Кеңес одағының батыры Мәди Бегенов

1968 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» деген кітапта «Мәди Қайыбұлы Бегенов 1916 жылы Жамбыл облысының Көктерек ауданына қарасты Ұланбел аулында туды»,­ деген дерек бар. Мұның мүлдем қисынға келмейтінін төмендегі жайттардан анық байқауға болады. Мәди ­ Маңғыстаудың төл перзенті, кіндік қаны қазіргі Бейнеу ауданының Ақжігіт кентіне жақын жердегі Қаратүлей жайлауында тамған. Мұны бізге Мәдидің туған нағашысы, онымен бір ауылда туып өскен, соғысқа дейін жұптары жазылмай бірге жүрген құрдасы Мұса Ағәділов ақсақал әңгімелеп берген болатын. Мұсекең 1996 жылдың басында, 80 жасында Красноводск ауданының Жаңғақ кентінде, Мәди Бегенов атындағы көше бойындағы үйінде, ұлы Қыдырқожаның қолында дүниеден өтті. Мәди сегіз арыс Адай ішіндегі Мұңалдың бір тармағы Әли руынан, өз әкесі Беген, бірақ құжаттарда Қайыпұлы болып қате жазылып жүр. Мәди оқуға барған кезде әкесінің атын фамилиясы етіп жаздырған да әкең аты кім дегенде атасының атын атаған болуы керек. Сонымен барлық құжаттарда Мәди Қайыпұлы Бегенов болып кете барған. Қайыптың Беген деген баласынан Өрбісін, Сейтім, Рахмет есімді ұлдар мен төрт қыз бала туған. Әли ауылы ежелден Жемнің оңтүстік сағасын жайлап, Маңғыстаудағы Түйебатқан құмына келіп қыстайтын. Мәди ел жайлауға бет алған жазғытұрым кезінде 1916 ұлу жылы Бейнеу маңындағы Қаратүлей деген жерде дүниеге келген. Мәдидің анасы Құналақ Бегей руының қызы. 20­ жылдардың аяқ кезіндегі елге кеңестік саясаттың дендеп ене бастауы мал баққан шаруаға жайлы тие қоймағаны аян. Оның үстіне, 1927 жылғы жұт қоянда малдан айырылған жұрт Маңғыстаудың оңтүстігіндегі жылы өлкелерге жаппай көше бастады. Осы тұста Мәдидің әкесі Беген қайтыс болды да, Құналақ шиеттей 8 баламен жесір қалады. Ауа көшіп жатқан жұртпен төркіндеріне ілесіп, Құналақ та Түркменстанның Балқан тауы бөктеріндегі Керіз деген ауылдан тұрақ табады. Керіз ­ Балқантаудың тура түстік бөктерінде орналасқан шағын ауыл. Ауылдың ортасын жарып таудан бастау алатын мөлдір бұлақ ағып жатыр. Мәдидің ауылы қоныстанғаннан кейін 30­жылдардың бас кезінде осы Керіз ауылының шығыс жағындағы кен орнында бентонит шығарыла бастады. Бұғанасы қатпаған бала болса да Мәди ағаларымен бірге осы бентонит шығаратын өндірісте жұмыс істеді. Техника деген тапшы, тіпті жоқ десең де болғандай. Бентонит жер астынан қазып алынатын түсі аппақ кебір тектес кен. Жұмыс негізінен қол күшімен атқарылады. Қайла, бел, күректің көмегімен өндірілетін кен терең забойдан зембіл, қоларба арқылы жер үстіне, одан жүктеу алаңына тасылады. Жастайынан жетімдік көріп, тұрмыс ауыртпалығын тартып өскен Мәди бентонит өндірісіндегі ауыр жұмыста шынығып, ширай түсті. Мәди қайратына, айбаты сай, батыл да табанды жас болатын. Мәдиді көздері көріп, өндірісте білек сыбанып бірге істеген Дүйсенбай Есенов, Сары Мүсіркенов, Кемал Сәденов, Мұса Ағәділов, Кесікбай Көптілеуовтер оның еңбексүйгіш, қайратты да табанды жас болғанын айтады. Соғыс алдындағы жылдарда жаппай қанат жайған Стахановтық қозғалыстың да алғы сапынан Мәди бастаған комсомол жастар бригадасы табылады. 