Кеңес одағының батыры Біләл Қалиев

Адамзат баласының тарихында қайғы мен қасіретін күні бүгінге дейін арқалап келген, ұрпақтар жадына жазылмас жара салған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да алпыс жылдан асты. Туған жер топырағын бойтұмар қылып ақтүтек майданға аттанған, он екіде бір гүлі ашылмаған, жастық шағының қызығын көрмей, туған жерінің босағасы бұйырмай, көз жұмғандар қаншама. Миллиондаған ата­аналар, әйелдер, сәбилер, қарттар өмірде бір­ақ рет кездесетін ең асыл қазынасынан, ұл­қыздарынан, адал махаббатынан, әке­шешесінен айырылып қор болып еңіреп, зар илеп қалды. Шаштарын жайып аңыраған ана, қызығын көрсетпей ерте жиналған шымылдық иесі жесірдің ащы үндері дүниедегі ең азалы, сай­ сүйегіңді кемірер күйге айналды.Дәм бұйырып елге аман­есен келгендер бар ауыртпалықты қайтадан арқалап, тәнінде қалған жау оғының қорғасынын бүгінге дейін өзімен бірге серік қылумен келе жатыр. Жыл сайын арамыздан кетіп, өмірден озғандар қанша! Құм сағаттай сырғыған уақыт өз дегенін істеп, соғыс жаңғырығын бізден бірте­бірте алыстатып, он сегізде от кешкен өрімдей жастар ерлігі тарих қойнауына шежіре боп жазылып, олар туралы деректерді енді сарғайған мұрағат құжаттарынан іздейтін болдық. Әрқайсысына бір­бір кітап арнап, қоладан мүсін соғуға лайық сол есіл ерлерді, олар туралы деректерді түгелдей жинақтап болған жоқпыз. Ол мүмкін емес те. Өйткені «хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағаз артында қаншама тағдыр жатыр. Үзілмеген үміт те, жол бойына қарап сарыла күту де соның ішінде еді. Кейбір ерлер туралы ештеңе білмей сол жалғыз ауыз «хабарсыз кетті» деген сөзді қанағат етсек, кейбір ерлер туралы түн ішінде жылт еткен сәуледей бір жерден шығып қалған хабар қайтадан үмітімізді жандырып, сонау кейінге, ұмыт болған жылдар сүрлеуіне қайта оралтады. Бірте­бірте баяғы жылт еткен сәуле енді жалынға айналып, кешегі жалғыз ауыз «хабарсыз кетті» деген есіл ердің тұлғасы асқақтай түседі. Әр жерден талмай іздеу салып, сұрау нәтижесінде төбемізге ту қылып көтеруге тұрарлық, ерлігі жыр қылып айтуға лайық, өз туған топырағының, өз халқының қасиетін өзгелер алдында асқақтатқан бір Батырымыздың күні бүгінге дейін белгісіз болып келген баянына сәуле түсіргеніміз бар. Ол Маңғыстау топырағынан шыққан ұшқыш Біләл Қалиев еді. Ол туралы күні кешеге дейін білмей келдік. Шейіт келген көп боздақтың бірі санадық. Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында Тараз қаласынан «Егеменді Қазақстан» газетінің тілшісі Мақұлбек Рысдәулеттің «Қанатты батыр» атты мақаласы шықты. Жерлесіміз Біләл Қалиевтің өмір жолы, ерліктері туралы жазылды. Онда «Біләл 1939 жылы Түрікменстанның Красноводск қаласынан әскерге алынып, Черниговтың ұшқыштар даярлайтын училищесін бітіргендігі айтылды. Соғыс басталар алдында Балтық теңізіндегі Саарема (Эзель) аралында орналасқан ұзақ қашықтыққа ұшатын бомбалаушы авиация құрамына алынады. 1941 жылы 7 тамызда құрамында 15 ДБ­ ЗФ (Ил­4) Берлинді бет ала ұшады. Жау астанасы бомбалайды. 