Кеңес одағының батыры Жұмағали Қадықараев

Туған топырағынан шалғайда жүріп, майданға аттанған, Днепр өзенінен өтерде ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған тағы бір қаһарман қазақ жерлесіміз Жұмағали Қалдықараев. Жұмағали Қалдықараев есімі Түрікменстандық 76 Батырдың арасында аталады. Олардың тек 16­сы ғана түрікмен, қалғандары өзге ұлт өкілдері екен. Іштерінде үш қазақ Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Біләл Қалиев та бар. Мәди жөнінде азды­көпті деректер табылып, жазылып, жарияланып келеді. Ал Жұмағали мен Біләл жөнінде білетініміз өте аз. «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» деген жинақта «Қазақ халқының батыр ұлы Жұмағали Қалдықараев 1922 жылы туған. Балалық, оқушылық жылдары Түрікмен ССР­інің Ташауыз облысында, Калинин ауданына қарасты ауылда өтті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап майдандағы армия құрамында болды. 1944 жылы 15 қаңтарда Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ ол бұл наградасын алып үлгерген жоқ, 1944 жылы 25 қаңтарда ерлерше қаза тапты».­ деген қысқаша өмірбаяндық деректер бар. Жұмағали Қалдықараев жөнінде нақты деректер алу үшін Хожейлі қаласындағы Жұмағали Қалдықараев атындағы № 32 орта мектепте болып, Батыр жөнінде біраз мәліметтер таптық. Қазір Бейнеу кентінде тұратын Жұмағалидің немере інісі Есмағамбет ақсақалдың айтуынша Жұмағали Қалдықараев Адайдың Келінбердісінен тарайтын Ақпан руынан екен. Меңдіқұлдан Қалдықара мен Тәжіғұл, Қалдықарадан Қуанғали мен Жұмағали туған. Ал Тәжіғұлдан Сүлеймен, Сұлтанғали, Сұлтанғалидан Есмағамбет. «Бала күнімізде Кетіктен Шағадамға көшкеніміз еміс­еміс есімде,­ дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Есмағамбет ақсақал,­ Жұмағали 1922 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде (Шопан Ата қауымының маңы) туды. Жылы тауық еді». Жұмағали да көшпелі адай ауылында дүниеге келгені белгілі. Ғасырымыздың 20­жылдары Ресей мемлекетіне ғана емес, оның құрамына кіретін қазақ даласына да үлкен өзгерістер алып келді. Бұрын төрт түлік малының жайымен көшіп­қонып өмір сүріп жатқан Маңғыстау өңірінің халқы орталықтан келіп жатқан дүмпулерден аулақ жүруді ойлап, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де біраз жыл көшпенділік дағдысын тастамады. Кеңестік кер саясаттың сойыл соғарлары халықтың көп ғасырлар бойы қалыптасып қалған салт­дәстүрлерін белден басып, күштеп ұжымдастыру, отырықшылыққа үйрету, сөйтіп, бір жерден басшылық жасау сияқты өз үрдістерін енгізуге тырысқаны мәлім. Міне, ел ішінде осындай, зорлық­зомбылық, күш көрсетулер белең ала бастаған шақта Маңғыстаудың Қараойындағы ата қоныстарынан Ақпан ауылы да ауа көшкен. Қазіргі Шопан ­ Ата бейітіндегі Ақпандардың қауымы олардың осы өңірді мекен еткенін дәлелдейді. Жоғарыдағы Есмағамбет ақсақалдың Кетіктен ауа көшетін тұс деп отырғанын 1927­1930 жылдары шамасы. Бұл кезде Маңғыстау тұрғындары Кеңес саясатының ықпалын анық сезіне бастады, әрі сол жылдардағы жұт пен ашаршылық талай елдің тағдырларын тәлкекке түсірді. Ақпан аулының Кетіктің түбіндегі ата қоныстарынан Шағадам жаққа, одан Қарақалпақ жеріне қоныс аударуының осындай тарихи­ әлеуметтік себептері бар. Меңдіғұл ұрпақтары да өзге ағайындарымен бірге қазіргі Қарақалпақстанның Қатеп деген жеріне қоныс тепті. Олардың тұрақ тапқан жерін қазірге дейін Ақпан ауылы деп атайды. Жұмағали да осы ауылда алғаш мектеп есігін ашып, балалық бал дәуренін осында өткізген. 