1937 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 20 жылдығы құрметіне Мәди Бегенов басқарған жастар бригадасы социалистік жарыс жеңімпазы атанып, өндіріс басшылары Мәдиге патефон сыйлайды. Үйде де, түзде де жандары бір жастар жұмыстан кейін кешкісін Мәдидің үйіне жиналып патефон айттырып, сауық кештерін өткізетін. Мұса ақсақал жастық шақтың сол бір жалынды жылдарын еске ала отырып, ауылда Мәдидің сүйікті қызы болғанын айтады. Екі жастың қосылуына әскерге шақырылуы бөгет болған. Мәди әскерде жүрген кезінде сүйікті қызына үнемі хат жолдап тұрған. «Бұл хаттарды қызға мен апарып тұрдым,»­ дейді Мұсакең. Мәди Бегенов Қызыл Армия қатарына 1938 жылдың күзінде шақырылды. Жебел станциясынан поезға мініп, Красноводскіге келген бір топ жастармен бірге Мәди де Қызыл Армия қатарына аттанды. Мәди Балтық теңізі жағалауындағы әскери бөлімнің бірінде әскери қызметін өтей бастаған еді. Өндірістегідей әскер қатарында да Мәди Бегенов белсенді де табанды соғыс өміріне жалықпай машықтанған жауынгер болды. 1939 жылы күз айында өнегелі жауынгер ретінде Мәди Бегеновке 15 күндік демалыс беріліп, елге келеді. Ауылдастары, туған­туысқандары Мәдиді зор қуанышпен қарсы алып, жастар оның құрметіне сауық кешін өткізеді. «Демалысқа келген кезде Мәдидің құрыштан құйғандай тұлғасына, аққұба, ашаң жүзіне әскери киім әсем жарасатын еді»,­деп еске алады нағашысы Мұса Ағәділов. «Мәди өзінің атты әскер бөлімінде кавалерист болып қызмет ететінін, әскер қатарында көрген қызықтарын жалықпай әңгімелеп берді. Өзінің әлі де екі жыл қызмет етіп, 1941 жылы күзде оралатынын айтты. Мәдиді әскери қызмет орнына бүкіл ауыл, өндірістегі жолдастары болып шығарып салдық, елге есен­аман оралуына тілектестік білдірістік». Алайда олардың бұл тілегі орындалмады. Мәди 1940 жылы Фин соғысына қатысып, ол жеңіспен аяқталғасын елге енді ораламын деп тұрғанда неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасап, тағы да ұрыс басталып кетті. Мәди соғыс басталған сәттен ­ ақ майдандағы армияда болды. Майдандағы жағдайларға байланысты Мәди атты әскер полкі құрамынан 203­атқыштар дивизиясына ауысады. Бұл дивизия генерал­лейтенант А.И.Данилин басқаратын 12­армия құрамында еді. Бұл армия Сталинград түбіндегі ойсырай жеңілген жауды Солтүстік Кавказ арқылы қуып, Кубань, Харьков қалаларын азат етті. 1943 жылдың жазынан басталған Совет Армиясының бүкіл майдан шебіндегі шабуылдары немістерді есеңгіретіп кеткен еді. Курск доғасынан басталған үрдіс шабуылдар басқыншыларды түре қуып, Днепр дариясына дейін шегіндірді. Кавказ майданында жау 400 мыңнан астам адамынан айрылды. Күздің алғашқы күндерінде Донбасс азат етілді. Оңтүстіктегі Новороссийскіден Балтық жағалауларына дейін созылып жатқан 2 мың шақырымдық Днепр дариясын немістер табан тірейтін табиғи бөгет, бүкіл соғыс тағдырын шешетін шеп екенін түсінді. Сондықтан, Днепрге тірелген майдан шебіне ірі соғыс күштерін шоғырландырды. Еділ бойы мен Курск доғасындағы жеңістер совет жауынгерлерінің жігеріне желеу беріп, майдандағы жағдайға түбегейлі бетбұрыс жасаған еді. Міне неміс басқыншыларын Днепр дариясына дейін түре қуған Қызыл Армия әскерлерінің құрамында Маңғыстау түлегі Мәди де бар еді. Армия қолбасшылары Днепр өзені немістердің Совет елі жеріндегі соңғы тірек шебі болатынын жақсы түсінді. Днепрге маңдай тіреген барлық әскери бөлімдер өзеннен өтудің барлық жабдықтарын жасауға кірісті. Жауынгерлер