1760 шақырым қашықтықты артқа қалдырған олар аман­есен базаға қайтып оралады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Біләл Қалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ­ деп жазылған. Бұл шынында да біздер үшін, маңғыстаулықтар үшін тосын жаңалық, үлкен мақтаныш еді. Өйткені, бұған дейін қан майданда ерлік көрсетіп Батыр атағын алған жерлестеріміз саусақпен санарлықтай болатын. Олай болса Батыр жерлесіміз туралы деректер жинап, туған өлке төрінен лайықты орын беру біздің негізгі парымыз емес пе? Оның тумаластарымен, қаза болған жеріндегі мемлекеттік мекемелермен байланыс жасау әрекетіміз осылай туындап еді. Әрине, біз мақалада көрсетілген жайларды жоққа шығара алмаймыз. Бірақ мұражай жұмысы нақты құжаттарға сүйенетіндігі әу бастан белгілі, басы ашық нәрсе. ізденіс жұмыстарымызды осындай жер­жерден нақты құжаттар сұраумен бастауымыз да сондықтан еді. Осы жерде ерекше айтып кететін бір жай ­ Біләл туралы ізденістер, жер­жерге сұрау салу оның тумаластары тарапынан тым ерте басталды. Әттеген ­ айлығы ­ сол іздеу жұмыстары туралы кезінде баспасөз беттерінде жарияланбауы. Өзіміздің іздеу жұмыстарымызды тек мұрағат (архив) бөлімдері емес, оның ағайын – тумалас, таныс­білістері арқылы да жүргіздік. Алғашқы дерек сұраған жеріміз Москва облысы, Подольск қаласындағы орталық әскери мұрағат болатын. Олар жалғыз ауыз сөзбен «хабарсыз кетті» деген жауабын қайтарды. Енді не істеу керек? Аталған мақалада («Маңғыстау» газетіне 2000 жылғы сәуірде басылған Мақұлбек Рысдәулеттің мақаласы) Біләлдің ағасы Әбіл ақсақалдың жанына ұлы Болатты ертіп, інісі Шілтен үшеуінің батыр қаза тапқан Липецк обылысы, Добринск ауданындағы Хворостянко селосына барғаны, онда Қалиев, Иоффе, Удовенконың мүрделерінің қызыл ізшілдер арқылы табылып, қайтадан бауырластар зиратына жерленгені айтылады. Олай болса нақты бір деректерді осы жерден табуымыз мүмкін деген бағытта Липецк облыстық әскери комиссариатына және Добринск аудандық мұрағаттық бөліміне архивіне хат жазылды. Сонымен қатар Ашхабат қаласында тұратын, кезінде батырды талмай іздеп, жерленген жеріне дейін барған Шілтенге, Красноводск қаласында тұратын қарындасы, осы қаладағы № 3 мектептің «қызыл ізшілдер» тобының жетекші Нина Дәулетоваға сұрау салынды. Тек осы хаттармен шектеліп қалмай Жаңаөзен қаласында тұратын белгілі ақсақал Нұр Өтебайұлына және Біләлдің тумаласы зейнеткер ұстаз Күләш Бегеноваға арнайы барып жолықтым. Нұр ақсақал Біләлдің туған жері осы Маңғыстау екенін, 1927 жылы осы күнгі Бекет ­ Атаның арғы жағында шамамен 50 шақырымдай жердегі Кіндікті дейтін құдық басынан Түрікменстанға, Жаңғақтың ойына көшкенін, екеуінің Красноводск қаласындағы педучилищені 1939 жылы бітіріп, сол жылы әскерге алынғанын айтты. Күләш Бегенова 1942 жылы мамыр, маусым айларында Біләлдің елге қысқа мерзімге демалысқа келгенін, кетерінде оның шешесіне (Біләлдің жеңгесі) газеттегі үш ұшқыш болып түскен суретін тастап кеткенін айтады. Ал Нина Дәулетова болса Біләлдің әскери қатарына алынғанша Красноводск қаласындағы аэропорттың 2 ­ площадкасы орналасқан «Сталинский сокол» атты авиациялық мектепте оқығанын, әскер қатарына 1939 жылдың 13 қазанында алынып, Украинадағы Чернигов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге қабылданғанын жазады. Сонымен қатар бәрімізге М. Рысдәулеттің мақаласынан белгілі, Хворостянко жас өлкетанушыларының оны іздеп тапқанын айтады. Көп ұзамай Липецк облыстық әскери комиссары генерал­майор В. Загитовтен, Добринск аудандық мұрағатынан және батырды іздеп тауып, олардың кім екенін анықтаған «қызыл ізшілдер» тобының жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Л. Г. Гнатюктен хаттар алынды. Осы хаттардың әрқайсысына жеке­жеке тоқталмай (өйткені бәрінің де мазмұны бірдей) жинақтап айтар болсақ, Хворостянко орта мектебінің ізшілдері өз туған жеріндегі ұшқыштардың мүрдесін табуда А. М. Цаприловтың деректеріне сүйенген. Өкінішке орай, ол бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Осы кісі 1942 жылы Хворостянко аудандық соғыс комиссариатында қызмет істеген. Оның естелігінде: «…1942 жылдың 15 шілдесінде «Правда» колхозының орталық усадьбасынан 6 шақырымдай жерде біздің бомбалаушы ұшақ сол жерге амалсыз қонуға әрекет жасаған. Бірақ, ол мақсаттары орындалмай қатты жарылыс болған. Оның қуаттылығы сондай ұшақтың кейбір бөлшектері радиусы бір шақырымдай жерге дейін ұшқан. Міне, соғыстан кейін бірнеше жыл өткесін A.M.