни құқықтардың заңсыз шектелуіне қатысты мысалдарды алға тартып мұсылман мен ескі дәстүрді ұстанушылар, лютерандар мен рухпен күресушілер өтініштерін білдірді. Үкімет мемлекет пен шіркеу қатынастары саласында ертеректе қол жеткізген жетістіктерден біржола қол үзген жоқ. Мемлекет зайырлылық қағидасынан және ар-ұждан бостандығына қатысты алғашқы кезеңде қабылданып, Ресей қоғамдық өмірінің жаңаруына айтарлықтай ықпал еткен заң актілерінен бас тартқан жоқ [138; 134,с. 30]. М. Одинцовтың пікірі бойынша биліктің православтық шіркеуімен жақындасу жолына түсуі шіркеудің мемлекет пен шіркеу қатынастары саласындағы өзгерістерді саналы әрі еркіті түрде қабылдап, заң бойынша рұқсат етілген басқа барлық діндер мүддесі үшін бұрынғы жеңілдіктер мен артықшылықтарынан және қоғам мен мемлекет ішінде «үстемдігінен» бас тартады деген үмітінен туған. Православтықтан басқа діни бірлестіктердің өмір сүру әрекетіне қатысты үкімет діни бостандықтар саласындағы жетістіктерді сақтап қалуға уәде етті Олардың ішінде: вакуфтық жерлерді пайдалану тәртібінің өзгеруі; Гдов, Ревель және Псковта лютерандық приходтарды 35 басқару жөнінде жаңа нұсқаулардың бекітілуі; протестант, мұсылман және басқа діни-қоғамдық съездерді өткізу мүмкіндігі; ламаиттерге ресми құжаттарда буддистер болып аталуға рұқсат етілуі [134,с. 31]. Кадеттердің «шіркеу» саясатының қайшылықтық сипаты үкімет бағытының қайшылығын тудырды. Кадеттер аталған мәселелерге қатысты үкімет ішінен де, одан тыс болған партиялармен келісім келе алмады. Уақытша үкімет әлеуметтік қолдаудан айырыла бастады. Жаңа бағыт шіркеу-приход мектептерінің тағдырына, мемлекеттік білім беру жүйесінде зайырлық пен діни негіздердің «үлес салмағына» қатысты өзекті мәселелерді шешусіз қалдырды. Тек 1917 ж. 20 маусымдағы шешіміне сәйкес Уақытша үкімет мемлекет тарапынан қаржыландырылған барлық мектептерді, оның ішінде 37 мың шіркеу-приходтық және шіркеу-мұғалімдік мектептерін Халық ағарту министрлігінің қарамағына берді. Синод бұл шешімге қарсылық білдіріп, Православтық шіркеуінен мектептердің «күштеп тартып алынуы» оны «жетекші» рөлінен айырып, басқа діндермен тең жағдайға түсіреді, ал үкімет актісі әділеетсіз әрі заңға қайшы деп қабылданды. Синод мәселенің соңғы шешімін Құрылтай жиналысына қалдырылуын ұсынды.Үкімет «мектеп мәселесіне» қатысты заңды қатаң ұстанды. Ал оған қатысты дауды саяси әрекет деп бағалады. Карташев ресми ұстаным жөнінде «Үкімет шіркеуге христиандық жалпы білім беретін мектептерді ашуға тиым етіп отырған жоқ. Дегенмен мемлекет тарапынан қаржыландырылатын мектептер министрлікке бағынуы тиіс. Мемлекет ескі биліктің саяси ісін жалғастыра алмайды» деп жазды. Халыққа білім беру жөніндегі мемлекеттік комитет қабылдаған уақытша ережеге сәйкес Халыққа білім беру министрлігі қарамағындағы жоғары оқу орындарынан басқа барлық оқу орындарында құдай ілімін оқу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Бірақ оқу міндетті болып табылмады. Жеке тұлғалар мен қоғамдастықтарға Құдай ілімін оқытусыз оқу орындарын ашуға рұқсат етілді. Солшыл пресса қабылданған құжаттың ымыраластық сипатын сынап, мемлекеттің халыққа білім беру жүйесін зайырлы ету уәдесінің орындамауы баса айтылды [134,с. 32-33]. Православтық