бөренелерден, қамыс пен шыбықтардан қарапайым сал, техникалар өтетін уақытша өткелдер әзірлеуге кірісті. Мәди басқаратын взвод жауынгерлері жауып тұрған оқ пен бомба астында сал әзірлеу жұмыстарын жүргізді. Алда шешуші айқастар күтіп тұрғанын барлығы да жақсы білетін. Басты мақсат ­ Днепрді көктей өтіп, оң жағалаудағы жау жатқан окоптарды иемдену, ел шекарасынан әрі асыра қуу, өздерінің қан сасыған ордасына қайта тығу. Мәди взводы қазан айының басынан бері қарай бір бел шешпей қимылдап жатты. Олардың полкі Днепрдің шығыс жағаларындағы шептерге жеткен соң, арғы бетке өтудің барлық қам­қаракетіне шұғыл кірісіп кетті. Полк командирі майор Лысенко Мәди взводында бірнеше кезек болып, алдағы тапсырмаларды тиянақтап түсіндірді. Аға сержант Мәди Бегенов өз жігіттерінің алдағы айқастарға тас­түйін дайын тұрғанын баяндады. Майор Лысенко 25 қазан күні кешкісін Мәдиді шақырып алып, бүгін түнде Днепрдің арғы бетіне десантшылар ротасы түсірілетінін, оның құрамына Мәди басқаратын взвод та бар екенін айтты. Тапсырма өзеннің оң жағалаудағы жаудың тісті бақадай табандап жатқан бөлімдерін жойып, бүкіл полктің үрдіс шабуылына жол aшy. — Бұл оңай шаруа емес. Мен өзіңе және сайдың тасындай сайланған жігіттеріңе сенемін. Сіздер арғы бетке алғашқы өтушілер сапындасыңдар. Барлығы да сіздердің батыл қимылдарыңызға байланысты. Сәт сапар, Мәди! Полк командирінің бұл сөздері Мәдиді айрықша айбаттандырып жіберді. Мәди штабтан келісімен жігіттерін алдағы айқастарға әзірлей бастады. Күзгі сылбыр жаңбыр Украин жерін ми батпаққа айналдырғандай. Өзен беті оңды­солды жарқылдай жарылған оқ пен бомбадан ойран­ботқасын шығып жатыр. Немістер жағы ымырт үйірілген соң, өзен үстіне оқ себелеулерін үдетіп, күшті прожекторлармен үздіксіз шолып тұрды. Мұндай жағдайда арғы бетке өту қияметтің қыл көпірінен өтумен бірдей. Мәди өз взводындағы ең сенімді деген он жігітті сайлап алды да жауынгерлік тапсырманы орындауға кірісті. Қарша бораған оқ астында алдын­ала әзірлеп алған ағаш салды өзенге түсірді де өлімге бас тіккен он жігіт арғы жағаны бетке алып жүзе жөнелді. Жарқылдаған прожекторлар мен себелеген оқ астында Мәди бастаған жігіттер арғы жағаға аяқ іліндірісімен жаудың ажал оғын шашып жатқан отты ұяшықтарын жоюға кірісті. Мәди зеңбірек оғы түсіп ойылып қалған шұңқырға орналасты да жаудың пулемет ұялары орналасқан жерлерін анықтап, рация арқылы біздің артиллерияшыларға хабарлады. Өзі жігіттерін бастап жау окобына ұмтылды. Түн жамылып төте келген «қонақтарды» немістер күтпеген еді. Окоп ішінде қолма ­ қол айқас басталып кетті. Мәди жаудың жеті солдаты мен бір унтер­офицерін жер жастандырды, өзен бетіне оқ шашып тұрған жаудың бірнеше ұяларының үні өшті. Жау беттен жаңбырша себелеп тұрған оқ нөсері саябырсыған сәтті пайдаланып, Лысенконың полкі алдын­ала дайындап алған салдарымен Днепрдің оң жағалауына өте бастады. Аға сержант Мәди Бегенов бастаған он жігіт осылайша командир тапсырмасын мүлтіксіз орындап, бүкіл полктің Днепрден шығынсыз өтуіне жол ашты. 1943 жылдың 29 қазаны күні толтырылған наградалық парақта былай деп жазылған: «Аға сержант Мәди Қайбұлы Бегенов 1943 жылдың 25 қазанында түн жамылып Днепр өзеніне өту кезінде асқан ерлік көрсетті. Оның бөлімшесі өзеннің жау қолындағы жағасына