Цаприловтың осы естелігі бойынша қызыл ізшілдер олардың кім екенін анықтаған. Қаза тапқан ұшқыштардың екеуі бірден белгілі болды. Ол түрікменстандық Біләл Қалиев және Вологда облысында туған Конкин Николай Дмитрович болады. Ал үшінші адамның аты, жөні артынан анықталады. Ол Краснодар өлкесінің Белореченск қаласында тұратын Елизавета Эдуардовна Орленконың баласы Георгий Яковлевич Орленко болып шықты. Қаза болған баласын анасының өзі іздеп табады. Қызыл ізшілдер жан­жаққа іздеу сала бастайды. Біләл жөніндегі алғашқы хабар түрікмен жеріне осылай жетеді. Сонымен Хворостянко станциясындағы бауырластар зиратында екі экипаждың ұшқыштары жерленген. Біріншісінде ұшқыштар Г.И.Карганов және A.M. Михайлюк, сонымен қатар, өтіп бара жатқан әскери эшалоннан кездейсоқ Л.A. Фомин. Ал екінші экипаж ұшқыштары, біздің жерлесіміз Біләл Қалиев, Николай Конкин, Георгий Орленко. Осы зираттардың басына Әбіл мен Шілтен ақсақалдар 1987 жылы барып қайтқан. Мұны Ашхабат қаласында тұратын Шілтеннің баласы Дмитрий де растайды (Шілтен өмірден өткен).Хворостянко мектебінің мұғалімі Л.Г.Гнатюктің естелігінде олар 1990 жылы тағы келіп, қаза тапқан алты жауынгердің аты­жөні жазылған мрамор плитасын орнатып кетеді. Ал Дмитрий болса «Әкемнің айтуы бойынша олар барған кезде қатты жаңбыр жауып, батпақтан жүру мүмкін болмаған соң сол жердің колхозының төрағасы олардың әкелген жазулы мраморын өздерінің орнататынына сендіреді. Артынан суретін салып жіберетінін айтады. Бұл жазуды әкем екеуміз арнайы жасатып едік, онда жауынгерлердің фамилиясы мен ұшқыштардың эмблемасы салынған болатын» дейді. Олардың келгендігі жөнінде, оқушылармен кездесу өткізгендігі, хат алысып тұратындығы туралы Добринск аудандық «Добринские вести» газетінің 1994 жылғы 22 маусымдағы N49 (8450) номерінде арнайы «Хворостянко помнит» атты мақалада кең тоқталған. Оның ксерокөшірмесі біздің мұражайда. Осы жерде бізді екіұдай жайда қалдырған Біләлмен бірге жерленген ұшқыштардың «Егемен Қазақстанда (М. Рысдаулеттің мақаласы) Б.Қалиев, Н.Конкин, Г.Орленко болуы. Сонымен қатар біздің қолымызға оның Батыр екенін анықтайтын нақты құжаттардың түспеуі. Бірақ сонау артта қалған от жалынды өмірін құрбандыққа шалған өрімдердің ерлігі алтын жұлдызбен өлшенбейтінін, олардың әрбір күні қаһармандыққа толы екенін жадымыздан бір сәтте шығармай талмай ізденуден, жазған хаттарымызға сарыла жауап күтуден жалықпадық. М.Рысдаулет құрамында 15ДБ­ЗФ (ИЛ­4) ұшағы бар екі эскадрилья полковник Е.Н.Преображенскийдің бастауымен ұшып шыққанын жазып еді. Біз осыны негізге ала отырып Подольскіге хат жазғанымыздан төмендегідей жауап алғанбыз. «Сообщаем, Что Е.Н.Преображенский проходил службу в 1­м миннотропедном авиационном полку ВВС Балтийского флота, документы которого Центральный архив МО РФ не хранит. Рекомендуем обратиться в Центральный архив г. Гатчина, Ленинградской область.» Ендеше қосымша Е.Н.Преображенский жөнінде деректерді де іздеу керек болды. Москва қаласынан 1988 жылы «Военное издательство» баспасынан шыққан екі томдық «Герои Советского Союза» атты кітаптың 317­ бетінде ол туралы нақты анықтама беріліпті. Оны сол күйінде бергенді жөн көрдік. «Преображенский Евгений Николаевич родился 22.06.1909 году в селе Благовещенье ныне Кирилловского района Вологодской области. 