бірлестіктер тарапынан да Уақытша үкіметтің дін саясатына қарсы наразылық күшейді. Мәскеудегі Шіркеу дін басыларының жиналысы жұмысының басталуы алдында Мемлекеттік кеңес өткізілді. Оның мақсаты – отанды төніп келе жатқан хаос пен кедейленуден қорғау. Кеңес мүшелері қатарында орыс православтық шіркеуінің өкілдерімен бірге басқа да діни ұйымдардың өкілдері – ескі дәстүрді ұстанушылар, евангелие христиандары, мұсылмандар, грузин православтық шіркеуі болды. Олар «ескі биліктің» дін саясатын сынап, жаңа үкіметтің дін саясатын жүзеге асыруының енжарлығы мен қайшылық сипатына, жариялаған демократиялық бостандықтарды, оның ішінде ар-ұждан бостандығының баяу жүзеге асырылуына наразылық білдірді. Дінге сенушілер үкіметтен мемлекеттік шіркеудің қанаудан босатылуы және мемлекеттен бөлінуін, оның иерархия мен шіркеулік бюрократизмның басым ықпалынан босатылуын, сонымен бірге ұждан бостандығының толығымен орнауы мен заң алдында барлық діндердің тең болғанын күтті [139; 134,с. 36]. 36 Сөйтіп революция нәтижесінде билікке келіп, либералды «буржуазиялық» саясаткерлерді, «социалистік» ұстамды партия өкілдерін біріктірген түрлі құрамды уақытша үкімет либералдық танытып, 20 наурызда (2 cәуірде) барлық діндердің заң алдында теңдігін жариялады, сонымен бірге барлық ұлттық және діни шектеулердің жойылғанын жариялады. Ал, бір айдан кейін Керенский үкіметі шіркеуге қарасты жалпы білім беретін (37 мыңға жуық) мектептерді тартып алды. 5 (18) тамызда обер-прокурор лауазымы таратылып, орнына дін министрлігі құрылады. Оған елдегі барлық конфессиялармен қатынастарды реттеу міндеттеледі. Бұл әрекет Православие шіркеуінің мемлекеттен тәуелсіздігін көрсеткендей болды. 15 (28) тамызда Мәскеуде Шіркеу дін басыларының жиналысы ашылып, оған 73 архиерей, 192 приход клириктері және 299 дінге сенушілер қатысты. Бұл 217 жыл ішінде ашылған алғашқы толыққанды Шіркеу дін басыларының жиналысы болды. Жиналыста маңызды міндеттерді шешуі тиіс болды. I Петр енгізген Регламентке сәйкес екі ғасыр бойы орнығып келген Шіркеу құрылымын өзгертіп, жаңа басқару жүйесін жасау қажет болды. Ең алдымен патриаршылдықты қалпына келтіру мәселесі талқыланды. Талас-тартыс нәтижесінде 18 қазанда (10 қарашада) Мәскеуде өткен Жиналыста патриаршылдықты қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Жоғарғы заң, әкімшілік, сот және бақылаушы билік жүйелі түрде шақырылатын Шіркеу дін басыларының жиналысына беріліп, Патриарх оның алдында есепті болды. Он үш архиерейден құралған Синод Патриархқа есепті болды. Синодтың құзырына діни ілімді оқыту, діни тәртіп, басқару мәселелері берілді. Жоғарғы шіркеу кеңесі де Синодқа қарасты болды. Кеңес діни- қоғамдық, шаруашылық және ағартушылық істер үшін жауапты болды. Оның құрамына архиерей, ақ дін басылар және дінге сенушілер кіре алатын болды. Сонымен бірге Жиналыс епархиялық әкімшілік-аумақтық құрылым, дін басылардың сайлануы, приходтардың өзін-өзі басқаруы, монастыр мәртебесі, діни уағыз, шіркеудегі әйел мәртебесі туралы мәселелер шешілді. Аталғар мәселелер заманға сай, либералдық тұрғыдан шешілді. Приход пен монастырларға ішкі автономия, әйелдерге приход өміріне араласуыға қатысты бірқатар құқықтар берілді. Бұрынғы диаконисс шенін қалпына келтіру туралы ұсыныс қабылданбады [140]. 