1939 жылы Қалдықара жанұясы тұрмыс түзеу мақсатымен көршілес Ташауыз облысының Калинин ауданына қоныс аударады. Жұмағали осында колхозда тракторшы болып жұмыс істейді. Соғыс қарсаңында «Қызыл Армия жылқылары» деген атпен елден жылқы жиналғанын архив құжаттары айғақтайды. Колхоздың Қызыл Армияға деп жинаған жылқыларын Чаржоу қаласына апарып, поезға жүктеп жіберуді колхоз басқармасы еті тірі елгезек жігіт Жұмағалиға тапсырады. Жұмағали осы тапсырманы орындап, Чаржоу қаласында жүрген кезінде соғыс басталғаны жөнінде хабар естиді. Сол жерде жасақталып жатқан әскери құрама командирі жылқыларды вагондарға жүктеп, Орел қаласына дейін жеткізіп салуды Жұмағалидің өзіне жүктейді. Сөйтіп, Жұмағали жылқылармен бірге майдан шебінен бір шығады. Сол жерде әскерге алынып, бір ­ жарым ай соғыс өнеріне машықтанады. Осылайша Жұмағали Қалдықараев танкке қарсы оқ ататын 7­гвардиялық дивизияда қызмет етіп, соғыстың алғашқы айларында ­ ақ жаумен бетпе­бет айқастарда қатысады. Өзіне тапсырылған жауынгерлік расчетті шебер меңгеріп, әлденеше кезек қарулас достарының, командирінің алғыстарына бөленеді. Кеңес Армиясы жаудың бетін қайтарып, майдан даласында үлкен бетбұрыс жасап жатқан кезде Жұмағали талай ауыр шайқастарды бастан өткізген сақа жауынгер еді. Курск доғасындағы қанды қасаптың бел ортасында Брянск майданының құрамындағы 7­гвардиялық дивизия да болды. Жұмағалидың батареясы генерал М.С.Шумилов басқарған осы дивизиямен бірге Орел, Брянск, Стародуб қалаларын азат ету айқастарын бастан кешті. Жұмағали Қалдықараевтің ерлік әрекеттері жайында Кеңес Одағының Батыры, гвардия старшинасы А. Сазонов «В бой, кавалеристы!» атты майдандық газетке мақала жазып, былай деп әңгімелейді: «Танктермен айқасқа түскен бір ұрыста Жұмағали Қалдықараев менің расчетімде болатын. Ол соғыс қаруын шебер меңгерген атқыш еді. Қаптап келе жатқан жау танкілерінен тайсалмай, ұрыста 6 танкіні бір өзі жойып жіберді. Менің жауынгер жолдасым Жұмағали орысша оншалық біле бермейтін, бірақ жау танкілеріне әкесін танытатын ер жігіт.» Бұл Курск доғасында болған айқастардың бір сәті ғана. Жұмағали мұндай жан алып, жан беріскен ұрыстың талайын бастан кешкен сақа жауынгер санатында болды. Кеңес әскерінің Орел ­ Курск бағытындағы шайқастарда жеңіске жетіп, жауды Днепр өзеніне дейін шегінуге мәжбүр етуі бүкіл майдан шебін батысқа қарай жүздеген шақырым шегеруге мүмкіндік жасады. Бұл ұрыстың маңызы жөнінде кеңестік әскери қолбасшы Г.К.Жуковтың естеліктерінде егжей­тегжейлі жазылған. Елу күнге созылған осы бір қиян­ кескі ұрыста немістер 30 дивизиясынан айырылды, сол кездегі соғыс тажалы атанған немістің «тигр», «пантер» атты 1500­дей танкілері, 3 мыңнан астам зеңбіректері, 3500 самолеті жойылды. Жау жағының жарты миллионға жуық жауынгері Курск түбінде жер жастанды. Немістің қанқұйлы армиясы енді қайтып Кеңес еліне беттеместей болып осы Курск доғасында мықтап сыбағаларын алды. Курск доғасындағы айқастарға және одан кейінгі Минск, Киев, Балтық жағалауы бағытындағы маңызды шептерді алу жолындағы жорықтарға К.