8 августа 1941 года командир 1­го минно­торпедного авиационного полка (8­я бомбовая авиационная бригада, ВВС Балтийского Флота) полковник Преображенский участвовал в нанесении первых бомбовых ударов по военным объектам Берлина. Звание Героя Советского Союза присвоено 13.08.41. Умер 29.10.63. Похоронен в Москве.» Сонымен қатар осы кітапта белгісіз батырлардың әлі де кездесетінін айтып, соңында кейінірек белгілі болған батырлардың тізімін бөлек көрсеткен. Ия, Орталық мұрағатта Гатчина қаласына хабарласу жөніндегі ұсынысының да негізі бар екен. Сонымен қатар, кенеттен опасыздықпен тап берген дұшпанға тойтарыс бере алмай, біздің әскерлеріміздің кейін шегініп келе жатқан қиын кезеңдерінде жау астанасын бомбылау Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы екені де көзге ұрады. Оны Е.Н.Преображенскийге Берлинді бомбылаудан кейін бес күн өткесін Батыр атағы берілгені растай түседі. Басқа уақыттарда ұсыныс жоғарыға барып, бекіп, жарлық шыққанша көп уақыт өтпейтін бе еді. Гатчина қаласындағы Орталық әскери­теңіз мұрағатынан келген хаттан да нақты жауап ала алмадық. Бірақ үміт отымызды да сөндірмеді. Онда: «По учёту личного состава ВМФ, погибшего и пропавшего без вести Билял Калиев не проходит. В списках личного состава ВВС Балтийского флота, представленных к званию Героя Советского Союза за участие в полётах на Берлин Б.Калиев не значится. Но, для сведения сообщаю, что согласно данным военно­исторического отчёта о боевых действиях ВВС Балтийского флота за 1941 год, в полётах на Берлин в августе 1941 года участвовала группа под командованием полковника Преображенского Е.Н. сформированная из личного состава 1­го МТАП (Минноторпедного авиационного полка) ВВС Балтийского Флота и личного состава Красной Армии /до 33 самолетов/. В документах ВВС Балтийского Флота из какого соединения ВВС Красной Армии привлекались лётчики для выполнения боевого здания не указано. Зав. архивохранилищем Р.Рязанова», ­ деп берілген. Біздің қолымызға ерлік көрсеткен ұшқыштар жайында материалды танымсыз іздеу бағытында кітапхана қорынан 1974 жылы Таллин қаласындағы «Эсти Раамат» баспасынан шыққан «В небе летчики Балтики» атты кітап түскен еді. Осы кітапта Ұлы Отан соғысы жылдары Балтық Флотының әскери Әуе Күштерінің қолбасшысы болған М.И.Самохиннің «Над Берлином» атты мақаласы Е.Н.Преображенский туралы нақты деректер келтіреді. Тамыз айының басында немістер біздің территориямызға 500­600 шақырымдай ішкері еніп кетті. Біздің көптеген аэродромдарымыз жау қолында қалды. Гитлершілдер біздің «ДБ­3» алыс қашықтыққа бомбалайтын ұшағымыздың техникалық, тактикалық мүмкіндігін зерттей отырып, оларды Берлин үстіне келеді деп ойламады да. Астанамыз Москваға олар соғыс басталғаннан кейін тура бір ай өткеннен соң 22 шілде шабуыл жасаған еді. Осыдан кейін олар бізге қарсы тұратын орыстарда авиация жоқ, түгелдей талқандалды деп әлемге жар салды. Бірақ, олардың Москваға шабуылы жауапсыз қалмады. Берлинді бомбалауға екі авиациялық Балтық флотының әскери әуе күштері және Қызыл армияның басқа бөлімдерінен алысқа ұшатын авиациясы қолданылды. Теңіз ұшқыштарын полковник Е.Н. Преображенский басқарды. («В небе Балтики.» Таллин.1974, 16­17 бет). Басын ашып айта келетін бір жай, Берлинді бомбалау үздік­үздік жиырма сегіз күнге созылып, қалаға 10 рет шабуыл жасалды. Өткені, 88 мың гектар жерді алып жатқан Берлинде 22 авиациялық және авиамотор жасайтын завод, 7 электростанция, 13 газ заводы, 22 станок жасайтын және металлургия заводы, 7 электр құралдарын жасайтын және 24 темір жол станциясы бар еді. Сонымен қатар қаланы қоршай орналасқан 60 аэродром болатын. Осы кітапта Е.