1917 ж. 30 қазанда (12 қарашада) Шіркеу дін басыларының жиналысы Патриарх сайлау ісіне кірісті. Сайлау құпия түрде өткізілді және бірнеше кезеңнен тұрды. Нәтижесінде үш үміткер таңдап алынды. Ең көп дауыс жинаған архиепископл – Антоний харьковский (Храповицкий). Ол аса «оңшыл» шіркеу өкілдерінің бірі, кейін эмигранттық «каловацтық жіктің» басшысы. Сонымен бірге новгородтық архиепископ Арсений және мәскеулік митрополит Тихон (Белавин) болды. 5 (18) қарашада құтқарушы Иса Мәсіх ғибадатханасында соңғы шешімді жребий анықтап, митрополит Тихон патриарх болып анықталды. Оның таққа отыру рәсімі 21 қарашада (3 желтоқсанда) Кремльдің Успенск соборында өткізілді. Шіркеу дін басыларының жиналысының жұмысы үш сессия өткізді. 1-сі – 1917 жылдың 15 (28) тамыз айынан 9 (22) желтоқсанға дейін; 2-сі – 1918 жылдың 20 қаңтарынан 37 (2 ақпанынан) 7 (20) сәуіріне дейін; 3-сі – 1918 жылдың 19 мауысымынан (2 шілде) 7 (20) қыркүйегіне дейін. Жиналыс жұмысы Кеңес билігінің кесірінен тоқтатылып, көптеген мәселелер шешілмеді. Сөйтіп кезінде I Петр негізін қалаған шіркеуді басқарудың синодтық жүйесі ХХ ғасырдың басына қарай толығымен жойылды. Шіркеу өмірі өзгерістерді талап етті. Бұл өзгерістерді тек Шіркеу дін басыларының жиналысы жүзеге асыра алатын болды. Патша билігі құлағаннан кейін 1917-1918 жылы шақырылған Шіркеу дін басыларының жиналысында патриаршылдық қалпына келтіріліп, шіркеуді басқару тәртібі бекітілді. Бірақ, көп ұзамай Собор өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды [140]. 1917 ж. ақпан революциясы жергілікті кеңестердің нұсқауымен арихиерейлерді қамауға алу сынды шіркеуге қарсы бірқатар шаралармен сипатталды. Революция өмірге наразы қарапайым халықтың шіркеуге қарсы жағымсыз көзқарастарының тереңдеуіне себеп болды. Өйткені олардың түсінігінде шіркеу және монархия біте қайнасқандай болды, яғни олардың монархияға қатынасы қандай болса, шіркеуге де сондай болды [141]. Уақытша үкіметтің діни саясаты өзіне тән ерекшелігімен сипатталды. Оның «Дінтұту және ұлттық шектеулерді жою туралы» (1917 ж. 20 наурыз) және «Ұждан бостандығы» (1917 ж. 14 шілде) қабылдаған қаулылары ұждан бостандығы саласында маңызды болды. Дегенмен тақтан тайған монархтың билік өкілеттіктерін иеленген жаңа билік Синод шешімдерін бекіту құқығын да иемденіп алды. Үкіметтің орыс православтық шіркеуіне қатысты саясаты төмендегідей міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды: «Православтық діни мекемесінің» революциялық билікке ниеттестігін қалыптастыру және оның бұрынғы патша билігіне қызмет ету символдарын жою; шіркеу ішінде реформа жүргізу; мемлекет және шіркеу құрылымдарын бірте-бірте ажырату [135,с. 68]. Уақытша үкімет билігі кезінде мемлекет және шіркеу арасындағы қатынастарда үстем болған ескі тәртіптер және конфессиялық ұйымдар мен мемлекет арасындағы қатынынастарды анықтайтын заңдар – үстем православие шіркеуі туралы ереже, мемлекеттің шіркеу істеріне араласу өкілеттіктері, азаматтық хал-ахуал жағдайларын діни тіркеу, т.