К.Рокоссовский, И.М.Чистяков, М.В.Захаров, А.М.Василевский, И.Х.Баграмян сияқты даңқты қолбасшылар басшылық жасағанын айту керек. 1943 жылдың күзінде біздің әскерлер Днепр өзеніне маңдай тіреді. Бұл Белоруссияның Гомель қаласының түбінде болған еді. Днепр өзенінің осы тұсы ми батпақ, ну орманы сыңсып тұратын өңір. Жаудан тазартылған шағын хутор шетіне жайғасқан Жұмағалилар ағаш кесіп сал дайындаумен айналысты. Дайындалған салдарды өзеннің ернеуіне әкеліп, арғы бетке өтудің барлық қам­қарекеттері жасалып жатты. Бұл әрекеттердің барлығы арғы беттен қарша борап тұрған оқ астында жүргізілді. 26­ысынан 27 қыркүйекке қараған түнде Жұмағалидің расчеті Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып арғы бетке өтті. Өзеннің он жағасына өкше тигізген бойда ­ ақ жау окоптарына граната жаудырып, бүкіл полктің алға жылжуына, Днепрден өтуіне жағдай туғызды. Жұмағалидің бір өзі жаудың тынбай оқ жаудырып жатқан бірнеше отты ошақтарының үнін өшірді, жау окоптарында қолма­қол айқасқа түсіп, басқыншылардың бірнешеуін жер жастандырды. Осындай ерліктері үшін Жұмағали Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. КСРО Жоғарғы Кеңес төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Жұмағали Қалдықараевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал қаңтардың 26­сы күні Батыр жерлесіміз Белоруссияның Мозырь қаласы үшін болған ауыр айқаста ерлікпен қаза тапты. Батырдың бейіті Мозырь қаласындағы бауырластар зиратында. 1967 жылы ағасы Қуанғали басына барып зиярат етіп қайтқан екен. Батыр бейітінен қос уыс топырақ алып, оны анасы Мәриямға және Батыр атындағы мектепке берген. 1947 жылы анасы Мәриямға Жұмағалидің Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы куәлік тапсырылған. Бірақ Алтын Жұлдыз бен Ленин ордені берілмепті. Батырдың анасы Мәриям 1968 жылы, ағасы Қуанғали 1973 жылы қайтыс болған. Ағайын туысқандары Хожейлі мен оның төңірегінде тұрады. Қуанғалидің 1­2 баласы кейінгі жылдарда Жаңаөзен қаласына, Бейнеуге көшіп келді. Н.Г.Березняктың құрастыруымен 1990 жылы Ташкент қаласында шыққан «Есімдер мен ерліктер» атты жинақта Жұмағали Қалдықараевтың суреті мен қысқаша өмірбаяны берілген. Онда: «Ж.Қалдықараев 1922 ж. Иван­Яб, қазір Хожейлі ауданында туған» ­ деп көрсетілген. Ал Қазақ Совет энциклопедиясының 6­томында «Қалдықараев Жұмағали 1922 жылы Түрікмен ССР, Ташауыз облысы, Калинин ауданы ­ 25.01.44 ж. Совет Одағының Батыры, 15.01.44 ж. Қаза тапты, ұлты қазақ, 1941 ж. Қызыл Армия қатарына алынып, гвардиялық 7­ атты әскер корпусының танкіге қарсы истребитель дивизионының құрамында Орел, Курск, Белгород, Харьков үшін болған ұрыстарға қатысты. Қ.