өтісімен немістің негізгі оқ шашқан нүктелерін жойып, полктің шығынсыз өтуіне жол ашып берді. Запорожье облысының Новый Кичкас селосы маңында болған шайқастарда Мәди Қайбыұлы Бегенов атқыштар бөлімінің құрамында жаудың әлденеше шабуылына тойтарыс берді. Днепрдің он жағасында орналасқан жау шебін қырағы бақылаудың нәтижесінде оның станокты пулеметтері орнатылған нүктелерін анықтады. Бұл жөнінде біздің артиллерияға дәл бағыт сілтеді. Мұның нәтижесінде жаудың бірнеше атыс ұялары жойылды. Полктың Запоржье қаласы маңындағы елді мекендерін жаудан азат етуде аға сержант Мәди Бегенов осылайша ерлік қимылдар жасады. Мәди Бегенов өзі басқарсаң шағын топпен жау траншеясына бірінші болып еніп, қолма­ қол айқаста жеті неміс солдаты мен бір унтер­офицерін жойып, біздің әскерлердің Днепрден шығынсыз өтуіне мүмкіндік туғызды. Одан кейінгі шабуылдарда да тамаша ерліктің үлгісін көрсетті. Аға сержант Мәди Қайбыұлы Бегенов осындай ерлік қимылдары үшін Кеңес Одағының Батыры атағына әбден лайық деп бағалаймыз. Бұл наградалық ұсыныс әскери құрылымдардың алуан баспалдақтарынан өте отырып КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына 1944 жылдың наурызында жеткен. 1944 жылғы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аға сержант Мәди Қайбыұлы Бегеновке Днепрден өтерде көрсеткен асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін Совет Одағының Батыры атағы берілді. Дәл сол күні осы жарлықпен Днепр өзенінен өткен кезде Александр Матросов ерлігін қайталап, жау оғының аузын өз денесімен жапқан қазақтың тағы бір ержүрек ұланы Жанғазы Молдағалиевке де Совет Одағының Батыры атағы берілді. Днепр өзенінен өтер кездегі ерлігі мен қаһармандығы үшін 2438 жауынгерге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Олардың арасында Абылай Әлімбетов, Жаппасбай Нұрсейітов, Жұмағали Қалдығараев, Бейсен Оңтаев, Кенжебек Шәкенов, Тоғанбай Қауынбаев, Жолдас Сүлейменов сияқты ондаған қазақстандық ұландар да бар. Мәди Бегеновтің қаза тапқаны жөніндегі деректер де басылымдарға әр түрлі болып беріліп жүр. Жоғарыда айтылып кеткен «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» деген кітапта Мәди Бегенов 1944 жылы тамыз айында хабарсыз кетті делінген. Бұл дерек те қисынға келіңкіремейді. 1989 жылы Жеңістің 45 жылдығы құрметіне Түрікменстан үкіметі арнайы қаулы қабылдап, онда «Зерде Кітабын» шығаруға, оған соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен жауынгерлер тізімін енгізуге, жер­жерде ержүрек ұландардың есімдері жазылған ескерткіш тақта мен мемориалдар тұрғызуға нұсқау берілді. Красноводск ауданынан майданға аттанғандар тізімін анықтап «Зерде Кітабын» әзірлеуге осы жолдардың авторы да белсене қатынасқан еді. Осындай зерттеу жұмыстары кезінде Украинаның, Ресейдің әскери мұрағаттарына сұрау салып, боздақтарымыз жөнінде көптеген тың деректер таптық. Красноводск қалалық әскери комиссариаты арқылы Мәскеу түбіндегі Подольск әскери мұрағатынан алынған деректерде былай делінген: «Мәди Қайбиевич Бегенов 1916 жылы туған, 1938 жылы Красноводск қалалық әскери комиссариатынан әскерге алынды. 1943 жылы 1 қарашада қаза тапты. Запорожье қаласындағы Ленин ауданының Плотинная көшесіндегі Жөке ағаштары жанындағы бауырластар қабіріне жерленген». Красноводск ауданында 1932 жылдан бері шығып келе жатқан «Жұмысшы» газетінің журналистері көп жылдар бойы Мәди Бегенов жөнінде деректер жинаумен айналысты. 