б. сақталды. Үкімет шіркеу басқару жоғары органдарын тағайындау құқығын сақтап қалды. «Дін істері» мәселесімен IIМ орнына қайта құрылған Дін министрлігі айналысты. «Православтық шіркеу бұрынғыдай елдегі ірі жер иеленуші болды» дегенге зерттеуші М. Одинцов қарсы дәделдер келтіреді [134,с. 53]. Мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Мектеп шіркеуге бағынды. Шіркеу мемлекеттік аппараттың бір бөлігі болып қала берді [47,с. 13]. Д. Поспеловский пікірі бойынша Уақытша үкімет ар-ождан еркіндігін жариялап, шіркеу басқару құрылымына қатысты бірқатар демократиялық шаралар жүзеге асырғанымен, шіркеу мемлекеттен бөлінген жоқ. Біріншіден, егер шіркеу тарихында діндарлардың идеялары салтанат құрған болса, шіркеу және мемлекеттің қызмет ету салалары бір-бірінен бөлінген болған еді. Екіншіден, егер шіркеу мен патшалық билік нақты бөлінген болса, ХIX ғасырда шіркеу беделі төмендемеген болар еді. 1917 ж. революцияның болмауы ықтимал не оның қандай түрде болатыны белгісіз болатын еді. Үшіншіден, мемлекеттің шіркеуді 38 тәуелді ету жолы, логикалық тұрғыдан алып қарағанда, Нил Сорский және оның ізбасарлары ілімі емес, константиндік мұра нәтижесіне ұқсайды. Константиндік мұраның жағымсыз жақтарының бірі – жергілікті шіркеулердің оқшаулығы. Византия және оның «православтық халықтар достастығы» ыдырағаннан кейін, профессор Дмитрий Оболенский айтқандай иелікті шіркеулер барған сайын өз ұлттық қауызына тұйықтала түсті; православиеде шіркеуді әлемдік деңгейде қабылдау сезімі жоғала бастады. 1917 ж. революцияға дейін әлемдік православие санасында Ресей империясы әлі де Византия мұрагері ретінде қабылданды. Константиндік мұра нәтижесі болып табылатын епископат беделінің төмендеуі іс жүзінде шіркеудің биліктен айырылып, мемлекетке бағындырылуына алып келді. 1918 жылы константин дәуірі сөз жүзінде аяқталып, орыс православтық шіркеуі өмірінің бесінші кезеңі басталды. Дегенмен константинизм салдары әлі де толығымен жойылмады, шіркеу дербестік алмады. Шіркеу және мемлекет симбиозын дін басылар мен епископтардың сайлануы мен автономды приходтан автономды епархияға дейін ұйымдасатын соборлық құрылымға негізделген шынайы соборлық алмастыруы тиіс болды [141,с. 17-18]. Билік басына келген орыс либералдық және радикалдық көзқарастағы буржуазия (Милюков пен Гучков, Керенский мен Чернов) мемлекеттік аппараттың бір бөлігі болған шіркеу сипатын өз қалпында қалдырып, оны өз жақтасына айналдырды [142]. Қорыта айтқанда Уақытша үкімет билігі кезінде мемлекет пен шіркеу арасындағы қатынастарда үстем болған ескі тәртіптер және конфессиялық ұйымдар мен мемлекет арасындағы қатынынастарды анықтайтын заңдар (үстем православтық шіркеу туралы ереже, мемлекеттің шіркеу істеріне араласу өкілеттіктері, азаматтық хал-ахуал жағдайларын діни тіркеу, тағы басқалар) сақталды. Үкімет шіркеу басқару жоғары органдарын тағайындау құқығын сақтап қалды. «Діни істер» мәселесімен ІІМ орнына қайта құрылған Дін министрлігі айналысты. Православтық шіркеу бұрынғыдай елдегі ірі жер иеленуші болып қалды және мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Мектеп шіркеуге бағынды. Шіркеу мемлекеттік аппараттың бір бөлігі болып қала берді. Уақытша үкімет ар-ождан бостандығын жариялап, шіркеу басқару құрылымына қатысты бірқатар демократиялық шараларды жүзеге асырғанымен, шіркеу мемлекеттен бөлінген жоқ.

Оставить комментарий