Н.Преображенскийдің атқыш ­ радиусі болған В.М.Кротенконың «Курс на Берлин» атты мақаласы бар. Онда М.Рысдәулеттің мақаласында көрсетілген Берлинге 8 тамызда шабуыл жасаған Балтық флотының 15 ұшқышының фамилиясы аталады. Олар: Александров, Беляев, Плоткин, Ефремов, Дроздов, Гречинников, Дашковский, Русаков, Фокин, Мельгунов, Финячин, Трычков, Леонов, Кравченко. Әрине, бұл өте қиын кезең еді. Эстония жерінде қанды қырғын шайқастар болып жатты. Солай бола тұра Когул аэродромына (Саарема аралы) біздің алысқа ұшатын бомбалаушы ұшақтар келіп қонып жатты. Бұл жерде олар өте күрделі де, қиын операцияға дайындалу керек еді. Ең қиыны дәл осы уақытта неміс авиациясы Литва, Латвия Эстония жағалауларына келіп, өздерінің базасын орната бастады. Бар дайындық жұмыстары немістердің дәл тұмсығының астында жүріп жатты. Саарема аралынан Берлинге барып қайта оралу 1800 шақырым, оның 1400 шақырымы Балтық теңізі үстінде өтуі тиіс. С.Ильюшиннің конструкциясы бойынша жасалған, ұшқыштар еркелетіп «букашка» атап кеткен (ДБ­3) сағатына 300 шақырым алатын, сол кездегі жаңа ұшақ еді. Преображенский бастаған үш звено ұшақ аралдан 1941 жылғы 7 тамызда 20 сағат 30 минутта көтерілді. «Әр ұшаққа өздері бомбалайтын объект берілген болатын. Біздің міндетіміз Силинс­Щуккерта заводын бомбылау еді. Оны орындап таң ата жеті сағат аспан сынынан кейін аэродромға келіп қондық. Ұшқыш Иван Петровия Финягин, штурман Александр Никифорович Дикий, радист Морокина, атқыш Шуев бар экипаж ғана Берлин үстінде зенит атқылауынан қаза болды. Қалғаны түгел оралды»­ деп еске алады В.М.Кротенко. Берлин радиосы ертеңіне«…ағылшынның 150самолеті Берлинді бомбалауға келді. Оның 15­і ғана қалаға кірген еді. 99­ы атап түсірілді»,­ деп жар салды. Оларға қарсы ағылшындар бұл күні ауа райының қолайсыздығынан бізден бірде­бір ұшақ әуеге көтерілген жоқ деп жауап қайтарды. Кеңес ұшақтарының Берлинді бомбалауы Гитлердің ашу­ызасын келтірді. Ашуланбай қайтсін, өзінің министрі Геринг болса Москваны бомбалаудан кейін, орыстар енді әуеге көтеріле алмайды деп әлемге жар салған жоқ еді. Ал Геринг болса өз кезегінде орыс авиациясы жөнінде дұрыс мағлұмат бермеді,­ деп Москвадағы әскери атташені жазғырды. Тек жазғырып қойған жоқ, түн жамылып келіп ақ ордасын талқандаған орыстарға қайран қыла алмай, «Таз ашуын тырналап алады мен» әлгі байғұс атташені аттырып тынды. 9 тамызда жау астанасы тағы да бомбаланды. …13 тамызда біз толықтырулар алдық. Берлинге берер соққыны күшейту мақсатымен Жоғарғы Бас Қолбасшы Қызыл Армияның басқа әскери әуе күштерінен екі эскадрилья «ДБ­3» ұшақтарын жіберді. Оларды майор Щелкунов және капитан Тихонов бастап келді. Енді Берлинды бомбалаушы ұшақтар саны 40­қа жетті» ­ деп жазады. В.М.Кротенко («В небе Балтики». Таллин, 1974, 108­117­бет») Ендеше, осы мақалада көрсетілген деректерден және Гатчина қаласынан келген анықтамалардан білгеніміз Б.Қалиев Балтық Флотының әскери әуе күштерін де тізімде болмаса да, Берлинді бомбалауға басқа әскери бөлімнен келгені анық. Себебі, М.Рысдәулеттің мақаласында 15 ұшақ қатысқан делінсе, архив документтерінде нақты 33 ұшақтың қатысқаны көрсетілген. Бізді өкінтетіні олардың қандай бөлімдерден тартылғаны туралы деректің Гатчина мұрағатында болмауы.

Читайте также:  Азаматтың құқықтары мен міндеттері туралы

Оставить комментарий