Днепрден өтер кездегі ұрыста сент. 1943 ж асқан ерлік пен батырлық көрсетті»­ делінген. Бұл деректердің барлығында да Батырдың туған жері жөнінде қате жазылып жүр. Батырдың немере туысы Есмағанбет ақсақалдың айтқанындай, Жұмағали дүниеге келген 20­жылдардың бас кезінде Ақпан ауылы Маңғыстаудың Қараойында, Қызылсуда қыстап, Бесқұдық, Сам құмы төңірегін жайлаған. Ендеше халқымыздың Батыр ұлы Жұмағали Қалдықараев Маңғыстаудың төл перзенті. Бұл деректерді қазір Жаңаөзен қаласында тұратын соғыс ардагері Рахмет деген ақсақал да мақұлдайды. Ол кісі бала күнінде Жұмағалимен бірге өсіпті, әрі рулас ағайыны екен. Рекеңнің айтуынша, Жұмағали жас кезінен еті тірі, шаруаға мығым болып өскен. «30­жылдары Маңғыстаудан ел ауған тақта,­ деп әңгімелейді Рахмет ақсақал, біздер 7­8 жастағы малға сабақ болып қалған бала едік. Әлі есімде, әкелеріміз «Шағадамға көшеміз» деген әңгіме шығарды. Бұл шындыққа айналып, Жұмағали екеумізге ауылдың уақ малын айдасып отыру тапсырылды. Менен бір жар жас үлкендігі бар әрі тасы пысық Жұмағали малды шашау шығармай айдап отырды. Малды далаға түнеткен кезде ит­құстан қорықпайды. Жатарда қой бастайтын текенің мойнына жіп байлап, бір ұшын өз қолына байлап алатын. Содан Шағадамның ойына құлайтын кезде артымыздан бір атты кісі келіп, ауылдың Бесқалаға бет түзегенін айтты. Әлгі кісінің басшылығымен біздер де бағытымызды сол жаққа бұрдық. Кейін естідік, біздің көштің артынан Форттан қуғыншы отряд келіпті. Көш басшылары, біздер Жем бойына жайлауға көшіп бара жатырмыз деп отрядты кері қайырған көрінеді. Сөйтіп үкімет адамдарын алдап, түн қатып, түс қаша жүріп Бесқаланың Қатеп деген жеріне маңдай тіредік. Қатепке келгеннен кейін үкіметтің есебіне алынып, балдар жағы мектепке бардық. Жұмағали мектепте 3­4 жылдан көп оқыған жоқ, ертерек есейді ме, әлде үй тұрмысын түзеуге көмектессін деді ме, әйтеуір колхоздың жұмысына араласып кетті. Соғыс басталатын жылдары Жұмағалилар көршілес Ташауыз қаласының маңында тұратын. Соғысқа сол жерден кетті ғой». Кезінде Хожелі қаласындағы Совет Одағының Батыры Жұмағали Қалдықараев атындағы №32 орта мектепте оқыған жаңа өзендік Қосаман Жайлыев деген азамат та Батыр жөнінде біраз мәліметтер айтты. Бұл мектепте жыл сайын мамыр айында Ж.Қалдықараев атындағы жүлде үшін түрлі оқу және спорт жарыстарын өткізу дәстүрі бар. Мектеп оқушылары Белоруссияның Мозырь қаласындағы Ж.Қалдықараев атындағы мектептің оқушыларымен хат алысып тұрған. Мектептегі музейде Батырдың кілемге тоқылған портреті, Мозырь қаласындағы Батыр бейітінен әкелінген топырақ, түрлі суреттер сақталған. Кіндік қаны Маңғыстауда тамған Батыр ұланымыз Жұмағали Қалдықараевтың өмірбаянындағы белгісіз беттер, майдандағы деректер әлі де толықтырыла түседі. Ел ішінде Батырды көздері көрген ауылдастары, майдандастары, туыстары бар. Олар Батыр жөнінде білетін мәліметтерін авторға хабарласа дейміз. Бұл Маңғыстаулық батырлардың өмірбаяндық деректеріндегі ақтаңдақ беттерді толықтыруға, ұрпақтарға өнегелік ескерткіш етіп қалдыруға себептігін тигізер еді. Сөз соңында айта кету керек, Маңғыстауда Батыр жерлесіміз Жұмағали Қалдықараевтың даңқын марапаттарлықтай ескерткіштер жоққа тән. Қарақалпақ жеріндегі № 32 мектеп Маңғыстаулық балаларға өнеге, мақтаныш болмасы белгілі. Сондықтан, «Батыр ортақ, бақ жалқы» дегендей, ұлттық үрдістерімізді ұлықтап жатқан шақта маңғыстаулық ержүрек ұл Жұмағали Қалдықараевтың есімі де есте жүрсе екен дейміз.

Читайте также:  «МӘДЕНИ МҰРА» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Оставить комментарий