1970­ 80 жылдар аралығында газет қызметкерлері Мәдиді көздері көрген ағайын ­туысқандарымен, қызметтес замандастарымен кездесіп, газетке тың деректер жариялады. «Лениншіл жас» газетінің 1973 жылғы 9 мамыр күнгі санында «Батырды білетіндер бар ма?» деген шағын мақала жарық көрді. Оны Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері А.Чебурашкин деген адам жолдапты. Әлгі мақалада: «…Днепр жағалауына алғашқылардың бірі болып 619­атқыштар полкінің роталары жетті. Оның құрамында аға сержант Мәди Бегенов басқаратын біздің взвод та бар еді. 1943 жылы 24 октябрь күні біздің командования Днепрден өту үшін арғы бетке барлаушылар десантын жіберді. Мен Мәди басқарған осы десант құрамында Днепр өзенінен алғашқы өтушілердің бірі болдым. …Толқындардың бөренеге шолп ­ шолп соққан дыбысы естіліп, барлаушылар мінген сал қайық ақырын жылжып жүре берді. Сәлден соң өзен бетін тұмшалаған тұманға сүңгіп көзге көрінбей кетті. …Жау жағы алға жылжи түскен Бегеновтың тобын көп ұзамай байқап қалды. Мәди жауынгерлерін өзенге түсіп, жағаға жүзіп жетуге бұйырды. Мәдидің өзі де қарша бораған оқ астында жағаға жетіп, жар тасалай отырып оқ шашып тұрған жау дзотының түбіне барды. Бір сәтте әлгі оқ ұясы гүрс еткен жарылыстан аспанға жалын шашып барып өшіп қалды. Бұл кезде қайықтағылардың көпшілігі жағаға жетіп үлгерген еді. Мәдидің өзі жар жағалай жүріп, жаудың негізгі отты нүктесі дзоттың дәл түбіне жетті. Сөйтіп, жау ұяшығына гранатын тастап жіберді. Гүрс еткен жарылыстан кейін жау дзотының үні өшті. Артта қалған жауынгерлерін қолын бұлғап шақырып, өзі жалма жан жардан ары асып, немістердің окобына секіріп түсті. Қолма­қол айқас. Мәдидің қолындағы жауынгерлік қанжар түнгі оттан жарқ­жұрқ етеді. Арсы­гүрсі жарылыстан естері шыққан немістер Мәдидің он жауынгеріне ­ күтпеген жерден келіп қалған «қонақтарға» еш қайран қыла алмады». А. Чебурашкин Мәдилер тобының жау ұясындағы ерлік қимылдарын осылайша суреттей келіп, полк Днепрден шығынсыз өткенін, ертесіне 25 қазан күні полк командирі Лысенко Мәди Бегенов бастаған десантқа алғыс жариялағанын жазады. Командир Мәдидің ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағына лайық екенін айтқан. А. Чебурашкин сол 1943 жылдың күзінде Батырдан көз жазып қалғанын айтады. 1973 жылы 14 қазанда Запорожье қаласының фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 30 жыл толды. «Правда» газетінің сол күні шыққан 287­санында «Жауынгерлік ерліктері жігерлендіріледі» деген атпен көлемді мақала жарияланды. Осы мақаланың алғы сөзінде: «Бұдан 30 жыл бұрын 1943 жылдың 14 қазанында 8­армия, 3­гвардиялық және 12­армия әскерлерінің 17­әуе армиясымен бірлескен қимыл жасауы нәтижесінде Запорожье қаласы гитлершіл басқыншылардан азат етілді… …Қала тұрғындары азаттық әперушілерді ешқашанда ұмытпайды. Запорожьенің қырықтан астам көшелері қаланы азат еткен Совет Одағының Батырларының есімдерімен аталады…» Газеттің сол күнгі санында Запорожье жерін азат етудегі кеңес жауынгерлерінің ерлік қимылдары жайында көз көргендердің естеліктері де жарияланды.

Читайте также:  Рукин отрядының қазасы

Оставить комментарий